///

Дәнештің дара мектебі 

54 рет қаралды

Фото: Н. Жанпейісовтың архивінен

Дәстүрлі ән мектебінде ұстазы шәкіртінің орындаушылық шеберлігін шыңдау үшін түрлі концерттерге шығаратын тәсіл бар. Осындай тәсілді жиі қолданған ұстаздың бірі –   дүлдүл әнші, қайталанбас композитор Дәнеш Рақышев еді. Ол шәкірті Нұржан Жанпейісовті кезекті концертке апарып, ансамбльдің сахнадан шығып кетуі үшін жабылған шымылдықтың бер жағында ән айтқызып, өзі шымылдықтың ар жағында тұрып тыңдаған екен. Осы бір сәт Нұржан әншінің жүрегіндегі ең жылы естеліктің бірі ретінде сақталған.

Биыл  әнші-композитор, Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышевтың туғанына 100 жыл. Осы орайда біз ол кісінің шәкірті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісовпен әңгімелестік. 

Нұржан Жанпейісов

   САҒЫНСАҢ ЕГЕР ДӘНЕШТІ, НҰРЖАННАН БАРЫП ӘН ЕСТІ

– Сізді әнсүйер қауым Дәнеш Рақышевтің шәкірті, ізбасары деп таниды. Ел ішінде  «Сағынсаң егер Дәнешті, Нұржаннан барып ән есті» деген сөздің тарауы тегін емес. Сіз ол кісіні ең алғаш қай жерде көрдіңіз, қалай шәкірт болдыңыз? 

1985 жылдың жазында біздің ауылға Дәнеш аға «Арай» ансамблімен концерт беруге келді. Сол кезде ол кісіні алғаш көрдім, ән айтқанда ағаның жағы, көмейі, тамағы бәрі құстың аузындай үндесе, үйлесе бүлкілдеп кетеді екен. Ол кісіге деген халықтың қошеметі де ерекше, қолқалап отырып бірталай ән айтқызды. Осы кештен әнге ерекше елітіп, сұмдық әсерленіп шықтым. Одан кейін, қайда жүрсем де, не істесем де ыңылдап ән айтып жүретін болдым. Әкем Қабимолда бұл талабымды құптап, өзі білетін әндерді үйретті. 

Мектеп қабырғасында әртүрлі мерекелік іс-шараларда ән сала бастадым. Әнші бала атанып, ауыл, аудан сахналарына жиі шығатын болдым.  1990 жылы мектеп бітірген жылы сол кездегі мектеп директоры Ғалымжан Ырысбаев: «Нұржан, әкеңнің өнерін жақсы білемін, саған оқу керек, қаласаң Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне аудандық білім бөлімінен жолдама алып берейін, барасың ба?» – деді. Бірден келістім. Әндерімді тыңдаған институт оқытушылары, оның ішінде Алтын Бүркеева «Дәнеш Рақышев былтырдан бері осында әншілік сыныбын ашып, шәкірт дайындап жүр. Алдымен сол кісіге жолығып, дауысыңды тыңдатып көрші…» – деп жөн сілтеді. Дәнеш аға әндерімді тыңдап, жоғары оқу орнына түсуіме ықпал етті. 

Алғашында ол кісінің сыныбына 10-15 бала жазылдық. Ол кісіден ең алғаш үйренген шығармам Оразақын Асқардың сөзіне жазылған «Баркөрнеу» әні болды. Ағаның сабағы өте тартымды еді, кірген адам шыға алмай қалатын, студенттер ғана емес, оқытушылар да қатысып жүретін. Студенттердің әрқайсысына әр әнді жеке үйретеді. Кейбіреуі тез үйренеді, енді бірі қиналады.

Біздің қабілет-қарымымызды біліп тұрғасын, шамамызға қарай біртіндеп үйрететін. Алдымен сөзін жаздырады, сосын ол әнді өзі айтып береді. «Қалай, ұнай ма?», – деп сұрайды да, әнді айтуға ниет танытқандарға үйрете бастайды.  Әуеннің де өзіне тән буындары бар ғой, соған сай бөліп-бөліп үйрететін. Ағаның сабағынан үйренген әндерімізді жатақханаға келгенде жарыса айтатынбыз.

Әрине, өмір болғасын түрлі жағдайлар кездеседі. Алғаш ағаның алдына барған шәкірттерден іріктеліп-іріктеліп аз ғана бала қалдық. Дәнеш ағадан Жанар Әбуова есімді қыз да сабақ алды. Дауысы өте ерекше еді, қазір Жаркентте тұрады. Біздің арамызда әнді тез қағып алатын да Жанар болды. Аға Қытайға ресми сапармен барған кезде сол алғыр шәкіртін алып барды. Мен бірден ағаның қасына ере алмадым, ондайда ол кісі «Асықпа, әбден үйрен», – дейтін.

Бір жылдан кейін Талдықорған қаласының Мәдениет сарайындағы  концертке өзімен бірге алып шықты. 17-18 жастағы кезім, ансамбль сахнадан шығып кетуі үшін шымылдық жабылғанда, маған шымылдықтың алдында тұрып ән айту тапсырылды.  Әнді айтып шыққаннан кейін «Ой, айналайын, жақсы, жақсы, бәрі жақсы, дұрыс, дұрыс. Мына бір жерін дұрыстап жіберсең тамаша болайын деп тұр, келесіде былай айт, жарай ма?» – деді де арқамнан қақты.

Әнімді шымылдықтың ар жағында тұрып тыңдағанын сол кезде ғана білдім. Қызыл шымылдықтың фонында түскен сурет әлі де бар. Кейін әлгі әнді толық үйреніп айтып бердім. «Ой, айналайын! Енді сенен артық айтатын ешкім жоқ», – дегені есімде. Жастықпен сол сөздің бізді қаншалықты қанаттандырғанын білмеппіз. Енді ойлап отырсақ, ұстаздың бұл сөзі талай шәкіртті алға жетелеген қастерлі сөз екен… 

Дәнеш Рақышев шәкірті Жақсылық Мырқаевпен

– Ол кісінің сізден басқа шәкірттері бар шығар, олар қазір қайда?

– Дәнеш аға Жүсекең (Жүсіпбек Елебеков), Ғарекеңдер (Ғарифолла Құрманғалиев)  сияқты көп шәкірт дайындаған жоқ. Ол кісінің әндерін бірлі-жарым шәкірті ғана айтатын, көп әнші айта алған  жоқ. Алғашқы шәкірті – Зарықбек Рақыжанұлы. Ағадан көп жыл сабақ алған, өмірінің соңына дейін қасында жүрген ең жақын шәкірті – Мырзахмет Мұқаманов еді.

Одан кейін Қарадалада туып-өскен Жақсылық Мырқаев деген шәкірті болды, ол кісі де жас қайтты. Дәкеңнің алдын көріп, дәрісін тыңдап, өнерін үйреніп, тәлімін алған ендігі бір шәкірті Абылайхан Қармысов деген ағамыз. Қазір ол кісі Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияда қызмет етеді.  Одан кейін Серікбол Шыныбаев деген шәкірті бар. Секеңді Дәнеш аға сонау Алакөл жақтағы Көлбай ауылынан жетектеп алып келіп тәрбиелеген.

Мырзахмет ағаны Жаркентте трактор айдап жүрген жерінен көріп, өнерін бағалап, Үшаралдағы халық театрына мүшелікке алады. Сосын «Алматыға барып оқыңдар, білім керек», – деп Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжіне жіберіп, Мырзахмет аға оны бітірген соң, Талдықорғандағы филармонияға жұмысқа тұрып, Дәнеш ағаның қасында жүрді. Өкінішке қарай, ол кісі биыл наурыз айында қайтыс болды. Зарықбек, Жақсылық, Мырзахмет ағаларымыздың айтқан әндері жазылған, Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. 

Дәнеш аға өзінің атақ-абыройын бұлдап, газет-журналдар мен радио-телеарналарға барып өзін насихаттамапты. Бірақ шәкірттеріне деген көңілі алабөтен болғаны сондай, Талдықорғандағы қалалық газетке кейінгі шәкірттері туралы бір мақала бергізіп, Жетісу телеарнасына бір хабар жасатты. Сонда «Біз алпыстан астық, тоқырайтын да, тоқтайтын да уағымызға аз қалдық. Бойымдағы барымды өзіммен бірге әкеткенше, артымдағы ұл-қыздарыма үйретіп, соларды тәрбиелеп, халықтың өзінің бергенін өзіне қайта тапсырсам деген ойдамын», – деген еді.  

–  Шәкірті де көп болмады деп айтып қалдыңыз, жалпы ол кісінің әндері бізге қалай жеткен? Радиода алтын қорда таспалар бар шығар? 

– Қазақ радиосында Рамазан Стамғазы аға жұмыс істеп жүрген кез еді. Ол жылдары мен Алматыға ауысып келіп, Консерваторияда сабақ беріп жүргем. «Нұржан, келші», – деді Рамазан аға. Бардым, ол кезде корпорацияны Ғалым Доскен аға, радионы Нұрлан Өнербаев аға басқарады. Радионың қорында жатқан үнтаспалардың барлығын шығартып, қайта тыңдап жатыр екен. Сол қатпар-қатпар сақталған таспалардың арасында Дәнеш ағамыздың өзі жазған, бұрын танылмаған әндері, орындаған халық әндері, халық композиторларының әндері бар екен.

Олар сақталғанымен, жарыққа шығып, жүйелі түрде насихатталмапты, бұрын танылған бес-алты әні ғана айналдыра беріліп, қалғаны жабулы қазанның ішінде қала беріпті. Әйтпесе, ол кісі жүзге жуық ән, оның кейбірінің сөзін де өзі жазған. Сол жертөледегі үнтаспаларда осы жақтың қазақтары айтпаған небір халық әндері, Әсеттiң көп әні жатып қалыпты.

Дәл сол жылы Дәнеш ағамыздың 80 жылдығы еді. Нұрлан Өнербаев ағамызға кіріп, «Мен бір демеуші табайын, осы табылған әндерін диск етіп шығарайық», – дедік. Ол кісілер бірден келісті, сөйтіп, тасада қалған әндерді екі диск етіп шығарып, тараттық. Содан кейін бұрын танылмаған бірнеше әні халық арасына таралды.

2010 жылы ол кісінің жазбалары бар ма екен деп Мемлекеттік архивке бардым. Аға 1960 жылдардан бастап Жаркентте, Үшаралда тұрса да Алматыға келген сайын әндерді жаздыра берген екен. Архив қорынан 4,5 сағаттық аудиожазба, 1,5 сағаттық бейнежазба таптық. Қатталып тек архивте жатпасын деген ниетпен, тағы да демеушілер тауып, ол жазбалардың көшірмесін жасатып алдым. Facebook әлеуметтік желісінде 2016 жылы «Бұлбұл Дәнештің ән әлемі» атты топ ашып қойған едім. Қазір сол архивтен алған жазбаларды кертіп-кертіп ара-тұра сол топқа жариялап, көпшілікке жеткізіп жүрмін. Инстаграмм желісіне де жариялап тұрамын. 

Дәнеш аға қайтыс болғаннан кейін ол кісінің үйінде үш жыл тұрдым. Сонда ағаның үйіндегі Рахиләм тәтем көп кассета берді. Аға, жаңа ән шығарған сайын, бір әнді үйренген сайын оларды кассетаға жаза беріпті. Сыртына қашан, қалай жазылғанын белгілеп қойыпты. Ол кассеталарды тыңдап жүріп те көп нәрсе үйрендім.  

Бір қызығы ол кісінің әндері көзі тірісінде 1984 жылы алғаш рет нотаға түсіріліп, «Мақтанышым – елім» деген атпен брошюра болып шыққаннан соң, мүлде нотаға түспепті. Ол жинаққа 22 әні ғана енген. Одан кейін ол кісінің әндерін құнттап, жинап, нотаға түсірейік деген адам болмапты. Ол кісі музыкалық білімі болмағасын, өзі танитын бірді-екілі адамға әндерін нотаға түсірерсіңдер деп, өзі жазған өмірбаянымен қосып жіберген ғой, өкінішке қарай ешкім қолға алмапты.

Ал мен көп жыл ағаның біраз әнін жинадым, қолымда қор бар. 2000 жылдары Алматыға келген соң күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазымен танысып, Дәнеш ағаның әндерін нотаға түсірейік деп уағдаластық. Оған дейін мен іштей Дәнеш ағаның әндерін нотаға түсіріп, жинақ етіп шығарсам деп іштей армандап жүргем. Мұратпен таныстығым мақсатыма жол ашып, 2017 жылы араға 33 жыл салып «Саясында алманың» деп аталатын әндер жинағын шығардық. Оған Дәнеш ағаның өз әндерін, орындаған халық әндері мен халық композиторларының әндерін топтастырдық.   

– Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ бересіз. Ол кісінің әндері, орындаушылық мектебі студенттерге үйретіле ме? 

–  2000 жылы Алматыға қоныс аударып Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның Халық әні кафедрасында білім алдым. Оны 2005 жылы аяқтап, сол жылдан бастап Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Дәнеш Рақышевтың әншілік мектебін оқытып келе жатырмын.

2024  жылы «Ән салайын…» атты хрестоматияны жарыққа шығардық. Оған ұзақ жылдар бойы жиналған Дәнеш Рақышевтің өзінің әндері, орындаған халық және халық композиторларының әндері топтастырылды. Онда әндер QR кодпен менің орындауымда берілсе, нотаға түсірген Мұрат Әбуғазы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми кеңесінің хаттамасының негізінде бекітілген хрестоматия орта және жоғары музыкалық оқу орындарында оқытылып жүр. Оқулыққа Дәнеш ағаның орындауында жеткен ұзын-саны 115 ән енген. Хрестоматия оқыту үрдісіне толық енді.

Ал енді мұның сыртында Дәнеш аға айтқан сал-серілердің әндері бар. Кейінгі Нұрғиса Тілендиев, Қасым Аманжолов, Әбілахат Еспаев, Бәкір Тәжібаев, Илья Жақанов сынды композиторлардың әндерін де ол кісі өзіндік мәнерімен орындаған. Енді Құдай қаласа, ол әндерді де жинастырып жарыққа шығарсақ деген ой бар.

– Орындаушы ретінде ол кісінің басты ерекшелігі қандай еді?..

– Әншілік өнерді әр өңірдің ерекшелігіне сай Батыс, Арқа, Алтай-Тарбағатай, Жетісу, Сыр әндері деп мектепке бөлетініміз белгілі. Әр өңірдің табиғатына сай өз ерекшелігі бар. Ол енді түсінген адамға, түйсігі бар адамға айқын сезіліп тұрады.  Әр мектептің өзінің көрнекті өкілі бар. Дәнеш аға Жетісу ән мектебінің өкілі. Жетісу мектебінде Кененнің мектебі бөлек, Дәнеш ағаның мектебі бөлек.

Мысалы мен Кенекеңнің бір әнін айтсам, Дәнеш мектебінің орындаушылық ерекшелігіне салып айтамын. Ақан сері, Біржан салдың әндерін айтсам да мені тыңдағандар «Әй, мына жігіт Дәнеш сияқты айтады екен», – деуі қалыпты. Ол тек дауыстан ғана емес домбыра қағыстан да білінеді. Дауыстың тембрі, ауқымы, орындау шеберлігі, әндердің иірім-қайырымдары да ерекшеленеді. Тақырыптық жағынан да ажыратуға болады, мәселен Дәнеш ағамыздың әндерінің көбі махаббат лирикасы, көңіл-күйдің лирикасы. 

МАҚПАЛ ДАУЫС, МАСАТ ҮНДІ ДӘНЕШ

Дәнеш ағамыз 1960 жылдары Қордайға гастрольдік сапармен барғанда Кенекеңе амандасып, концертіне шақырыпты. Дәнеш ағаның әнін тыңдаған Кенен атамыз «Дәнешті тыңдадым, оның дауысы мақпал дауыс, масат үнді екен», – деп айтыпты. Шынында Дәкеңнің таспаларын тыңдасаңыз қанша жоғары дауысты алса да дауысы өте жұмсақ, құлаққа жағымды. Әнші біткен ол кісінің әндерін айтқысы келеді. Бірақ ол кісідей ала алмайды, ұзарта алмайды. Ол кісінің домбыра қағысы да бөлек.

– Әсет Найманбайұлының әншілік мұрасы бізге осы Дәнеш Рақышевтың айтуымен жетті. Ал енді екеуінің орындаушылық ерекшелігі қандай? 

– Дұрыс айтасыз, Дәкеңнің репертуарының үлкен бір бөлігі – Әсет әндері. Ағамыз Әсет Найманбаевты көрмесе де, арғы бетте жүріп, оның әндерін төл шәкірттерінен үйреніп келген. Кенен атамызға барғанда Дәкең оған Әсеттің әндерін де айтып берген екен. Сонда Кенекең «Мен Әсетті көрдім, Әсеттің дауысы тым биік, ащы еді. Дәнештің ән салуы Әсетке ұқсайды екен, келеді екен, бірақ Дәнештің дауысы мақпал дауыс, масаты үн», – депті. Сіздің сұрағыңызға осы сөз жауап болатын шығар.

Әсет әндерінің диапазоны шынында тым биік. Оған қазірдің өзінде әншілердің бара бермейтіні бекер емес. Оны орындау үшін дауыстың ауқымы, диапазоннан бөлек, асқан шеберлік, тастай техника керек. Әнші әрі әріптесім Ерлан Рысқали «Әсеттің әндерін айту үшін дауыс техникасы аздық етеді, мінез керек», – дейді. Сондықтан әннің жақсы шығуы әншінің бойында осы қасиеттердің барлығының тоғысып, жымы білінбей үйлесіп кетуіне де байланысты. 

Енді біз Әсетті көрген жоқпыз. Әсеттің дауысы сақталған жоқ. Бірақ Әсетті көрген Кенекең Дәнешті тыңдап «Әсетке ұқсайды екен…», – дегенін білдік. Ендеше, біз Әсет әндерін Дәнеш сияқты айтсақ, Дәнешке ұқсатып айтсақ жаман емес деп ойлаймын. 

Дәнеш Рақышев Оразақын Асқармен

– Ол кісі өзі жазған әндердің тарихын айтушы ма еді? Қай әнінің тарихы ерекше есіңізде қалды?

– Ол кісінің соңғы жазған әндерінің бірі – Оразақын Асқар ағамыздың сөзіне жазылған «Жан-жақтағы бауырлар» әні. Оны Қытайға барған сапарында сол елдегі бауырлармен қауышқандағы әсермен жазыпты. Келген соң маған үйретіп, «Жақсылап үйреніп ал» деген еді. Меніңше қазір ол әннің қадірі арта түспесе, кемімеді. Себебі қазір қазақтар әлемнің әр елінде жүр. Өзім осы әнді айтқанда жер шарының әр еліндегі тарыдай шашыраған қазақ бауырларды еске аламын, солардың тілеуін тілеймін! 

Түрлі басылымдарда, естелік жазбаларда, музыкантанушылардың жазбаларында бірқатар әндерінің тарихы айтылып, жазылған. Шоқтығы биік, танымал әндерінің бірі «Саясында алманың» әнінің тарихын Илья Жақанов та жазған. 

ДӘНЕШ РАҚЫШЕВ АТЫНДАҒЫ ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫН ӨТКІЗСЕК

– Әңгімені мерейтой шараларына бұрсақ… Жыл аяқталып қалды, осы күнге дейін қандай шараларға қатыстыңыз. Алда қандай шаралар өтсе екен деген ойыңыз бар?

– Биыл мамыр айында ғана академияның Халық әні кафедрасының ұжымы Дәнеш ағаның 100 жылдығына орай арнайы концерт өткіздік. Рамазан Стамғазы аға бастаған кафедрадағы әріптестер бірігіп Кеген ауданы мен Райымбек ауданына бардық. Сондай кезекті сапардың бірінде Жаркентке барып «Ән салайын…» деген жинақтың кішігірім таныстырылымын жасадық. Ал арнайы Алматы мен Талдықорғанда тұсаукесері болған жоқ.

Осыны ескеріп, күзде Жетісу облысы ұйымдастыратын салтанатты іс-шаралардың бағдарламасына енгізіп, 100 жылдыққа тарту ретінде тұсауын кесіп, жиналған қауымға таратайық, деп ұсыныс айттым, әзірге ол жағы белгісіз. 90 жылдығында Дәнеш ағаның қызы Гүлнар естеліктер жинағын шығарды. Естелік кітап бар, ән жинақ бар, ендігі кітап қандай болуы мүмкін? Меніңше, ән жинақты ресми бағдарламаға енгізіп, таратса еш айыбы жоқ.

2026 жыл кіре сала Қарағанды қаласындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің қызметкерлері «Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізгелі отырмыз, келе аласыз ба» деп хабарласты. Денсаулығыма байланысты қатыса алмадым,  бірақ қолымнан келгенше фото-суреттер, аудиожазбалар тауып беріп, көмегімді көрсеттім.

Сәуір айының аяғында Астана қаласында әнші-термеші Ақан Әбдуәлиев басқаратын «Қазақконцерт» бірлестігі үлкен залында ауқымды концерт өткізді. Дәнештің әнін айтамын деген әншілердің барлығын, шәкірттерін жинады. Дәнеш ағаның туған жері, аудан ішінде шағын шаралар өткізіп жатыр. Біраз уақыт бұрын Жаркент қаласындағы аудандардың біріндегі үйдің қабырғасына муралы салынды.

Жетісу облыстық Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі ғимаратында «100 жылдық жыр: Дәнеш салған әуен» атты арнайы көрме өтті. Талдықорғанда Дәнеш ағаның атында мектеп-интернат бар, өзі еңбек еткен сол қарашаңырақ та үлкен бір шара атқарды. Сәуір айында Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау мәдениет үйінде Мұратбек Сарыбасовтың ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Саясында алманың» атты облыстық әншілер байқауы өтті.  Ал енді Республикалық деңгейде, министрліктің қолдауымен өнер адамдарының, музыка зерттеушілерінің басын қосқан ауқымды шара әлі өтпеді. Жетісу облысы жоспарына енгізіп, күзде өткіземіз деп отыр екен.

– Әншінің төл шәкірті ретінде 100 жылдыққа арналған іс-шаралар қалай өтсе деп армандайсыз?  Ұйымдастырушылар нені ұмыт қалдырмаса дейсіз?

– Қазір тамыз айы, жыл аяқталуға таяп қалды. Қандай іс-шараны қолға алса да ұйымдастырушылар оны жүрдім-бардым, айтар атқа ғана етіп өткізбесе екен деймін. Ал негізі өтсе екен деп тілейтін іс-шара – Дәнеш Рақышев атындағы әншілер байқауы. Бұрын ондай байқау болған. Арада біраз жыл тоқтап қалды. 100 жылдықта сол байқау қайта жаңғырып, өз деңгейінде өтсе екен деген тілек бар. Конкурс жарияланса Қазақстанның әр аймағындағы музыкалық білім беретін мекемелер, облыстық филармониялар қатысатын әншілерді жарыса жібереді деп сенемін. 

Сосын осы күнге дейін Дәнеш Рақышев туралы толымды деректі фильм түсірілмеген екен. Осы олқылықтың орны да 100 жылдықта толса деген тілек бар.

– Әңгімеңізге рақмет! Дүлдүл әншінің мектебін жалғар әншілер көп болсын!

Әңгімелескен

Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар