///

ҰБТ-дан шыққан дау: Қабатовтың танымалдығы қай тармақты елеусіз қалдырды…

3420 рет қаралды
1

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деген тіркестегідей, о баста бұл дау 4 түлектің жалған құжатты пайдалануынан басталып еді. Алайда арада бір ай өткесін танымал адамның аты аталып, мәселе нақтылықтан даурықпаға ауып кетті. Оқиғаға байыппен тағы бір мән берсек, ол былай басталып еді…

15 маусым күні Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов ФБ парақшасында ҰБТ-ға тест тапсырушыларды кіргізу барысында 4 түлектің орнына 4 студенттің кіргені жайлы жазды. Атқарушы директор этиканы сақтай отырып, ешкімнің атын атамай, жасалған және түпнұсқа құжаттардағы адамдарың тегі мен суретін, әкесінің аты мен ЖСН номерін бояп жариялады.

«Мектепті бітірмей қылмыскер болып шықты

Ал бұл пост қалжың емес, өкінішке орай оған да жеттік

ҰБТ 2021-ге +1 қылмыстық іс: ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 2-бөлімі (Жалған құжаттарды қолдан жасау) бойынша.

ҰБТ-ға кіргізу барысында 4 түлектің орнына (оның ішінде 1 «Алтын белгі» иегері) 4 студент кіруге тырысты.

ҰТО директорының м.а. Наужан Әбдісатарқызының Наужан Дидарбекова басшылығымен, Орталықтың кәсіби қызметкерлерінің көрсеткен қырағылығы мен UStudy Kazakhstan , Олжас Куспеков Biometric заманауи сәйкестендіру технологияларының барында мұндай әрекеттер тіпті орынсыз.

Қылмыстық жауапкершілікке елордалық білім беру орталығының өкілдері де тартылатын болады.

Өз болашағыңызға балта шаппаңыз!»

Пост мәтінінде өте жауапты кезеңде жауапсыздық болғаны анық жазылғанымен, желіде қызу талқы тудыра қоймады.

Ал, арада тура екі ай өткенде яғни 15 тамыз күні осы жауапсыздық жайлы адвокат-блогер Абзал Құспан танымал адамның атын атап, түсін түстеген пост жазды.  1000 адам оқып, 1400 адам комментарий жазып, 252 адам бөліскен «Тұрсынбек бауырымнан көңілім қалды» атты постың мәтіні мынадай:

«Алматыда қат-қабат шаруалардан, кездесулерден қол босамай тұр. Бірақ, кеше ҰБТ/ЕНТ қорытындысы шыққасын, әзірге өзіме ғана белгілі мына бір хабарламамен бөліскім келеді. Бұны маған жолдаған источник – жеке өзім танитын 100% сенімді адам. Стилистикасы сақталады. Істің номері, астанадағы қай аудандық полиция тергеді, т.б., мән-жайлар туралы қолым босағанда, қосымша жазатын боламын.

«13 маусым күні Әдемі Тұрсынбекқызы Аманғалидың орнына тестілеуге ЕНУ-дың 2 курс студенті, грантта оқып жүрген Сымбат Қанай тест тапсыруға кірген. Тұрсынбектің қызы жалған құжат жасатқан. Алдында Тұрсынбектің қызы сәуір, мамыр айларында бірнеше рет тест тапсырып , төмен балл (60 балға жетпеген) жинаған. Қызы Астанадағы ең үздік деп танылған мектепті Алтын белгіге бітірген. тестілеуге кіру барысында барлық тестіленушілер, Тұрсынбектің қызының орнына басқа тұлғаның жалған құжатпен кіргеніне куә болған. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды, алайда Тұрсынбектің қызы құтылып кетеді деп отырмыз. Өйткені жалған құжатты дайындаған адамды ғана кінәлі деп танып отыр”.

Бір қызығы Дидар Смағұлов жазған посты 802 адам оқып, 446 пікір жазылып, 116 адам бөліскен екен. Бұл екі посты оқыған және пікір жазған адамдардың сан айырмасына қарап, танымал адамның қоғамдағы жайттарға ықпалы қандай болатынын айыруға болатындай… Осы постан соң желіде шу басталды. Оны қолданушылар екіге жарылды, бірі сықақшы Тұрсынбек Қабатовқа қаратып неше түрлі бейәдеп сөздер жаза бастады, енді бір тобы оны ақтап шықса, аракідік жағдайдың байыбына барайық дегендер де болды.

Тіпті Қабатовты ақтап алғысы келгендердің ішінде  «Баласы үшін любой ата-ана қолдан келгенін жасайды. Қолдарыңнан келсе, сендер де істеңдер», «… Қолынан келсе қонышынан бассын, Тұрсынбекке жарасады» деген пікірлер де болды.

Арада бір-екі күн өткесін Тұрсынбек Қабатов видео арқылы оқу орталығының өкілі Нұрбекпен сөйлескен диалогын жариялады. Оны да қоғам екі жақты қабылдап, бір тобы ойын, спектакль десе, бір тобы рас шығар деді. Сықақшыны ақтағандардың арасында әнші Бағлан Әбдірайымов тіпті «сөз көтере алмай көз жұмған» қыздарды мысал етіп, Қабатовтың қызын қолдауға шақырыпты.

Ал 31 арна таратқан ақпаратта Тұрсынбек Қабатов өзінің қызы ҰБТ ға дайындалған оқу орталығының жетекшісі Бауыржан Жәдігеров пен Нұрбек Қанайды танымайтыны айтты.

Осы ақпаратта Әдемі Аманғалидың орнына Сымбат Қанай, Саодат Алиеваның орнына Дана, Бексұлтан Қаршығаның орнына Нұрлыбай, Күзенов Темірланның орнына Нұрислам есімді азаматтар кіргені айтылған, олардың барлығы студент екен. Нұрбек Қанайдың айтуынша бұл төрт түлектің ата-анасы да жалған құжат жайында хабарсыз көрінеді.

Байқап қарасақ, қоғам назары Тұрсынбек Қабатов пен оның қызына ауып, қалған төрт бала туралы сөз қозғалмай қалды. Және бұл жайтта ҚР Қылмыстық кодексі 385 бабы бойынша (жалған құжат жасау) қылмыстық іс қозғалғанымен, осы баптың 3-тармағы (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша іс қозғалмаған.

Мінбер.кз осы сауал бойынша істі жүргізіп жатқан Берік есімді тергеушіге хабарласқан еді, ол еңбек демалысында екенін айтып, баспасөз қызметіне хабарласуды сұрады. Ал Астана қаласы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда  «Ағымдағы жылдың 13 маусымында «102» арнасына Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлерінің жалған жеке куәліктері бар түлектерді анықтағаны туралы хабарлама келіп түсті. Тергеу барысында жалған куәлік жасаған 22 жастағы күдікті анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 385-ші бабына сәйкес, жалған ресми құжатты қолдан жасағаны үшін күдіктінің кінәсі дәлелденсе 2 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деген жауап алдық.

Ал «Жалған куәлікті пайдаланған азаматтарға іс қозғалды ма?» деген сауалымыз жауапсыз қалды. Бұл орайда жалған құжатты пайдаланған адамдар да жауапқа тартылуы керек екенін адвокат Абзал Құспан да жазған еді. Істің жабық жағдайда өтіп жатқанын айтқан Дидар Смағұлов та өздерінің сұранысына сай жауап ала алмағанын айтқан.

Алайда, 385 баптың үшінші тармағы яғни «Көрінеу жалған құжатты пайдалану» бойынша  қандай да бір іс қозғалғаны жайлы ресми орындар ештеңе айтпады. Дидар Смағұловтың айтуынша, биылғы ҰБТ да жалпы саны 18 адам тестке заңсыз кіргісі келгені анықталғанымен, бірде бір іс аяғына дейін жетпепті.

Бұл оқиғаға танымал адамның қызының қатысы болмағанда әдепкі істің, көп қылмыстың бірі болып қалар ма еді?!. Осы оқиғада танымал адамның аты аталуы қоғам тұрғындарының құқықтық сауатының деңгейін байқатып,    қарапайым адамдар арасында «танымал адамдарға бәрі болады, олар бәрін ақшаға сатып алады, қылмыс жасаса құтылып кетеді» деген түсініктің әлі де бар екенін көрсетті. Бұл түсінікті 385 баптың үшінші тармағы бойынша іс қозғалған қозғалмағанын ашып айтпай отырған полиция департаменті тіпті қоюландыра түскендей…

Ақпарат ашық әрі нақты айтылып, «еститін үкіметтің» құзырлы органдары халық алдында ашық болғанда мұндай түсінік қалыптаспайтын еді. Ал әзір ҰБТ кезінде болған жауапсыздық танымал сықақшыны табалаушылар мен  оның ақталуының тасасында қалып қойғандай…

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар