//

Азанбай абыздың әңгімесі

1166 рет қаралды

Бірде Алтайдың төменгі етегін мекендеп жүрген екі рулы елдің жігіттерінің арасынан жанжал шығып, ол үлкен төбелеске ұласып, ақыры дауға айналып, ара ағайындықпен бітімге келіспей ушығып кетеді. Іс насырға шапса соңы барымтаға баратынын болжаған Киікбай зәңгі өз жігіттерінің сотқарлығы басым түскенін байқайды да, бір қара атанға қалы кілем жауып Тары биге барады. Сонда Тары би:

–        Әй, көк шегір, артынып-тартынып келген екенсің, түбің шикі-ау?,– дейді.

–        Биеке, бүлдіріп алдық, барымтаға бардырмай бітіріңіз,– депті. Айтулы бидің аузына қараған ел татуласып тарасыпты.

* * *

Суретте: Солтаншәріп Зуха батыр ұлы ортада

Алтайдың арыстаны атанған Зуха батырдың ұлы Солтаншәріп Алтайдан ауып Баркөлге барғаннан кейін біраз жыл әкесінің басын алған гоминдандықтармен (сол кездегі қытайды билеушілер) келісімге келіп, бейбіт өмір сүріп тұрса керек. Алайда елдің атқа мінерлеріне ауыз салып, ретін тауып басын алып әбден дәніккен сұмдардың қаныпезер зұлымдығы күн өткен сайын асқына түседі. Ел-жұрт болып жақсыларын шамасы келсе олардың көзінен таса жасырып қалуға тырысады екен. Сондай елдің игі жақсыларының бірі жомарт, өзі дәулетті әрі мұсылманша оқығаны бар молда Сарқыт Дүйсембіұлы екен. Топайдың тоғызы атанған ауылдың басы да осы Сарқыт болса керек. Сарқыт атануының өзі де қазақтың жол-жоралғысына байланысты қойылса керек. Иә, ол шын мәнінде солай болған еді. Сарқыт әкесі Дүйсенбі қайтыс болғанда іште қалған бала екен. Дүйсенбінің қырқын бергенен кейін бір неше күн өткеннен соң бәйбішесі өзінің қайындырын шақыртып алып: «Менің ішімде бір-екі айлық бала бар. Ертеңгі күні ол дүниеге келгенде «әкесіз бала қайдан пайда болды» деп сөз қылып жүрмеңдер, ерте бастан соның басын ашып қояйын, сендерді шақыртқан себебім осы» депті. Ай-күні толып ай маңдайлы ұл дүниеге келгенде немере ағалары: «Ағамыздан қалған сарқыт қой, атын Сарқыт қоялық» деп пәтуаласқан екен дейді. Сарқыт салиқалы, сауатты, сарабдал, ауыл ағасы кісі болыпты.

Бірде Солтаншәріп ауылына биліктің бишігін ұстағандар келіп жиын өткізеді. Ел ішінің жағдайы талқыланып жатады. Жиында Сарқыт та отырады. Оны байқап қалған Солтаншәріп ыңғайы келіп қалғанда:

–        Әй, Сарқыт, сен мұнда не қылып отырсың, мал иен қалды ғой,– дейді. Сарқыт лып етіп тұрып, бетін тасалай бұрылып:

–        Сөйтті-сөйтті,– деп шығып кетіпті.

Сөйтсе қара тізімге ілінген адам осы Сарқыттың тап өзі болса керек.

* * *

Ел ішінде атқан оғы жерге түспейтін атақты мерген Қасен деген кісі болыпты. Қытайдың қанаушы билігінің зорлық-зомбылық, атып-шауып, қырып жоюынан бас сауғалап ауған елдің артына түскен қуғыншы әскерлермен болған бір атыста Қасеннің оғы таусылып кетіп, қасындағы жолдасына:

–        Қапан, менің оғым таусылып кетті!– депті.

–        Тартып алған оғың бітсе, енді қасаңды оқтап ат!– депті анау міз бақпай. Сонда Қасен:

–        Әй, Қапан-ай, қайтейін, сен тасқа атып жатырсың, мен басқа атып жатырмын, қарашы, қаншасын сұлатқанымды,– депті.

(«Азанбай абыз» жалғасы, бас өткен сандарда),  Бақытбек Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі