2024 қабылданған «Масс-медиа туралы» заңдағы даулы мәселелердің бірі мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі комиссиямен байланысты болды. Заңның 32-бабында ақпарат саласындағы уәкілетті орган, яғни ақпарат министрлігі арнайы комиссия құратыны жазылған. Кейін комиссия туралы арнайы ереже де қабылданған. Әкімдік сайттарында комиссия жұмысын бастағаны жайлы жаңалықтаржазылып жатыр. Аталған комиссиялардың негізгі қызметі қандай, медаины бақылау тетігі болуы мүмкін бе? Factcheck.kz редакциясы талдап көрді.
Комиссияның қызметі, құрамы, құрылуы
Жоғарыда жазғанымыздай «Масс-медиа туралы» заңның 32-бабында ақпарат саласындағы уәкілетті орган жанынан Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия құрылатыны көрсетілген. Заңда комиссияның мақсаты — мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу кезінде қоғамдық мүдделерді ескеру, қорғау, сондай-ақ халықтың ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыру деп түсіндірілген. Құжатта комиссияның екіге бөлінетіні жазылған. Олар: республикалық және өңірлік. Әрі қарай жеке-жеке талдайық.
Республикалық комиссия
Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы арнайы ережеде, республикалық комиссияның 7 негізгі функциясы көрсетілген:
- Республика бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатта қандай тақырыптар көтерілетінін бекітеді;
- Өңірлердегі ақпараттық саясаттың тақырыптарын қарап, оған байланысты ұсыныстар береді;
- Мемлекеттік ақпараттық саясат аясында бөлінетін тапсырыстарға өтініш берген ұйымдардың өтінімдерін қарайды және ұсыныс жасайды. Бұл балаларға арналған контент пен аймақтық газеттерді дамыту жобаларын да қамтиды;
- Жекеменшік БАҚ-тарға берілетін гранттардың қандай тақырыптарға бөлінетінін және оған қанша қаржы бөлінетінін анықтап, бекітеді;
- Грант беру және олардың орындалуын бақылау ережелерінде көрсетілген міндеттерді орындайды;
- Республикалық деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды орналастыру қағидаларында көрсетілген функцияларды жүзеге асырады;
- Өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды орналастыру қағидаларында көрсетілген қызметтерді атқарады;
Комиссияның құрамы уәкілетті орган ведомствосының басшысы, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан қалыптастырылады. Негізінен құрамы төрағадан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Заң бойынша комиссия құрамында БАҚ өкілі комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бір бөлігі болуы керек. Жалпы комиссия кемінде 5 адамнан тұрады. Ондағы әр қызметшінің өзіндік функциясы бар. Мәселен комиссия мүшелері құжаттарды толықтығы және тиісінше ресімделуін қараса, хатшы отырыстарының қарауына ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қатысатын мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданды деп есептелінеді. Шешімімен келіспеген жағдайда, Комиссия мүшелері өз пікірін жазбаша түрде баяндауа құқылы.
Өңірлік комиссия
Өңірлік комиссия жұмысы да республикалық комиссиямен ұқсас. Онда да төрағадан, комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Кемі 7 адам болуы тиіс. Өңірлік комиссия облыстардың жергілікті атқарушы органдарының жанынан құрылатыны жазылады. Құрамында мемлекеттік мекеменің басшысы, коммерциялық емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері болуы керек. Ережеде өңірлік комиссияның 3 негізгі функция жазылады. Олар:
- Комиссия өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа өтініш берген ұйымдардың өтінімдерін қарайды және ұсыныс береді. Бұл балаларға арналған контент пен аймақтық басылымдарды дамыту жобаларын да қамтиды;
- Өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысты өтінімдерді республикалық комиссияға жіберіп, олардың ұсынысын алады;
- Өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты өткізу қағидаларында көрсетілген міндеттерді орындайды.
Өңірлік комиссия хатшысы мен мүшелерінің де міндеттері республикалық комиссиямен бірдей. Өңірлік комиссияның да шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Комиссия медианы бақылау тетігі ме?
Байқағанымыздай медиаға берілетін мемлекеттік тапсырысты да, мемлекеттік грантты да үлестіретін институт – Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі комиссия. Қазақстан медиасының едәуір бөлігі мемлекеттік тапсырысқа, бюджет қаржысына тәуелді екенін ескеру керек (2025 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 528 мемлекеттік медиа тіркелген). Редакцияға жауап берген журналист Қалима Тәжіқұл мұндай жағдайда редакциялардың қаржы жағынан тәуелділігі күшейіп, сыни журналистика әлсіреуі мүмкін дейді. Мемлекеттік комиссия ықпалынан БАҚ-тар «қауіпсіз» тақырыпқа бейімделе бастайды. Ол комиссияның құрылуы медианы экономикалық, институционалдық ықпал арқылы жанама бақылау механизмінің қалыптасуына ықпал етеді деген пікір білдірді.
«Масс-медиа туралы» заң жобасының жұмыс тобында болған медиа сарапшы, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры Есенгүл Кәпқызы да осы пікірді алға тартты. Ол мемлекеттік емес БАҚ үшін берілетін гранттың да тақырыбы мен қаржы көлемін бекіту комиссияға жүктеліп отырғанын айтып, комиссияның тәуелсіз медиалар мен аймақтағы медиаларға ықпал ету тетігі кеңейді деген пікір берді. Сондай-ақ, профессор журналистерге қатысты заңда бақылау тетіктерінің болмауы үшін біраз мәселе көтергенін, соның ішінде комиссия қызметі мәселесі бар екенін айтты. Оның сөзінше комиссияларды құзырлы органдар құрмауы керек.
Біз заң жобасының жұмыс тобында болдық. Онда мынандай комиссияларды құзырлы органдар құрмауы керек деген мәселе көтердік. Атының өзі айтып тұр ғой, қоғамдық кәсіби кеңес, қоғамдық деген дүние төменнен құрылады, жоғарыдан емес. Егер жоғарыдан құрылса ол қоғамдық болмай қалады. Сондықтан біздің ең қатты қауіптенген мәселеміз осы болды және осыған біз қарсы болдық.Есенгүл Кәпқызы, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры
Есенгүл Кәпқызы тағы бір мәселе ретінде, комиссиялар кез келген медианың этикасын, журналистердің этикасын жазуға қатысатынын, ал бұл сөз бостандығына тікелей әсер ететін жеткізді. Оның сөзінше егер бұл комиссияларды жоғарыдан құрып отырса, оған биліктің ықпалы бар болатын болса, олар өзіне қажетті адамдарды таңдап алса, онда ол этикалық кодекстің де жазылуына белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Сондықтан бұл журналистердің құқығын қорғауды желеу етіп медианы бақылау тетігіне айналдыруы мүмкін. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай комиссиялардың жұмысы әртүрлі ұйымдастырылады. Қазақстандағы жүйе бұрынғы кеңестік елдердің моделіне, әсіресе Ресей мен Қырғызстандағы жүйеге жақын екенін айтады.
Қалима Тәжіқұлдың сөзінше «Масс-медиа туралы» заңда комиссия құзыреті айтарлықтай кеңейген. Ол бұрын журналистер үшін негізгі заң ретінде қолданылған «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңда комиссия негізінен ұсыныс беріп, өтінімдерді қарайтын кеңесші сипатындағы орган ғана болғанын айтады. Ал қазір консультативтік органнан ішінара шешім қабылдайтын органға айналған.
Жылт еткен үміт…
Қалима Тәжіқұл комиссия журналистердің құқын қорғамайды, оның мақсаты мемлекеттік ақпараттық саясатты үйлестіру деген пікірде. Расымен жоғарыда талдағынымыздай комиссияның мақсатында медиа өкілдерінің құқын қорау, сөз бостандығын қамтамасыз ету секілді қызметтер жоқ. Медиа маманның сөзінше комиссия цензураға қарсы тәуелсіз институт бола алмайды. Десе де оның сөзінше сөз бостандығын сақтау, тәуелсіз медиалардың қысымнан арылуына қатысты бір үміт бар.
Дегенмен жылт еткен бір үміт бар – комиссия құрамының кемінде үштен бірі БАҚ саласындағы қоғамдық бірлестіктерден тұрады. Бұл журналистер басын қосқан ұйымдардың, медиасарапшылардың, құқық қорғаушы медиақауымдастықтардың комиссия мүшесі ретінде шешім қабылдауға қатысуына мүмкіндік береді. Егер бұл норма шынайы жұмыс істесе, комиссия медианың проблемаларын көтеретін, журналистердің құқықтық мәселесін талқылайтын, мемлекеттік тапсырыстың әділ бөлінуін қадағалайтын алаңға айналуы мүмкін. Ол үшін комиссия құрамындағы үш орынның бірін алған қоғамдық ұйым тәуелсіз, шешімге әсер ете алатын болуы керек.Қалима Тәжіқұл, журналист
Оның сөзінше егер комиссияның өзге мүшелеріне ықпал ете алмайтын болса, онда даулы мәселені дауысқа салғанда, жалғыздың үні шықпастың кебін киюіміз мүмкін. Сондықтан комиссия журналистер құқын қорғайтын құрал болады деп айтуға ерте. Комиссияның нақты сипатын оның құрамы, тәуелсіздігі, ашықтығы, шешім қабылдауы алдағы қолдану практикасы айқындайды.
Есенгүл Кәпқызы мұндай комиссиялардың екі тәсілін атап өтті:
- Бірінші тәсіл — журналистердің іс-әрекетін құқықтық нормалар арқылы реттеу. Мұндай жағдайда арнайы заңдар қабылданып, олардың орындалуын мемлекеттік институттар қадағалайды. Қазақстанда бұл қызметті, мысалы, Ақпарат министрлігі атқарады. Яғни қазіргі заң осы тәсілге негізделген болуы керек.
- Екінші тәсіл — өзін-өзі реттеу жүйесі. Есенгүл Кәпқызы Қазақстандағы медиаға осы тәсіл керек деген пікірде. Әрі қарай осы жүйені кеңінен талдайық.
Өзін өзі реттеу моделі
Профессордың айтуынша, бұл көптеген дамыған мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ-та, Еуропа елдерінде және Англияда кең таралған. Бұл жүйеде медиа қауымдастық өз құқықтарын пайдаланып, ашық дауыс беру арқылы беделді мамандарды комиссия құрамына енгізеді және өздерінің жұмысын реттейтін медиакодекстер қабылдайды.
Мәселен Англияда журналистердің жұмысын реттейтін екі кодекс бар. Біріншісі — Ofcom, ол телерадио және broadcasting саласындағы журналистердің жұмысын реттейді. Екіншісі — print media мен онлайн медианы қамтитын кодекс. Есенгүл Кәпқызы бұдан өзге, барлық масс-медианы біріктіретін ортақ медиакодекс жасау туралы да пікірталастар болғанын жеткізеді. Сондай-ақ, халықаралық журналистика стандарттарын қалыптастырып, журналистерді сол стандарттармен жұмыс істеуге шақыратын SPJ ұйымы бар. Профессор осы ұйымның принциптерін, жұмыс істеу механизмдерін Қазақстандық модельге алып келу керек дейді. Ол Қазақстандағы журналистер аталған ұйымның стандарттарымен жұмыс істеуі тиіс деген пікір білдірді.
2012 жылы Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан журналистерінің альянсы шамамен жүз журналистің қатысуымен журналистік этика кодексін қабылдаған. Алайда бұл құжат іс жүзінде жұмыс істемеді. Көптеген журналистер мұндай этикалық кодекстің бар екенін де білмейді. Мұның себебі: егер мемлекетте журналистердің қызметін реттейтін арнайы заң болса, онда медиаэтика кодексі көбіне жұмыс істемей қалады. Өйткені адамдар қолында нақты құзыреті бар, орындалуы міндетті заңдарға көбірек назар аударады.Есенгүл Кәпқызы, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры
Сонымен қатар, этика кодексі заң емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — журналистердің өздері жазып, өздері қабылдайтын және өз қызметін реттеу үшін пайдаланатын құжат болуы тиіс. Сондықтан журналистік этиканы да журналистердің өзі қалыптастыруы керек деп есептейді. Медиа маман қазіргі таңда Қазақстанда белгілі бір этикалық нормалардың бұзылғанын талдап, соған баға беретін ұйымдар толыққанды жұмыс істемейтінін айтады. Мысалы, қандай да бір журналистің әрекеті этикалық кодекстің белгілі бір бабына қайшы келсе немесе кәсіби принциптерді бұзса, соны арнайы қарап, бағалап отыратын құрылымдар жеткіліксіз дейді. Оның пікірінше, егер мұндай ұйымдар жұмыс істесе, олар журналистердің репутациясына қатысты ескерту жасап отыруы керек. Ал өрескел немесе жалған ақпарат таратқан жағдайларда журналистің кәсіби беделіне ықпал ететін шешімдер қабылдануы мүмкін екенін айтады. Кей жағдайда журналист тіпті кәсіби қызметін жалғастыра алмайтындай деңгейге дейін жауапкершілікке тартылуы мүмкін дейді. Бірақ мұндай шешімдерді билік немесе мемлекеттік органдар емес, төменнен, яғни медиа арасындағы мамандардан құрылған өзін-өзі реттеу комиссиялары қабылдауы керек. Яғни медианы өзін өзі басқару моделі осы принциптерге негізделеді.
Егер мұндай комиссияны мемлекет құратын болса, онда бюрократиялық талаптар күшейеді. Оның үстіне, қазіргі басшылықта медианы толық түсінбейтін адамдар отырғанын, сол себепті кей жағдайда шала сауатты кеңесшілердің нұсқауымен шешімдер қабылдануы мүмкін. Осыған байланысты мұндай құрылымдарды мемлекеттің құзырына беру қауіпті, өйткені ол медианы бақылау тетігіне айналып кетуі мүмкін деп есептеймін.Есенгүл Кәпқызы, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры
Қорытынды: ашықтық мәселесі
Есенгүл Кәпқызы қазіргі модельде мемлекеттік комиссиялардың ашықтығы алаңдататынын жеткізді. Ол заңда комиссия туралы ақпарат жеткіліксіз дейді. Қалима Тәжіқұл да осы пікірге қосылды. Ол қазіргі қолданыстағы модельге ашықтық жетіспейтінін атап өтті. Оның сөзінше Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін бюджеттен миллиардтар бөлінеді. Журналист 2008-2019 жылдар аралығында мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қай БАҚ алғаны, қанша қаржы алғанына дейін ашық дереккөзден ақпарат алуға болатын айтып, ал қазір мұндай дерекке қол жеткізу қиындап кетті деген пікір білдірді.
Өкінішке қарай, 2019 жылдан кейін мұндай дерекке қол жеткізу қиындап кетті. Себебі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы үлестірілген мемлекеттік ақпараттық тапсырыс біз сөз етіп отырған комиссиялар арқылы беріле бастады.Қалима Тәжіқұл, журналист
Оның сөзінше бұл мәселенің шешімі ретінде БАҚ-қа арналған мемлекеттік тапсырыс пен грант алу үшін берілген өтінімдер, комиссия шешімі бірыңғай медиаплатформада жарияланатыны және платформа ашықтық принципімен жұмыс істейтіні айтылған еді. Расымен «Масс медиа туралы» заңның 1-бабы, 11-тармақшасында медиаплатформа — мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе деп сипатталады. Десе де заң күшіне енгелі екі жыл өтсе де, платформа әлі дайын емес. Сондықтан комиссия жұмысының ашықтығы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Factcheck.kz бұрын платформа туралы ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігіне сауал жолдап, ол туралы толығырақ талдаған еді. Төмендегі материалдан оқуға болады.
Ернұр Дәулетұлы
Дереккөз: Factcheck.kz
Парақшамызға жазылыңыз
