Қазақстанда ерекше балаларға арналған жалғыз тегін мектеп – «Балалар инклюзивті академиясы» ҚБ – Алматыда үш жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Ел бойынша 14 филиалы бар орталықтың алтауы биылдан бастап ресми мектеп ретінде лицензия алу үшін құжат тапсырған.
Алайда әзірге тек Алматыдағы филиал ғана ресми мектеп ретінде тіркелген. Қалған өңірлерде түзету сабақтары тегін жүргізілгенімен, мектеп мәртебесі берілмегендіктен толыққанды білім беру мүмкін болмай отыр. Мектепті лицензиялау үдерісі ұзаққа созылып, Ақтаудағы дайын тұрған филиал бір жылдан бері күтіп тұр. Ұйым өкілдері бірнеше мемлекеттік органға хат жолдағанымен, нақты шешім қабылданбағанын айтады.
Алматы қаласы бойынша Қазақстандағы ерекше балаларға арналған жалғыз тегін оқытатын филиалының педагог-организаторы Бектемір Ұлбаланың айтуынша, «Балалар инклюзивті академиясы» ҚБ – осындай жағдайда ата-аналардың қаржылық жүгін жеңілдетіп, балаларға білім алуға тең мүмкіндік жасау үшін ашылған алғашқы және әзірге жалғыз тегін білім беру орны.
Орталықтың бүгінде еліміз бойынша 14 филиалы өңірде тіркелген.
Бес филиалы қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. Қалғанына лицензия ала алмай жатыр. Тек Алматыдағы филиал ғана ресми түрде мектеп ретінде тіркеліп, бастауыш сынып оқушыларын таңертең және түстен кейінгі ауысыммен тегін оқытып келеді. Бұл мектептен осы уақытқа дейін 200-ден астам ерекше бала білім алып шыққан. Ал басқа өңірлердегі филиалдарда арт-терапия, моторика мен зияткерлік қабілеттерді дамытуға арналған түзету сабақтары ғана өткізіледі. Олар мектеп базасында емес, орталық форматында жұмыс істейді. Ұлбала Бектемірдің сөзінше, ұйым ешқашан ақылы форматқа көшкен емес, өйткені олардың басты мақсаты – әлеуметтік қолжетімді инклюзивті білім беруді дамыту. Дегенмен қалған филиалдардың ресми мектеп ретінде тіркелуі әлі де кешігуде. Құжаттар дайын болғанымен, рұқсат алу үдерісі ұзаққа созылып келеді.
«Мысалы, Ақтау қаласындағы филиалымызға қатысты барлық инфрақұрылым дайын: ғимарат бар, құрал-жабдықтар толық, педагог мамандар жұмысқа кірісуге дайын. Бірақ лицензия алу бойынша шешім бір жылдан бері кешіктіріліп келеді. Біз осы уақыт бойы Ақтаудағы ерекше балалардың ата-аналарымен тығыз байланыстамыз. Олар бірнеше рет сұраныс жасап, үміттеніп отыр. Егер тамыз айына дейін рұқсат берілмесе, ата-аналар үндеу жасап, мәселені қоғамға ашық түрде шығаруға мәжбүр болады. Біз ерекше балалардың саны күннен-күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты филиалдарды көбейту, ресми мектеп мәртебесін алу – біздің басты бағытымыз. Мемлекет тарапынан нақты шешім мен қолдау қажет», – дейді ол.
«Балалар инклюзивті академиясы» ҚБ бас директоры, «Педагог академиясы» және «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы, негізін қалаушы Нурым Нургалиев:
«Біздің басты мақсатымыз – оларды толыққанды инклюзивті мектепке айналдыру. Осы ретте біз тиісті құжаттарды рәсімдеп, бірнеше мемлекеттік органға ресми хат жолдадық: Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Оқу-ағарту министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және қайтадан Антикорға. Бірақ өкінішке қарай, бүгінге дейін нақты шешім қабылданған жоқ», – дейді.
Хат жазудағы мақсаты:
Елімізде алғашқы болып тегін инклюзивті бастауыш мектеп ашқан «Педагог академиясы» мен «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық қорлары ерекше балаларға сапалы білім беру үшін мемлекеттік қолдау сұрап отыр.
Хатта көрсетілген негізгі мәселелер:
Алматы қаласында 2023 жылы алғашқы ашылған мектепте бүгінде 200-ден астам ерекше бала білім алып жатыр. Үйден оқытылатын балаларға арналған арнайы жоба да табысты іске асып жатыр.
• Қазақстан бойынша 60 мыңнан астам ерекше бала үйде оқиды немесе мектепке бара алмайды;
• 15 филиал ашылып, бірнеше қалада 500-ден аса бала оқып жүр;
• Маңғыстау облысында мектеп ашуға дайындық толық аяқталған: ғимарат, құрал-жабдық, мамандар бар. Алайда лицензия берілмей отыр. Басшылық мектепте медициналық кабинет пен ЭКГ аппараты болуы керек деген талап қойған.
Бірақ ерекше балаларға арналған тегін мектеп өкілдері бұл талаптардың орындалғанын алға тартады.
Хат:
«Қазақстанның тең құқылы азаматтары мен шенеуніктеріне!
2023 жылғы 1 ақпанда «Педагог академиясы» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында елдегі алғашқы тегін арнайы бастауыш мектеп ашты.
Қазіргі таңда онда 200-ден астам мүгедектігі бар бала білім алуда және бұл көрсеткіш «Үйде оқыту» жобасының арқасында күн санап артып келеді.
Бұл жоба арқылы ең осал, ерекше қажеттілігі бар балалар да үйден шықпай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Жобаның мақсаты – инклюзивті мектепке бара алмайтын балаларға үйде білім беру кезінде оқу сапасын арттыру.
Қазір елімізде үйде оқитын, түзету сыныптарында немесе инклюзивті мектептерде оқитын 60 мыңнан астам бала бар. Алайда олардың көпшілігі мектепке бара алмайды немесе оқып жатқанымен, мұғалім жетіспеушілігі мен әдістемелік қолдаудың аздығынан сапалы білім ала алмай отыр.
Осыған байланысты «Педагог академиясы» еліміздің барлық өңірінен сұранысқа ие болып, филиалдар ашуды қолға алды. Біз республика бойынша 15 филиал аштық. Әр филиал өз өңіріндегі ерекше балаларды оқыту бағытында жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар осы мақсатта «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық қоры құрылып, республикалық мәртебе алды. Бұл ұйым 2023 жылы ҚР БҒМ-нің «Үздік педагог» атағына ие болған мамандардың бастамасымен ашылды. Олардың көмегімен мектептерде арнайы кабинеттер ашылып, ерекше балалардың шығармашылық жобаларына қатысуы үшін тегін курстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде Алматы, Рудный, Қостанай, Қарағанды, Астана қалаларында 500-ден астам балаға тұрақты сабақ беріліп отыр.
Маңғыстау облысы бойынша да жұмыс жолға қойылды. Біз облыстағы инклюзивті мектеп ашуға байланысты бірнеше рет әкімдікке және облыстық экономика және қаржы басқармасына ұсыныс енгіздік. 11 жыл бойы бос тұрған ғимаратты жалға алу үшін келісімшарт жасалды.
«Шетпе, Ортааул, Ақтау және Отеген ауылдарындағы ерекше балалардың ата-аналары мектептің ашылуын асыға күтті. Бірақ өкінішке қарай, мектепке лицензия алу үшін құжаттарды рәсімдеу процесі сәтсіз аяқталды. Неліктен? Себебі мектеп ғимараты медициналық кабинетпен жабдықталуы тиіс екен. Лицензия алу үшін мектепте ЭКГ аппараты болуы міндетті деген талап қойылды. Бұл – ақылға қонбайтын жағдай! Біз бұл аппаратты сатып алдық, бірақ соған қарамастан, әлі күнге дейін лицензия берілмей отыр. Біз ақша сұрап отырған жоқпыз. Біз Шетпе ауылындағы мүгедектігі бар жүздеген балаға арналған тегін бастауыш мектеп ашуға көмектесуді өтініп сұраймы! – деді «Балалар инклюзивті академиясы» ҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Күнімкүл Саржанова.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз