///

Мен бақытты етуге және бақытты болуға лайық екенімді түсіндім, – дейді ерекше баланың анасы

1112 рет қаралды

 Мен бұл адаммен “Мама Про” қоғамдық қоры ұйымдастырған “Әйелдер  әйелдерге” атты әлеуметтік жобаның іс-шарасында кездестім. Ол жобада ерекше балалардың аналары бір-біріне қолдау көрсету, қамқорлық жасау және жаңа кәсіпті үйрену бағыты бойынша жиналады. Бір қарағанда көңілді болып көрінгенімен бұл кісінің бір мұңы жетерлік екенін сырттай байқадым.  Біз кездесуге межелеген жерге келгенде, ол бүкіл жан сырын ақтарып салды.  

– Мен өзім армандаған мамандығым бойынша ең үздік жоғары оқу орнына түстім. Жолдасыммен екінші курста таныстым. Көп ұзамай үлкен өмірге қадам басып әдемі той өткіздік. Ана бақытын тұңғышым Томирис сыйлады. 4 жылдан кейін екінші баланы дүниеге әкелеміз деп шештік. Біз өте мұқият дайындалдық, өйткені бірінші жүктілік өте ауыр токсикозбен өтті, соның салдарынан 3 ай ішінде 20 келі салмақ тастаған едім.  Отбасым ұл баланы өте қатты қалады.  Ультра дыбысты тексерістен кейін құрсағымдағы сәбидің ұл екенін естігенде, менен бақытты жан болмаған шығар, сірә,- дейді Айгерім Ізбасарова.

 Алайда Айгерімнің қуанышы ұзаққа бармайды. 1,5 айдан соңғы жоспарлы түрде тексеруден соң, дәрігердің салқын үнмен: “Сіздің сәбиіңіз Даун синдромымен дүниеге келуі мүмкін,-деген хабарды естіген кезде дүние төңкеріліп кеткендей болады.

– Әрі қарай өң мен түстің арасында жүргендей күйде болдым. Сол кезде  бір топ дәрігер келіп, жиналыс жасады. «Жүректің көлемі үлкен, ол өкпенің дамуына мүмкіндік бермейді, бала кез келген уақытта өлуі мүмкін» дегенді кесіп айтты. Осы үкіммен бізді түсік жасатуға жіберді. Қалай? Не үшін? Неге мен? Неге менің балам? Мен өзімді дәл осы кезде тірі өлік сезіндім. Құдды бір өлгендер қатарында жүргендеймін.

                               “БАЛАДАН БАС ТАРТУҒА ҚОЛ ҚОЙ”

 – Мен дем алғым, өмір сүргім, қуанғым, күлгім келмеді, тек өлгім келді. Күндіз-түні көз жас, бәрін жек көрдім, бүкіл әлемді қарғадым.

 Айгерім осы суық хабардан кейінгі көңіліндегі алапат көңілді сөзбен жеткізе алмайтынын айтайды.

– Мені терең депрессиядан қызым Томирис құтқарды. Ол төрт  жасында анасының ішін ұстап: “Апа, бір бала бар, оның аты Бекбол, мен оған велосипед тебуді үйретемін”,- дейтін-ді шығарды. Осы сөздер маған дем беріп,  құрсағымдағы  сәбиді жарық дүниеге алып келуге саналы түрде шешім қабылдадым, – дейді ол.

– Дәл осындай қиын кезде Атыраудағы сіңілім ұзатылатын болып мен бір ай бұрын ерте бардым. Осылай өзімді іштей жұбатып, ойымның бөлінгенін қаладым. Жүктіліктің 36-шы аптасында, 29 қыркүйек, түске жақын, яғни 11-ден кете балам дүниеге келді. Дәрігерлердің диагнозы расталды, баламның салмағы небәрі 2,5 келі. Дүниеге келе сала реанимацияға жатқызылды. Ал мен босанғаннан кейін 2 сағат ішінде қол аяғымды жинап алдым. Себебі, маған мықты болу керегін ұқтым.

  Дәл осындай қиын уақытта жолдасы екеуінің жанына дәрігер келіп: “Баладан бас тартуға қол қойыңыздар. Бала аман қалмайды”,-деп бір парақ қағазды ұсынған.

– Осы кезде біреу үстімізден мұздай суық су құйып жібергендей болды. Жолдасым екеуміз бір бөлмеде 15 минуттай егіліп жыладық. Егер менің жанымда жолдасым болмаса, мен ол параққа қол қойып жіберетін бе едім, кім білсін?.. Себебі, мен қатты есеңгіреп қалған едім. Ол бір парақ қағаздың артында бір отбасының тағдыры тұр ғой. Алайда біз ол баладан бас тартпадық, соңына дейін күресуге шешім қабылдадық. Бұл шешім  дер кезінде жасалған ең дұрыс шешім болды, – деп еске алды Айгерім.

  Бұл ерекше баланы дүниеге алып келген Айгерім Ізбасарованың өмірінің түбегейлі өзгеруіне жасалған алғашқы үлкен қадамы еді.

                      БҰЛ БАЛА НЕКЕМІЗДІ САҚТАП ҚАЛДЫ

 Әр отбасында ер мен әйелдің бірін бірі түсіне алмай, көңіл бөлмей, суынып кететін сәттері болады. Дәл осындай жағдай құрсаққа біткен баланың “ерекше” екенін білген кезден бастап Айгерімнің басынан да өткен. Тіпті, бәрін тастап, екі жаққа кетуге шешім қабылдаған кездері де болған. Алайда дүниеге келген Бекболат екі жастың махаббатын арттырып, өмір сүруіне деген құлшынысын ашқан.

– Менің ойымша, осындай жаман ойлар әр отбасында болады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Маған бір парақ қағазға қол қойып, қызымды құшақтап кете салу қиын болмады. Алайда мен қалаған өмір ол болмады. Мен бақытты етуге және бақытты болуға лайық екенімді түсіндім. Осының бәрі бір ақ параққа қол қоюмен шектеле ме деген ой маза бермеді. Біздің сезімдеріміз, сенгеніміз, мақсаттар мен алға қойған жоспарларымыз осылай аяқталмауы керек деген ой біздің отбасын сақтап қалды. Тіпті Бекболаттың дәл осылай жарық дүниенің көруінің астарынан да мағына іздедім. Демек, бекер емес деген ой болды.

Бекболат дүниеге келген кезінде оның тым кішкентай болғаны соншалық, оған иткөйлек табудың өзі қиынға соққан. Ал дәл қазір осы киімге қарап қаншама қиын кездер мен ұйқысыз өткен түндері есіне түсетінін жеткізді. Бекболат осындай “ерекше” болып дүниеге келгеніне қарамастан  өзінің мықты, нағыз қаһарман екенін көрсеткен. Өмір үшін күрес дегенді Бекболаттың қайсар мінезі мен қоршаған ортаға, жануарларға шексіз ғашық жанарына қарап ұққан. “Осындай кездерде адамдар арасында үнемі өмір үшін күрес жүріп жататынына көзім жетті”,-дейді Айгерім.

– Балам жансақтау бөліміне түсті. Сол кезде оның бөлмесіне кірмей тұрып, бар күшімді жинап аламын. Кейін қасына келген кезде онымен тілдесемін: “Бекболат, еркелеп жата берме тұррр…тұрр. Әзірше  осылай жата тұруға саған шанс беремін. Бірақ тез тұр. Біз сені күтіп жатырмыз. Сен бізге керексің”,-деп айтып отыратынмын.  Оның әр қылығы есімде.

Дәл осындай жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан кезінде баласымен тілдесіп отырған ана оның күлгенін көріп, бала ана жүрегіндегі махаббат пен сенімді және оны осы жақта күтетін адам бар екенін жан жүрегімен сезіп жатқанына сенген. Осылайша ол әр қалың ұйқыға кеткен сәтінде баласымен сөйлесу арқылы да керек екенін, маңызды екенін түсіндірген.  Айгерім жалпы ата-ананың сенім мен махаббаты, көрсететін қолдауы маңызды деп есептейді. Адамдармен тең дәрежеде болуын сезіндіру, сол үшін жасалатын іс-әрекеттердің қаншалықты маңызды екенін жеткізді.  Солар сияқты мақсат қойып, қуанып, марафондарға қатысып, күлуінің өзі үлкен жеңіс екенің баланың жүрегіне жеткізе алу өте үлкен рөл атқаратынын айтты. Әлі күнге дейін марафонға алғаш қатысқан кездегі алпауыт сезімді, қуанышты  бір ауыз сөзбен жеткізу қиын дейді.

– Ең алғашында мен үшін марафонға қатысу арман сияқты көрінетін. Әлі күнге дейін ол күндер есімнен кетпейді. Дәл сол сәттегі эмоциялар, қобалжулар… Бесінші марафонға дайындалып жүрген кезінде тәрбиешісі оның алғаш аяқ басқан сәтін жіберді. Сол кезде осыдан артық бақытты кезім болмағандай сезілді. Отбасымыз үшін маңызды және естен кетпес оқиға болды. Бұл біздің Бекболатқа деген шексіз махаббатымыздың нәтижесі деп түсіндім.

Ал оған медаль таққандағы сезімді мүлдем жеткізе алмай, қуаныштан жылаған кезін көзіне жас алып еске алды. Айгерім қоғамда қалыптасып қалған барлық стереотиптерді жойып, барлық дәрігерлердің “бүгін өледі, ертең өледі” деген болжамдары мен диагноздарын  жоққа шығарғанына іштей қуанғанын және осының бәрі бекер емес деген ойдың маза бермегенінін айтты. Осындай ойлар мен өмір үшін күресіп жүрген ана мен баланы көріп 2019 жылы “Мама про” қоғамдық қорына қосылып, өзге де аналарға көмектесу арқылы, баланың қоғамға керек екенін ұғындыру үшін саналы түрде іс-әрекеттер мен бірқатар жұмыстар жасаған.

– “Мама про” қоры “ерекше” балалардың аналарына  кәсіпкерліктің бастапқы машықтарын үйрету арқылы, психологиялық көмек  көрсету,  қолдау таныту, ерекше баланы тәрбиелеп отырған әр анаға бірінші өздерінің ішкі күйлерінің ретке келуі маңызды екенін түсіндіру үшін жоспарлы түрде еңбек ете бастадық. Бізге келетін әр ана біз өткізген сабақтардан кейін өзгеше өмір сүре бастады.

“Мама про” қорының арқасында Айгерім өзінің айқын, бақытты, жақсы, мүлдем күтпеген өмірінің басталғанын айтты. Баяғыдай өмірге налып, бәрінен жамандық көретін бала Айгерімнен, саналы түрде ойлай, қабылдай, шешім шығара алатын Айгерімнің өсіп шыққанын шынайы эмоциясымен жеткізді.

                                        АНА ӨЗІ БЕЙІМДЕЛУ КЕРЕК

 – Ерекше баланың өмірі, анасының өмірге бейімделуімен қатар басталады. Сондықтан бірінші кезекте анасы өзін-өзі құтқаруы керек. Сонда ғана ол баласына шабыт беріп, ынталандырып, бірге алдыға қарай қадам баса алады.

 Айгерім ең басында бұл күлкілі көрінетінін жеткізді. Себебі, өзі осындай жайбырақат, бәріне жеңіл қарайтын өмірге бейімделе алмаған. Біреудің көмегіне мұқтаж баланы, өзгеге тапсыру өте қиын болған.

– Мен баламды ылғи өзім қасықтап отырып тамақтандыратынмын. Кейін оған шашып, мейлі төгіп ішсе де өзінің тамақ ішуін түсіндірдім. Жаным ауырып тұрса да мен оның өзінің де істей алатынын түсіндіру үшін іс-әрекеттер жасадым. Жәй ғана ол өзінің өмірге керек екенін және қолынан келетінін жеткізгім келді. Нәтижесінде балам өзі ешкімнің көмегінсіз-ақ тамақ іше алатынын сезіне бастаған сәтінде көзінен оның сондай бақытты және қуанышты екенін көретінмін. Тіпті, ол мимика арқылы түсіндіре бастады. Алайда осындай жетістікке жету үшін өзің бірге балаңмен мың өліп, мың тірілу керек екенсін…

“Ерекше” баланың аналары балаларын көрсетуден ұялмай, керісінше олар осы өмірдің бір бөлігі екенін түсіндіру үшін барлық әрекеттерді қолдарынан келгенше жасау керегін айтады. Осыншама күй мен сезімді басынан өткерген Айгерім Ізбасарова қазіргі таңда Алматы қаласынан “ерекше” баласы бар аналарға көмектесетін орталық ашып, барлығы ананың ішкі жай күйімен тығыз байланысты екенін көпке түсіндіру үшін қызмет етіп жүр. Көптеген әйелге мотивация беріп, олардың ғұмырының сәнді, әрі сапалы өтуі үшін аянбай тер төгуде. Алайда осы дәрежеге жету үшін ол өзі  өлім мен өмірді, үміт пен сенімді, шарасыздық пен талпынысты, бақыт пен мұңды өз басынан өткізді.

Айжан Альжанова: АНАЛАРДЫҢ ӘР ЖЕТІСТІГІ БІЗГЕ ШАБЫТ БЕРЕДІ

Көп жас ананы психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, ерекше балалардың аналарына басты назар аударып, өмірден өз орнын табуға көмектесіп жүрген “Мама Про” қоғамдық қорының негізін қалушысы Айжан Альжанова қазіргі таңда 5 мекеменің ерекше баласы бар аналарға қызмет көрсетіп жатқанын айтып өтті. Осыған дейін 1500-ге жуық ата-ана орталықта өз білімін шыңдап, жаңа кәсіп ашқан. Жұмысымыздың өркендеуіне ата-аналардың жеткен жетістіктері шабыт береді дейді орталық жетекшісі,

– “Ерекше” балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау мақсатында мекеме жұмыс жасайды. Мекемеде аналар алаңсыз білім алып, дамуына бар жағдай жасауға тырыстық. Қазіргі таңда арнайы мекемемізде балаларын арнайы күтушіге тастап, өздері білім алуды басты мақсат етеді. Шәкірттеріміз өз бизнестерін ашып, ішкі күйлерін реттеп, барлық жағынан жұмыс істеп жатыр. Олардың әр жеткен жетістігі бізге шабыт береді. Бұл өз мекемемізді өркендету, басқа да қалаларды дамытуға бізге жігер береді,- дейді қоғамдық қор жетекшісі.

Шынымен “Мама про” қоғамдық қорының арқасында өз жеке бизнесін бастап, өзін дамытып жүрген бірқатар аналар бар. Солардың бірі Айнұр Сарсенбаева.

– Өз кәсібімді “Әйелдер әйелдерге” жобасы аясында бастадым. Жоба барысында толықтай білім алып, өз жеке кәсібімнің өркендетуге мүмкіндік алдым. Қытайдан арнайы товарлар тапсырыс беріп, нарықта сата бастадым. Қазіргі таңда жақсы нәтижеге жеттім. Орталықта біз үшін барын салған жетекшілерге айтар алғысымыз шексіз. Ерекше баланың аналары үшін қолдау маңызды екенін және ана ең бірінші  өзі іштей және сырттай сау адам болуын ұқтым,- дейді Айнұр.

Ерекше балалардың аналары өзге бизнес  және үкіметтік емес ұйымдардың қолдауы арқасында өзге де қалалардағы ерекше балалардың аналары осындай білім алып, қиын кезден қысылмай шықса екен дейді. Олар шынымен бақытты болуға және бақытты етуге лайықты екенін түсінсе екен дейді ана жүректері.

ЕЛІМІЗДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ӘР ОН БАЛАНЫҢ ҮШЕУІНІҢ МҮГЕДЕКТІГІ БАР

Қазақстанда 0-17 жас аралығындағы 5 623 387 бала тұрады, олар – елдегі халықтың шамамен 31 пайызы. Еліміздегі балалардың 3 пайызға жуығы мүгедектігі және арнайы қажеттіліктері бар балалар ретінде тіркелген. Сонымен қатар, 10 мыңнан аса бала үйден оқиды. Қазақстанда даму мүмкiндiктерi шектеулi оқушы саны – 15 238. 
Бүгінде елімізде 0-18 жас аралығында мүмкіндігі шектеулі 188 144 бала бар. Оның ішінде: 0 жастан 3 жасқа дейінгі ерте жастағы – 7719 бала, 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалар – 47726 бала, 6-16 жастан бастап мектеп жасындағы балалар – 117709 бала, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер – 14990.
Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,
СДУ “Журналистика” мектебінің ІІІ курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі