Шоколадтың ар жағындағы тарих: Қосшығұловтар әулеті экранға оралады

69 рет қаралды

1895 жыл. Ақмола қаласында кәмпит, пірәндік, зефир, халуа, печенье және шоколад өндіретін кәсіпорын жұмысын бастайды. Оны Баймұхамбет Қосшығұловтың әулеті басқарады. Арада бір ғасырдан астам уақыт өткен соң осы кәсіптің тарихы көркем фильмге арқау болды. Оралда «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» тарихи көркем фильмі түсірілді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми мәліметінде туындының режиссері Жандос Құсайынов, продюсері Сұлтан Срайыл екені көрсетілген. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп жатыр. Өндірісін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. 

31 шілдеде «AQJAIYQ» телеарнасы Оралдағы түсірілім жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады. Түсірілім үшін Оралдың көне сәулеті мен Бөкей Ордасындағы тарихи нысандар пайдаланылған.

Фильм жайындағы алғашқы ақпараттың назар аудартатын сөзі шоколад болғанымен, Қосшығұловтардың тарихын шоколадпен ғана шектеу оның ең маңызды қабатын көмескі қалдырады. Мұнда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы Ақмоланың қалалық өмірі, саудасы, өндірісі, капитал жинаған қазақ кәсіпкерлері және жаңа техникаға қызығушылық танытқан буын туралы әлдеқайда үлкен әңгіме бар.

Ақмола қандай қала еді?

Қосшығұловтар кәсібінің қалай пайда болғанын түсіну үшін сол кезеңдегі Ақмоланың өзіне қараған жөн. Maqsut Narikbayev University дайындаған Қосшығұловтар кәсіпорнының тарихына арналған жобада революцияға дейінгі Ақмоланың маңызды сауда орталығы болғаны жазылған. Қала Петропавл, Ташкент және Қашғарға қарай өтетін керуен жолдарының бойында орналасқан. Мұнда көктем мен күз мезгілінде жәрмеңкелер өтіп отырған. 1890 жылы қаланың орталық алаңында тас дүкендер салынған. Сол сауда орындарының бірі Баймұхамбет Қосшығұловқа тиесілі болған.  Демек, Қосшығұловтардың кәсіпке келуі кездейсоқ оқиға емес. Олар сауда кеңейіп, қаланың экономикалық рөлі күшейген кезеңде өмір сүрді.

Қазақстан тарихы порталы жариялаған материалда Қосшығұловтар әулетінің кірпіш өндіруге, тері өңдеуге, арба мен шана жасауға қатысқаны айтылады. Әулеттің Ақмолада бірнеше дүкені болғаны жөнінде де дерек келтіріледі.  Баймұхамбеттің балалары әке кәсібін жалғастырған. MNU дерегінде үлкен ұлы Құрманғалидың Санкт-Петербургте білім алып, сауда экономикасы мамандығын меңгергені көрсетіледі.  Осы мәліметтердің өзі XX ғасыр басындағы қазақ қоғамын тек ауыл тіршілігі арқылы түсіндіру жеткіліксіз екенін байқатады. Ақмолада дүкен ұстаған, өндіріс ұйымдастырған, несие алған, өнімін басқа нарыққа шығарған қазақ кәсіпкерлері де қалыптасып келе жатты.

1895 жылғы фабрика

Қосшығұловтардың кәсіпкерлік тарихындағы негізгі кезеңдердің бірі 1895 жылға тиесілі. MNU жобасында сол жылы Қосшығұловтар компаниясының кәмпит пен пірәндік өндіретін фабрикасы ашылғаны жазылған. Кәсіпорынды Баймұхамбеттің үлкен ұлы Құрманғали басқарған. Фабрикада кәмпит пен пірәндіктен бөлек печенье, зефир, халуа және оралған шоколадтың бірнеше түрі шығарылған.  E-history материалында да 1895 жылы салынған екі қабатты кондитерлік кәсіпорын туралы айтылады. Онда тәтті тоқаш, кепкен нан, зефир, халуа, шоколад пен кәмпит өндірілгені көрсетілген.

Кино орталығының ресми хабарламасында «тұңғыш шоколад фабрикасы» деген тұжырым қолданылған. Ал Kursiv Media оны «кей тарихшылар Қазақстанның тамақ өнеркәсібіндегі тұңғыш жобалардың бірі деп атайды» деген сақтықпен жеткізеді.

Бір фабрикадан шыққан үлкен кәсіп

Қосшығұловтардың тарихы бір ғимараттың шежіресімен аяқталмайды. MNU жинаған деректерде әулеттің кірпіш, былғары, жүн, сабын және тұрмыстық бұйым өндірісіне қатысқаны жазылған. Ақмола ұны Ресейге, Бұхараға, Хиуа мен Қоқанға жеткізілгені де көрсетіледі. Мұндай мәліметтерден Қосшығұловтардың кәсібі сол кезеңдегі қалалық экономиканың бірнеше саласына таралғанын аңғаруға болады. 1915 жылға қатысты тағы бір назар аударатын дерек бар. MNU материалында Қосшығұловтардың кондитерлік кәсіпорнына император сарайына өнім жеткізуші мәртебесі берілгені жазылады. Мұның өзі кәсіпорынның жергілікті шағын өндіріс деңгейінде қалмағанын көрсетеді.

Дегенмен тарихи кино үшін мұнда бір қауіп бар. Өткен өмірді бүгінгі кәсіпкерлік терминдерімен түсіндіре бастасақ, сол заманның өз ерекшелігі жоғалады. Қосшығұловтарды қазіргі ұғымдағы корпорация басшыларына ұқсату оңай. Бірақ олардың кәсібі Ресей империясының құқықтық тәртібі, сауда жолдары, несие жүйесі және сол кездегі әлеуметтік жіктеліс аясында дамыды. Фильм осы ортаны қаншалықты көрсете алатыны маңызды. Құрманғали Қосшығұловқа қатысты ең қызық деректердің бірі автомобиль өндірісімен байланысты. MNU жобасында оның 1913 жылы Ақмолада автомобиль шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлап, Германия тарапымен келісім жасағаны жазылған. Материалда Opel компаниясынан неміс инженерлері келгені де айтылады.  E-history жариялаған тарихи материалда да Құрманғалидың автомобильге қызығушылығы сөз болады. Құрманғали Қосшығұловтың Ақмолада автомобиль өндірісін жолға қоюды жоспарлағаны туралы деректер сақталған. Кейінгі тарихи материалдарда бұл жобаға Германиядан мамандар тартылғаны айтылады.

Кино тарихты қалай сөйлетеді?

«Қосшығұлов. Шоколад фабрикасының» қызығы костюм мен көне ғимараттың қаншалықты дәл жасалғанымен ғана өлшенбейді. Тарихи фильмге өткен ғасырдың сыртқы көрінісін жасау жеткіліксіз. Дәуірдің ойлау жүйесін де қалпына келтіру керек. Қосшығұловтар ақшаны қалай есептеді? Кәсіп үшін қаржыны қайдан алды? Басқа көпестермен қандай қарым қатынас құрды? Ақмоладағы қазақ, татар және орыс кәсіпкерлері бір нарықта қалай әрекет етті? Балаларын оқытуға неге мән берді? Өндірістің жаңа түріне қаржы салуға не түрткі болды? Осы сұрақтардың жауабы табылғанда ғана экрандағы кәсіпкер тарихи тұлғаға айналады. Режиссер Жандос Құсайынов Kursiv Media келтірген пікірінде қазақ тарихи киносында хандар, батырлар мен өнер адамдарының бейнесі жиі жасалғанын, енді кәсіпкерлер тарихына назар аударғысы келетінін айтқан. Мұндай бағыт қазақ киносына жаңа әлеуметтік кейіпкер әкелуі мүмкін. Бірақ «қазақ та кәсіпкер болған» деген ойдың өзін дәлелдеумен шектелу аздық етеді. Қызығы сол кәсіпкердің қандай қоғамда пайда болғанында.

Ақмоланың орнын Орал қалай басады?

Фильмдегі оқиғаның тарихи ортасы Ақмола болғанымен, камера Орал мен Бөкей Ордасына қойылды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Батыс Қазақстандағы сақталған тарихи және сәулет ескерткіштері XX ғасыр басындағы Ақмола ортасын бейнелеуге мүмкіндік бергенін хабарлайды.  «AQJAIYQ» телеарнасының репортажында да Оралдың көне сәулеті мен Бөкей Ордасының тарихи мұрасы түсірілім орнының таңдалуына әсер еткені айтылады.

Осы шешім кино мамандары үшін күрделі міндет туғызады. Экрандағы Ақмола нақты Ақмоланың фотокөшірмесі болмайды. Оны Оралдың ғимараттары, қоюшы суретшінің жұмысы, киім, жиһаз, жарық, дыбыс пен камера бірігіп жасайды. Тарихи фильмдегі сенімділік кейде ең ұсақ бөлшектен бұзылады. Дүкен маңдайшасындағы жазу, дастарқандағы ыдыс, адамның шаш қоюы, көшедегі арба, үй ішіндегі зат немесе кейіпкердің сөйлеу мәнері кезеңге сәйкес келмесе, қымбат безендірудің өзі көрерменді сол дәуірге сендіре алмайды. Сондықтан «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасына» қойылатын өлшемнің бірі тарихи ортаның тұтастығы болмақ.

Дерек қай жерде аяқталып, көркем қиял қай жерде басталады?

Қосшығұловтардың тарихын экранға көшірудегі ең нәзік мәселе осы. 1895 жылғы кәсіпорын туралы жазба деректер бар. Қосшығұловтардың саудасы туралы мәліметтер кездеседі. Өндірген өнімдерінің түрлері көрсетілген. Ал автомобиль кәсіпорны туралы әңгіменің кейбір бөлігі кейінгі жарияланымдар мен естеліктерге сүйенеді.  Көркем киноға диалог керек. Кейіпкердің мінезі, таңдауы, қорқынышы мен таласы болуы керек. Мұрағат мұның бәрін дайын күйінде бермейді. Сондықтан режиссер мен сценарий авторы бос кеңістікті көркем қиялмен толтырады. Мәселе қиялдың қолданылуында емес. Мәселе оның деректің мағынасын өзгертіп жібермеуінде. Мысалы, бір кәсіпорын салу жоспары болғаны белгілі болса, оны экранда ондаған автомобиль шығарып тұрған дайын зауытқа айналдыру екі түрлі тарихи жағдай жасайды.

Қосшығұловтар бізге нені жеткізгісі келеді?

Фильмдегі басты рөлдерді Елжан Тұрыс, Қадырғазы Қуандықов, Әділ Ахметов, Ержан Нұрымбет, Аяжан Жұмабек және басқа актерлер сомдайтынын Кино орталығы хабарлаған. Актерлер құрамына 2025 жылғы республикалық іріктеу нәтижесінде жасақталған «Jarqyra» қорының өкілдері де енген.  Бірақ фильмнің ең маңызды кейіпкері бір адам болмауы да мүмкін. Ол кезеңнің өзі қызық.

XIX ғасыр аяқталып, жаңа ғасыр басталған шақтағы Ақмола. Саудасы ұлғайған қала. Дүкен ашқан қазақ көпесі. Петербургте білім алған ұлы. Кондитерлік өндіріс. Шоколад. Несие. Германияға көз тіккен өндірістік жоспар. Артынша соғыс, төңкеріс және мүлде басқа экономикалық тәртіп. Осының бәрі бір әулеттің тарихына сыйып тұр.

Сондықтан «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасының» алдына қойылатын ең маңызды сұрақ «қазақтар шоколад өндірген бе?» деген таңданыспен бітпейді. Салмақты сұрақтар содан кейін басталады деуге болады.

XIX ғасырдың соңында Ақмолада қазақ кәсіпкерінің ірі өндіріс ашуына қандай орта мүмкіндік берді? Ол капиталды қалай жинады? Білім мен кәсіп қалай тоғысты? Қазақ қоғамының қалалық және өндірістік тарихы неге біздің ортақ жадымызда әлсіз сақталды?

Егер фильм осы сауалдарға дайын ұранмен емес, адамның тағдыры мен дәуірдің шындығы арқылы жауап іздесе, экрандағы шоколад бір тарихи қызықтың белгісі болып қана қалмайды. Ол бізге XX ғасыр табалдырығындағы қазақ қоғамының әлі толық зерттелмеген экономикалық келбетін көруге мүмкіндік береді.

Шығармашылық топтың мәліметінше, «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмін 2027 жылдың көктемінде көрерменге ұсыну жоспарланып отыр. Премьераның нақты күні кейін жарияланады.

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар