///

Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесі берілмеді

4272 рет қаралды

4-қазан күні Қазақстан билігі Сайрагүл Сауытбайға «Босқын» мәртебесін беруден бас тартты. Бұл ресми ақпарат. Бұл ақпараттың рас-өтірігін білмек болып белгілі адвокат Абзал Құспан мырзаға хабарласқан ек, ол кісі де бұл ақпаратты растады.

Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға қасақана жасап жатқан сүргінінен сауға сұрап, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтіп келген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың мәселесі ең бірінші рет «Abai.kz» ақпараттық порталында жария болды. Порталдың редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлына, яғни осы жолдардың авторына Сайрагүлдің қайын інісі Нұрболат Асан келіп, істің мән-жайын егжей тегжейлі айтып берді. Жеңгесі үшін араша сұрады. Бұл 23-мамыр болатын. Биыл. Ал Сайрагүлдің ұсталып кеткен күні 21-мамыр еді.

Белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлге араша түсетінін айтып, ресми түрде адвокаттық көмегін ұсынды. Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы мен Нұргелді Әбдіғаниұлы Сайрагүл ісінде түнді таңғы ұрып, тәуліктеп ұйықтамай жүріп күрес жүргізді. Бұл жолда «Атажұрт» еріктілерінің өкілдері де бір кісідей көмек қолын созды. Ал «Abai.kz» ақпараттық порталы Сайрагүл ісіне қатысты ұзын-ырғасы 20-дан астам мақала жариялады.

Содан Сайрагүл мәселесі қазақ қоғамында қызу талқы болды. БҰҰ жанындағы Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары, шетелдік елшіліктер мен шетелдік БАҚ өкілдері Сайрагүл мәселесіне араласты. Нәтижесінде Қазақстан соты Сайрагүлге шартты жаза кесіп, Қазақстан аумағында қалдыру туралы шешім шығарды. Біз бұл бөлімді қысқартып айттық. Осымен бұл бөлім тәмам. Ал істің хронологиясын мына сілтемелерден оқып аларсыз, оқырман.

  1. https://abai.kz/post/70935
  2. https://abai.kz/post/71269
  3. https://abai.kz/post/71134
  4. https://abai.kz/post/71022
  5. https://abai.kz/post/70961
  6. https://abai.kz/post/72527
  7. https://abai.kz/post/72215
  8. https://abai.kz/post/72413
  9. https://abai.kz/post/72407
  10. https://abai.kz/post/72543

«Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді

25-шілде 2018 жыл. Сайрагүл Сауытбайдың кезекті соты Алматы облысы, Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында өтіп жатқан. Сол күні Қазақстан билігі Сайрагүл Сауытбайға атқарушы орган арқылы (яғни Көші-қон қызметі) «Пана іздеуші тұлға» куәлігін тапсырды. Бұл кезде Сайрагүл сотының шешімі қай жаққа ауатыны белгісіз кез еді.

«Пана іздеуші тұлға куәлігі» «Босқын мәртебесін» сұраған адамға беріледі. Сайрагүл Қазақстаннан «Босқын мәртебесін» сұраған еді. Көші-қон қызметі Сайрагүлдің өтінішін қарауды сол кезде бастап кеткен.

«Босқын мәртебесін» беруден бас тартты

4-қазан 2018 жыл. Арнайы құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайға «Босқын мәртебесін» беруден бас тартты. Шешім қағаз түрінде адвокат Абзал Құспанның қолына әлі тимеген екен.

Біз адвокат Абзал Құспаннан осы мәселеге қатысты пікір сұрадық. Неге бұлай болғанын, комиссия отырысына неге қатыспағанын сұрадық.

БҰҰ-дан осы шешімге қарсы Қазақстан билігіне нота жолдауды талап етемін

Абзал Құспан, заңгер:

-Нұргелді, Талдықорған қаласында бұл мәселе қаралды.  Сайрагүл Сауытбайға «Босқын мәртебесін» беру, бермеу жөнінде жиын өтті. Қазір «Босқын мәртебесін» берудің тәртібі өзгерген. Ол бойынша тек қана Қазақстан Үкіметі өзі шешеді. Үкімет атынан бұл істі қарайтын Көші-қон комитеті. Бұған басқа да мемлекеттік орган өкілдері қатысады. Комиссиялық тәртіпте қаралады.

Осы комиссия «Босқын мәртебесін» беруге негіз жоқ деп тапқан. Мен үшін бұл тосын жаңалық болды деп есептемеймін. Бізге Қытай үкіметінің ықпалын бәріміз де білеміз. Қытай Қазақстан үшін өте ықпалды мемлекет. Сондықтан, өз басым осындай жағдай болып қалуы мүмкін-ау деп, алдын-ала қамданып, Халықаралық шарттарды зерттегенмін. Бұл шешімді қағаз түрінде қолыма алған жоқпын. Алдымыздағы дүйсенбі күні тиеді қолыма.

Енді мен шағымды БҰҰ-на жасамақпын. БҰҰ-да бұған қатысты екі комитет бар. Біріншісі – БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы Комиссариат. Екіншісі – БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті бар. Мен арызды осы жерге жазамын. Өйткені, осыдан 1,5-2 ай бұрын аталған комитет дәл осы Батыс Қытайдағы аз ұлттарға қарсы сүргінге қатысты резолюция қабылдаған. Онда аз ұлттарға, соның ішінде қазақ, ұйғыр, дүнген ұлтының өкілдеріне қатысты азаптау фактісі бар екенін дәлелдеп, резолюцияда көрсеткен.

Осы екі комитетке арыз жазып, Қазақстанның шығарған шешіміне қарсы Қазақстан билігіне нота жолдауды талап етпекпін. Қазақстан БҰҰ мүшесі. Сондықтан, оның белгілі бір талаптарына жауап беруі керек.

Ол енді хаттамалық шешім қолыма тиген күні, бас тартуда қандай негіздерді басшылыққа алғанымен танысып шыққанан кейінгі шаруа.

Бұл да күрестің бір жолы. Бұл ұйымдар нота жіберген жағдайда Қазақстан Үкіметі осы комиссия отырысын қайта қарауға құқылы болады. Нота Қазақстан билігіне жолданады ғой. Бірақ, қандай жағдайда да орындаушы – Көші-қон комитеті болады. Ал барлық Халықаралық құжаттар Сыртқы істер министрлігі арқылы түседі.

Ал комиссия шешімі заңға және логикаға сәйкес келмейді. Өйткені, бұдан бұрынғы шығарған Сот үкімі мен мынау комиссия шешімі бір-біріне қарама-қайшы.

Бұл бағытта күрес жалғаса береді. Бір кездері кей жұрт әртүрлі пікірлерді айтты ғой. Кейбіреулер үшін бұл сондай бір жеңіл іс болып көрінді. Шын мәнінде бұл өте күрделі іс. Осы істің басы-қасында жүрген өзің жақсы білесің… Қаншама ұйқысыз түндер өтті. Қаншама шапқылаулар болды…Қаншама хаттар жазылды. Енді осы жұмыстар қайтадан жалғасын табатын болады.

Көптеген Еуропалық Адам құқытарын қорғау жөніндегі ұйымдарға байланысқа шықтым. Олар қолдайтын ниеттерін білдірді. «Human Right Watch» ұйымына да хабарлама жібердім. Олар да бұл іске араласатын болады. 

Ал неге комиссия отырысына қатыспадым дегенге келсек, ол комиссия отырысы 4-қазан күні өтті. Ал маған 3-қазан күні түс шамасында хабарлап айтты. Онда да телефон арқылы ғана. Мен Атырауда бір процессте едім. Физикалық жағынан үлгеріп келе алмайтын болдым.

Бір қызығы әлгі комиссияға Астанадан құзырлы орган өкілдері келіп қатысқан. Олар үлгеріп келді ғой. Демек, комиссия отырысы қашан өтетіні ертерек белгілі болған. Оларды шақырған Ал маған міне, болады дегенде хабарлап отыр. Онда да Сайрагүлге хабарласа алмаған соң, маған шығыпты. Сондықтан бұл аяқ-астынан қабылданған шешім дегенге сенбеймін.

5-қазан(күн 6-на ауысқан). Түнгі сағат 01:24. Біз Сайрагүл Сауытбайға хабарластық. Комиссия отырысы қалай өткенін, оған кімдер қатысқанын сұрап-білдік.

Босқын мәртебесі берілмесе құжатсыз қалай жүремін?

Сайрагүл Сауытбай, этникалық қазақ:

-Нұргелді, өзіңіз жақсы білесіз, екеуіміз Көші-қон қызметінен шақырту күтіп жүргенбіз. Бір құжаттарды толтырамыз деп жүрдік. Ал 3-қазан күні түстен кейін маған хабарласып, комиссия отырысы өтетінін хабарлап айтты. 4-қазан күндізгі сағат 10:00-ге шақырған. Отырыс шамамен 10:30-да басталды.

Ол жерде 10 адам отырды. Бір әйелден басқасы қазақша біледі екен. Ал әлгі әйел БҰҰ өкілі екен. Тек ағылшынша сөйлейді екен. Ол кісімен тілдесе алмадым.

Әуелі олар менің адвокатымның қайда екенін сұрады. Үлгеріп келе алмағанын айттым.  Менің ісімді 1 сағатқа жетер-жетпес уақыт қарады.

Ең алдымен,  «заңсыз өтіп келудегі себебің не», деп сұрады. Сотта айтқандай, барлығын түсіндіріп айтып бердім.  «Күйеуіңіз 2010 жылы зейнетке шығып келгенде, сіз неге зейнетке шығып келмедіңіз», деп сұрады. Мен зейнетке шығуға жасым мен еңбек өтілім толмайтынын айттым.  Сосын олар, «күйеуіңіз неге сізге шақырту жібермеген» деді. Шақырту жіберген. Ол шақырту почта арқылы жеткенде, Қытайдағы қауіпсіздік қызметі конвертті ашпастан алып келуімді тапсырды. Мен сөйттім. Олар әлгі шақыртуымды алып қойды. Оны да түсіндіріп айттым. Осы мағынадағы сұрақтарды қойды да, жауабымды естіген соң, менен сыртқа шыға тұруымды сұрады. «Өзіміз ақылдасамыз» деді.

5 минуттан соң іштен бір кісі шығып, менімен жеке сөйлесті. «Сізге Босқын мәртебесін беретін болса, екі ел қарым-қатынасына сызат түседі. Сол себепті комиссия сізге «Босқын мәртебесін» беруден бас тартты. Қазір ішке кірген соң, сізге осы шешім айтылады. Сіз келісемін деп жауап бересіз», деді. Ол өзі әскери адам емес, кәстөм киген кісі екен.

Сосын мені ішке шақырды. Кірдім. «Біз ақылдасып, сізге «Босқын мәртебесін» беруден бас тартамыз» деді. Мен тағы себебін сұрадым.  «Босқындар заңының 1-бабының 12-тармағына сәйкес» деп жауап берді. «Басқа айтарыңыз бар ма» деп сұрады. «Отбасым, бала-шағам осында. Солар үшін келдім. Қазақстан менің тарихи Отаным. Отбасым мен Отанымнан айырмасаңыздар екен» дедім.

Айтпақшы, сосын ақырында комиссия мүшелеріне адвокатымның БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Комиссариатына және Азаптауға қарсы комитетке арызданғанын айттым.

Ол жерде БҰҰ өкілі отырған. Сол әйелден сұрап еді, әлгі кісі ондай арыздың БҰҰ-ға түскенін, қазір қарастырылып жатқанын айтты.

«Босқын мәртебесі берілмесе, құжатсыз қалай жүремін» деп сұрадым. Себебі, «Пана іздеуші тұлға» дейтін куәлігімнің мерзімі 25-қазан күні аяқталады.

«Оны Сотқа арызданасыз. Сол бойынша уақытын ұзартуға болады. Онсыз біз ұзарта алмаймыз» деп қысқа қайырды. Айтпақшы, сонда отырғандардың біреуі «ол куәлігіңіздің мерзімі аяқталса, әрі созса 1 жылға дейін ғана созып жүресіз. Одан кейін Қытайға депортациялайды. Сондықтан адвокатыңызға айтыңыз» деді. Сөйтіп, мен әлгі жерден шығып кеттім. Болғаны осы.

Қазақ үкіметі қазақ келіншегіне араша түсе алмады

Сайрагүл Сауытбай ісі сотқа жіберілгенге дейін Талдықорған қаласында уақытша ұстау изоляторында қамауда отырды. Оған «Босқын мәртебесін» беру туралы өтініш те Талдықорғанға тапсырылды. Сондықтан да облыстық Көші-қон комитеті Сайрагүл Сауытбайдың ісін қараумен тікелей айналысты.

Жоғарыда адвокат Абзал Құспан БҰҰ жанындағы Азаптауға қарсы комитет Батыс Қытайдағы этникалық азшылық өкілдеріне қарсы қудалау және азаптауға қарсы резолюция қабылдағанын айтты.

Айтпақшы, қазақстандық ақпарат бұл жайдан әлі бейхабар. Дегенмен, ағылшын тілді ақпарат Қазақстан Үкіметінің ұлты қазақ Сайрагүлге «Босқын мәртебесін» бермегенін жарыса жазып жатыр. Солардың бірсыпырасына шолу жасап шықтық, және.

«Star-telegram.com» дейтін сайт бұл. «Қазақстан Қытайдың бұрынғы камп қызметкеріне баспана беруден бас тартты» (Kazakhstan denies asylum to ex-Chinese camp worker) атты мақала жариялады.

https://www.star-telegram.com/news/nation-world/world/article219546100.html

«Бұл ретте Қазақстанның Қытай инвестициясына тәуелділігі артып келе жатқаны мен қоғамдық ортаның Қытайдың батысындағы этникалық қазақтарға араша сұрап қысым көрсетуінің арасындағы нәзік позицияны ескеру керек» (The case highlights the delicate position that Kazakhstan finds itself in at a time of growing reliance on Chinese investment as well as mounting pressure from the public to protect fellow Kazakhs in China’s western regions) деп жазады.

«Қытай Президенті Си Цзиньпиннің «Жол картасы» деп аталатын инфрақұрылым мен сыртқы саясатқа бағытталған триллиондық жобасында Қазақстанның айтарлықтай рөл ойнайтынын және Қорғас арқылы тауар тасымалында транзиттік рөлі ұлғайып келе жатқанын айту керек» (In recent years, Kazakhstan has played an increasingly prominent role in Chinese President Xi Jinping’s signature, trillion-dollar foreign policy and infrastructure project known as the Belt and Road Initiative, with the transit hub of Khorgos playing a key role for the movement of goods) деп жазыпты.  Айтпақшы, бұл сайт «Associated press» агенттігіне сілтеме жасапты.

«Channelnewsasia.com» дейтін тағы бір ағылшын тілді сайтта «Қазақстан Қытай лагерінде тәрбиеден өткен адамға саяси баспана бермеді» атты мақала жарияланды.

https://www.channelnewsasia.com/news/asia/kazakhstan-denies-asylum-to-china–re-education-camp–whistleblower-10797162

Сайрагүл сөз арасында өзіне «Босқын мәртебесін» бермеуде Босқындар туралы заңның 1-бабының 12-тармағы негізге алынғанын айтты. Сонымен біз ҚР 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 216-IV Заңына аз-кем шолу жасап шықтық.

Конституцияда айқын көрсетілгендей, Қазақстан Үкіметі босқын қабылдайды. БҰҰ-ның 1951 жылы қабылдаған «Босқын мәртебесін беру туралы» Конвенциясы мен 1967 жылы қабылдаған Протоколына қол қойғанбыз. Ондағы талаптарды қабылдап, босқындар қабылдайтын елдер қатарына қосылғанбыз. Бұл бойынша жеке өміріне қауіп төнген, сөйтіп бізден сауға сұраған жанға босқын мәртебесін беріп, арашалап қалуға келіскенбіз.

Заңға шолу

Жоғарыда Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар ұйымының «Босқындар туралы» Конвенциясына қосылғанын айттық. Ол бойынша біздің Үкімет саяси қудалауға түскен шетелдік тұлғаларға босқын мәртебесін бере алады. Тіпті, сондай мәртебені, босқын куәлігін біраз адамға бергенін де айттық.

Бізде «Босқындар туралы Заң» бар. 2009 жылдың 4 желтоқсандағы N 216-IV Заң. 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енген. Қазір қолданыста осы Заң. Енді осы Заңнан бірлі-жарым үзінді келтірейік. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z090000216_

«Босқын – нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қауіпінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам». Бұл «Босқындар туралы Заңның» 1-бабы, 1-тармағы.

«Пана – пана іздеген адамдарға босқын мәртебесін беру жолымен Қазақстан Республикасының аумағында қорғау ұсынылуы». Бұл жоғарыдағы Заңның 1-бабы, 5-тармағы.

«Пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам». 1-бап, 6-тармақ.

«Пана іздеген адамның куәлігі – босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат». 1-бап, 7-тармақ.

«Пана іздеген адамдарды және босқындарды осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес пана алу құқығымен қамтамасыз ету». 4-бап, 1-тармақ.

«Пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу». 4-бап, 4-тармақ.

«Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ аталған комиссияны құрады». 6-бап, 13.

«Уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды». 11-бап, 1-тармақ.

«Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады». 11-бап, 1-тармақ, 2-абзац.

Пана іздеген адамның:

-Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі арқылы босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат беруге;

-шағымдану мерзімдерін қоса алғанда, босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат бойынша шешім қабылдау рәсімі аяқталғанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасында болуға;

-Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне;

-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;

-мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар;

-босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дәйекті мәліметтерді хабарлауға;

-денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті медициналық тексеріп-қаралудан өтуге;

-Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға толық құқы бар.

Қазақстан Ауғаннан ауып келгендерге босқын мәртебесін берген

Күні бүгінге дейін Қазақстан Үкіметі 700-ге жуық адамға саяси босқын мәртебесін берген екен. Бұл 2017 жылғы дерек.

Олардың 90 пайызы Ауғаннан келгендер екен. Біздің елден баспана алған босқындардың сойы Сүрия, Сомали, Өзбекстан, Таяу Шығыс пен Мысырдан. Бұл БҰҰ Жоғарғы басқармасының Орталық Азия істері жөніндегі өкілі Эдуарда Ирезабальдың дерегі.

Ал ҚР ІІМ 2016-2017 жыл аралағында 88 адам босқын мәртебесін алды деп отыр. Ауған, Сүрия мен Украинадан 16 отбасы көшіп келген екен. 2016 жылы 70 адам келген. 13 отбасы және 15 жекелеген тұлғалар тіркелген. Оның ішінде 68 адам Ауғандық. 1 адам Украинадан, 1 адам Сүриядан қашып келген.  Ал 2017 жылы 18 адамды қабылдаптық. 3 отбасы және 1 жеке тұлға. Бұл 18 адам Ауғанстаннан ауып келгендер.

Түйін. Біз Қазақстанның 2009 жылдың 4-желтоқсанында қаралып, 2010 жылдың 1-қаңтарында қолданысқа енгізілген «Босқындар туралы» Заңынан бірлі-жарым мысал тердік.

Енді бұл мысалдарды Сайрагүл ісіне қатыстыра отырып, түйін сөз жазайық. Сайрагүлдің отбасы, екі баласы Қазақстанда тұрады. Олар толыққанды ҚР Азаматтары. «Пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу» 4-бап, 4-тармақ. Сайрагүлдің жағдайы осы талапқа әбден сай келеді.

Қазақстан Үкіметі сонау 2010 жылдан бері 700-ге жуық шетелдікке босқын мәртебесін берген екен. Олардың дені Ауған асып жеткендер. Атасы басқа, тегі бөтен талай жұртты табалдырығымыздан аттатқан Астанадағы ақ жағалылар нәмі қазақ Сайрагүлге сауға түспесе, масқараның көкесі сол болмай ма?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

тақырыбы өзгертілді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері