Бүгін, 4 қыркүйек. «5 – қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні». Осы мерекелі датаға орай Алматы қаласындағы А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тілім барда – тірімін!» атты әдеби кеш өтті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысқан, ана тілдің қадір-қасиетін дәріптеген тағылымды басқосу ұлт руханиятына, тіл тағдырына және жас ұрпақтың ұлттық болмысына арналды.
Тіл – халықтың жадында сақталған тарих, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманат, ұлттың рухани өзегін біріктіретін құндылық. Адам баласының ішкі дүниесін, танымын, дүниеге деген көзқарасын танытатын да – тіл. Осы орайда ұйымдастырылған әдеби кеште сөз алған зиялы қауым өкілдері ана тілдің қоғамдағы орны мен бүгінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Алғаш болып сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақытбек Бәмішұлы мемлекеттік тілдің ел өміріндегі айрықша маңызына тоқталды.
– Ата Заңымызда қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Бұл – мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі тіл екенін аңғартады. Тілді танып, оның қадірін ұғыну, оны дамыту – әрбір азаматтың парызы. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы – тіл. Тіл білген адам – бай адам. Бірнеше тілді меңгеру – үлкен артықшылық. Алайда соның бәрінен бұрын әр адам өз ана тілін терең білуі қажет, – деді қаламгер.
Кеште ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, әдебиет сыншысы Болат Шарахымбай қазақ тілінің ұлт келешегімен сабақтас екенін айрықша атап өтті.
– Қазақ тілі – қазақтың болашағы. Демек, ол – қазақ жастарының да ертеңі. Біз ұлы тарих жасаған халықтың ұрпағымыз. Сондықтан өзіміздің кім екенімізді сезініп, еңсемізді түсірмей жүруіміз керек. Әлемге адамгершілікті, салт-дәстүрді, рухани құндылықтарды таныта алатын халықтың бірі – қазақ. Сол болмысымызды сақтаудың бір жолы – ана тілімізді ардақтау, – деді әдебиет сыншысы.
Кештің мазмұнын тереңдете түскен тағы бір маңызды ой Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Тіл мәдениеті» бөлімінің қызметкері Әсем Қожахметтің сөзінен көрінді.
– Қазақ тілі болмаса, бізді не біріктіреді? Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, құндылықтарымыз бар. Бірақ сол асыл мұраны келер ұрпаққа не арқылы жеткіземіз? Тіл болмаса, рухани сабақтастықтың да жүгі ауырлай түседі. Шетелге оқуға немесе сапарға шыққанда туған жерімізді, ұлттық тағамымызды, отбасымызды сағынамыз. Бірақ қайда жүрсек те, жанымызбен бірге жүретін бір құндылық бар. Ол – тіл. Тіл – біздің асыл қазынамыз, – деді ол.
Сондай-ақ тіл тағдырына сырт көзбен қарап, оның болашағы туралы тек сөз қозғаумен шектелмеу керектігін алға тартқан маман жастарды нақты әрекетке шақырды.
– Тілдің болашағы туралы айтатын ғана емес, сол болашақты жасайтын азамат болуымыз керек. Қазақ тілін білу – өз болмысыңды сақтау. «Қазақ тілі маған болашақта не береді?» деген сауалдан бұрын «Мен қазақ тіліне не бере аламын?» деген сұрақты өзімізге қоюымыз қажет, – деді Әсем Қожахмет.
Әдеби кеш аясында «Тіл – елдің мәдениет айнасы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ана тілі, ұлттық руханият және сөз мәдениетіне қатысты 35 кітап қойылды. Олардың қатарында ғалым Рабиға Сыздықтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Тіл ғұмыр» кітабы, Мұзафар Әлімбаев пен Ғабит Мүсіреповтің тіл туралы тағылымды дәйексөздері, Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалары және өзге де құнды басылымдар бар. Ұлттың рухани болмысын танытатын еңбектерден құралған көрме тілдің мәдениет пен тарихи жадтағы айрықша орнын айшықтай түсті.
Тіл туралы терең ойлар айтылып, жырлар оқылды. Ұлттың рухани мұрасы, ана тілдің өміршеңдігі, жас буынның ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы төңірегінде келелі пікірлер өрбіді. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың өткенін бүгінмен жалғайтын алтын көпір. Тілде ұлттың мінезі, дүниетанымы, ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен рухани әлемі сақталған.
«Тілім барда – тірімін!» атты әдеби кештің түпкі өзегі де осы бір ақиқатқа келіп тоғысты. Ана тілін ардақтау – өткенге құрмет қана емес, келешек алдындағы жауапкершілік. Өйткені тілдің ғұмыры – оны күнделікті өмірінде қолданатын, қадірлейтін және келер буынға аманаттайтын халықтың қолында.
Тіліміз барда – ұлттың үні бар. Ұлттың үні барда – оның рухы мәңгі жасайды.
А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана
қызметкері Фатиха Акылбекқызы.
Парақшамызға жазылыңыз
