///

Жаһандық медиа форум: Израиль Газада геноцид жасап жатыр ма?

167 рет қаралды

Германияның Бонн қаласында өткен Жаһандық медиа форумының (Global Media Forum) ең бір қызықты сессиясы “Газа-Израиль соғысынан ақпарат тарату” болды. Бұл панельді DW журналисі, халықаралық сыйлықтардың иегері Жафар Абдул-Карим жүргізді.

– Израиль-Газа соғысы туралы материалдарды парақтап отырып мәселені екі түрлі сипаттағанын аңғарасың. Біріншісі, “Бұл Израильдің өзін-өзі қорғауы” десе, екіншісі “геноцид” немесе “жазықсыз жандарға қарсы жасалған қылмыс” деп бағалайды. Бұл панельде біз Америка мен Еуропа журналистері бұл конфликтіні қалай сипаттағанына назар аударамыз. Өйткені, біздің кез келген шиеленісті сипаттау барысында қолданатын тілдеріміз өте маңызды. Мақалалардың тақырыбы мәселені қабылдауымызды түбірімен өзгертеді. Бүгінде Батыстың негізгі медиақұралдары біржақты тұжырымдары мен мәселені таңдап береді деген сынға ұшырауда.  Сол себепті де мен бұл панельді әртүрлі перспективадан қарағанды жөн көрдім, – деген ол талқылауға берлиндік тәуелсіз журналист Ганновер Хавенштайн (Hanno Hauenstein), POLITICO ресурсының құрылтайшыларының бірі Матт Камински (Matt Kaminski) және DIE ZEIT ресурсының жетекшісі доктор Райнер Ессерлерді (Dr. Rainer Esser) шақырды.

Төртінші столды бос қалдырған ол бұл орынға бұл мәселеге қатысты кімде-кімнің айтар ойы болса, келіп ой бөлісуге болады деді.

Талқылауға өзек болған бірінші мәселе Газадағы соғысты қалай сипаттауға арналды.

Ганновер Хавенштайн: ИЗРАИЛЬ ГАЗАДА ГЕНОЦИД ЖАСАП ОТЫР

Берлиндік тәуелсіз журналист Ганновер Хавенштайн (Hanno Hauenstein) Израиль Газа секторында геноцид жасап отыр деген пікірде. Газада соңғы екі жыл аралығында этникалық тазалау жүргізіліп жатыр деген оған талқылауға қатысқандар этникалық тазалау мен геноцидтің арасында жер мен көктей айырма бар екенін айтты. Этникалық тазалау – заңдық термин емес, геноцид – заңдық  термин.

– Сіздің бір мақалаңызда “Израиль Газада геноцид жасап жатыр, ал Герман үкіметі Израильді қолдап отыр” деп жазған екенсіз. Сіз өз мақалаларыңызда “геноцид” сөзін қашаннан бастап қолдана бастадыңыз? Және неге? 

– Бір жылдай боп қалған шығар. Бірақ, бір нәрсенің басын ашып алайық. Журналист болумен, белсенді болудың арасында әжептәуір алшақтық бар. Мен тек журналист ғана емеспін, сонымен қатар, заңгермін. Соңғы жиырма айда болып жатқан жағдайларға қарап, олардың адамдарды өлтіру методына қарап, бұл сөзді қолданып отырмын. Өйткені, Израильдің өзінің медиасынан да, басқа да ақпарат құралдарынан да байқағанымыз Газадағы жағдай адамдарды өлтіру әдейі жасалып отырғанын байқау қиын емес секілді.

– “Геноцид” терминінің өзіне келетін болсақ, бұл заңсыз термин ғой. Әзірге сот бұл терминді қолдануға рұқсат берген жоқ. 

– Иә, әрине, қарап отырсаңыз, қазір Израиль тарапынан, Германия үкіметі тарапынан келіп жатқан мәлімдемелерді растайтын ақпараттар көп. Біз халықаралық заңдарға иек сүйейміз ғой. Былтыр Халықаралық сотта қаралған Оңтүстік Африкадағы геноцидке қатысты соттардың көпшілігі шындыққа сәйкес келетін себептердің барын айтты. Олар “шындыққа сәйкес келуі мүмкін” деген сөзді қолданды, алайда “геноцид” туралы шешімді әлі шығарған жоқ.

Журналист Ганновердің пікірінше, Газада 200-ден астам журналист Израиль әскерилерінің тарапынан нысанаға алынған, өлтірілген. Ең өкініштісі, көптеген дереккөздер арнайы жойылған. Ал тұрғындарды күшпен көшіру геноцидтің жағдайын тудырып отыр.

– Сондықтан Газадағы жағдайды зерттеу, нақты мәселені жарыққа шығару журналистердің жауапкершілігінде. Менің Фабиан Голдман (Fabian Goldman) деген досым Газадағы оқиғаны сипаттаған ақпараттардың контент анализін жасады. Оның зерттеуі бойынша, мақалалардың 36%-ы Израиль дереккөздеріне сүйеніп ақпарат таратса, тек 5% -ы ғана Палестинаның дереккөздерінен алынған. Демек мына жерде өте жоғары дисбаланс.

Сонымен қатар, Ганновер медиадағы шиеленісті сипаттайтын тілдің де мүлдем өзгеше екендігін айтады. Мәселен, Палестинада қаза тапқандарды сипаттайтын тілде ырықсыз етіс қолданылса, Израиль құрбандары үшін ырықты етістік қолданылған. “Израиль сарбаздарын Хамас террористері өлтірді” десе, “Палестинада адамдар бомбаланды” делінеді. Алайда ол бомбаны кім тастап жатқаны айқын емес. Демек, бұның барлығы құрылымданған таптауырындар.

Райнер Ессер: ГЕНОЦИД ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕУ ҮШІН, ОҚИҒА ОРНЫНДА ЗЕРТТЕУ ӨТКІЗУ КЕРЕК

Алайда DIE ZEIT ресурсының жетекшісі доктор Райнер Ессер “геноцид” терминін пайдалануға әлі ерте деген пікірде.

– Әртүрлі зерттеулер негізінде Analyst International  Израильдің Газаға қарсы геноцид жасап жатқанын мойындады. Human Rights Watch Газада геноцид жасалып жатыр дегенді мойындаса, БҰҰ Халықаралық соты “шындыққа сәйкес келетін геноцид” терминін мақұлдайды. Демек, геноцид жасалып жатқанын әлі толықтай мойындамай отыр. Райнер мырза, сіз Ганновер секілді “геноцид” терминін қолданбайсыз. Неге және қашан қолданасыз? 

– Мен Ганновердің эмоциясын және сіздің талдауыңызды жақсы түсінем. Мен онда болып жатқан жағдайларға қатысты репорттарды оқығанда шынымен жаным түршігеді. Алайда дереккөздерге сене беруге болмайды.

– Cіз қандай дереккөздер туралы айтып отырсыз? 

– ХАМАС пен Израильдің ресми мәлімдемелері, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың есептері. Сол себепті де, келіп жатқан мәлімдемелердің жан түршігерлік болғанына қарамастан, мен әзірге “геноцид” терминін қолданбас еді. Бұған өзіндік себеп бар. Менің қолымда халықаралық қоғамдық құқықтың докторлық дәрежесі бар. Геноцид –  заңдық тұрғыдан өте ауыр кінә. Геноцидке қатысты фактіні дәлелдеу үшін оқиға орнына бару керек, өте терең зерттеулер жасау керек. Сосын заңдық тұрғыдан бағалау керек. Әзірге оны ешкім жасамады.

Талқылауға қатысқандар Израиль тарапының журналистерге Газаға енуіне рұқсат бермеуі мәселені объективті түрде бағалауға кедергі келтіріп отыр дейді. Залдан мәселеге қатысты өз пікірін білдіруге үш адам келді. Олардың екеуі Палестина аймағынан келген журналистер. 

Жалпы соғыс басталғалы Израиль Газадағы денсаулық инфрақұрылымын толығымен тас талқан етті. Газадағы инфрақұрылымдардың 40%-ы бүлінді деген дәлелденбеген ақпарат бар. 

Al-Jazeera медиасының ағылшын қызметі журналистер арасында анонимді сұхбат өткізіп, біраз ақпарат таратқан еді. CNN журналистері Газадағы әуеқақтығыстарын Израиль тарапы мойындамағанша, олар жариялауға жүрексінді деген ақпарат таратқан. Бірақ, CNN бұны жоққа шығарған. 

БҰҰ мәліметі бойынша Газада 57 мыңнан астам адам өлтірілген. Оның 17 мыңнан астамы балалар. 134 мыңнан астам адам жарақаттанған. Ал Израильде 1 мыңнан астам өлтірілген, оның 33-ы балалар. 5,400 адам жарақаттанған.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Ботайдың боз айғырының оралуы

Сүйінші, ағайын!!! Солтүстік Қазақстан облысында керемет бір жоба іске асты. Біздің көшпелі бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосылған