//

Тарихи жетістік. Алексей Луценко — Азия ойындарының алты дүркін чемпионы

53 рет қаралды

Фото: : Владислав Семенов

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста Алексей Луценко топ жарды.

Қазақстандық велошабандоз 4 сағат 13 минут 11 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұл — Алексей Луценконың Аичи–Нагоядағы екінші алтыны. Азиаданың алғашқы жарыс күнінде ол жекелей сында да чемпион атанған болатын.

Алексей Луценконың бұл жеңісінің жөні бөлек. Тәжірибелі спортшы жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Азиада тарихындағы рекордын жаңартты. Бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша каноэде ескек есуден өнер көрсеткен Константин Негодяев көш бастап келген еді. Ол Хиросима мен Бангкокта өткен Азия ойындарында бес алтын медаль иеленген.

Алексей Луценконың Азиададағы жеңісті жолы 2014 жылы Инчхонда басталды. Одан кейін Джакартадағы 2018 жылғы ойындарда екі алтын медаль жеңіп алды. Ханчжоудағы додада бір алтын және бір күміс жүлде иеленді. Ал Аичи–Нагояда әзірге екі мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Осылайша, қазақстандық велошабандоздың Азия ойындарындағы жүлде қоржыны алты алтын және бір күміске жетті.

Алексей Луценко — Қазақстан велоспортының халықаралық аренадағы беделін қалыптастырған спортшылардың бірі. Оның кәсіби мансабындағы айтулы жетістіктер қатарында 2012 және 2013 жылдардағы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаттарындағы екі алтын медаль бар. Сондай-ақ ол әлемдік велоспорт күнтізбесіндегі беделді көпкүндіктердің бірі саналатын «Париж–Ницца» жарысы мен «Вуэльта Испания» додасының жекелеген кезеңдерінде жеңіске жеткен.

Аичи–Нагоядағы бүгінгі жеңіс — спортшының жеке жетістігі ғана емес, Қазақстан велоспортының жүйелі дамуы мен мектебінің әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже.

Одан бөлек дәл осы жарыста бақ сынаған тағы бір отандасымыз Евгений Федоров қола жүлде иеленді. Ал атақшы велошабандоз Александр Винокуровтың ұлы Николя жетінші нәтиже тіркеді.

Жалпы, ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Байрақты додада Қазақстан Ұлттық құрамасының 558 спортшысы спорттың 35 түрінен ел намысын қорғап жатыр.

Ал Алексей Луценконың есімі енді Азия ойындарының тарихында алты дүркін чемпион ретінде алтын әріптермен жазылды.

БҚО, Орал қаласы

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар