/

Қазақ визасын алудың машақаты азайды ма?

929 рет қаралды
9

Соңғы 3-4 айдың аралығында Қытайдағы Үрімші қаласындағы төлқұжаттық-визалық қызмет ғимараты алдындағы кезек бірнеше есеге қысқарған. Егер мамыр айында ғана қазақстандық қызметкерлер күніне 40-50 құжат қабылдаса, қазір күніне 180-200 құжат қарайды. Алайда бір жарым миллионнан астам қазақ тұратын Ұйғыр-Шыңжаң өлкесінде қазақ визасына деген сұраныс арта түсуде.

ЕЛГЕ АСЫҚҚАН ҚАЗАҚТАР

Дүйсенбі. 5 тамыз. Бейжің уақытымен таңғы 9.00. Үрімшідегі паспорттық визалық қызметі ғимаратының алдына қарақұрым халық. Олар екіге жарылып, кезекке тұрыпты. Бірінші тізбек ұлты қазақ Қытай азаматтарынан құралған. Ең ұзын кезекте тұрғандар да – солар. Олар темір қақпалы ғимараттан біреудің төбесі көрінсе болды, жаппай солай қарай ентелейді. Әрқайсысының қолында өзінікінен өзге туыстарының да құжаттары бар. Төлқұжаттық-визалық қызмет деректеріне қарағанда, қазақстандық виза кезегінде тұрғандардың 90 пайызы – қазақтар. Егер осыдан он екі-он үш жыл бұрын виза алғысы келетіндердің жалпы саны жылына 3-5 мың ғана болса, қазір бір айдың ішінде 4 мыңға жуық адам құжат тапсырады.

«90-шы жылдары Қытайдан қазақтар тек көші-қон визасымен кететін. Олардың мұнда туыстары, балалары, әке-шешелері қалды. Яғни келіп-кетуге себеп көп. Сондықтан енді туысшылау, қонақтау визасы артты. Оған қоса осында тұратындардың жағдайы да жақсарып, Қазақстанға саяхаттап, демалу үшін баруға мүмкіндіктері молайды», – дейді Үрімшідегі төлқұжаттық-визалық қызмет басшысы Қайыржан Сәрсебаев. Қазақстанға Қытайдан 1991-2008 жылдары 65 мыңнан астам қазақ қоныс аударса, Ұйғыр-Шыңжаң автономды ауданында 1 жарым миллионға жуық қазақ тұрады. Яғни қазақ визасына деген сұраныс келешекте артпаса, кемімейтіні түсінікті.
Қазақ визасына сұраныстың соңғы жылдары көбейе түсуіне әсер еткен басқа себептер де жоқ емес. Мәселен, Қазақстанға үш мәртелік үш айға ғана виза беріледі. Сонда атажұртына одан өзге уақытта барғысы келетін қазақтар виза үшін Үрімшідегі ұзын-сонар кезекке қайтара тұруға мәжбүр. Визалық қызмет бөлімшесінің алдында жолыққан Алматы облысы оралмандар кеңесінің бұрынғы төрағасы, кәсіпкер, журналист Алмас Ахметбекұлының есебінше, Қазақстанға кететіндердің 30-40 пайызы қайтадан кезекке тұрады. «Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Қытайдағы ұлты қазақ азаматтарға бір жылға көп мәртелік виза рәсімдеуді ұсындық. Егер осындай мүмкіндік берілсе, онда бізге жылына төрт мәрте келетін адам бір рет қана визасын алып, кезек саны да азаяр еді», – деп есептейді Сәрсебаев.
Қазақстанға баратын ұлты қазақ Қытай азаматтарына визаның тегін берілуі олардың елге келіп-кетуін жиілетсе, екінші жағынан бұл – кезектің көбеюіне бір себеп. Төлқұжаттық-визалық қызмет басшысының айтуынша, «кейбір төлқұжаттарды қараған кезде онда екі-үш рет виза ашылғанымен, олардың бірде-біреуі пайдаланылмаған». Сондықтан енді екі рет визасын қолданбаған азаматтарға жаңа ережеге сәйкес үшінші мәрте виза беру-бермеу мәселесі қатаң қаралады. Егер виза алу үшін төлемақы тағайындалған жағдайда мұндай «пайдасыз» визалар саны да қысқаруы мүмкін.
Қазақ визасына қатысты шырғалаңның шығуына қатысты тағы бір шындық бар. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары биылғы жылдың басында төлқұжаттық-визалық қызмет өкілдерінің соңғы жылдары әдейі виза беру ісін қиындатып, оны тек арнайы делдалдар арқылы жасап отырғанын жазған. Соның салдарынан виза алу үшін бірнеше мың адамдық кезек пайда болып, Қытайдың әр өңірінен жиналған қазақтар атажұртына жету үшін рұқсатты айлап күткен. Тіпті Қазақстанның төлқұжаттық-визалық қызмет ғимаратының қасында оларға арналған қонақүйлер мен дәмханалардың жұмысы жанданып, делдалдардың қызметі кеңейе түскен. Яғни мұнда «визалық бизнестің» тұтастай желісі пайда болған.
2008 жылы визалық қызмет бөлімшесінің тұтқасын «кәсіпкер мен кеденшілер» алғаннан кейін осындай жағдай туындағанын Алмас Ахметбекұлы да растайды. «Олардың жұмыс істеу тәсілі біршама түсінікті. «Қорғастан» жүздеген адам қамауға алынса, солардың өкілдері мұнда да келіп қалған болар», – деп топшылайды Ахметбекұлы. Биылғы жылдың мамыр айының ортасында төлқұжаттық-визалық қызметтің бұрынғы басшысы қызметтен босатылып, виза беретін бөлімшенің жетекшілігіне қайтадан кәсіби дипломат тағайындалады. Бірақ содан бері не өзгерді? Бұл сауалға жауап табу үшін Төлқұжаттық-визалық қызмет ғимаратының алдына келіп, өзіміз төте жолмен «виза алуға» тырысқан едік.

ВИЗА ҚАНША ТҰРАДЫ?
Қазақтар тұрған кезектің соңына қарай барып, жасы 35-40 шамасындағы әйелге виза жасатқым келетіндігін айтып, оның жолдарын сұрастырдым. Ол менің бетіме бажайлап бір қарап алды да, әрі қарай менің кімге, қандай туысқаныма виза керектігін тәптіштеп сұрай бастады. Ақыры: «Пұл берсең, бәрі шешіледі!» деп сөзін түйіндеді қазақ келіншегі. Оның айтуынша, егер 2500 юань (400 АҚШ доллары) берсем, бір аптаның ішінде Қазақстанға бару үшін виза дайын болады. Мен келіскендей сыңай танытып, делдал тауып беруін өтіндім. Бірақ дәл сол сәтте ол: «Ана жақтан табасың!» деп, қалың қауымға нұсқады да, өзі тез-тез басып, жөнімен кете барды.
Осыдан кейін қолында қағаздарын қолтықтап, жан-жағына қарап тұрған жас қыздан не істеп жүргенін сұрадым. Манас қаласынан келген Сәбира күн суытпай, Алматыға қоныс аударған әпкесіне қонаққа барғысы келеді. Бірақ Үрімшіге келіп, жылдың соңына дейін ондай мүмкіндіктің жоқтығына көзі жетіпті. «Кезекке тұру үшін нөмірлер беру жылдың соңына дейін тоқтатылған», – дейді Сәбира. Бірақ виза алуды жеделдетудің жолдары бар екенін ол да естіпті. «Егер 2 мың юань болса, тез виза жасайды екен. Бірақ пұл беретін жағдайым жоқ. Менің айлық табысым 2 мың юаньға жетпейді. Бүкіл отбасым маған қарап отыр», – деп түсіндірді Сәбира. Ол кезекте тұрған адамдардың ортасына барсам, делдалдардың өздері алдымнан шығатынын айтты.
Кезекке тұрған азаматтардың қасында жерге жайғасқан екі қарттан делдалдарды қайдан табуға болатынын сұрадым. Іле өңірінен келген екі ақсақал соңғы айларда делдалдардың жолы кесілгенін жеткізді. «Рас, бұрын делдалдар осында өріп жүретін. Бәрі тек пұлмен ғана шешілетін. Кезек мына көшеден асып, анау арғы бетке дейін баратын. Тіпті сонда қонып қалатындар болған. Қызу сауда-саттық еді. Қазір мұның бәрі тиылды. Бұрынғы күнді бүгінгімен салыстыруға келмейді», – деді бірінші ақсақал. Мен оларға жаңа ғана бір әйелден делдалдар арқылы мәселені тез шешуге болатындығын естігенімді айттым. Осы тұста екінші ақсақал сөзге араласып, мән-жайды түсіндірді. «Оның бәрі бос сөз! Себебі кезек нөмірін қазір тек төлқұжатпен жеке адамның өз қолына ғана береді. Делдалдарды есігінен де қаратпайды. Ал кейбірлеулер «виза әзірлеп береміз» деп, алдап ақша алып, кейін төлқұжатпен қоса өздері жоғалып кетеді», – деп, қария маған да олардан аулақ жүруіме кеңес берді. Әңгімемізге Мұхтар есімді жігіт араласты. «Былтыр делдалға 1 мың юань беріп едім, виза түгілі төлқұжатымды әрең таптым», – дейді қазақ жігіті. Бірақ мен бәрібір іштей делдалды табатыныма сенімді күйде қалдым.
Сейсенбі. 6 тамыз. Бейжің уақытымен 9.15. Дүйсенбімен салыстырғанда визалық қызмет бөлімшесінің алдында кезекте тұрғандар азайыпты. Алдымнан шыққан жасыл жейделі әйел мені кешеден бері осы жерден көргенін айтты. «Іздегенге – сұраған». Мен оған виза керектігіне меңзеп едім, ол 2 мың юань берсем, мәселені бір аптаның ішінде жайғастыратынын жайып салды. Тіпті құжаттар дайын болмайынша менен ақы алмайтынын айтты. Екеуміз сағат 13.00-де осы жерде қайта кездесетін болып шештік. Алайда бірнеше сағаттан кейін оны орнынан таппадым. Салым суға кетіп тұрған кезде жақын жердегі қазақ жігіті көмекке келді. Ол өзінің екі танысының кеше ғана делдалдарға 2 мың юань беріп, енді аптаның соңында визасын қолына алатынын жеткізді. Мен одан дереу іскер делдалдың телефонын тауып беруін сұрадым. Қайрат есімді жігіт достарына телефон шалды. Бірақ ең соңында: «Визалық бөлімге құжаттарды өткізе алмапты. Делдалдар ақшаларын қайтарып беріпті», – деп қысқа қайырды…
Делдалдар үшін визаны саудалау қиындағанымен, тегін сауалнамаларды сатып, аңқау жерлестерінің қалтасын қағып жүргендері анық. Мысалы, ақ жаулықты әжей мен қазақ жігітінен қолдарындағы бір бума қағаздың не екенін сұрадым. Олардың айтуынша, бұл виза алу үшін берілетін сауалнама, оны толтыру 10 юань(1,5-2 доллар) тұрады. «Әр адамға 10 юаньнан келеді. Сонда мен отбасымдағы бес адамға 50 юань төлеп қайттым. Қымбат енді!» – деп, қабағын шытты жігіт. Виза алу үшін берілетін құжаттарды кімдерден алып, қайда толтырғандарын сұрағанымда, олар көшенің арғы жағындағы, алыста тұрған сарғыш ғимаратқа нұсқады. Мен неліктен сол қағаздарды өздері төлқұжаттық-визалық қызметтен тегін алып, өз қолдарымен толтырмайтынын сұрағанымда жігіт үнсіз иығын көтерді.
Бұрын виза алушыларға берілетін сауалнама тек қытайша, ағылшынша басылса, қазір ұлты қазақ Қытай азаматтары үшін олар қазақша, тіпті төте жазумен де шығарылады. Осы құжаттардың үлгісін виза алғысы келген азамат үйінде отырып, интернет сайттан да басып алуына да болады. Сондай-ақ интернеттегі www.kzvsurumqі.org сайты арқылы делдалдарды, ақша алатын қызметкерлерді әшкерелеп, хат жаза алады. Енді үш тілде автоматты түрде жұмыс істейтін көп жүйелі телефон іске қосылмақ. «Виза алушылар назарына» деген бес мың данамен виза тапсыру ережелері жарық көруде. «Егер оны виза алушылар оқыса, көп мәселе шешіледі», – деп сенеді төлқұжаттық-визалық қызмет өкілдері. Себебі адаспаудың ең басты жолы – ашық ақпарат алу.

Тақырыпқа орай

Ырысқали ДӘУРЕНБЕК, Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің директоры: Бұл мәселе шешімін табады
– Қытайдағы ұлты қазақ азаматтарға бір жылға виза беру мәселесі қазір қалай қаралуда?
– Бұл мәселе шешімін табады деген сенімдемін. Ұлты қазақ азаматтарға арналған бұрыннан бергі тәртіп бар: олар қай елде тұрса да, оларға визаны шақыру қағазсыз береміз. Қазіргі кезде көп мәртелік виза беру қарастырылып жатыр. Бірақ оны тек Сыртқы істер министрлігі шешпейді ғой. Бұл мәселені құзыретті органдармен бірге қарастыру керек болады. Келесі жылдың басында шығатын жаңа ережеде бұл мәселе толық реттеліп, өзінің шешімін табады деп ойлаймыз.
– Ал көлік жүргізушілерінің визасына қатысты мәселе, мәселен, Сыртқы істер министрінің Бейжіңге сапары барысында талқыланды ма?
– Қытай мен Қазақстан министрлері кездесуі кезінде бұл мәселе қозғалды. Екі елдің консулдық қызмет басшылары арасында қызу келіссөздер өтті. Осы аптада Қытай тарапы жүргізушілерге арналған виза бойынша уағдаластық жобасын жібереді. Оны қысқа мерзім ішінде құзырлы органдармен бірге мақұлдаймыз. Қазақстан мен Қытайдың жүргізушілері үшін виза алудың нақты тәртібі мен механизмдерін белгілегіміз келеді. Виза алу бойынша уағдаластық жағдайды мейлінше жеңілдетуге бағытталған.
– Жүргізушілер визасына қатысты мәселенің туындау себебі неде?
– Біздегі негізгі проблема: жүргізушілерге берілетін арнайы виза жоқ. Қытай тарапында ондай виза түрі бар. Осыған байланысты 2010 жылы визаның «қосымша мәліметтер» деген графасына көліктің нөмірін көрсететін болғанбыз. Өйткені қанша көлік кіріп, қанша көлік шыққанын білуіміз керек. Бірақ бұл жағдайды сәл қиындатып жіберді. Қазір біз ережеге жаңа өзгерістер енгізіп, жүргізушілерге арнайы виза жасамақшымыз. Оған дейін уақытша «қосымша мәлімет» деген графаға «жүргізуші» деген жазба енгізіледі.

Айжан КӨШКЕНОВА,
Астана-Үрімші Бейжің-Астана
Суреттер автордікі, “Айқын” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Ол жақтағы мәселе ғой шешіледі деп ойлаймын. Бастысы бұл жақтағы мәселелерді шешіп алу керек.

  2. Меніңше, азайған түгі де жоқ. Қазақстан шеттегі қазақтарды келтірмеудің бар амалын ойлап тапты.

  3. Ой, бұл билікке оралмандардың қажеті қанша. Тек қалыптасып отырған тенденцияны аз да болса бәсеңдету үшін, ұпай жинау үшін ғана өтірік отаншыл боп, шеттегі қазақты  жинауды айтып қояды. Әйтпесе бұларға бас ауыру ғана болып тұр май оралмандар.

  4. Талғаттың оралманды “ұрғаны” – биліктің “ұрғаны” деген сөз. Жасырынып жатқан, іште жатқан пиғылдың сыртқа шығуы деген сөз. Бірақ, осыған бола шеттегі қазақтың отанына деген, ұлтына деген махаббаты мен аңсары бәсеңдеп, солғындамайды.

  5. Талғат Мамашев ресми баспасөз арқылы оралмандардан кешірім сұрасын.

  6. Меніңше, Мамашев бұны бүкіәл оралмандарға қарата айтпаған. Өзім ол кезде осында болмап ем. Алайда видеосын көрдім. Ол өзіне қарсы мақала жазып, шулатып жүргендерге қарата айтқаны байқалып тұрды ғой. Кейде сенсация қуамыз деп бұрмалап кетуіміз этикаға қайшы келмей ме?

  7. айтылды деп түсінді ғой енді қазақтардың бәрі. Оған амал жоқ. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан.

  8. Бәрінен бұрын журналистердің арзан өсекке үйірлігі осыған алып келді. Шынайы ақпарат бұрмаланғандығын енді Такең қалай дәлелдей алады.

kazprose жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері