///

Ақсәуле ӘЛЖАН: Америкада Қазақстандағыдай цензура жоқ. Екі ел журналистикасындағы басты айырмашылық осы

13586 рет қаралды

Жақында Америкадағы әйгілі «Нью-Йорк Таймс» газетіне Калифорнияда білімін жетілдіріп жүрген қазақ журналисі Ақсәуле Әлжанның мақаласы шықты. Бұл өте қуанышты жаңалық. Мінбер.кз журналист, Берклидегі Калифорния  университетінің түлегі Ақсәуле Әлжанға хабарласып мақаланың жазылуы барысы мен екі ел журналистикасындағы айырмашылық туралы әңгімелесті.

АМЕРИКАДА ҚАЙДА ЖІБЕРСЕҢ СОНДА БАРЫП МАТЕРИАЛ ЖАЗЫП КЕЛЕТІН «ӘМБЕБАП» ЖУРНАЛИСТЕР ЖОҚ

– Жақында ғана әйгілі «Нью-Йорк Таймс» газетінде ұжымдық зерттеу мақалаларыңыз жарық көрді. Ол жақта мақаланы жазу мен жариялауда Қазақстандағыдан қандай айырмашылық бар екен?

– Бұл негізі зерттеу мақала емес. Америкада зерттеу мақала жазу дегеніміз – көп адамның қолы жете бермейтін ақпаратқа қол жеткізіп, қылмыстық істі тергегендей тергеп, бір құпияны ашу. Биліктің я болмаса бизнес өкілдерінің жасырған ақпаратын қалайда табу, шындығын ашып жазу журналистік зерттеу болып саналады. Ал біздің «Нью-Йорк Таймсқа» шығарғанымыз – қатардағы мақала. Мұны сіз ғана емес, өзге де журналистер зерттеу мақала деп түсініп қалыпты. Соңғы бір жыл бойы Калифорния штатындағы Беркли университетінің журналистика мектебінің жанындағы зерттеу журналистикасы бағдарламасы атты орталықта жұмыс істедім. Сол себепті бұл мақаланы көп адам зерттеу мақала деп ойлап қалған секілді.

Қазақстандағы мақала жазу мен «Нью-Йорк Таймсқа» мақала жазудың айырмашылығына келсек, оған қысқаша жауап беру мүмкін емес. Ол үшін Қазақстандағы және Америкадағы журналистиканы салыстыру керек болады, ал ол екеуінің арасы жер мен көктей. Біріншіден, ақпаратқа қол жеткізу мен цензураның арасы өте алшақ. Бұл жақта ешқандай цензура жоқ, егер журналист сапалы мақала жазып, шындықты айтса оған ешкім тыйым сала алмайды. Журналистер билік өкілдерін, тіпті Д. Трампты немесе өз деңгейінің төмен екенін көрсетіп қойған кез келген билік өкілін қатты сынап мақала жаза береді.

Қазақстанда журналистердің олай жазуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Соңғы уақытта жұмыс істеп жатқан берді-екілі вебсайттар болмаса, мемлекеттік үлкен-үлкен медиада ондай еркіндік жоқ. Біз дәл қазір Қазақстандағы үкімет мүшелерінің арасындағы жемқорлық туралы зерттеу мақала жаза алмаймыз. Мен бұрын «Хабар» телеарнасында жұмыс істедім, не айтып отырғанымды жақсы білемін… Сондықтан Қазақстан мен Америкадағы газетке мақала жазудың арасындағы ерекшелік – ең алдымен жүйелік ерекшелік.

Ешқандай жаңалық ашпайын, екі елдегі мақала жазудың айырмашылығын бұдан әрі айтсам, Қазақстандағы сөз бостандығы мен шын мәніндегі журналистік еркіндіктің жоқ екеніне келіп тіреле береміз .

– Ал бұл мақаланы жазу туралы ой қайдан келді және қалай жазылды?

– 2018 жылы Калифорния штатындағы Беркли университетінің журналистика мектебіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Бұл бағдарламаны қаржыландыратын Қазақстан азаматтары, оларға осындай оқу орнында білім алуыма жол ашқаны үшін көп рахмет айтамын. Берклидегі журналистика мектебі – АҚШ тағы журналистика мектептерінің ішіндегі ең үздігі. Бұл жерден білім алып шыққан түлектер мықты-мықты БАҚ-та жұмыс істейді, өте тәжірибелі оқытушылар сабақ береді, журналистер арасында өте танымал, озық мектеп. 2019 жылы осы мектепке Дэвид Барстоу есімді кісі сабақ беруге келді. Ол «Нью-Йорк Таймста» көп жыл бойы журналистік зерттеу жүргізген, әлемге әйгілі Пулитцер сыйлығын сараптамалық зерттеу номинациясы бойынша төрт рет жеңіп алған, өте беделді, мықты журналист. Пандемия басталған кезде Дэвид Барстоу бұрын-соңды болмаған дағдарыстың әлемге, оның ішінде экономика, денсаулық сақтау саласына жойқын ықпал етіп жатқанын айтып, оның Калифорниядағы салдары жайлы жазайық деп «Нью-Йорк Таймс» газетіне ұсыныс жасады. Әдетте ол басылым студенттердің жұмысын жарияламайды. Дэвид Барстоудың беделінің арқасында басылым бұл ұсынысты қабыл алды. Оқу орны да бұған жағдай жасап, бізді сәуір-мамыр айындағы сабақтардан босатып, мақала жазуға дайындалатындықтан оны да сабақ деп есептеп, кредитті жапты. Бұл жобаға біздің мектептің бірінші және екінші курсындағы 100 шақты студенттің 80-і қатыстық. 2019 жылдың қазан айынан бастап журналистика мектебінің жанындағы журналистік зерттеу бағдарламасы атты орталықта Гаррет Зеролф есімді журналиспен бірге жұмыс істеп жүр едім. Оны да Дэвид Барстоу басқарады, онда журналистік зерттеуде тәжірибесі мол, білімді, білікті журналистер студенттерді практикалық тұрғыдан зерттеу жасауға үйретеді. Пандемияға байланысты жоба қолға алынған кезде бірнеше студент Гарретпен бірігіп, үш-төрт ай бойы «Нью-Йорк Таймсқа» жұмыс істедік. Калифорнияның мемлекеттік органдарының арасында әлеуметтік жұмыспен айналысатын агенттіктер бар, олар сол аймақтағы зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін деген балалардың жағдайын тексереді. Яғни, олар белгілі бір отбасындағы баланың зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін деп тапса, ол балаларды алып, басқа отбасына береді. Калифорниядағы 60 мыңға жуық бала осы агенттіктердің қарауында. Біз мақаламызға пандемия кезінде, яғни ешкім үйінен ұзап шықпаған кезде осы балалардың жағдайы қандай болды деген тақырыпты арқау еттік. Пандемия кезінде ондай балалардың өмірін қадағалайтын бағанағы агенттіктер қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойлап, мұндай отбасыларға оларды жібермей отырды. Ал балалар қараусыз қалды. Біз мемлекеттік агенттіктерге хабарласып, осы балалар туралы мәлімет алып, мақала жаздық. Зерттеу емес дегенім, ол ақпараттың барлығы біз үшін ашық болды. Тамыз айының 7-сі күні «Нью-Йорк Таймстың» бірінші бетіне мақала шықты. Ол өте үлкен жетістік, ол газеттің бірінші бетіне студент түгілі Америкадағы өте мықты журналистер шығуды армандайды. Сондықтан біздің жолымыз болды деп мақтанышпен айтуға болады.

– АҚШ пен Қазақстандағы журналистика несімен алшақ, несімен жақын?

– Екі ел журналистикасындағы айырмашылық жүйелік ерекшелікке байланысты деп бағана айтып кеттім. Ал оны толықтыра түссем, АҚШ-та журналистика – бизнес. Яғни сіз шынайы ақпаратты дұрыс тарату арқылы ақша табасыз. Мұнда мемлекет қаржыландыратын ақпарат құралы бірен-саран ғана. Оған шетелде Американың образын насихаттап отыратын «Америка дауысын» жатқызуға болады. Ал оның ішкі нарығында мемлекетке тиесілі БАҚ жоқ, барлық БАҚ жеке компанияларға тиесілі. Мәселен, «Вашингтон пост» Amazon.com атты үлкен компанияның иесі Джефф Безосқа тиесілі. Ол әлемдегі ең бай адамдардың бірі. Ал Қазақстандағы журналистикада сәтті бизнес үлгі жоқ. Күндерін әрең көріп отырған шағын веб-сайттар болмаса, ірі-ірі БАҚ-тың барлығы дерлік мемлекетке тиесілі. Бұл екі ел журналистикасындағы ең үлкен алшақтық. Американың журналистері халыққа есеп береді, яғни оқырман бір басылымның шынайы ақпарат беретініне сенсе соған жазылады, соны сатып алады. Жазылушысы көп басылымға немесе сайтқа жарнама берушілер де үйір, яғни ақша содан жасалады. БАҚ неғұрлым шынайы болса оқырман да, ақша да, абырой да сонікі. Сол үшін олардағы журналистер барынша шынайы болуға күш салады. АҚШ әлемдегі ең үлкен нарық, Қазақстандағы нарықтан әлдеқайда озып кеткен. Мұнда компаниялар да көп, журналистердің саны да көп, пәрмені де зор. АҚШ журналистикасында не болып жатқаны әлемге қызық, ал Қазақстандағы журналистика Қазақстанның өзінен басқа ешкімге қызық емес. Ал жақындығы – проблеманың бір болуында шығар. Қазір қағаз газеттің таралымының төмендеуі, жарнамадан түсетін пайданың азаюы екі елге де ортақ  мәселе деуге болады.

АҚШ-та журналистер сала-сала бойынша жұмыс істейді. Оны өздері beat деп айтады. Кез келген редакцияда саясат, қаржы, технология, бизнес, білім, денсаулық, сот, сайлау, т.б салаларды қамтитын, сол саланы бүге-шігесіне дейін білетін журналистер болады. Біздегідей қайда жіберсең сонда барып, материал жазып келетін «әмбебап» журналистер жоқ. Бір салада перфекционизмге жеткен, сол саланың маманынан артық болмаса кем білмейтін тілші бар. Нәтижесінде сол сала туралы керемет жақсы жазады, сол саланың бар жаңалығынан хабардар, сол салада дереккөздері бар, сарапшылармен таныс. Осынысымен терең, жан-жақты материалдар шығарады. Радио, ТВ-да сарапшы ретінде сол саланың журналистерін қонаққа шақырып, солардан сұхбат алу қалыпты жағдай. Маған Америка журналистикасының осы тұсы ерекше ұнайды.

– Пандемия кезінде Қазақстанда ақпарат алу қиындады, АҚШ-та қалай?

– Мұнда да мәз емес, көптеген мемлекеттік орган қызметкерлерінің үйден жұмыс істеп жатқанын және жүктеменің көбейгенін сылтауратып, ақпарат таратуды баяулатты, шектеді. Мәселені екіге бөліп қарауға болады. Мәселен, пандемияға қатысты мемелекет атқарып жатқан шаралар туралы есеп беруде, оларды жариялауда еш кедергі болмады, ал пандемиядан басқа тақырыптарда мәлімет алу қиындады.

Біріншіге мысал айтар болсам, мен оқыған Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом күн сайын ақпарат өкілдерін жинап брифинг өткізіп, осынша адам ауырды, пәленше адам қайтты, бірнеше адам жазылып шықты деген секілді мәліметтерді беріп отырды. Ал басқа тақырыптарда мәлімет алуда біздегі министрлік секілді агенттіктер жіберген сауалдарға пандемияға байланысты кеш жауап берілетінін жазды.

– Біздің елдегі зорлық-зомбылық деген ұғымды қоғамның түсіну деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Шыны керек, менің әріптесім, жетекшім Гаррет Зеролф Калифорния штатындағы зорлық-зомбылық көретін, көңіл бөлінбейтін балалар тақырыбын зерттеп жүрген мықты журналист. Бұл тақырыпта білмейтіні жоқ, қалай жазу керек, қандай сарапшы бар, кімге хабарласу керек барлығынан хабардар. Оның бірнеше жыл бұрын жазған журналистік зерттеулерінің жиынтығы негізінде деректі фильм түсірілді. Мен ол жігітпен бір жыл бойы жұмыс істеген соң, үлкен зерттеу жасадық. Негізі ол зерттеудегі менің міндетім аяқталды. Гаррет оны өзге студенттермен жалғаcтыра береді. Олар Калифорниядағы мемлекеттік органдардың балаларды қалай қорғайтыны немесе қорғамайтыны жөнінде үлкен сыни мақала дайындап жатыр. Әр елдің мемлекеттік құрылымы әртүрлі ғой, АҚШ-та әр штаттың өз заңы бар. Соның ішіне Калифорниядағы заң бойынша жетім қалған немесе әке-шешесі зорлық көрсеткен балаларды басқа ата-аналардың үйіне орналастырады. Мұнда араққа салынған немесе есірткі тұтынатын, өз баласына дұрыс қарай алмайтын отбасыларды қадағалып отыратын агенттіктер бар. Мектеп мұғалімдері, аурухана дәрігерлері ондай балалардың зорлыққа ұшырап жатқанын байқау үшін түрлі тренингтен өтеді. Егер бір кілтипан байқаса, баланың күтімі жоқ болса, агенттікке хабарласып айтады. Ал агенттіктер оны барып тескеруі керек. Барлық адам мұндай жағдайда хабарласу керек номерді жатқа біледі. Қазақстанда мен ондай жағдайды естімеппін, біздің елде балаға дұрыс қарамайтын жайт кездеспейтін секілді. Бұл біздің елдің балаға деген ықыласына және туыстық қарым-қатынастың берік болуына байланысты шығар деп ойлаймын. Мұнда туыстық қарым-қатынас біздегідей берік емес. Бір жағынан біздің елдегі мұндай оқиғаларды білмей жүрген шығармыз, оны жазатын журналистер жоқ шығар. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Батыс Қазақстан облысында бір жігіт өзінің екі қызы мен келіншегін тірідей өртеп жібергені туралы ақпарат тарады. Ондай оқиғалар көп шығар?.. Мен үшін дәл қазір Қазақстандағы балалар шынымен жақсы қорғалған ба, әлде біз зорлық-зомбылық көріп жүрген балалардың барын білмейміз бе деген сұрақ өте маңызды…

Ал Қазақстандағы психо-неврологиялық аруханаларда емделіп жүрген балалардың қалай күн көріп жатқанын ешкім білмейді. Біздегі журналистика оны терең зерттеуге әлі жете қойған жоқ. Қоғам да ондай жерлерде зорлық-зомбылық немесе немқұрайлылық болатынын білмейді.

Сол себепті зорлық-зомбылық деген ұғымның деңгейі қандай дегенге нақты жауабым жоқ. Бірақ, бүкіл ғалым пандемия секілді үлкен күйзеліс кезінде ересек адамдар табысынан айрылып, төрт қабырғаға қамалған кезде ең бірінші зардап шегетін балалар екенін айтуда, өйткені олар өз-өзін қорғай алмайды.

– Сіздер жазған мақалада көтерілген мәселеге құзырлы органдар қаншалықты құлақ асады екен? Мақаланың шығуы зорлық-зомбылықты азайтуға себеп бола ала ма?

– Пандемия кезінде үкімет мұндай балалардың жағдайын телефон арқылы біліп отыру керек депті. Өзі әке-шешесінен немесе туған-туысынан зәбір көріп отырған бала оны телефонмен қалай айтады?.. Оны әлеуметтік қызметкерлер көзбен көруі керек, ол үшін пандемия кезінде әлеуметтік қызметкерлерге полиция мен медқызметкерлер сияқты антисептик, маска, резеңке қолғап беріліп, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалуы керек.   Бұл мақала осы жағына ықпал етуі мүмкін. Оның үстіне ол «Нью-Йорк Таймсқа» шықты, оны барлығы бақылап, мемлекеттік мекемелер газет бізді сынап жазбаса екен деп қорқып отырады. Сол себепті АҚШ-тың мемлекеттік орындары, Калифорния штаты бұған құлақ асады деген үміт те, сенім де бар. 

АМЕРИКАДА ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАРДЫҢ КӨБІ – ҚАРТТАР

– Ковидпен күрес ол жақта қалай жүреді екен, басты ерекшелікті атай аласыз ба?

– Америка журналистері БАҚ арқылы үкіметті ковидке қарсы тұра алмады, вирустың алдын ала алмады, шекараны уағында жаппады, карантин шараларын дұрыс ұйымдастыра алмады, әлем бойынша АҚШ-та көп адам қайтыс болды деп қатты сынап жатыр. Бұл жақта да жағдай Қазақстандағыдай мүшкіл. Бір айырмашылығы – Қазақстанда статистиканы түрлі жолмен жасырса, мұнда ашық жариялап отыр. Мұндай жағдайда статистиканы дәл беру өте маңызды. Ол мәселені мойындаудың алғашқы қадамы. Мәселені мойындамай ковидпен күресті жеңу мүмкін емес. Статистиканы дәл айту ауруханалардың жабдықталуына, медқызметкерлерге жағдай жасалуына тікелей әсер етеді.

Тағы бір ерекшелік, мұндағы адамдардың өмір жасы Қазақстанмен салыстырғанда ұзақ. Сосын жасы ұлғайған адамдар көбіне үйде тұрмайды шипажай сияқты қарттар үйінде өмір сүреді. Қайтыс болғандардың көбі сол жерде тұратындар. Статистика қайтыс болғандарды жас шамасына қарап жіктемейді ғой, тек санын береді. Ал Қазақстанда жасы жүзге таяған қарттар емес, жап-жас адамдар кетіп жатыр. Америкада қайтыс болған адамдардың әлеуметтік жағдайы мен ұлттық құрамына қатысты зерттеу жүргізіліп жатыр, сол зерттеулерге қарасақ, жастар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда, қара нәсілді, латын нәсілді адамдар арасында қайтыс болғанын байқаймыз. Оның себептері медициналық қызметке қол жетпеу, өзін-өзі күтуге жағдайы болмау, ауыр жұмыс, экологиялық тұрғыдан таза жерде тұрмау. Ал Қазақстанда 50-60 жас шамасындағы адамдардың көп қайтыс болуы елдегі үлкен мәселенің бетін ашып отыр. Ол біздегі дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрғындардың өзін-өзі күтпеуі секілді проблемалар екені жасырын емес. Америкада адамдар 80-90 жасқа дейін қыдырып велосипед теуіп жүреді. Ал бізде өмір бойы тірнектеп жұмыс істейді, одан зейнетке шығып немересін бағады, сөйтіп өзіне қарауға мұршасы болмайды, айта берсе оның себебі өте көп.

ЖУРНАЛИСТИКА – ӘДЕБИЕТ ЕМЕС

– Қазақ журналистикасы қандай әдеттен арылуы керек, нені үйренгені жөн?

– Қазақ журналистикасына толық сараптама жасайтын деңгейде емеспін, дегенмен осы күнге дейінгі білгенім мен үйренгенімнің негізінде айтсам, біздегі журналистика мәтінге артық сын есімдерді қосып, шұбалаңқы жазудан, ақын-жазушы сияқты жазудан арылса… Журналистика – әдебиет емес, оның міндеті – ақпарат беру. Сол үшін қысқа да нұсқа жазу керек. Бізде қазақтілді басылымдар көбіне әдебиет пен журналистиканы шатастырады. Онда «Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даламыз», «Ақ халатты абзал жандар» деген секілді бейнелі сөйлемдер көп қолданылады. Сондай сөз тіркестерінен арылып, нақты ақпарат таратып, нақты проблеманы қозғайтын қысқа-нұсқа талдау жасап үйренсе. Яғни, қазақ журналистикасына жазушылар мен ақындар емес, дұрыс сөйлей алмаса да, жақсы жаза алмаса да, қажет ақпаратты қазып алып беретін адам керек. Мәселен, мен осы жасыма дейін қазақша жазып келдім, орыс тіліне де тәуірмін, соңғы бір-екі жылда ағылшынша үйрене бастадым, оным нан сұрап жеуге, сұхбат алуға жарайды. Бірақ менің жазғанымды «Нью-Йорк Таймс» жариялады, неге? Себебі, ақпаратты алып бердім. Ең басында оқытушылар мақала жазуды тапсырғанда мен ағылшынша жетік жаза алмайтынымды айта беретінмін, сонда маған оқытушылар оның еш маңызы жоқ, бастысы алып келген ақпаратың деп түсіндірді. Америкадағы журналистика ақпарат алу және оны таратумен өлшенеді, бізге де соны үйрену керек.

Екіншісі, қазақ журналистикасында маған ұнамайтын үрдіс бар. Қазақстанда жүргенде «Хабар», «ЭРА ТВ», «7-арна» телеарналарында жұмыс істедім. Менімен бірге жұмыс істеген қыз-жігіттердің көбі мемлекеттік органдардың, облыс әкімдерінің баспасөз хатшысы болып кетті, яғни мемлекеттік жұмысқа деген ұмтылыс күшті. Олар бірін-бірі құттықтап жатады, бұл біздің елде  мемлекеттік қызметке, басшылық қызметке кеткен журналистердің беделі жоғары болып есептелетінін көрсетеді. Бұдан кейінгі жастардың да сол межені көздейтіні жасырын емес. Меніңше, қазақ журналистері мұндай қызметке емес, нағыз халыққа пайдасы тиетін журналистік зерттеу жасауға ұмтылса, біз әріптестерді сапалы журналистік зерттеу мақаласының жарық көруімен құттықтасақ, несі жаман?..

Біздің телеарналарда сюжетке тек жап-жас қыз жігіттер шығып, сәл есейген адам міндетті түрде бастық болуы керек деген түсінік бар. «Микрофон алып жүгіріп жүрмейміз ғой» деген ой әр журналистің миына мықтап орнаған.  Өз ісіңнің шебері болсаң, неге микрофон ұстап жүріп-ақ қартаймасқа? Біз жас шағында микрофон ұстап жүгіріп, үлкейгенде қызметте отырған адамды шексіз құрметтейміз де, өз ісіне адал болып, жасы ұлғайғанша міндетін мінсіз атқарған адамды сыйлауды білмейміз. Өйткені ондай мәдениет қалыптаспаған.

Үшінші, мәселе ұлттық танымымызға байланысты орныққан үлкенді сыйлау ұғымына келіп тіреледі. Ол отбасында сақталатын өте керемет дәстүр. Біз отбасында бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек, бірақ журналистикада жасы үлкен адамды сыйлап, аға-апа деп тұрып олар туралы сыни мақала жазу қиын. Мәселен сіз жемқорлыққа қатысы бар азаматқа сұрақ қойып тұрып, оған аға немесе апа деп айтсаңыз, үлкенді сыйлау деген ұғымның мысы сізді басып кетеді де, өткір сұрақ қоя алмай қаласыз. Қоғамға қажет нағыз журналистиканы қалыптастырамыз десек, онда осы «аға, апа, пәленше ханым, пәленше мырза» деген ұғымнан арылуымыз керек. Бауырмалдық  қатынас, үлкенді сыйлау журналистиканың жұмысына кедергі болмауы тиіс. Журналист өзінің міндетін ұмытпай, биліктің қателіктерін тауып, оны сынап жазуы тиіс. Сонда билік журналистерден қорқады, үркеді және өз жұмысын дұрыс істеуге тырысады. Істің соңында журналистің де қоғамға пайдасы тиеді. Меніңше, әр журналист осы қағиданы ұмытпауы қажет.

Нені үйренуі керек? Меніңше, біздің журналистер бірін-бірі қолдауды үйренуі керек, ештеңеден қорықпауы керек. Алысқа бармай-ақ Ресейде бір жыл бұрын Иван Голунов есімді журналистік зерттеу жасайтын маманды есірткі сатады деп тұтқындағанда қаншама адам өре түрегеліп, мемлекет басшысына дейін жеткізіп, оған жала жабылғанын дәлелдеп, оны босатып алды. Қандай жақсы журналистік әдеп. Америкада да сондай, қандай да бір журналиске қауіп төнсе ешқайсысы қарап отырмайды, олардың қорлары бар, әлеуметтік желілерде топтары бар. Яғни олар жалғыз емес, артында үлкен әскер тұрады. Ал бізде ондай бірлік жоқ, бір журналист түрмеге қамалса, үндемей қаламыз. Журналистің бірін-бірі қолдауы өзге елдерде әлдеқашан қалыптасып қойған ұжымдық әдеп, соны үйренуіміз керек.

Екіншісі, қазақ журналистикасы жаңа технологияны меңгеруі керек. Қазір интернетте ақпарат өте көп, технологияны меңгеру арқылы сол ақпаратты халыққа әдемілеп ұсынуды үйрену – заман талабы.

Қазақстанда жақсы журналистер өте көп, егер саяси жүйе өзгеріп, оларға еркіндік берілсе, жақсы мақалалар, сюжеттер, зерттеулер жасалады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет, ісіңіз оң болсын!

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері