Фото: olympic.kz
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Азия чемпионаты басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлде түсті. Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 20 жастағы таеквондошы Еркебұлан Еңсегенов қола медальді жеңіп алды. Бұл оның ересектер сапындағы алғашқы құрлықтық додасы болғанына қарамастан, спортшы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде отандасымыз Қытай спортшысын ұтса, ширек финалда Филиппин өкілінен басым түсті. Жартылай финалда Иордания таеквондошысымен болған тартысты кездесуде Еркебұлан 1:2 есебімен есе жіберді. Осылайша жас спортшы өз мансабындағы ең жоғары жетістігіне қол жеткізіп, еліміздің мерейін үстем етті.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 24 мамырға дейін жалғасады.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
