1 шілдеден бастап жаңа Конституция өз күшіне енді. Негізгі заңдағы ең үлкен өзгерістердің бірі – қос палаталы Парламент таратылып, оның орнына жаңа жоғарғы заң шығарушы орган – Құрылтай құрылды. Президент Тоқаев: «Құрылтайдың құрылуы – кезекті әкімшілік реформа емес, елдің саяси және институционалдық құрылымын қайта қалыптастыруға бағытталған өзгеріс», – деп мәлімдеді.
23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Науқанға қатысатын жеті партия Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) өздерінің партиялық тізімдерін өткізді. Жаңа жүйе бойынша, бұл сайлауда депутаттар тек партиялық тізіммен ғана сайланады. Құрылтайдағы 145 орынға 7 партия ұсынған 545 кандидат таласпақ.
Жеті партиядан бәсекеге түсетін кандидаттар саны:
- «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63;
- «Ауыл» партиясы – 69;
- «Әділет» партиясы – 186;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – 47;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33;
- Қазақстан халық партиясы – 72;
- «Respublica» партиясы – 76.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны 23 шілде күні сағат 18:00-де ресми түрде басталды. Бүгінде мемлекеттік телеарналарда партиялар арасындағы дебаттар өтіп, әр саяси ұйым өз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Парламент сайлауы мен Құрылтай сайлауының айырмашылығы неде?
Жаңа Конституцияға сәйкес толықтай пропорционалды сайлау жүйесі енгізілді. Бұл дегеніміз — Құрылтайдағы барлық 145 депутат тек партиялық тізім бойынша сайланады. Билік бұл шешімді «депутаттық корпусты кәсібилендіру қажеттілігімен» түсіндіріп отыр.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, ал қалған 30 пайызы тікелей бір мандатты округтерден сайланатын. Яғни, сайлаушы бір бюллетеньде партияға дауыс берсе, екіншісінде нақты бір адамды – партия өкілін немесе ешқандай партияда жоқ тәуелсіз, өзін-өзі ұсынған кандидатты таңдай алатын еді. Ал бұл жолғы сайлауда бюллетеньде тек партияны ғана таңдаймыз.
Мысалы, өткен шақырылымдағы 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, ал 29-ы бір мандатты округтерден өтті. Бір мандатты жүйемен мандат алғандардың 7-еуі партияда жоқ тәуелсіз кандидаттар болса, қалған 22-сі бұрынғы «Аманат» партиясының мүшелері еді.
Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанда 1995 жылға дейін Жоғарғы Кеңес жұмыс істеп тұрды. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің мемлекет басшысының жарлығы мен заңдарға өзгеріс енгізе алатындай құзыреті жоғары болды. Алайда 1996 жылы Жоғарғы Кеңес өз қызметін тоқтатып, орнына қос палаталы Парламент орнады да, бір мандатты жүйе күшіне енді.
Бірақ 2007 жылғы Парламент сайлауы алдында Конституцияға тағы да өзгеріс енгізілді. Дәл қазіргі жағдай секілді, ол кезде де бір мандатты жүйе жойылып, депутаттар тек партиялық тізіммен сайланатын болды. Сол жылы «Нұр Отан» партиясы сайлауда 88 пайыздан астам дауыс жинап, Парламентке тек бір ғана ұйымның өкілдері өтті. Басқа партиялар 7 пайыздық шекті бағындыра алмай, құр алақан қалған еді.
Депутаттарды тек партиялық тізіммен сайлайтын сол жүйе 2022 жылға дейін күшінде болды. Қаңтар оқиғасынан кейін билік бір мандатты округтен тәуелсіз депутаттардың өтуіне мүмкіндік беретін аралас үлгіні қайта енгізді. Бірақ бұл жүйенің ғұмыры ұзақ болмады, Парламент тарихындағы ескі сценарий тағы да қайталанды. Яғни, Президент ұсынысымен билік 100 пайыздық партиялық тізіммен сайлау моделіне қайта оралды.
Осылайша, Назарбаев Конституциясынан Тоқаев Конституциясына дейін 30 жыл өмір сүрген Парламент тарих сахнасынан кетіп, оның орнын 145 депутаттан жасақталатын жаңа Құрылтай баспақ.
Неліктен Қаңтар оқиғасынан кейін үлкен үмітпен енгізілген бір мандатты жүйе небәрі 3 жылдан кейін қайта жойылды? Бұл туралы саясаткер Дос Көшімнен сұрап көрдік.
Саясаткердің пікірінше, билік үшін партиялық тізім арқылы келген өкілдерді бақылауда ұстау әлдеқайда оңай. Бір мандатты округтен өткен тәуелсіз кандидаттардың күтпеген мәселе көтеріп, бақылаудан шығып кету қаупі бар.
«Партиялық тізім арқылы енгендерді бақылау өте оңай. Билікке оларды қолдарынан ұстап, шығармай отыруға әбден болады. Бір мандатты округтен кейбіреулерінің өтіп кетуі, кейбір мәселені басқаша көтеріп тастауы мүмкін. Ең қарапайым шындық осында», – дейді Дос Көшім.
Сарапшы бұрынғы Сенаттың таратылып, орнына бір палаталы Құрылтайдың келуіне қатысты да пікірін білдірді. 1995 жылы Сенат Мәжіліс пен Президент арасындағы «сүзгі» ретінде құрылған болатын. Егер Мәжіліс Президентке ұнамайтын заң қабылдаса, Сенат оны қайтарып, Президенттің беделін сақтап қалатын. Алайда кейіннен барлық билік толықтай мемлекет басшысының қолына шоғырланғандықтан, бұл институт өзінің алғашқы атқаратын қызметін жоғалтты дейді. Сонымен қатар, сарапшы Тоқаевтың 2023 жылғы бір мандатты жүйені мақтап айтқан сөздерін еске салып, арада 3 жыл өтпей жатып бұл шешімнен бас тарту саяси тұрақсыздықты көрсететінін атап өтті.
2007 жылғы «бірпартиялық» сценарий қайталануы мүмкін бе?
2007 жылы партиялық тізімге көшкенде Парламентке тек «Нұр Отан» өтіп, бірпартиялық жүйе орныққанымен, Дос Көшім бұл сценарийдің қайталануы мүмкін емес деп есептейді. Оның пікірінше, билік халықаралық қоғамдастық алдында «көппартиялық жүйені» көрсетуге мүдделі.
«2007 жылы да жоғарыдағылар екі-үш партияны өткізгісі келген. Бірақ жергілікті жерлердегі орындаушылар асыра сілтеп, Нұр Отанға 99% дауыс беру керек» деп жұмыс істеді. Нәтижесінде жоғарыдағылардың өздері таң-тамаша болды. Ал 2012 жылы қолдан Коммунистік партия мен «Ақ жолды» өткізді. Қазір ондай қателікті жібермейді. Билік бұл жолы декорация түрінде көппартиялық жүйені көрсету үшін бірнеше партияны өткізеді», – дейді сарапшы.
Жеті партия арасында шынайы бәсеке бар ма?
Бүгінгі таңда сайлауға қатысып жатқан 7 партияның арасында шынайы саяси тартыс бар деп айтуға бола ма? Дос Көшім бұл сұраққа кесіп «жоқ» деп жауап береді.
Саясаткер бұл ұйымдардың барлығы – биліктің рұқсатымен ғана құрылған және тіркелген жобалар дейді. Олар әлеуметтік немесе тұрмыстық мәселелерді көтергенімен, елдегі ең басты – саяси жүйені өзгерту, түбегейлі саяси реформалар жасау тақырыбын ешқашан қозғамайды.
«Жаңа бағыт ұстанған, «біз басқа жолмен жүреміз» дейтін жаңа саяси күш қазір Қазақстанда жоқ. Бұның барлығы да белгілі бір сценарий бойынша болып жатқан ойынның түрі ғана», – деп атап өтті сарапшы.
«Құрылтай» атауы және депутаттар саны: Не өзгерді?
Мәжіліс пен Сенаттағы депутаттардың жалпы санын қосқанда 148 адам болатын. Жаңа Құрылтайда 145 мандат қарастырылған. Яғни, сан жағынан айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Бірақ сарапшы «Құрылтай» атауын тарихи және тілдік тұрғыдан қолдануды үлкен қателікке балайды.
«Қазақ тарихындағы Құрылтайдың мағынасы мен Парламенттің қызметін салыстыруға болмайды. Күнде таңертең жұмысқа келіп, жалақы алып отырған органға «Құрылтай» деп айту – тарихи ұғымды бұрмалау. Құрылтай 5 немесе 10 жылда бір рет, ел басына күн туғанда, ең маңызды мәселелерді шешу үшін шақырылатын халық өкілдерінің жиыны еді. Ал қазіргі Парламентті бұлай атау – сөз қадірін кетіру және Президентіміздің қазақ тілін онша біле қоймайтынының көрінісі», – дейді Дос Көшім.
Сайлаушылар белсенділігі мен қоғамның сенімсіздігі
Тікелей кандидатты емес, тек партиялық тізімді таңдау сайлаушылардың белсенділігін төмендететіні сөзсіз. Алайда сарапшы бұл жерде басқа да терең себеп бар екенін айтады: ол – сайлау жүйесіне деген жалпы сенімсіздік.
Мысалы, Алматы сияқты ең саяси белсенді, көзі ашық қалада сайлауға қатысу көрсеткіші әрқашан төмен (20-30% төңірегінде). Халық сайлаудың шынайы өзгеріс әкелмейтінін білгендіктен, процестен шеттей береді.
«Белсенділік төмендейді, бірақ ол тек партиялық тізімге көшкендіктен емес. Бұл – сайлаудың әділдігіне деген сенімсіздіктің көрінісі. Адамдар сайлаудан кейін ешқандай саяси реформа, бағаны арзандату немесе тіл мәселесін шешу сияқты оң өзгерістердің болмайтынын көріп отыр», – дейді ол.
«Әділет» партиясы және партиялардың заң шығару беделі
Сайлауға алғаш рет қатысып жатқан «Әділет» партиясының мүмкіндіктеріне тоқтала келе, Дос Көшім бұл партияға халықтың дауыс беруі неғайбыл екенін жеткізді. Себебі кез келген жаңа саяси ұйымға қоғам «Осыған дейін не істедіңдер? Қандай заң ұсындыңдар?» деген сауал қояды.
Тіпті бұған дейін Парламентте болған партиялардың өзі (Аманат, Ақжол, Ауыл) өз бетінше дербес заң жобасын дайындап, өткізбегенін алға тартады. Қазақстанда заң бастамаларының басым көпшілігі атқарушы билік тарапынан ұсынылады.
«Әділет партиясы өтуі мүмкін, бірақ оны халық сайлағандықтан емес, билік өткізгендіктен өтеді. Себебі бұл партияның халыққа ұсынатын, бұрын атқарған істерінің саяси биографиясы жоқ. Негізінен Парламентке барған партиялар өздері дайындаған заңдарымен мақтануы керек еді, бірақ бізде ондай дәстүр қалыптаспаған», – дейді Дос Көшім.
Сайлаудан не күтеміз?
23 тамызда өтетін сайлау саяси жүйеге жаңа серпін бере ала ма?
Дос Көшім бұл сайлаудан ешқандай түбегейлі өзгеріс күтпейтінін ашық айтты. Өйткені елдегі саяси жүйе, сайлауды ұйымдастырушылар мен дауыс санайтын комиссия құрамы бұрынғыша қалып отыр.
«Мен бұл сайлаудан ештеңе күтпеймін. Бұл – баяғы тоталитарлық жүйенің жалғасы. Халық билікке араласпайды, ал биліктегілер өз білгенін істейді. Мен сайлауға дауыс беруші ретінде қатыспаймын, себебі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін тек әділ сайлау болғанда ғана дауыс беремін деп шешкенмін. Бірақ азаматтық бақылаушыларды дайындау жұмысын әрі қарай жалғастырамын. Бақылаушы болу арқылы жастардың азаматтық көзқарасы қалыптасады. Саяси жүйені өзгертуге бағытталған күрес осылай жалғаса береді», – деп түйіндеді сөзін Дос Көшім.
1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция мен 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы елдің саяси картасын сырттай өзгерткенімен, сарапшылар жүйенің мазмұны бұрынғыша қала беретінін айтады. Толықтай партиялық тізімге көшу – саяси алаңды қатаң бақылауда ұстаудың ескі тәсілі. Ал халық пен сарапшылар қауымы үшін жаңа атаулар мен жаңарған лозунгтар емес, шынайы саяси бәсеке мен әділ сайлау басты мәселе болып қала бермек.
Әмина Кемелбай
Парақшамызға жазылыңыз
