//

Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кетуіне кім кінәлі?

100 рет қаралды
фото: Ермек Тұрсыновтың фейсбук парақшасынан

Драматург әрі режиссер Ермек Тұрсынов елден кетті. Ол Facebook-тегі қоштасу жазбасында басқа амалы қалмағанын, өзін «елден ығыстырып шығарғанын» айтты. Бұл хабардан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылды. Біреулер оны қолдаса, енді біреулер қарсы шықты.

Белгілі өнер иесі елден кетуге неге мәжбүр болды, бұл қадамға не себеп, және Қазақстан кімнен айырылды?

Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Оның айтуынша, мұндай шешімге келуіне мәдениет саласындағы жүйесіздік, билік тарапынан қысым және өзіне қарсы бағытталған қуғын-сүргін себеп болған.

Тұрсынов елден кету туралы жазбасында бұл шешімінің біреулерге ұнауы мүмкін екенін, ал енді біреулер ренжіп не сынап шығуы ықтимал екенін айтады.

«Мұның бәрі көңілге кірбің ұялатады, бірақ амалсыздан осындай шешім қабылдадым. Шындығында, мені елден қуып шықты деуге болады», — деп жазды ол.

Режиссердің айтуынша, соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің министрлері жиі ауысып, олардың қабылдаған шешімдері оның шығармашылық жұмысына кедергі келтірген. Оның сөзінше, бұл жағдай экс-министр Ақтоты Райымқұлова қызметке келген кезден басталған.

«Бұрын да айтқанымдай, бізде мәдениет мәселесі ешқашан назарда болмаған. Бірақ Райымқұлованың министр лауазымына тағайындалуы мүлде қисынсыз болды. Ол кісінің мәдениетке қатысы шамалы еді. Билікке кездейсоқ, бірақ ыңғайлы адамдар керек қой», — дейді Тұрсынов.

Ол Райымқұлованың жоғары лауазымға элитаға жақындығының арқасында келгенін айтады.

«Министр бола сала, «Қазақфильмнің» сол кездегі басшыларын алдап, жұмыстан кетіріп, орнына өз адамдарын отырғызды. Ұлттық киноны қолдау орталығының басшылығына отбасыға жақын Гүлнәр Сәрсенованы қойды. Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, ірі көлемде ақша жымқырғаны анықталды. Бірақ бұл іс те жабылып қалды. Бәрі әдеттегідей — аудан деңгейіндегі ОПГ секілді цирк-шапито», — дейді режиссер.

Кейін Мәдениет және спорт министрі болып Дәурен Абаев тағайындалған. Тұрсынов оның адам ретінде жаман емес екенін, спортпен айналысатынын айтып, алайда жағдайдың бәрібір нашарлай түскенін еске алады.

«Абаев – жақсы жігіт. Спортпен айналысады, адам ретінде жаман емес. Бірақ министр болып келгенде жағдай одан бетер шиеленісіп тұр еді. Киногерлер наразылық білдіруге дайындалған соң, ол мені шақырып алып, «шынымен бәрі соншалықты нашар ма?» деп сұрады. Мен «иә» деп жауап бердім. Кейін Абаев кино мамандарымен кездесіп, барлық мәселені шешуге уәде берді. Бірақ сол кездесу – оны соңғы рет көруім болды. Кейін оны Ресейге елші етіп жіберді. Қазір ойлап отырсам, ол тағайындалуын алдын ала білгендіктен ғана, уәдесін оңай бере салған екен», — дейді Тұрсынов.

Абаевтың орнына министрлікке Асхат Оралов келген. Бірақ Тұрсынов одан да нәтиже болмағанын алға тартады.

«Ораловпен алғаш Мұрат Әуезовтің туған күнінде кездестік. Ол сол жерде барлық зиялы қауымның алдында маған уәде беріп, «Кино үйін» жөндетемін деді. Кейін Астанадағы фильмімнің премьерасында кездесіп, сол уәдесін тағы қайталады. Бірақ ештеңе істелмеді, тек құрғақ сөз қалды», — дейді ол.

Режиссердің сөзінше, жағдайды одан сайын қиындатқан — Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Аида Балаева.

«Балаева келген бетте менің «Бесмойнақ» фильмімді көрсетілімге шығаруға тыйым салды. Фильмде президентті қорлау мен мемлекеттік құрылымды төңкеруге әрекеттенген тұстар бар деген талаппен, фильмді қайта монтаждауды талап етті. Мен бас тарттым. Нәтижесінде фильм сөреде қалды. Осыған ұқсас жағдай «Келін» фильмі кезінде де болған. Ол кезде америкалық киноакадемия фильмді «Оскардың» шорт-листіне енгізіп, халықаралық беделі ғана құтқарып қалған еді», — дейді Тұрсынов.

Оның айтуынша, осыдан кейін оған қарсы ақпараттық шабуыл басталған.

«Әлеуметтік желілерде мені «жемқор», «ұрлықшы», «талантсыз режиссер» деп айыптайтын мақалалар тарай бастады. Фильмдеріме миллиардтаған ақша жұмсалды деген жалған ақпарат шықты. Ал шын мәнінде мен түсірген барлық фильмдердің бюджеті бір «Томирис» фильмінен екі есе, ал «Қазақ хандығынан» төрт есе аз», — дейді ол.

Бұдан соң «Қазақфильмге» Антикор тексерісі келген. Тұрсыновтың айтуынша, тергеушілер оның барлық фильмдерін қайта тексерген, бірақ ештеңе таппағанмен, қысым күшейе түскен.

Тұрсынов кеткен соң не делінді?

Exclusive журналының директоры Қарлығаш Еженова Тұрсыновтың 20-дан астам халықаралық кинофестивальден жүлде алғанын, үш рет Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылғанын еске салды. Оның бір фильмі АҚШ киноакадемиясының қысқа тізіміне де енген.

«Иә, оның фильмдері көп көрермен жинамауы мүмкін. Бірақ бұл фильмнің сапасын емес, аудиторияның деңгейін көрсететін болар? Оның бұл шешімі оңай болмағаны анық. Мұндай режиссерлер тек өз елінде ғана шын мәнінде шығармашылықпен айналыса алады. Себебі олар елін жан-тәнімен, қыңырлықпен, бірақ үлкен талантпен сүйеді. Ал сіз бұл ел үшін не істедіңіз?» – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Ал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Назым Жаңғазинова мұндай пікірмен келіспейді. Оның ойынша, Тұрсыновтың кетуі – оның жеке шешімі, бірақ соңғы жылдары ол барлық жерде мемлекетті кінәлайтын позицияны ұстанып келген.

«Оған үнемі кінәлі – жүйе, билік, шенеуніктер, мәдени саясат, тіпті халық – өнерін бағаламағаны үшін. Тек өзі ғана кінәсіз. Бұл әсіресе түсініксіз, өйткені оның «Келіннен» бастап «Шырақшыға» дейінгі барлық фестивальдік фильмі мемлекеттік қаржыға түсірілген. Ол кинематографиядағы жолын бюджеттік субсидиямен бастады, бірнеше фильмін мемлекет ақшасына түсірді. Ал қазір елден кетіп, ешқандай мүмкіндік берілмеді деп отыр. Бұл – шындыққа жанаспайды. Егер адам осы жүйеде 20 жыл шығармашылықпен айналысқан болса, кетіп бара жатып оны түгел айыптау әділетсіз», – деді ол.

Жаңғазинова мемлекеттік қаржыландыруды, шығармашылық еркіндікті сынауға қарсы емес, бірақ қос стандартқа қарсы.

«Он жылдан астам бюджет есебінен өмір сүріп, кейін өзін «қуғындалған» деп жариялау – бұл сын емес, бұл өзінің шығармашылық өмірбаянын жоққа шығару. Егер тәуелсіз болғың келсе – мемлекеттің ақшасын алма. Қиын жолмен жүр: жеке демеушілер тап, стриминг платформалармен келіс, шағын бюджетпен жұмыс істе, тәуекелге бар – мыңдаған адам дәл солай жасап жатыр. Менің уайымым – оның кетуі емес. Ол – әрбір қазақстандық сияқты, кетуге құқылы. Менің уайымым – оның кетіп бара жатып айтқан сөзі. Өзін «түңілген пайғамбар» ретінде көрсету – елде қалған адамдарға кері әсер етеді. Бұл – бөлмедегі жарықты сөндірумен бірдей. Ал ол бөлмеде әлі де жұмыс істеп жатқан адамдар бар», – деп түйіндеді ол.

Журналист Азамат Ерғали Тұрсыновты сынап жатқан адамдардың әрекетін «ыңғайлы әрі бетке ұстар реакция» деп атады. Оның айтуынша, шын мәнінде мемлекеттің ақшасын тиімсіз жұмсаған басқа адамдар да бар – неге оларға ешкім тас атпайды?

«Қазақстанда бұрын билікте болғандар да өзінше «шығармашылықпен» айналысты – тек олар фильм емес, ел экономикасын «түсірді». Қазір сол «шығармашылықтың» нәтижесін күнде көріп жүрміз – ауруханаларда, мектептерде, соттарда, жолдарда. Бірақ олардың шетелге кеткеніне ешкім ренжімейді. Ал Тұрсыновқа келсек, бірден бәрі «бюджет ақшасына өмір сүрді» деп айта бастады. Егер шындықты айтқыңыз келсе – аяғына дейін шынайы болыңыз. Сол таспен 30 жылдықтың басты «режиссеріне» де лақтырыңыз», – деп жазды Ерғали.

Журналист әрі блогер Гүлбану Әбенова Ермек Тұрсыновтың елден кетуіне не түрткі болғанын өзінше түсіндіреді. Оның айтуынша, режиссердің соңғы фильмі «Бесмойнакқа» мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінген. Фильм 2022 жылдың соңында дайын болғанымен, әлі күнге дейін халыққа көрсетілмеген.

«Басында пандемия себеп деді, кейін — нашар маркетинг, одан соң — продюсер жоқ деп шықты. Бір жыл өтті, бірақ фильмнің бірде-бір ашық көрсетілімі болған жоқ. Кінәлі — бәрі, тек Ермек емес. Ол үнсіз қалды. Не кеткенін айтпады, не түсіндірмеді. Кемінде, чемоданын жинап отыра берген. Бірақ бәрі өзгерді — продюсерлерінің үйінде тінту жүргізіле бастағанда. Сол кезде ғана Тұрсынов қысым көріп жатқанын ашық айта бастады», — дейді Әбенова.

Оның айтуынша, бұл режиссердің Антикор тарапынан қызығушылық тудырған кезімен тұспа-тұс келді.

«Осы сәтте сұрақтар көбейді: ақша қайда кетті? Фильм қайда? Неге жарты миллиард теңгеге түсірілген кино сөреде шаң басып жатыр? Анық, дәлелді жауаптардың орнына — эмоцияға толы пост пен Барселонаға билет», — деп түйіндеді ол.

Сонымен бірге, Әбенова Тұрсыновтың отбасы он жылдан бері Испанияда тұратынын, ал өзі де жиі барып тұратынын айтады.

«Ол кезде Тұрсыновты сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы (қазір 11 жылға сотталған — авт.) қолдап жүрді. Сол тұста кино саласына бөлінетін үлкен бюджеттер де сол арқылы шешілетін. Ол кезде Тұрсыновқа ешкім қысым көрсеткен жоқ. Жүйе оның мүддесіне жұмыс істеп тұрғанда — бәрі жайлы болды. Ал сұрақтар туындай бастағанда — қашып кетті. Сонда бұл эмиграция емес, қашу ма?» — деп сұрақ қояды Әбенова.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар