24 қыркүйек күні Маңғыстаудағы Әскери-теңіз күштерінің әскери жаттығуы кезінде 12 сарбаздың қаза табуына байланысты 25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы қол қойды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Каспий теңізінде өтіп жатқан әскери оқу жаттығулар кезінде бірден 12 сарбаз теңіз түбіне кетті, тағы 2 жауынгер іздестіріліп жатыр, ал үшеуі құтқарылған.
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде өтіп жатқан әскери жаттығу кезінде 19 әскериді теңізге алып кеткен сәтте Астанада Президент Тоқаевтың төрағалығымен жақында ғана құрамы анықталған Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы өтіп жатыр еді.
Президент бұл жиында бірқатар маңызды мәселе көтерді. Соның ішінде Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріліп келе жатқанына ерекше тоқталды. «Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды», деді Президент. Сонымен қатар, «жастардың» қазақ тілінде сауатты да еркін сөйлейтініне қуанатынын атап өтті.
Тек, еліміздің болашағы, қорғаны болатын жастардың әсери борышын өтеймін деп барып, бейбіт күнде шейіт болатыны өкінішті….
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 24 қыркүйек күні күндізгі сағат 13:57-де Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметшіні «теңізге алып кеткенін» оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болып, үшеуі құтқарылғанын хабарлады.
Сағат 15:11 Үкіметтің баспасөз қызметіне қарайтын телеграм арнада қайғылы оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
«Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды», деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Тек екі жарым сағаттан аса уақыт өткен соң ғана сағат 16.47-де Aqorda телеграм арнасы Мемлекет басшысының қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтқанын хабарлады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында әскер қатарында сарбаздың қайтыс болатыны, өкінішке орай жиілеп кетті. Жылына бірнеше жағдай болады десек, жалған емес. Алайда, бейбіт замандағы әскери оқу-жаттығулары кезінде бір емес бірнеше әскери қызметшінің бірден теңіз түбіне кетіп, опат болуы тосын оқиға…
Қазақстанның Конституциясындағы 1-бапқа сүйенсек, нақты айтқанда, 1-баптың 2-сөйлемі былай жазылған: «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан көз жұмған әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Aqorda телеграм арнасы.

«Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды», делінген хабарламада.
Осылайша елімізде алғаш рет құрылған конституциялық консультативті орган Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өткен күн тарихта қайғылы оқиғамен қатар аталатын болды.
Ал, Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери-оқу жаттығу өтіп жатқан орынға дереу құтқару қызметтері аттанған. Іздеу мен құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер қатар жұмылдырылған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды», деп жазды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, «іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай» берілетінін де хабарлады.
Маңғыстау облысының әкімдігі үшін де бүгін айрықша күн еді. Облыстың баспасөз қызметінің телеграм арнасындағы 24 қыркүйек күнгі алғашқы жаңалық 13:37 минутта жарияланған. Онда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне Ғалымжан Ниязовтың тағайындалғаны хабарланып, әкім орынбасарының өмірбаяны берілген еді.
Дегенмен, облыс аумағында болып жатқан қайғылы оқиға туралы ақпарат тек кешкі сағат 17:16-да жарияланды. Онда да оқиғаның мән-жайы туралы емес, Aqorda телеграм арнасында жарияланған Президенттің көңіл айтуы.
Тек, сағат 19:19-да ғана «Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық еткен комиссия Маңғыстау облысына» барғанын жариялады, бұл арна.
Ондағы ақпараттың басым бөлігі аталған комиссияның немен айналысатыны туралы мәліметтен тұрады. «Төтенше жағдайға байланысты Президенттің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына келген Комиссия мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, оқиға орнында қажетті шаралар қабылдайды». Сонымен қатар, оның мүшелері «… қазіргі ахуалды бағалап, төтенше жағдайдың салдарын жоюға байланысты барлық бағыт бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындайды» екен.
«Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, оқиғаның мән-жайын анықтауға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге ерекше назар аударылады. Комиссияның жұмысы оқиға орнында жалғасуда», делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы әкімдігі жариялаған соңғы ақпаратқа сәйкес, опат болғандар саны 12-ге жеткен.
“Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда”, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сәйкес, комиссия жұмысы және іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасы жатыр.
Парақшамызға жазылыңыз
