3 миллион боздаққа қашан тарихи әділеттілік жасалады?

636 рет қаралды
2

5-bet-bozdaktarЕлімізде 1997 жылдан бері аталып келе жатқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Парламент депутаттары, Астана қалалық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының өкілдері, саяси партия басшылары, тарихшылар мен жастар ұйымдарының белсенділері бас қосты. «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: тарих пен тағдыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушы депутаттар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен аштық құрбандарының аражігін ажыратып, Аштық күнін Ұлттық аза тұту күні ретінде атап өтіп, жасанды аштықтан қырылған 3 миллион боздаққа тарихи ескерткіш орнату қажеттігін ұсынып отыр.

– Қазақ қазақ болғалы бері XX ғасырдың бірінші жартысындағыдай мұндай азап, қиянатты өз тарихында көрмеген еді. XX ғасырдың басында қазақ халқы көрген зұлымдық баяғы «Ақтабан шұбырындыдан» жүз есе артық болған қасірет деп баға беруге болады, – деп, бастады өз сөзін Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов: «Өйткені репрессияға ұшыраған азаматтар біздің халқымыздың бір үлкен бөлігі еді. Біз бүгін олардың тек белгілі өкілдерін ғана білеміз, ал белгісізі қаншама?! Ол заманда «халық жауы» шықпаған бірде-бір ауыл қалмады. Сондықтан тарихшылар талай жұмыс атқаруы керек» – дейді.
Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл: «Аштық туралы айғайлап айтатын кез жетті. Мен кезінде Үкіметке ұсыныс жасап, аштық құрбандарын бүкіл мемлекет болып еске алайық, Қазақстанның барлық мешіттерінде сол байғұстарға Құран бағышталсын, ас берейік дегенбіз. Бірақ бұл ұсыныс аяқсыз қалды» деп, өкінішін білдіре отырып: «Украинада аштықтың аталып өтуі, сол үшін Ресейді кінәлауы үлкен саяси реңк алып кетті де, Қазақстандағы зиялы қоғам соған алаңдап, бұл мәселені әлі күнге дейін кейінге қалдырып келеді. Біз осылай жүргенімізде, Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Кеңес одағының саясатын әшкерелеп, бұл нәубеттің Ресейге де, Украинаға да, т.б. елдерге қиын соққанын, соның ішінде, әсіресе, Қазақстанға ерекше салмақ салғанын мойындады. Бұл Кеңес режимінің өз халқына қарсы қолданған саяси қылмысы деп көрсетер едім» деп мәлімдеді. Халық қалаулысы бұл аштықтың жасанды болғанын, Қазақстанда аштықты ұйымдастыру үшін егілген егін мен қонған малдан 17 есе артық салық салынғанын баса айтты. Бұл аздай, 1928-1938 жылдар аралығында халықтан 6 млн 509 мың ірі қара, 18 млн 566 мың қой, 3 млн 506 мың жылқы тартып алынған. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл: «1917 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 5 миллионға жуық қазақ тұрған. Ал Қытай, Ресейде тұрған қазақтарды қосқанда, халық саны 6 миллионнан асқан. Ахмет Байтұрсыновтың: «Иншалла, 6 миллионбыз!» дегені, сол шетелдегі қазақтарды қосып айтқаны еді. Алаш қайраткерлерінің деректері мен кейін табылған мәліметтердің бәрін қосатын болсақ, аштықта қырылған халық саны 2 млн 827 мың адам болады. Ал осы үш миллионға жуық адам сол кездегі 5 миллион қазақтың тең жартысы еді?! Оларды «аштықта қырылды» деп айту оп-оңай. Бірақ біз оның азабы мен бейнетін білмейміз. Бірақ аштық халықтың бүкіл моральдық психологиясын күйретіп кетті» – деп, ойын түйіндейді.
Алдан Смайыл Ашаршылықты еске алатын Ұлттық күнді белгілеу қажеттігін айта келе: «Аштық құрбандарына Алматыда, не Астанада ескерткіш қою керек. Ол бір адамға соғылатын ескерткіш емес, бұл 3 миллион боздаққа салынатын ескерткіш» – деп, ұсынысын білдіреді. «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов: «Бұл күннің мазмұнын тереңдетіп, атауын өзгертуіміз керек. Жалпы, бұл күнді Тоталитаризм құрбандарын еске алу күні деп атап, демалыс күні ретінде белгілеп, ата-бабалар жатқан зиратқа барып, тағзым етуіміз тиіс. Қазір біз қуғын-сүргіннің 30-шы жылдардағы кезеңін көп айтамыз, ал шын мәнінде қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс бес-алты кезеңнен тұрған» – дейді. Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Мичислав Лапановский: «Поляктың бірнеше ұрпағы Қазақстанға қудаланып әкелінген еді. Олар мұнда өз іздерін қалдырды. Біздің елімізде сақталған естелік құжаттарда поляктардың қазақ халқына деген үлкен құрметі баяндалады. Сіздер біз үшін қонақжай, ақкөңіл, намысшыл ұлт ретінде тарих парағымызда қалдыңыздар» – дей келе, зұлмат жылдары поляктарды жатсынбаған қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Кеңес одағында 1924-1954 жылдар аралығында 3 млн 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 649 мыңы атылған. Қазақстанда 100 мыңға жуық адам саяси қуғынға ұшырап, 25 мыңы өлім жазасына кесілген. Ұлттың саяси, рухани элитасы сол жылдары ойсырап қалды.
Кәмшат ТАСБОЛАТ , “Айқын” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі