Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдосының тарихында қыздар әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш спортшы атанды
Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті алтын медальға қол жеткізді. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан 16 жастағы Фатима Сұпығалиева барлық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Жас дзюдошының финалдағы қарсыласы Украина өкілі Ксения Кирильчук болды. Негізгі белдесу уақыты жеңімпазды анықтай алмады. Қосымша уақытқа жалғасқан Golden Score кезеңінде Фатима шешуші әдіс жасап, қарсыласын жеңді.
Осылайша, Оралдың жас спортшысы өзінің есімін Қазақстан дзюдосының тарихына алтын әріппен жазды. Фатима Сұпығалиева қыздар арасында кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Қазақстанның тұңғыш дзюдошысы.
Фатиманың бұл жеңісі – кездейсоқ жетістік емес. Жас спортшы бұған дейін де әлемдік додада бақ сынап, бір жарыста жетінші орын алған. Сондай-ақ кадеттер арасындағы әлем чемпионаттарының бірінде жеңілістің ащы дәмін татқан. Алайда әр сәтсіздік оны жігерлендіріп, шеберлігін шыңдай түсті. Бұл жолы ол Гуаякиль татамиінде төрт қарсыласын қатарынан жеңіп, чемпиондық тұғырдан бір-ақ шықты.
Фатима Сұпығалиеваның чемпиондық жолы Люксембург өкілі Соукайна Морейраны жеңуден басталды. Кейін Мексика спортшысы Констанса Акоста Клаудионы, ширек финалда Аустралия өкілі Рика Хиросені, жартылай финалда Израиль спортшысы Яли Яхавты ұтты.
Ал финалда украиналық қарсыласын қосымша уақытта таза жеңіп, Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.
Жарыстың екінші күнінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы медаль кестесіндегі көшбасшылығын сақтап отыр. Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.
Күміс жүлдені Інжу Жұмажан (-57 кг) иеленсе, Ерік Үсенов (-66 кг)пен Бекәли Еркен (-73 кг) қола медальға қол жеткізді.
Биылғы әлем чемпионатына әлемнің 59 елінен 457 жас татами шебері қатысып жатыр. Байрақты бәсеке 23 тамызға дейін жалғасады.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
