/

Жазушы Шыңғыс Айтматовты еске алу кеші өтті

77 рет қаралды

Фото дереккөзі: AlmaU баспасөз қызметі

Алматыдағы Almaty Management University қабырғасында жазушы Шыңғыс Айтматовтың немересі, «Шыңғыс Айтматов атындағы Ыстықкөл форумы» халықаралық қоғамдық ұйымының бас хатшысы Чинара Айтматовамен «Жанды жады: Айтматов мұрасы» атты шығармашылық кездесу өтті.

Кеш барысында ұлы қаламгердің тұлғалық болмысы, рухани-адамгершілік мұрасы және әлемдік зияткерлік құндылықтарды жаңғырту мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесу естелік айтумен ғана шектелмей, қазіргі қоғамдағы гуманитарлық құндылықтар мен білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды тоғыстырған мазмұнды диалог алаңына айналды. Іс-шара барысында тұлға, жады, рухани сабақтастық ұғымдары заманауи білім мен қоғамдық ой контексінде кеңінен талқыланды.

«Атам мен үшін – қорғаным болды»

Кездесудің бас спикері – Чинара Айтматова ашық дереккөздерде кездесе бермейтін, отбасылық мұрағатта сақталған терең жеке естеліктерін айтып берді. Ол Шыңғыс Айтматовты тек әлемдік деңгейдегі қаламгер ретінде ғана емес, ең алдымен жақындарына шексіз қамқорлық таныта білген, рухани тірек болған тұлға ретінде сипаттады.

«Бүкіл әлем үшін Айтматов – ұлы жазушы әрі дипломат. Батыс медиасы оны қырғыз мәдениетінің қорғаушысы ретінде жиі сипаттайды. Ал мен үшін ол, ең алдымен, мені әрдайым қолдап отырған сүйікті атам еді. Балалық шағымда оның қандай ұлы тұлға екенін толық сезіне алмадым. Алайда бүгінде ең маңыздысы – әрбір қазақ және әрбір оқырман оның шығармаларынан өзіне жақын, жеке бір үндестікті таба алуы. Меніңше, Шыңғыс Айтматов мұрасының басты күші де дәл осы қасиетінде», – деді Чинара Айтматова.

Ыстықкөл форумы: Жаһандық зияткерлік алаңның қайта жаңғыруы

Кездесудің айтулы бөлігі аңызға айналған Шыңғыс Айтматов атындағы Ыстықкөл форумы тақырыбына арналды. Спикер форумды заманауи талапғқа сай қайта жаңғырту тұжырымдамасы мен оны іске асыруға бағытталған нақты жоспарлар туралы баяндады. Бір кездері маңызды гуманитарлық және антиядролық бастамалар көтерілген зияткерлік алаң алдағы уақытта жаңа буын интеллектуалдарының басын қосып, жаһандық ой алмасудың орталығына айналмақ.
Сондай-ақ Чинара Айтматова Қырғызстан әдебиетінің қазіргі ахуалы мен болашақ даму бағдарларына тоқталып, «бүгінгі таулар үніне» айналып келе жатқан жас қаламгерлердің қоғамдағы және рухани кеңістіктегі рөліне қатысты көзқарасын білдірді.

«Tolyq Adam» – жаңа дәуірдің тәрбие құралы

Almaty Management University негізін қалаушы әрі ректоры Асылбек Қожахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара университеттің стратегиялық миссиясын айқын көрсетті. AlmaU бүгінгі күні тек кәсіби дағдыларды (hard skills) меңгертумен шектелмей, тұлғаның ішкі мазмұнын, дүниетанымы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруды басты басымдық ретінде қарастырады.

«AlmaU-де «Tolyq Adam» атты арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл – гуманитарлық бағытты кездейсоқ емес, саналы әрі жүйелі түрде таңдағанымыздың көрінісі. Университет тек кәсіби мамандарды ғана емес, қоғам алдында жауапкершілігі бар, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтарды – патриоттарды тәрбиелеуді мақсат етеді. Мұндай тұлғалардың рөлі, Шыңғыс Айтматов бірнеше рет атап өткендей, қоғамның болашағы үшін айрықша маңызға ие», – деді Асылбек Қожахметов.

«Tolyq Adam» бағдарламасы жеті негізгі пәнді қамтып, студенттердің бойында эмпатия, этика, сыни ойлау және коммуникациялық қабілеттІ дамытуға бағытталған. Кездесу соңында қатысушылар қазіргі заманда адамдық болмысты сақтап қалудың маңызды жолдың бірі – Айтматов сынды ойшыл-қаламгерлердің рухани мұрасына қайта үңілу екеніне ерекше назар аударды.

Зарина Мардан

Парақшамызға жазылыңыз

Зарина Мардан

Журналист

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар