Қазақстанда көлік жүргізетін 65 жастан асқан азаматтар екі жылда бір рет арнайы медициналық тексерістен өтуі керек. Бұл — жолдағы қауіпсіздік үшін қойылған заңды талап. Жүйені цифрландыру жоспарына сәйкес, дәрігерлік тексерістің нәтижесі автоматты түрде полицияның базасына түседі. Яғни, жүргізуші қолына анықтаманы қағаз күйінде ұстап жүруге міндетті емес.
Дегенмен, бұл жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін белгілі журналист Қайнар Олжай фейсбуктегі парақшасында баяндап берді. Ол Алматы қаласындағы «Центр психического здоровья» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнында 9 300 теңге төлеп, төрт түрлі дәрігердің тексеруінен өткен. Медициналық тексерістің қорытындысы бойынша оған № 073/е «Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы медициналық анықтама» берілген.
Зейнеткердің айтуынша, анықтамада “1 жылға жарамды” деп жазылған. Ал заң бойынша бұл тексерістен екі жылда бір рет өту керек. Әрі комиссия төрағасы оған қағаз анықтаманы ұсынып, оны автокөлікте сақтап, полиция сұрағанда көрсетесіз деген.
Осы оқиғадан кейін зейнеткерлер арасында екі негізгі сұрақ туындап отыр:
- Заңда «екі жылда бір рет өту» міндеттелсе, анықтаманың 1 жылға ғана берілуі қаншалықты орынды?
- Базалар интеграцияланған болса, қағаз анықтаманы ұстап жүру не үшін қажет?
Осы сұрақтарға қатысты редакция атынан Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдап көрдік. Министрлік жауабында, жүк көлігін айдайтын жүргізушілері әрбір үш жылда, ал елуден асқан жағдайда жыл сайын өтеді. Механика айдайтын 65 жасқа толған жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдар екі жылда бір рет тексерістеп өтіп отыру керектігі айтылған.
- Медициналық құжаттаманың қолданылу мерзімдері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 «Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі. Яғни, анықтама өз мақсаты бойынша 12 ай бойы қолданылуы мүмкін. Осыған байланысты, 65 жастан асқан жүргізушілердің екі жылда бір рет медициналық комиссиядан өтуі туралы талап медициналық анықтаманың мерзімімен теңестірілмейді. – дейді министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Г. Сәрсенбаева.
Яғни Денсаулық сақтау министрлігі 65 жастан асқан жүргізушілердің екі жылда бір рет комиссиядан өту талабы анықтама бланкісінің 1 жылдық қолданылу мерзімімен теңестірілмейтінін ашық айтты. Ал зейнеткерлер болса, бұл шешімнің астарында әлеуметтік әділетсіздік пен қосымша қаржылық салмақ жатқанын алға тартады. Себебі зейнетақыға қарап отырған азаматтар үшін жыл сайын 9 300 теңге жұмсау артық шығын. Әрі № 073/е анықтамасының құны әр мекемеде әртүрлі. Елдегі инфляцияның қарқыны мен бағаның үздіксіз өсуін есепке алсақ, келер жылы бұл медициналық тексерістің құны он мың теңгеден де асып кетуі әбден мүмкін.
- № 073/е медициналық анықтамасы ақылы мемлекеттік қызмет болғанымен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 202-бабына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі бұл қызметтің бағасын реттемейді. Әрі зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылмаған, – дейді министрлік өкілі Г. Сәрсенбаева.
Заң не дейді?
Міндеттеу мерзімі мен анықтаманың қолданылу уақыты арасындағы бұл айырмашылық іс жүзінде заңнамалық қайшылық тудырып отыр. Осыған қатысты заңгер Әбілқайыр Бисенбиннің пікірін білдік:
- Бұл мәселеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сілтеме жасалып отыр. Алайда, нормативтік-құқықтық актілердің иерархиясы бойынша қолданыстағы заңнама кез келген министрліктің ішкі бұйрығынан жоғары тұрады. ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 29-бабы, 5-тармағында 65 жастан асқан жүргізушілер үшін тексерістен өту мерзімі нақты 2 жыл деп бекітілген. Ал анықтамаға “1 жыл” деп жазылу себебі — бұл бұрыннан қолданыста келе жатқан 073/е нысанындағы біркелкі форма. Заң шығарғанда бұл форманы 2 жылдық мерзімге бейімдеп өзгертпегендіктен, осындай қайшылықтар туындап отыр. Болашақта бұл заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, реттелуі тиіс.
Демек, жол полициясы жүргізушіні тоқтатып, “бұйрық бойынша 1 жылдық мерзіміңіз өтіп кетті” десе, жүргізуші ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 29-бабы, 5-тармағына сүйене отырып өз құқығын қорғай алады.
Ал қағаз анықтаманы тасымалдау талабына келсек, бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің базалары толық интеграцияланған. Заң бойынша полиция қағаз құжатты талап етуге құқылы емес. Дегенмен, заңгер Әбілқайыр Бисенбин техникалық іркілістер, eGov жүйесінің тоқтап қалуы, хакерлік шабуылдар сияқты форс-мажор жағдайлар жиі болатынын ескертіп, қағаз анықтаманы бірге алып жүру, азаматтың уақытын үнемдейтінін айта кетті.
Қызмет бағасына қатысты заңгер бұл тексерістің міндетті тегін медициналық көмекке немесе ОСМС жүйесіне кірмейтінін айтады. Бұл — жүргізуші куәлігін алу сияқты азаматтың өз қалауымен алатын мемлекеттік қызметі. Ал бағаның әртүрлі болуы медициналық ұйымның құрал-жабдығы мен қызмет сапасына байланысты дейді. Сонымен қатар, 9 300 теңге екі жылда бір рет төленетіндіктен, сарапшы мұны аса үлкен қаржылық ауыртпалыққа жатқызбайды.
Дегенмен, нормативтік бұйрықтардағы шикілік пен бағадағы ретсіздік ең алдымен зейнеткерлердің қалтасына салмақ түсіріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан аға буынның талабы — заңнамалық қайшылықтарды тезірек жойып, әлеуметтік тұрғыдан әділетті шешім қабылдау.
Әмина Кемелбай
