/

Оралман тағдыры билікке ойыншық болғаны ма?

1225 рет қаралды
5
 

Қыркүйектің 29-ы күні Астанада өткен Expert пікірталас клубының отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының президенті Тимур Құлыбаев Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатысты өз көзқарасын айтты. Т.Құлыбаевтың ойынша Жаңаөзендегі ереуілді ұйымдастырып, елді шулатып жүрген топ пен топ басшылары оралмандар екен-мыс.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысының айтуынша: «Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар»-дың аталған ереуілге тікелей қатысы бар екен. «Егер ереуілшілердің жетекшілері туралы айтатын болсақ, ол жақта Алматыдан барғандар жетекшілік етіп жүрген жоқ. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар. Ол жаққа келетін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді», – дейді Құлыбаев мырза. Еліміздегі қырықтан астам ұлттық компанияны өзіне еншілес етіп алып отырған әл-ауқат қоры басшысы Тәуелсіз отаным деп, елім деп ит арқасы қияннан көшіп келіп жатақан қандастарымыз жайлы тым ұят әрі мемлекеттік деңгейді ұстанымды айғақтайтын тұлға ретінде үлкен саяси жаңылыс жасады деп айтуға болды.

Шеттегі қазақтың тағдыры мен бүгінгі күнде Отанына біржола қоныс аударған қандастарымыз айналасында соңғы уақытта кісіні қынжылтатын жайсыз оқиғалардың болып жатқаны белгілі. Қытайдағы қазақтың виза мәселесі, Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы төңірегіндегі дау-дамай, Мамашев мырзаның оралмандар туралы айтқан сөзі (бұл жалған ақпарат болса да, Талғат мырза оралмандардан кешірім сұрады), Қабылсаят Әбішевтің оралмандарды сауатсыз деп атағаны, қазақ көші-қонының тоқтауы, шеттен келген қазақтардың азаматтық алуы процесінің қиындауы мен тіркеу, квота жайы және т.б-лар.

«Бір апамнан бір апам сорақы» деген қазақтың қитұрқы мақалы бар. Тимур Құлыбаев мырза «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» керін келтірді. Шеттен келген қандас ағайынға тағылмаған айыптың енді ереуілші, бүлікші дегені қалып еді.

Жанаргүл Қожамкей, студент, қытай қазағы

Таяқтың екі ұшы бар ғой. Шыныменде аталған дау-жаңжалды шығарып жүрген оралмандар болса, онда олар әбден ашынғандықтан, жандарына батқандықтан осындай әрекетке барып отырған болар деп ойлаймын. Олай болмаған күнде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына заманда қандастарымыздың жанайқайы неге шықсын? Біздің билік неге қит ете қалса қара халықты, оралмандарды кінәлай береді?! Себебі олар халықтың аузы бар сөйлемесін, көзі бар көрмесін деген қылықпен жар салатындығында. Өзге түгілі өзін сидырмай жатқан мұндай қылықтар қазақ елін қайда апарары белгісіз. Халық айтса қалт айтпайды дейді атам қазақ. Ақиқатына келсек өз еліне қиыншылықпен зорға  жеткен қандастарымыз туралы бұлай айтудың өзі артық. Бұл істің басы-қасында болып, ұйымдастырып жүрген азаматтардың арандатушылығы ма деп те ойлайсың. «Оралмандар» деп жалпыға топырақ шашпағаны жөн болар біздің ресми тұлғаларымыздың.

Серік Мұратхан, Инженер маман, блогер

Меніңше  Құлыбаев өсек ақпарат тасып, ортаға от тастап жүрген  әлде біреулердің сөзіне еріп «бәрін шығарып жатқан оралмандар» деп соншама оңай айта салуы үлкен ұят іс болды. Тимур мырза осыдан қырық жыл-елу жыл бұрын келген қазақтың бәрін оралманға санаса Қазақстанның қазақтарының 60%-ы оралмандар құрайды. Себебі, қай қазақ сонау ашаршылықта, қуғын-сүргінде шетке барып жан сауғаламады? 1958-1962 жылдары Қытайдан келген екі жүз мыңнан астам қазақ қазір милионнан асып кетті. Ал, сол заманда Түркімен, Қарақалпақ, Өзбек асып кеткен қазақтың ұрпағы бүгінде қаншама?

Сондай биік мінбеден бір қазақтың өзін бөліп-жарып, қазақтың арасында жік салып, от тұтататын сөз айту елімізге қаншалықты тиімді? Шеттен келген бес қазақты бөлектеп жатқан биліктің «130 ұлтты тату-тәтті өз баурымызға басып жатырмыз!» деген сөзіне ертең қай ел сенеді? Тимур мырза айтқан сөзді халқаралық адам құқын қорғайтын ұйымдар естісе бізде барлық азаматтардың құқықтары қорғалып жатыр дегенге күле қарамай ма? Сондықтан, қалай болмасын бұл сөз өте ұятты жағдайда қалдырып отыр. Соңғы кезде арт артынан биік мінбеден  айтылған осындай санасыз сөздер шетелден келген қазақтардың жүрегіне тікендей қадалып, отанға деген от жүрегін суытып қана қоймай, Елбасының жүргізіп отырған саясатына әлде біреулердің кедергі жасап, ортаға от тастап қазақстан елінің ұлттық мемлекет ретінде күшейіп-гүлденуінен көрі, өздерінің жеке басының байлығы мен тынштығын алға қоятынын білдіріп отыр.

Шынаргүл Оңашбай, студент

Құлыбаевтың бұл қылығы қазаққа жаны ашымайтын, ұлтсыздығының көрінісі деп ойлаймын. Ұлттық әл-ауқат қорын басқарып отырған адамның «Ол жақтан келетін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді» деуі тіпті ұят. Онсыз да аз ұлттың демографиялық құлдырауға әкеп соғатынын ойламағаны ма сонда?  Бұл оның қазақтың шеттен келетін қандастарымызды құшағына алуға қарсылығы деп түсінемін.

Тіпті, оралмандар ұйымдастырса да, тұрғылықты адамдар болса да олар бүлікші болмайды. Өйткені, олар мемлекет үшін маңызды талаптар қойып, ереуілге шықты. «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ басшыларына қойған талаптардың ішінде аумақтық 1,7 коэффициентін толығымен төлеу және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалын мемлекеттің иелігіне қайтару сияқты талаптарды айтып отырмын. Өз құқықтары үшін күресті, күнкөрісі үшін арпалысты, аштық та жариялады. Оны кімдер ұйымдастырып кімдер жасаса да еліміздің игілігі үшін жасалды.

P.S

Адамның аңсары ауған әрі оған қолы жетпей жүріп арманы орындалған күні аңсаған қымбаттысының шын кеспірін көріп құлазитын күйін дәл бүгінгі күнде Қазақ елі топырағына тәуелсіз ел деп келген азаматтар әбден түсінеді деп ойлаймыз. Себебі, егемендік пен отанның нағыз құнын шетте жүрген ағайын шын сезініп, қос қарашығына жас тола аңсайтынын кейде осынау елде туып-өсіп, өмір сүріп жүрген жандардың түсіне қоюы екіталай. Бұл тек жабулы күйінде жатқан мың сан жараның мыңнан бір бөлігі ғана. Ал, шеттегі ағайынның тағдырын айтпағанның өзінде, олардың тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті бүгінгі күнде артқа сырыла-сырыла жауыр болған, айтыла бастаса кісіні мезі қыларлық бос мылжыңға айналды. Бұл бейжайлық – жай ғана немқұрайлылық емес, бойында намысы, тегі, қазақы қаны жоқ мәңгүрттіктен өніп шыққан тым қорқынышты улы тамыр болып қалыптасты.

Мейлі тағдырдың маңдайға жазған жазуы ұлық халықтардың тарихын жасаса да, мейлі қорғасын мен мырыш оқтан ыққан халықтың ауа көшуі болса да заман ағысының иірімі мен жылымы артта қалды бәрі. Бүгінгі күннің көз алда өтіп жатқан үрдістерін тағдырдың жазуына да, мырыш оққа да итере алмас қатігез сатқындардың топас әрі мейірімсіз қолымен жасалып жатқанын білгеніміз дұрыс.

Мұқаш ЖОШЫ

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Бұл қазақта не болмады дейсің… бәрі болды… енді шықпаған тек АМериканың президенті ғана қалды…

  2. Бұл биліктің ойына не келсе соны істейтін болып алды. Жалпы оралман Қазақ еліне келді деген сөз – биліктің қазақылыққа көшуге, қазақша сөйлеуге мүдделі болды деген сөз. Сондықтан, олар бар жала мен бәлені оралмандарға жауып, оларды Қазақстанға келтірмеудің қамын жасап бағуда. Қазіргі билік жүйесі ауыспайынша бұл үрдіс жалғаса бермек.

  3. Кеше Данияр Әшімбаев туралы (http://abai.kz/content/ermek-karabala-daniyar-eshimbaev-oralmandarga-nege-zhauygady ) мақаладағы пікір алаңына Серікжанның алтыншы болып жазған пікірін редакциялап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

    «Абай-ақпарат»

    Басталды. Енді бұл науқан қыза түседі. Оның көрігін қыздырып отырған өздері. Елдегі әлеуметтік жағдайдың төмен болғаны үшін оралмандар кінәлі, елдегі саяси жағдайдың тұрақсыздануына оралмандар кінәлі. «Діни экстремизмнің өршуіне» де, Қазақ тілінің көтеріле бастауына да, елдегі Қазақтардың саны пен пайызы көбейгеніне де оралмандар кінәлі. Енді Қазақстанда «бәріне де оралмандар кінәлі!» деген жаңа ұран пайда болады. Бұл – биліктің кінәліні ойлап табудағы айлакерлік қадамы ғой. Бұл пікір басында Тимур Құлыбаевтың аузымен айтылған болатын. Тимурды Президенттік тақтың болашақ мұрагері деп Е.Иртышбаев жария еткен болатын. Ендеше, Тимекең өзінің таққа отырудағы саяси қызметі барысында дәл осы жерде оңдырмай саяси қате жіберді. Өзінің кім екенін, яғни, бұл да Қазақ ұлтының бірігуінің жауы екенін абайламай көрсетіп алды. Енді бұдан кейін, өлсе де оған Президенттік тақ жоқ.

    Еліміздегі қазіргі 1 млннан астам оралман Қазақстандағы Қазақтардың 10 пайызын құрап отыр. Яғни, елдегі он қазақтың бірі – оралман. Сөйте тұра, оралман депутатты, оралман әкімді, оралман министрді көргенің бар ма. Данияр Әшімбаев та айтады екен, «мұнайшылар ереуіліне оралмандар кінәлі», дейді. Ау Данияр, Тимурдің сөзіне құлдық ұрып, оның тапсырысымен жалған жалақорлық (оралмандарға) мақала жазғанша, қарасаңшы, елдің Батыс аймақтарына келіп, жағдайды көзіңмен көр. Өзің Қазақстанда мұнайшы болып жұмыс жасап жүрген оралманды көрдің бе, ондайды өңің түгілі түсіңде де көрмессің. Олардың қолына бұндай «табысты» және арнайы политехникалық (мұнай және газ институттарын бітірген) жоғарғы білімді қажет ететін жұмыс қайдан тисін. Сонда мұнайға оралманның не қатысы бар. Өзің айтқандай: “Приезжают люди, не имеющие квалификации, образования, денег, в конце концов” – “оралмандар өздерінің мамандығы, білімі, тіпті ақшасы жоқ адамдар” болса, олар қалай мұнайшы болады.

    Қазақстанда ел ішінде оралмандарға деген жағымсыз көзқарас бар. Ол да рушылдық және жершілдік сияқты осы екі дерт бұрыннан бар болатын. Үшінші дертіміз – қала қазақтарының ауылдардан келген қазақтарды (провинциялықтарды, яғни “ауылбайларды”) жек көруі және менсінбеуі болатын. Осы үшеуімен қосып санағанда, оралмандарды жек көру бұл – Қазақтардың төртінші дерті болып жамалды. Бұның бәрі де болашақта Қазақстанның ел болып тұра алмауына апаратын аурулар. Төртеуі де. Тимур осы “төртінші дертті” пайдаланып қалғысы келген болатын. Оның негізгі мақсаты – шетелден келетін Қазақтың көшін тежеу. Қолынан келсе, тоқтату. Түпкі мақсаты – елдегі Қазақтардың санының өсуіне тежеу салу.

    Шетелден келген оралмандарды және қаңырап қалған ауылдардан көшіп келген Қазақтардың бәрін өзі асырап отырғандай сөйлейтіндер көбейіп барады. Бұған сақ болу керек. “Халықтың санының ретсіз, есепсіз өсуі және ретсіз көші-қон” деген, бұл Тимурдың сылтаулары. Оның ойынша, қайткенде де Қазақстан Қазақтардың саны басым елге айналмауы тиіс. Қазақтар көбейсе, елде Қазақ тілі, Қазақ мәдениеті, Қазақы Ислам, Тәуелсіздік қорғау туралы қазіргі және болашақтағы қазақстандық билікке тым қолайсыз бастамалар көтеріледі. Енді олай болса, Сіздердің ойларыңызша, “Қазақтың саны ретсіз, есепсіз өсіп келе жатқан” болса, одан Қазақстан, Қазақтардың көбеюінен зиян көріп отырған болса, онда Қазақтың қатындарына бала табуға тиым салыңдар. Сонда басты армандарың орындалады

  4. Тимурде лидер боларлық қасиет жоқ екен. Елбасы болатын адам айлалы болады, ақдап сөйлейді, Ермұханды емес, мені кеңесшіге алғанда бар ғой….

  5. негізі тимур асырып ештене деген жок
    Ауыт, Жәди сиякты казактарга тәсіл үйрету керек болып отыр
    бул такырыпты соншалыкты оршітудін кажеті жок агайын
    эмоцияга берілмейік
    акылга салып Есенгул мен Бәміштей кызмет жасау керек

талгат жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері