////

Дос Көшім, саясаттанушы: Президенттің басым дауыспен жеңіске жетуі – авторитарлық жүйенің қалыптасқан қағидасы. Өйткені Президент өзгелерден оқ бойы озық болуы керек

465 рет қаралды
Дос Көшім

Қазақстанда 2022 жылдың 20 қарашасына кезектен тыс сайлау өтті. 81 пайызбен атқарушы Президент Қ.К. Тоқаев басым дауыспен алға шығып, жеңіске жетті. Басқа кандидаттармен салыстырғанда аса алшақтықпен дауыс жинайтын үрдіс еліміздегі сайлаудың салтына айналып кеткен сияқты. Осы жайында біз 2005 жылы ұлтшылдардың республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі және бүгінге дейін сол бірлестіктің төрағасы Досмахамбет (Дос) Қалмаханұлы Көшіммен сұхбаттасып, пікірін алдық.

АВТОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕДЕГІ ҚАЛЫПТАСҚАН ТҮСІНІК – ПРЕЗИДЕНТ ӨЗГЕЛЕРДЕН ОҚ БОЙЫ ОЗЫҚ ТҰРУЫ КЕРЕК

 – Дос аға, сәлеметсіз бе! Елімізде өткен сайлау туралы пікіріңізді білсек деп едік?

– Осы өткен сайлау ма? Бұл сайлауға менің мүлдем қызығушылығым болмады, сондықтан ешқандай пікір білдіре алмаймын. Мен тек сайлауға қатысатын бақылаушыларды оқытып бердім, болды. Ал жалпы сайлау туралы ойымды білгіңіз келсе, онда айтып берейін.

– Жалпы сайлау туралы сөйлессек онда, Қазақстанда қалыптасып қалған дауыс санаудағы пайыздық алшақтық туралы не ойлайсыз? Бұрынғы сайлауларда да басты кандидат, бірінші лидер басым пайызбен, 72-82 пайыздармен жеңіске жетіп жүрді. Осы дұрыс па? Бұлай болуы мүмкін бе?

фото: Риа-Новости

– Бұл авторитарлық жүйенің көрсеткіші. Президент басқа үміткерлерге қарағанда оқ бойы озық тұруы тиіс. Басқа үміткерлердің алған дауыстарының пайызы Президенттің алған пайызына жақындамауы керек. Ондай бола қалса, қоғамда қазіргі Президентіміз басқа адамдармен тең дәрежеде деген ой туады, ондай ойды біздің билік жібермейді. Өйткені ол елден ерекше, өте ерекше болу керек, өте үлкен басымдықпен жеңіске жету керек. Үміткерлер де осы талапқа сай таңдалады. Басқа өркениетті елдерде жеңіске жеткен үміткер өзінен кейінгі үміткерден 1-2 пайыз дауыс айырмашылығымен жеңсе, біздерде 50-60 болуы шарт.

– Жақсы, ал осы үрдіс біздің елімізде өзгеруі мүмкін бе?

– Егер сайлау жүйесін дұрыстаса, өзгеруі де мүмкін. Алдымызда парламенттік сайлау болады деп жатырмыз ғой, егер соған дейін «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарды дұрыстаса, өзгертіп, қажетті толықтырулар енгізетін болса, сол өзгертулерді дайындауға, талқылауға азаматтық қоғам өкілдері, оппозициялық топтар, тәуелсіз бақылаушылар қатысатын болса, сайлау жүйесін де өзгертуге болады деп ойлаймын.

Өкінішке орай, қазіргі билік, «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген ұранды көтеріп жүрген билік, өзгерістердің барлығын өздері дайындап, өздері кесіп-пішіп барып бізге ұсынатын жолға түскен сияқты. Ал Референдумға шығарған, Конституциялық заң баптарын дайындауға Парламент те қатысқан жоқ… Соның нәтижесі болар, жоғарыдағы аталған заңдарға бірді-екілі толықтырулар енгізілді де, «сайлау заңын дұрыстадық!», «саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс енгізілді!» деп, сүйінші сұрағандай болды. Бұлардың барлығына Азаматтық қоғам қатысқан жоқ. Қысқасы, демократиялық реформаға тікелей қатысы бар заңдарды  қоғамдық деңгейде талқылау өткізіп, өзгертсе, мүмкін, сол уақытта бізде де нақты бәсеке болады. Ерікті, әділетті сайлау жүйесі қалыптаса бастайды. Бір күнде болады деп айта алмаймын, бірақ, егер «ескі Қазақстаннан» құтылғымыз келсе, осындай қадамдарға барумыз керек.

КӨП ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚАЛЫПТАСПАҒАН БІЗДІҢ ҚОҒАМДА ПАРЛАМЕНТКЕ САЙЛАУДЫҢ 30%-ы ЕМЕС, 70-ы МАЖОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕМЕН ӨТУІ ТИІС

– Қазір Сенатта мажоритарлық сайлау жүйесін бекітуді қарап жатыр, қалай ойлайсыз бұл елімізге өзгерістер әкеле ме?

– Ол туралы да Тоқаев мырза өзінің жолдауында айтқан болатын. Бірақ Мәжіліс депутаттарының тек 30 пайызы ғана мажоритарлық жүйемен сайланбақ. Шындығында бізде қазір  көп партиялық жүйе қалыптасқан жоқ. Оны бәріміз білеміз. Партиялардың қалай өткізілетінін, қалай тіркелетінін, өздеріне керек партияны қалай қолдан жасайтынын бәрін халық біледі.  Сондықтан бізге, «депутат – халық қалаулысы» деген ақиқатты жүзеге асырғымыз келсе, мажоритарлық жүйені бірінші орынға шығарғанымыз дұрыс еді. 70 пайызы бір мандаттық округтен, қалған 30 пайызын саяси партияларға берсе де, жетіп жатыр. Қазір мажоритарлық жүйемен 17 облыс орталығы мен 3 қаладан бір-бір адамнан ғана сайлана алады. Бұл мүлдем жеткіліксіз.

фото: Фейсбуктен

– Сайлаудың қорытындысы шықпай тұрып, Президент үкімет тарқамай ақ қойсын деп мәлімдеме жасады. Осы туралы ойыңызды айтсаңыз?

– Бұл пікірі дұрыс деп ойлаймын. Өзінің кеше ғана жасақтаған үкіметін сайлау өткеннен кейін ауыстырудың қажеттілігін көре алмай тұрмын. Әрине, егер басқа адам Президент болғанда атқарушы биліктің қайта жасақталатыны белгілі. Бірақ сол Президент қайта келгенде өзінің қойған атқарушы билігін қайта ауыстыру – ақылға симайтын мәселе.

– Яғни бұл шешімде қандай да бір саяси сауда болған жоқ қой?

– Жоқ. Авторитарлық жүйеде атқарушы билік ешқандай да шешуші рөль атқармайды. Олар – орындаушылар. Парламенттік басқару жолындағы мемлекеттерде сайлауда жеңіп шыққан партия атқарушы билікті жасақтайды және оның жұмысына өздері жауап береді. Ал президенттік басқару жолындағы елдерде атқарушы биліктің жұмысына Президент жауап береді. Осы бір жазылмаған заң авторитарлық жүйеде жұмыс істемейді екен. Бізде әлеуметтік-экономикалық жағдай төмендеп, халық толқи бастаса, бәріне кінәлі – атқарушы билік болып шығады да, президент әрқашан сүттен – ақ, судан – таза болып қалады.

БАҚЫЛАУШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢДАР СОҢҒЫ КЕЗДЕ ЖИІ БҰЗЫЛАТЫН БОП ЖҮР

– Сұхбатымыздың басында сіз бақылаушыларды оқытамын дедіңіз, бақылаушыларға қойылатын ең басты талап қандай жалпы? Бақылаушылар өздерінің міндеттерін біліп жатыр ма, әлде жай отырып қайта ма сайлауда?

– Бұл – бақылаушылардың өздеріне, оларды дайындаған ұйымдарға, оқытушылар мен тренерлерге байланысты. Меніңше, біздің бақылаушыларға мінез керек. Олар белсенді болса ғана жан-жақты бақылау жасап, хаттаманың рәсімделген көшірмесін алып шыға алады.

Ал ондай мінез болмаса, сайлау комиссиясының төрағасының «шық!» дегеніне үнсіз шығып жүре беретін болса, ондай бақылаушының барынан жоғы жақсы. Менің ойымша, Қазақстандағы сайлау кезеңіндегі ең басты мәселе – дауыстарды есептеу. Осы процестің Қазақстанда дұрыс, заңға сәйкес өткізілгенін көрмеппін. Осыған баса назар аудару керек. Мен бақылаушыларды оқытқан кезде осыған басым назар аударамын.

Бізде, дауыстарды есептеу кезінде, стационарлық, негізгі урнаны ашып, бюллетеньдерді столдың үстіне төккеннен кейін, сайлау комиссиясының мүшелері жан-жақтан айнала тұрып, бюллетеньдерді алып, әр үміткерге берілген дауыстарды топтай бастайды. «Сайлау туралы» заңда дауыстарды есептеу біршама анық жазылған. Ол жерде (43-бап) «Сайлау бюллетеньдерін санау кезінде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгілі бір мүшесі қатысушыларға  сайлау бюллетенін көрсетеді және сайлаушының ерік білдіруін жариялайды» деген сөз бар.

Демек әрбір бюллетень жеке көрсетіледі және оның ондағы дауыстың кімге берілгені дауысталып жарияланады. Бірақ мен әлі күнге дейін Қазақстанда  осы заң талабының жүзеге асқанын көрген жоқпын. Біреулердің «әр бюллетенді осылай санау ұзақ уақыт алады ғой» деуі де мүмкін. Естеріңізде болсын, заң бойынша, дауыстарды есептеуге 12 сағат уақыт бөлінген.

Соңғы жылдары, 2019 жылдан кейін, бақылаушыларға берілген құқықтарды шектеу бағытында да «жаңалықтар» болып жатыр. Біріншісі – сайлауды кез келген үкіметтік емес ұйым бақылай алмайды, тек қана Жарғыларында сайлауды бақылау мақсаты жазылған ұйымдар ғана бақылаушы қоюға құқығы бар деген өзгеріс енгізу тырысу. Осы арқылы біздің билік сайлауға бақылаушы қоятын ұйымдардың санын қысқартуды көздегені анық. Сол арқылы билік «Сайлау туралы» заңда көрсетілген (20-бап) «Қазақстан республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары» деп басталатын бапты жоққа шығаруға тырысты. Бұл бапты біз 2000 жылдары үлкен күреспен енгізген болатынбыз. Мақсат – сайлау барысы Азматтық қоғамның бақылауында болу қажеттігі.

Қоғамдық ұйымның түрлері өте көп. Біреулері – ауру балаларға көмек беретін болса, енді біреулері – экология мәселесімен айналысады, тағы біреулері – адам құқығы мен еркіндігін қорғаса, енді біреулері – білім бағытында жұмыс істейді. Бұлардың барлығы, бір сөзбен, Азаматтық қоғам өкілдері деп аталады.

Бақылаушыларға бағытталған екінші бөгет – бейнетаспаға жазу мәселесі болып табылады. 2000 жыл ҚР «Сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған комиссияның мүшесі болып, бақылаушыларға арнап біздің енгізген басты жаңалығымыз да осы болатын. «Бақылаушылар құқықтарының» 9-пунктінде «дауыс беру барысында және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға құқығы бар» деген жолдар бар. Соңғы уақытта біздің билік, Орталық сайлау комиссиясы «сайлау учаскесінен тікелей бейнежазба жүргізуге болмайды» деген заңсыз талапты енгізуге тырысып жүр.

Демек бақылаушылар туралы конституциялық заңға орталық сайлау комиссиясының шығарған нормативтік акті қарама қарсы болып тұр. Қысқасы, осылардың барлығы – бақылаушыларды қыспаққа алу, оларға мүмкіндік бермеудің нақты көрінісі деп білемін.

– Ондай болса Қазақстанда сайлау үрдісі өзгеруі үшін бақылаушылардың институты мықты болғаны дұрыс қой иә? Ал енді жеке бақылаушылардың мектебі, жалпы жеке институттар жасау сіздің жоспарыңызда бар ма?

– Жеке институт дегеніңізді мен түсініп тұрмын, қысқасы белгілі бір ұйымдар тек қана сайлауды бақылаумен айналысу керек деп есептейсіз ғой. Біз ондай қоғамдық бірлестікті 1999 жылы ұйымдастырдық және заңды тіркеуден өткіздік. Ол үшін мен сол уақытта Американың Демократиялық партияның жанындағы ең маңызды институттың бірі – Ұлттық демократиялық институтты шақыртып алдым, олар Қазақстанда филиалын ашты және біздің ұйыммен серіктестік шартына отырып, тәуелсіз бақылаушылар жүйесін құру бағытында бірлесе жұмыс істедік.

Мен алты жыл бойы сол қауымдастықтың (Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық Жүйесі) президенті қызметін атқардым. Сол уақытта біз тек қана сайлауларды бақылаумен, Парламенттегі депутаттардың жұмысының ашықтығы мен жариялылығын бақылаумен айналыстық. Әрине, жыл сайын сайлау болмайды ғой, ол уақытта біздер басқа да жобаларды жүзеге асырдық. Бірақ бақылаушылар институтын құру, бақылаушыларды оқыту, сайлау туралы заңды жақсарту – біздің ұйымның негізгі бағыты болып қалды. Халықаралық бақылаушылар да біздерді бірден бір маманданған бақылаушылардың құрылымы есебінде мойындады, Орталық сайлау комиссиясы да біздермен қоян-қолтық жұмыс істеді.

Сондықтан әрине, сондай бір үлкен ұйым болса жақсы болар еді. Меніңше, сайлауға бақылау қою 2019 жылғы президенттік сайлау кезінде белсенді түрде дамыды. Тәуелсіз бақылаушылар топтары аудандарда, облыстарда ғана емес, ауылдарда да пайда бола бастады. Соның арқасында «Мұқалмас» республикалық бірлестігі, тағы басқа бақылаушы ұйымдар  өмірге келді.  Әрине, бұлардың барлығы дерлік қысқа мерзімді бақылау жүргізумен шектелуде. Меніңше, ұзақ мерзімді бақылау жасауды да қаперден шығармау керек. Бұл болашақтың міндеті. Осы үшін де маманданған бақылаушы ұйымдар керек. Мысалы былтыр 2019 жылы «Аманат» деген ұйым азаматтық альянс құрды. Ол жерде 500-ге жуық ұйымдар бар азаматтық альянсте, солардың адамдары барлығы  дерлік бақылауға қатысты.

2019 ЖЫЛЫ ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ КЕМ ДЕГЕНДЕ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ 40-50% ДАУЫСЫН ЖИНАҒАН ЕДІ 

– Түсінікті, соңғы сұрақ, биылғы кандидаттар ішінен Қосанов Әміржан ағамызды көре алмадық, 2020 жылғы сайлауда 16 пайызбен озған, біршама дауыс жинаған бірден бір кандидат еді. Осы туралы не ойлайсыз? Неге ол қатыспады?

– Басында ол өзінің сайлауға қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Декларация, басқа жағынан өткен ғой, бес жылдық өтілімі бар деген сияқты, шарттарына сай келеді, мен қатысуға дайынмын деді ол. Әрине кез келген азамат сол талаптардан өтетін болса сайлауға қатыса алады.

Кейіннен өзі сайлауға қатысудан бас тартқанын естідім. Оның себептерін өзі түсіндірген де сияқты. Бірақ сіздің айтқандарыңыз дұрыс, авторитарлық жүйеде 16,2 пайыз алу – үлкен көрсеткіш. Жоғарыда айтып кеттік, авторитарлы жүйе ондай пайызды бере бермейді. Ұмытпасам, барлық оппозициялық партиялар бірігіп, бір ғана кандидат ұсынғанда, адамдары да жеткілікті, қаржылары да бар, бұқаралық ақпарат құралдары да бар оппозиция өкілі Жармахан Тұяқбай 5,6 пайыз алды…

Сондықтан бұл үлкен жетістік, бірақ, өкінішке орай, Әміржан Қосановтың экзит-полдан кейін өзінің жеңілгенін мойындағанына көптеген азаматтар реніштерін білдірді. Кейбіреулер жерден алып, жерге салды. Меніңше, сол арқылы қоғамда сайлауға түсуге деген қорқыныш, синдром пайда болған сияқты. Мүмкін, кейбіреулер «жеңіліп қалсам, бәрі жабылып, жамандайтын шығар» деп қорқатын да болар. Сол уақытта, менің ойымша, Қосанов кем дегенде 40-45 пайыздай дауыс алды. Алматының өзінде 600 участоктың тең жарты хаттамасы қолымызға түсті. Сол хаттамалардың көрсеткіші бойынша ол 70 пайыз дауыс жинаған. Өкінішке орай, оппозицияның өкілі болып табылатын Әміржанға оппозициямыз дейтін жандар қарсы шықты, қолдамады. Тек қана қазақ ұлтшылдары, тек қана қазақ қауымы қолдады.

– Сайлау мәдениетінің төмендігі де қосылды деп ойлаймын, өйткені ол 16 пайызды жеңіс деп, өте жақсы көрсеткіш деп, келесі сайлауға дайындалайық деп түсіндірді, алайда көбі оны түсінбеді. Бізде мүмкін елімізде сайлау мәдениеті төмен ба?

– Бізде сайлауды ерегіс сияқты қабылдайды. Өркениетті елдерде сайлау үстінде бір бірімен өте карама карсы пікірде болғандар, сайлау біткеннен кейін бірін бірі құттықтап жатады. Мысалы жеңілген Хиллари Клинтон жеңген Трампты құттықтады, ал Порошенко Зеленскийдің жеңісін мойындады. Шынын айтсақ, олардың бірін бірі атарға оғы жоқ. Бірақ бұл саяси мәдениеттілік. Қысқасы Әміржан Қосановтың сайлауға түсуі – қазақ қоғамын оятып кетті. Ең бастысы – билік өзіне қанша пайыз халықтың қарсы екенін өз көздерімен көрді деп ойлаймын.

Әңгімелескен Жұлдыз Ақтанжанова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар