//

ҰБТ-дан шыққан дау: Голливуд актрисалары сотқа тартылыпты. Ал, Қабатов ше?

2913 рет қаралды

Соңғы бір апта бойы біздің қоғам ҰБТ-дан туындаған дауды талқылап жатыр. Бұл жерде қоғамды қызықтыратыны ел алдында беделі зор, қазақ шоумені Тұрсынбек Қабатовтың қандай жаза арқалайтындығы. Әзірге Тұрсынбек Қабатов бұл істен бейхабар екендігін айтып, “судан ақ, сүттен таза” болып шығуға әрекет етуде. Ал, құқық қорғау органдары  тек жалған құжат жасаушылардың үстінен іс қозғап, жалған құжатты пайдаланушылардың ісін үнсіз жауып қойғанға ұқсайды. Бұл туралы “Мінбер” сайты “ҰБТ-дан шыққан дау: Қабатовтың танымалдығы қай тармақты елеусіз қалдырды”… атты мақала жариялаған еді.

Дәл осындай оқиға осыдан екі жыл бұрын  Американың Калифорния штатында болған екен. Голливудтың екі актрисасы Фелисити Хаффман мен Лори Лафлин қыздарын Америкадағы беделді оқу орындарына  түсіру үшін осындай қитұрқы әрекетке барған. Екі актрисаның жасаған қылмысы және қылмысты ұйымдастыру әдісі бірдей болғанымен, берген парасы әртүрлі деңгейде екен. Америкада  оқуға түсу үшін талапкерлер тапсыратын тест SAT деп аталады. Scholastic Aptitude Test – мұндай тестің Америка қоғамында пайда болғанына 90 жылдай уақыт. Бұл біздің ҰБТ-ға ұқсайды.

Актрисалар қыздарының осы тестіден жақсы ұпай жинауы үшін аталған оқу орнының қызметкері Уильям Сингермен ауыз жаласады. Сөйтіп олар жалған қайырымдылық қорын құрып, сол қорға ақша аудару арқылы пара беруді жоспарлаған. Бұл ретте Фелисити Хаффман (Felicity Huffman ) 15 000  доллар аударады. Бұл қитұрқының тікелей авторы екендігін мойындаған Уильям Сингер оның қызының жауаптарын басқа біреудің жазуын қамтамасыз етуді мойнына алады. Бұл схеманың нәтижелі болғаны соншалық Хаффманның қызы 1420 ұпай алады, бұл бұған дейінгі алдын ала сынақ барысында алып жүрген ұпайдан 400 баллға дейін артық. 

Дәл осы схеманы ол екінші қызына да қолдануды жоспарлайды. Алайда прокурорлар бұл жоспардың жүзеге аспай қалғанын, өйткені кіші қызы емтиханды өз күшімен тапсырғанын анықтайды.

Ал Лафлин (Lori Loughlin)  мен оның күйеуі дизайнер Моссимо Джаннуллиге тағылған айып бұдан да күрделірек. Бұл жерде олар екі қызының Оңтүстік Калифорния Университетіне (USC) түсуі үшін 500 мың доллар төлейді. Олардың Университетке түсуін жеңілдету мақсатында Уильям Сингер жалған спорт аттестаттарын дайындайды.  Үлкен қызының Оңтүстік Калифорния Университетіне түсетіні нақтыланғаннан кейін олар аталған қайырымдылық қорына 200 мың доллар аударады. Екінші қыздары үшін де осындай қадамға барады.

Прокурорлар жас қыздардың ата-анасының бұндай әрекетінен бейхабар екендігін айтқанымен, жоғары оқу орны қыздардың оқудан шығарылатынын мәлімдеген.

Әрине бұл оқиға Америка қоғамында үлкен резонанс тудырады. Бұл әсіресе, белгілі актрисалардың беделі мен имиджіне нұқсан келтіреді. Бұған дейін сүйікті ана, адал жар әрі отбасының ұйытқысы рөлдерін сомдаған бұл актрисалар бірден жұмысынан айырылады. Актриса Хаффман бұған дейін көпшілікке “Desperate Housewives” (“Үмітсіз үй шаруасындағы әйелдер”) сериалы арқылы жақсы таныс. Күйеуі Уилльям Мейси (William H. Macy) екеуі “Оскарға” үміттілердің арасында болған. Netflix Хаффманның қатысуымен түсірілгелі жатқан “Otherhood” (“Өзгеше”) комедиясынан бас тартты.

Ал, Hallmark Channel  Лори Лафлинмен арадағы келісім шартын арықарай жалғастырмайтынын мәлімдеген. “Fuller House” сериалындағы Лори Лафлиннің рөлі де тоқтамақ.

Онымен қоймай қыздардың болашағына да балта шабылды. Оқу орындары оларды оқудан шығармақ.

Ал бұл танымал актрисалар заң бойынша қандай жаза арқалады?

Фелисити Хаффман 14 күн түрмеде отырып, 30 мың доллар айып төледі. Онымен қоймай, 250 сағаттық қоғамдық жұмыс істеуге шегілді. Ол он бір күннен кейін босап шықты, бір жыл шартты жаза арқалайды.

Ерлі зайыпты Лафлин мен Джаннуллиге кесілген жаза одан ауырлау. Лафлин екі айға түрмеге қамалып, 150 мың доллар айып салынған, әрі 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа шегілген. Оның күйеуі Джаннулли (Giannulli) бес айға сотталды, екі жылдық шартты жаза арқалады, 250 мың долларлық айып төлеп, 250  сағаттық қоғамдық жұмысқа шегілген.

Бұл оқиғадағы басты фигурант Сингерге әлі жаза тағайындалған жоқ. Ата-аналардан 25 миллиондай доллар алды деп айыпталған ол өз кінәсін 2019 жылдың Наурыз айында мойындаған. CNN-нің айтуынша ол 65 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал, бізде ше? Тұрсынбек Қабатовтың мынадай дауға басы іліккенін естіген жұмыс берушілерінің сырт айналғаны бар ма? Керісінше, ресми тұлғалар оны ақтап алуға тырысып жатқан жоқ па? Ең бастысы аталған актрисалар өз кінәларын толығымен мойындап, халық алдында кешірім сұрауда. Әрине, алғашқы кезде Голливуд жұлдыздары да кінәсін мойындағысы келмеген екен. Бірақ, кінәлі екендіктерін мойындапты. Біздің шоумен бұл оқиғаны да шоуға айналдыруға тырысып бағуда.

USmagaizne.com, Insider.com,  Glamonur.com,  CNN, Nytimes 

материалдары негізінде дайындаған Е. Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері