/

Қайран қазақтың Қажығұмары

1720 рет қаралды
10

Роза, Астанадан:

Біз дәстүрге-дәрмен, пәктікке-пәрмен, араздыққа-араша, татулыққа-тамыр болған батырларымызды, ақындарымызды, жазушыларымызды қашан қастерледік?

Сөзі мен ісі қабыспайтын қырсық қоғамның ісіне күйінген бұл кісі басқалар сияқты жағымпазданып жүргенсе, бұндай күйге түспес еді… Өкініштісі туған жеріне жете алмай кетті. Не дегенмен бұл кісіні қастерлеу керек. Еңбектері бағаланып, ұрпақтан ұрпаққа жетеді дегенге сенімдімін.


Шерден:

Қара Қытай ажал абақтысында салып қырық жыл ұстаса да қазақтың ар-намысын жоғары ұстап, қазақы рухын жоғалтпаған асыл ақсақалым, иманың жолдас болсын!! Қайтейін, бүкіл ел болып сені алдыруға да жарамадық-ау, дәл қазір өзекті өртеп отырған ең үлкен өкініш сол…

Атамекенге жетуді аңсап жазған хаттарыңды оқымаған да шығар мына байлық пен билікке қара жерге кірмейінше көзі тоймайтын дүниеқоңыз тексіздер…

«Азаттық Радиосында» жарияланған мына комментариларды оқып Қажығұмар Шабданұлын оқып, таныған талай қазақ бар екеніне қуандым. Таза көңілден шыққан өкінішті аза мен уәждер. Бүгінгі таңда Қажығұмар деген ұлы жазушының есімі біреуге таныс болса, біреуге таныс емес. «Есімі таныс» деушілер әйтеуір, түрмеде жатып бірдеңе жазғанын білсе, не жазғанын қалай жазғанына зер салмайды. Қызығушылық танытпайды.

Жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен, аға-іні қарындастарымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барады. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі “Қазақ-қырғыз ұйымын” басқарған. Алғаш рет 1958 жылы “оңшыл”, “солшыл” деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады. 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін “Үміт” атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімжі қаласының №1 абақтысында өтейді. Жалпы 84 жылғы ғұмырының тең жартысын түрмеде өткізген классик жазушы өмірінің еш сәтінде қаймықпай жауларын өте биік адамгершілік қасиетінің арқасында, адами-азаматтық принциптерінің жоғарылығымен жеңе білген.

 

1943 жылы Қажығұмар Шабданұлының «Сол үшін» деген тұңғыш өлеңі «Малшы» газетінде жарияланды. 1950 жылы «Біздің үй» атты  поэмасы және басқа өлеңдер мен дастандары баспа бетін көрді.1956 жылы «Бақыт жолында» повесі басылып шығады. 1978-1986 жылдар аралығында жазушының көптеген шығармалары жазылады, оның ішінде «Өгейлер» романы бар. 1989 жылы «Пана» атты туындысы жарық көрді. Жазушы атын әлемге әйгілі еткен 6 томдық «Қылмыс» романының алғашқы томы 1982 жылы Үрімшіде басылды. Өмірінің соңында үй қамауында отырып «Төте қырсық» атты роман жазыды.

«Қылмыс» мазмұны, тәрбиелік мәні, идея мен жазылу формасы жағынан 20 ғасырдың үздік шығармалары қатарында тұруға тиіс. «Құдыретті тергеушім, өтірік айтсам тас төбемнен ұрыңыз» деп басталатын әр тарауды оқып бітпейіңше тыныштық таппайсың. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы. Шығармадағы Биғабілдің (Қажығұмар прототипі) қайсар, қайтпас мінезі істеген ерліктері оқырманды сүйсіндіріп еріксіз баурап әкетеді. Бұл романның жазылуы жайлы Қажығұмар Шабданұлының туған қызы Жайнар Қажығұмарқызы 2009 жылы берген сұхбатында былай деген: – Әкем “Қылмысты” Тарым лагерінде айдауда жүргенде бастаған ғой. Менің өте кішкентай кезімде “Қылмыстың” бірінші томы Қытайда жарық көрген кезде үйде той жасағанбыз. Одан екінші томы шықты. Үшінші томы шығып, мұқабасы қапталмаған күйі қалды. Өйткені, әкемді алып кетті. “Қылмыстың” қалғанын Үрімжідегі түрмеде жатқан кезінде жазды. Тілдей қағазға жазылған романның үзінділерін кездесуге барғанда бізден және Үрімжіде тұратын үлкен ағамнан беріп жіберетін. Үйге әкеліп жинап қоятынбыз. Кейін әкем түрмеден шыққан соң, бәріміз жабылып көшіріп, осы жаққа жібердік…

 

Жақсылық Қазымұратұлы, ақын:

Ол «Қылмысы» арқылы өз отанынан қашуға мәжбүр еткен кеңес өкіметінің зұлымдығын, Гоминдаңның қанышерлігін, Жұңгоның(Қытайдың) надандығы мен Маузыдұңның топастығын әшкерелеген. Одан бөлек жәй тіршіліктегі қоғамның қисық мінезін ащы тілмен айыптаған. Қажығұмар ұлы сатирик. Былай қарағанда ауыр, күрделі өмірін суреттей отырып өзін де өзгелерді де мысқыл, қалжың формасында суреттейді. Қытайдың ішкі дүниесін білгісі келетін адам болса, жалғыз «Қылмысты» оқып-ақ Қытай қандай ел екенін, идеологиясымен таныса алады.

Қажығұмар 40 жылға жуық  өмірінің түрмеде өткізуіне қазақтардың да үлесі бар. «Қылмыстағы» қазақтың керітартпа мінездерінің суреттемесінен аяқ алып жүре алмайсың. Мұнда сатқындық, надандық, сараңдық, екіжүзділік, жағымпаздық пен қатар адал достық мәхаббат,силастық, антқа сөзге беріктік те кездеседі. Шығрмадағы ондай қасиеттердің иелері Күлән мен Мақпал.

Адамгершіліктің ең таза бастауы мен күрескерліктің қайнаған ошағы басты кейіпкер Биғабілдің оброзында тоғысқан. Романда адамгершілік жайлы өзі былай дейді: «Адамгершілік қасиет дегеніміз – өмір талқысына(жауыңа) қарсы жауап қайтара жасау. Яғни, жауық қор етейін десе, мен сенен де зор етейін деп күресу. Ол қысқанда қабысудың орнына керней түсу. Адамгершіліктің ең негізгі қасиеті осы деп түсінемін.

Есіл азаматымыз 2006 жылы ҚР президентіне: «Менің төркінім де, ием де, арт жақтағы іздеушім де – сендер. Бар тілегім – туған жерге жетіп жығылу, топырақ бұйырса деген арман. 12 томдай жазбаларымды көшіріп, буып-түйіп отырмын. Кейінгі ұрпақтың қолына тигізсем» деп хатта жазған екен. Бірақ, ешкім қол ұшын берген жоқ. Тіпті ол кісіні танымайтындай есімін ауызға да алмады. Әлемді мойындатып дүниені өзімен санастырған державамыз шекарадан ары кетсе екі сағаттық жол қашықтықта жатып «туған елден топырақ бұйырса ғой» деп арманда жатқан жалғыз шалын қайтаруға дәрмені жетпеді. Әй, қу дүние-ай! Жазушы артында келер ұрпақ үшін өшпес мұра болар том-том шығармалар қалды. Алайда дүниелері қол жетімсіз болып отыр. «Қылмыс» 2009 жылы Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының күшімен аз тиражбен жарық көрсе, кейін қаланың кітап сөрелеріне шыққан жоқ. Ең өкініштісі осы. Өзіміздің шедеврлеріміз өзіміздің қолымызға тимей отыр. Мемлекет жазушыны отанға қайтару үшін еш қадам жасамады, алайда шығармаларын басуға тиісті емес пе. Ең болмаса «Қылмысты» басуға тапсырыс беруге болады ғой, одан басқа көркем дүниесін айтпай-ақ қойғанда.

Біздің ожырлықтан қарағайдай классигімізге туған жерден бір уыс топырақ бұйырмады. Қайран, қазақтың Қажығұмары-ай. Жаның жәннатта болсын Қажы-ата…

 

Олжас Оқасов

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

    • Жазда Қажығұмар атамыздың басына барып құран оқытып қайттым. Басына қойылған белгі тастың өзі тым қарапайым ғана екен, бір шумақ өлең жазылып, жай ғана темірмен қоршалған. Шәуешек қаласына жақын жердегі қазақтар жерленетін бейтке қойылыпты. Қайтарда жігер-жүйкем мен жүрегім қолымнан сусып түскен бір уыс топырақпен бірге үгітіліп қалғандай сүйретіліп әрең қайттым… Беу, жалған дүние-ай!

  1. Менде де “Қажығұмар атамыздың басына барып бір құран оқып дұға қайтарып қайтсам ғой” деген ниет бар. Алла жол салса…

  2. Қазақтың Қажығұмарын танымайтындарға таныту, еңбектерін насихаттауға замандастарға, келер ұрпаққа осындай жазушымыз бар екендігі таныту біздің қолымызда…

  3. Құлқынының қамын ойлаған билікке сенің Қажығұмарың көк тиын, одан да орсақтың о…сы қымат

  4. Дұрыс айтасыңдар. Бұл билікке тіл де, діл де керек болайын деп тұрғаны жоқ қазір.

  5. Олжас!Бұл мақала жарыққа шықан кезде,Қажығұмар ата бір аунап тұрған болар.Сен игі іс жасадың.Қайтарымы да міндетті түрде болады.Бет алысың жаман емес.Осы бетіңнен тайма!

  6. БОЗДАҒЫМ…
    Қазақта қағып кеткен қазығы бар,
    Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.
    Құл болып жүре алмады демесеңіз,
    Құдайға оның қандай жазығы бар?!
    Қазақтың он миллион—аз ұлы бар,
    Қайтейін, бір боздағым—Қажығұмар;
    Сол аз жұрт бірін бірі іздемесесе,
    Аз ұлдың қандай халық назын ұғар?
    Абайы…
    Жазға жетер азығы бар,-
    Ол енді кімді өзіне қазы қылар?
    … Қасқыр да бөлтірігін іздеуші еді,–
    Қазаға қазақтың да жазығы бар!
    Әрине, қазақтың да жазығы бар,
    Жебірей болса,–
    Жаһан назын ұғар;
    Алаңсыз ішсе жұрты қара суын,
    Ұлтының уын ішті Қажығұмар!
    Қазақта қағып кеткен қазығы бар,
    Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.
    Құл болып жүре алмады демесеңіз,
    Құдайға оның қандай жазығы бар?!
    Боздаған…
    Хош,
    Боздағым,
    Қажығұмар!
    13.03. 2012 ж.

Асау ТОРПАҚ жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері