Саясаттанушы Дос Көшімді елдегі саяси-экономикалық мәселелерге қатысты аз-кем әңгімеге тарттық.  

– 2017 жылдың соңы біраз тосын сыймен аяқталып, Ұлттық қордың 22 миллиард доллары шет мемлекетте бұғатталды.  Осы дау енді қалай шешілмек?

–Қазір, менің білуімше, 22 миллиардтан бөлек, тағы да 5 миллиардтан астам Қазақстанның қаржысы бұғатталған. Қазақстанның шетелдегі активтерінің тұтқындалуы біз үшін ақылға сыймайтын жағдай болып көрінсе де, әлемдік тәжірибе бойынша да, халықаралық заңдар бойынша да өркениетті қауымдастық үшін  қалыпты жағдай. Демек, инвесторлармен  мемлекеттік ұйымдар не жеке компаниялар келісімге отырған кездерде үкіметіміз бұл келісімшартқа кепілдік берген. Егер кінә бізден болса – шетелдік компанияның шығынын өтеуге міндеттіміз. Оны да сот шешеді. Егер сот шетелдік инвестордың пайдасына шешсе, біздің үкіметіміз үшін бұл – үлкен, ауыр сабақ. Бұл – үкімет пен мемлекеттік компанияларда дұрыс келісімшарт жасай алмайтын мамандар бар екендігінің, өзінің инвесторларға берген уәдесінде тұра алмайтын басшылардың бар екендігінің көрінісі ғана.  Әңгіме Ұлттық қордағы ақшамыздың қомақты бір бөлігінен айырылу қаупінде ғана емес, бұл дау-дамай келешекте елімізге инвесторлар тарту мәселесіне де кері әсер етуінде деп білемін. Екінші мәселе – Ұлттық қордың сақталуында. Біздің болашағымыздың кепілі деп жүрген қорымызды шетелдегі кез келген банктер «тұтқындай алатын» болса, жағдайымыз мәз емес екен. Демек, Ұлттық қорды сақтау мен көбейтудің тиімді жолдарын ойластыру қажет. Үшіншіден, біздің 167 млрд қарызымыздың басым бөлігі банктер мен компаниялардың шетелден алған қарызына мемлекеттің берген кепілдігінен құралатынын да естен шығармайық. Ертең сол қарызды алған компаниялар уақтылы қайтара алмаса, тағы да Ұлттық қорға қол салуға тура келеді. Демек, үкіметтегі мамандар терең талдау жасай отырып, тиімсіз жобалар үшін алынатын шетелдік  қарыздарға кепілдік бермеуі шарт. Мүмкін, Ұлттық қордың жанынан қоғамдық кеңес құрылып, өзінің болашағын халықтың өзі бақылауға алғаны дұрыс болар.

Биыл журналистер лауазымды шенділердің жемқорлық істеріне қатысты зерттеу жүргізу бақытынан айырылды. Ол, әрине, былтыр қабылданған ақпарат заңы текпісінің арқасы. Енді баспасөз, журналистика саласы не болады?

Меніңше, ақпарат құралдары туралы заң жан-жақты талқыланды, бірақ билік өзінің көзқарасын өткізді. Байлық пен билік белгілі бір топтарда жинақталған сайын олар өздерінің сол байлыққа, сол билікке қалай жеткендерін жасыруға тырысады, өздеріне ұнамайтын деректердің жария болғанын қаламайды. Бұл тек адамдарда ғана емес, кез келген тіршілік иесінде болатын қорғану рефлексі. «Енді журналистік тексеру, зерттеу жасай алмаймыз» деп ренжіген журналист қауымды «ал біз қолды болып кеткен қазақ жерінің иелерін екі жыл бойы таба алмай жүрміз» деп жұбатқым келеді. (Айтпақшы, Сингапурдағы коррупцияны жоюдың ең бір тиімді тәсілі – журналистік тексеру болып табылған. Сингапур реформаторы Ли Куан Ю журналистік тексерудің жүзеге асуына барлық жағдайды жасаған.) Бір сөзбен айтқанда, билікті ұстап отырған топ өздерінің айтқанын істейтін парламентті жасақтап, өздеріне керекті заңды қабылдайды. Бұл – қарапайым саяси өмірдің заңы. Ертең билік ауысып, келесі бір саяси топ   билікті алса, олар да өздерінің саяси, экономикалық әлеуметтік көзқарастарына сай заңдарды қабылдайды. Екіншіден, мемлекет тарапынан цензураның орнағанына талай жыл болғандай. Демократиялық елдерде бюджеттен қаржыландыратын ақпарат құралы болмауы керек, бірақ бізде олар бар. Оларға біздің, халықтың ақшасынан миллиондаған қаржы бөлінеді де, дәл сондай басқа ақпарат құралдары  (тәуелсіз БАҚ-тар) ондай көмекті түсінде де көре алмайды. Мемлекет басшыларымен кездесуге бюджеттік БАҚ-тың өкілдері шақырылады да, басқа ақпарат құралының өкілдері бастарын да сұға алмайды. Бұл – нақты мемлекеттік цензура. Жақында тағы бір «қызыққа» тап болдым: жаңа жылдан кейін қазақ тіліне қатысты  (ұлтаралық, діни, әлеуметтік т.т қатысы жоқ) жазған бір сыни пікірім «Абай kz» сайтына шықты. Бір-екі сағаттан кейін одан бірнеше сайт көшіріп басқанын көрдім, ал тағы жарты сағаттан соң менің мақалам «Абайдан» да, басқа сайттардан да өшіріліп тасталынды. Мұны цензура емес деп кім айта алады? Қысқасы, билік ешқандай заң қабылдамай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын «реттей» алады деп ойлаймын.

– Халық қаржысының талан-таражға түсуі жайында елді елеңдететін тағы бір мәселе – зейнетақы қорларындағы қаржы. Табан ет, маңдай термен жиналған қаржымыздың тағдыры жайында не айтасыз?

Мен экономист емеспін, бірақ біздің зейнетақы қорымыз  жапан даладағы жайылып жүрген жабағы сияқты. Ол бәлекетті не ұрылар тұзақтап алып кете ме немесе қасқырдың қанды аузына түсіп қалар ма екен деп біз тызақтап, тыным таба алмай отырмыз. «Қарттықтың нәпақасын»  нарықтық экономикаға көштік деп жеке қорларға да бердік, кейіннен «олардан түк шықпайды, дұрыс басқара алмайды» деп қайтадан мемлекеттің қолына  тапсырдық. Енді «мемлекеттен де қолды болуы мүмкін» деген қауіп бар. Дегенмен өз басым жеке қордан гөрі мемлекеттің қарауына бергенді дұрыс көремін. Әңгіме оны пайдалануға қатаң қоғамдық бақылау қоюда. Егер ондай бақылау болмаса, «тиімді болар деп мына бір жерге біршама ақшаларыңды салып едік, бірақ атың өшкір компания банкрот болып қалыпты» деп мемлекеттік қор да аузы-мұрнын қу шөппен сүртіп отырады екен.  Бұндай қоғамдық кеңес құрылды да, бірақ көп кешікпей зейнетақы қорын басқарушылардың бұл кеңеске көп құқық бермейтінін білген азаматтар кеңестен кете бастады. Екінші мәселе – жауаптылықта. Әрбір басшы немесе қаржы маманы өздерінің қабылдаған шешіміне жауап беруі шарт. Бұл жауапкершіліктің Қылмыстық кодексте айқын орын алғаны да дұрыс. Сонда ғана банкрот болатын компанияларға немесе Әзірбайжандағы банкке халықтың ақшасын салғандар аяқтарын санап басар еді. Үшіншіден, зейнетақы қорын сақтауға мемлекет тарапынан кепілдік берілуі шарт. Егер қордағы қаржы тиімсіз жұмсалып, бір шеті үңірейіп қалса, оның жетпей қалған жерін Ұлттық қор жабуы керек деп білемін.

– Екінші деңгейлі банктерді құтқару үшін үнемі мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді. Биыл РБК банкін құтқару үшін әжептәуір қаржы бөлінді. Бұл қаншалықты заңды?

Өз басым, жалпы, банк жүйесіне мемлекет тарапынан қаржы беруді түсінбеймін. Жеке тұлғалардың немесе акционерлердің өздеріне пайда табу үшін тәуекелге барып банк ашуы – нарықтық экономиканың мызғымас заңдарының көрінісі. Ал экономикалық дағдарыс кезінде пайда таба алмай, банкрот деңгейіне жеткен банктерге халықтың ақшасын беру  ақылға сыймайды. Шынымды айтсам, 2008 жылғы дағдарыс кезінде де, 2016 жылғы дағдарыста та «Мерседестерін» сатып, «Жигули» мінген бірде-бір банк иесін көрмеппін.

– Тағы бір елді елеңдеткен, тіпті ерекше резонанс тудырған жер мәселесі  2017 жылы жаңа заңмен реттелді. Бірақ 2016 жылы осы заңның қабылдануына өре түрегеліп қарсы болған қазақ халқы  2017 жылдың соңында оның қандай шарттармен қабылданып кеткенінен бейхабар болып қалды. Өзіңіз жер комиссиясының мүшесі болдыңыз, жалпы, комиссия қалай жұмыс істеді? Сіздердің талаптарыңыз қаншалықты деңгейде заңнан көрініс тапты?

Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар дайындайтын жұмысшы тобына шақыру алдым, бірақ қаржылық мәселемен олардың отырыстарына қатысудан бас тарттым. (Өткен жылы, ұмытпасам, парламенттің төрт жұмысшы тобының мүшесі болып шақыру алдым. Бірақ Астанаға келіп-кету өзімнің тарапымнан екен. Бұны, өкінішке қарай, менің қаржылық жағдайым көтермейді. Әрине, шақырғандарына рақмет, алайда бұл бір ойын сияқты әсер қалдырады екен. Ертең билік «қоғамдық ұйымдардың өкілдерін  шақырып, заң дайындайтын топтарға кіргізіп едік, өздері келмеді» деуге жақсы). Сондықтан естігенімді айтайын: біріншіден, жер комиссиясында жарыққа шыққан біршама өзекті мәселелерді реттейтін заң баптары талқыланды және қабылданды. Бұлар: ауылдың жанындағы жайылымдық жер мәселесі, шекара аумағындағы жерлердің мәселесі, жерді бөлетін комиссиялар жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мәселесі т.т. Мойындауымыз керек, бұл да жетістік (парламентте ай сайын 1 миллион теңге жалақы алып отырған депутаттардың жұмысынан гөрі бес күннің ішінде жиналған 75 адамдық жер комиссиясының үш айдың ішінде 1 тиын да ақша алмай жасаған жұмысы анағұрлым тиімді болған сияқты).  Екіншіден, халықты көшеге шығарған екі мәселе нақты шешімін тапты деп айта алмаймын. Оның да себебі бар – біздің заңдарымызды, сол заңның баптарын түсіндіру үшін арнайы бір институт керек сияқты. Заңда «жер сатылмайды» деген бір ауыз сөз тіркесі болса жеткілікті. (Кезінде қырық жыл трактор айдаған бір ағамыз қартайғанда ауылдың молдасы болыпты. Құдайы, ас беру сияқты отырыстарда молда болған адам құраннан, хадистерден әңгіме қозғап, халықтың діни сауатын ашып отыруы керек қой. Әлгі ағамыз да бір отырыста қасындағы шал-шауқандарға «шариғаттың жолы бұраң-бұраң, каленвал сияқты» деп соғып отыр дейді). Сол ағамыз айтқандай, орысша жазылып, қазақшаға аударылғаннан кейін бе, әлде керек кезінде «ол бапты былай түсінеміз» деу үшін керек пе, әйтеуір, біздің заңдарымыз да бұраң-бұраң, бір бапты екінші баптың жоққа шығаруы ғажап емес. Екінші қажетті бап  «жер шетелдік компанияларға жалға берілмейді» деген сөйлеммен берілсе де жеткілікті. Мен «егер Қазақстанның басқа да заңдарында… басқаша көрсетілмеген жағдайда ғана…» деген сияқты екіұдай сөздерден қорқамын. Басты мәселелердің бірі – жердің қандай алпауыттардың қолында екені, олардың аты-жөні және олардағы жердің көлемі тағы да анықталмай қалды. Менің ойымша, билік осы мәселені сиырқұйымшақтандырып, ұмыттырып жібергісі бар.

– Кейбір сарапшылар Назарбаевтан кейінгі Қазақстан туралы мәселелер айта бастады. Жалпы, қазір билікте кадр тапшылығын әрі кландық топтардың өзара тартысын байқаймыз. Саяси күрес ары қарай қалай жалғасады деп ойлайсыз?

– Меніңше, ешқандай кландық күрес, олигархтық топтардың арасында билік үшін «қантөгіс соғыс» болмайды. Біздің олигархтар  ақылды, өлер жерін білетін жандар. Бір-бірімен ұстасудан ештеңе шықпайтынын олар жақсы түсінеді. Олар дөңгелек үстелдің басында өзара келісімге келіп, майшелпекті бейбіт түрде бөліп жеуге келіседі деп ойлаймын. Екіншіден, транзиттік мәселені қозғаудың өзі де ертерек сияқты. Президент әлі тың, тағы да сайлауға түсетіндігінде талас жоқ. Қазіргі биліктен бағытынан бөлек ұстанымы бар екінші бір саяси топты (партия, қозғалыс, клуб т.б.) көрмей тұрмын. Демек, қазіргі билік жүйесі жақын арада да, Назарбаев биліктен ресми кеткеннен кейін де осы бағытын сақтайды. Президенттің өзінің кейбір өкілеттілігін биліктің басқа тармақтарына беруі де, керек десеңіз, парламенттік республикаға көшу де ешқандай өзгеріс әкелмейді, себебі парламент те, атқарушы билік те, сот жүйесі де президенттің нұсқауымен жүріп-тұрады.  Бірақ саяси не әлеуметтік жарылысқа биліктің өзі-ақ алып келу мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Олардың, 2015 жылғы қазақ қауымының күтпеген тосын қадамдары «жер мәселесін» тудырды. Қазіргі «мектептердің жоғары сыныптарында ғылым негіздерін өзге тілде оқытамыз» деген негізсіз ұрандары да ертең шыдамның соңғы тамшысына алып келуі мүмкін.

– 2018 жылы Ресейде президент сайлауы өтпек, Өзбекстан мен Қырғызстанда жаңа лидерлер сайланды. Бұның геосаяси жағдайға ықпалы қандай болмақ?

– Ресейде Путиннің жеңетініне қазір ешкім күмән келтірмейді. Өзбекстанның президентінен де өзбек халқына ешқандай жақсылық күтпеймін (коммунистік партиядан шыққандардан өз басым  ешқашан демократиялық бағыттағы өзгерістерді күткен емеспін), алайда біздің елмен арақатынасымызды жақсартуға бағытталған жұмысына оң баға беруге болады. Қырғыз ағайындармен кейде қабақ шытысатынымыз бар, бірақ жаға жыртысуға ешқашан бармаймыз. Бұл туысқандықтың президенттердің атына да, затына да қатысы жоқ.

– Осыған орай, өткен жылғы тағы бір күтпеген оқиға – Алмазбек Атамбаевтың қазақ пен қырғызды шулатқан сөздеріне қандай баға бересіз?

Сөз жоқ, А.Атамбаевтың Қазақстан туралы, біздің президентке қатысты айтқандары  саяси мәдениетке жатпайды. Сондықтан Н.Назарбаевтың оған берген жауабы (президенттер келеді-кетеді, ал халық қалады) ұтымды да орынды болды. Бірақ президенттің бір ауыз сөзбен қойған нүктесіне көңілдері толмаған жоғарғы лауазымды басшыларымыз, кейбір саясаттанушыларымыз «Атамбаевқа жауап беру науқанын» бастап кетті.  Мүмкін, бұл да керек шығар. Бірақ Алмазбектің кейбір сөздеріне нақты деректерге негізделген дәлелді жауап берілген жоқ деп есептеймін. Бәрін тізбектеп жатпайын, бір-екеуін көрсетсем де жеткілікті болар. Мұның біріншісі – Бакиев туралы мәселе. Иә, қырғыздарда өз халқына оқ атқан Бакиевті жазадан құтқарған Қазақстан жағы деген пікір қалыптасқан. (Оның шындығын деректі фильмнен де көрдік. Осы жерде Гитлердің бұйрығымен фашизмнің негізін салушы Муссолиниді Италиядағы қамақтан құтқарған Отто Скорценидің «ерлігі» еріксіз есімізге түседі. Ол жерде де – десант, ол жерде де – ұшақ). Өз басым бұны  өзге елдің ішкі ісіне қол сұғу деп білемін. Демек, қырғыз жағының реніші орынды, дұрыс.

Екінші мәселе – екі елдің зейнетақысын салыстыру. «Қазақстанның әрбір азаматының табысы біздің азаматтардың табысынан 10 есе жоғары, бірақ олардың зейнетақысы біздің азаматтардың зейнетақысынан 1,5 есе ғана артық» деген сөзіне де біздің басшылар жауап бере алмады деп ойлаймын. Егер премьер-министріміздің Атамбаевқа жауап ретінде ресми жариялаған (Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктерінің тізімі) есебінде де бұл нақты мәселеге қатысты жауап бермесе, министріміз Тамара Дүйсенова ханым «олай емес, біздің зейнетақы 2,5 есе артық» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. (Өз басым  «Атамбаевтың дерегі дұрыс емес. Біздің табысымыз қырғыздардан 10 есе емес, 1,5 есе ғана артық» дегенді немесе «Жоқ. Біздің азаматтар қырғыздарға қарағанда зейнетақыны 10 есе көп алады» деген жауаптың біреуін күтіп едім). Шынында да, 10 есе болмаса да, 6 не 7 есе артық болуы керек қой.

– 2018 жылдың саяси-экономикалық келбетін қалай бағамдайсыз?

2018 жылы экономикалық жағдайымыз бұдан әрі де нашарлай түседі деп есептеймін. Демек, экономикаға байланған әлеуметтік жағдай да төмендейді. АҚШ пен батыс елдерінің Ресейге қойған экономикалық санкцияларының салдары келесі жылы өзінің «нәтижесін» беретіні сөзсіз. Ал Еуразия одағына кіріп, Ресеймен қаржы жүйесі де, экономикасы да біте қайнасып жатқан Қазақ еліне бұл санкция әсерінің тиетіні анық. Сондықтан белбеуімізге ішке қарай тағы бір тесік тесуге тура келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы

“Жас Алаш” газетінен