////

Бақытбек Бәмішұлы. Ұлы көшпен кім келді?

74 рет қаралды

Атамыз Шудабайұлы Кәрім 1900 жылы Алтайдың Шіңгіл деген жерінде дүниеге келіпті. Жастайыннан қара шаруаға мығым, өте қарулы, ұзын бойлы, сүйекті, балуан денелі кісі еді. Көп сөйлемейтін, бірақ көп білетін, ашылып кеңескенде зердесіне таңғалатынбыз.

Біздің ауыл 1991 жылдың мамыр айында Моңғолиядан Қазақстанға көшетін болып, кеңесіп, шешім шығарғанда ауылдың үлкендері ақсақалдың алдына барады. Көңілдерінде «Жасы тоқсаннан асқан қарт не дер екен?» деген күдік те бар. Ақсақал кідірместен:

– Көштерің көлікті болсын. Мұнда мәңгілік мекендеп қалғандарды қимай отырсыңдар ма? Оларың жөн емес. Жұмыр жер – біреу. Аруақ қайдан болса табады, – деген екен.

Сол көштің алды Алматы облысының Талдықорған ауданына 1991 жылдың маусым айының 17 күні келеді. Кәрім ақсақал бастаған бірнеше үй қазіргі Қайнарлы ауылына келіп қоныстанады.

1992 жылы 6-айдың 27 күні ауылдан «Үлкен атаң халі онша емес» деген хабар алдым. Мен Алматыда болатынмын.

Біз кіріп барғанда екі бөлмелі үйдің төргі бөлмесінде төрдегі төсекте, ақ көйлек, дамбалшаң, жастықпен қоса қолын жастанып,  бүк түсіп жатыр екен. Үйде атаны қырық жыл баққан келіні Қаманай жүр. Дабырлап кісі келгенін білді білем, ата сәл қозғалып қойды. Амандастық. Сол жатқан бойда жайғана аман алды. Мен дауыстап, қаттырақ айттым:

– Үлкен ата, мына кісі Сауат қажы, Зуқа батырдың баласы келіп тұр. Қартым басын жастықтан жұлып алды. Біз екі жағынан демеп, төсек үстінде тік отыруына көмектестік.

«Зуқа қажы дейсің бе? деп әлде өзіне, әлде бізге қойған сұрағы екені белгісіз, солай айтты да сөйлей жөнелді. Мен әуелде әлденені әңгімелеп кеткен екен десем, бір жырды зуылдатып жырлап жатыр екен. Дереу қалам, қағаз алып үлгіргенше талай жолдар айтылып кетті.

Зуқа қажы молдасы:

Тілеулес жолдас етем деп,

Қадір білген асылды,

Ойламаған бөтен деп.

Жігіттің бағы жар болса,

Ойлағанға жетер деп,

Анық асыл етер деп.

Көпті көрген көне еді,

Сыйласқанмен сыйласып,

Ұстасқанмен ұстасып,

Орнын тауып жүргенде,

Қандай жанмен тең еді, – деген жолдарды хат түсіріп үлгірдім. Қартты «қайталап айтып беріңіз» деп қысамадық. Ата сол жылы өмірден озды.

Осы бір қимас естелік Кәрім атаның баласы Қапардың жазған «Жиһангер» атты шежірелік еңбегіне редакторлық жасағанымда есіме кірмепті. Жуықта ескі жазбаларды ақтарып отырсам: Белгілеу. 1992 жыл. Б№3 деген оқушы дәптеріме осы нұсқада жазып қойған екенмін. Содан (22.09.2026)  көшірдім.

           Бақытбек Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар