///

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

2152 рет қаралды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері оған күйеуінің тепкісін қайтадан еске салдырғаны аздай эфирде күйеуін кешіруге көндірмек болған.

Өзі екі-ақ күн бұрын ашылған ток-шоудағы сорақылық туралы «Қорғау Астана» қорының жетекшісі әрі құқық қорғаушы Анна Рыль жазды. Құқық қорғаушының айтуынша, оған «Хабар» арнасының журналистері хабарласып, кейіпкер тауып беруін сұраған.

Ол эфирге шықса, халық көмек қолын созар ниетпен өздерінде тұрып жатқан шымкенттік әйелді бағдарламаға жібереді. Алдын ала келісілген шарт бойынша әйел бетін көрсетпейді және шоуға бұрынғы күйеуі қатыспауы тиіс. Бірақ журналистер “ортадағы балалардың қамын күйттейміз” деп өз уәдесін орындамаған.

«Журналистер бізді оның келмейтініне сендірген. Бірақ әйел өзінің басынан өткен жағдайын айтып жатқанда, оның күйеуі кіріп келді. Бұл әйел үшін де, әлеуметтік қызметкер үшін де, жалпы бәріміз үшін де күтпеген жағдай болды. Бағдарлама тікелей эфирде болды. Ер адам өзін-өзі ақтап, “кінәсіз болсаң – бетпердеңді шеш” деген. Әйел сол жерде жылап отырып, күйеуінің қалай ұрғанын, омыртқасын жарақаттағанын, қолын сындырғанын түгелдей айтты. Ол бұрынғы күйеуінің балалармен кездесуіне қарсы емес, балалардың өздері онымен кездескісі келмейді», – делінген жазбада.

Шоуға шақырылған әйел бұрынғы күйеуімен 18 жыл некеде болып, 6 баланы дүниеге әкелген. Күйеуі жылдар бойы араққа тойып алып, жұбайын тоқпақтап келген. Тіпті кезекті ұрыс-керісте қолын сындырып жібереді. Осыдан кейін әйел Шымкенттен Астанаға қашып, сол жақта біраз уақыт тыныш күнелткен. Бірақ кейін күйеуі тауып алып, тағы да айқай шығарады. Осы кезде көршілер полиция шақырып, әйел «Қорғау Астана» қоғамдық қорына жіберілген.

«Осы шоуды дайындап жатқан топ біздің әлеуметтік қызметкерді мұқият тыңдағанда ғой. Екі күн бұрын бұл ер адам учаскелік полицияны ертіп біздің қордың ғимаратына келді. Одан екі апта бұрын мас күйінде келген, бұл оның “ішуді қойғаныма бір жыл болды” дегенін жоққа шығарады. Кімнің өзін құдай не адам тағдырының төресі ретінде сезінгенін білмеймін. Бұрынғы күйеуін гүлмен көргенде әйел тәпішкесін аспанға атып, оған қарай жүгіреді деп ойлады ма екен сонда?!»– деп пікір білдірді Анна Рыль.

Шоуда кейіпкер болған әйелге «күйеуіңіздің сізді ұруға себептері болды ма?» деген сұрақ қойылады. Дәл осы сәт желіде кеңінен таралып, қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар арасында үлкен резонанс тудырды. Осыдан кейін «Хабар» агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев аталған жағдайға қатысты түсініктеме жасап, кешірім сұрады:

«Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Болған жағдайға қатысты пікірлер әрқилы. Осы оқиға аясында қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. «Бірақтың» шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Кейіпкерлер мен көрермендерден, «Қорғау-Астана» кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз», – деді жазды «Хабар» агенттігінің басшысы.

Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ресми мәлімдеме жасап, аталған ток-шоудың жабылатынын жеткізді. «Отбасылық құндылықтарды насихаттау, ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті үйлестіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды насихаттау – министрліктің басты міндеттерінің бірі. Өз кезегінде, 11 наурыздан бастап «Хабар» арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған «Бірақ…» бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, арандатушылыққа жол бермей, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады», – деп жазды ведомство басшысы.

Айта кетелік, «Бірақ…» ток-шоуының бұл шығарылымы 12 наурызда жарық көрді. Бұл күні әйелін Астанадағы мейрамханалардың бірінде ұрып өлтіріп, қылмысын жасырмақ болған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталған еді.

Данагүл Науқанова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі