//

Нұр-Сұлтан әкімі мен шенеуніктерді тасымалдауға қазынадан қанша қаржы бөлінеді?

4075 рет қаралды

2018 жылы Астана әкімдігі қызметтік көліктерден бас тартып жалдамалы көлікке көшкен болатын. Мұны қаржыны “үнемдеудің” ең тиімді жолы ретінде ұсынды. Мемлекеттік сатулар сайтынан соңғы 4 жылдағы көлікке жұмсалған  қаражат мөлшерін есептей келе, “үнемдеудің” ешкім үндемейтін сандарын назарларыңызға ұсынамыз.

Мемлекеттік сатып  алулар сайтындағы соңғы 4 жылдағы мәліметтерге сүйенсек көлік, тасымалдау, жалға алу қызметтеріне жалпы сомасы 510 миллион теңге  болатын қаржы  жұмсалған.

2018 жылдан бастап қызметтік көліктер сатып алуды тоқтатып, орнына жалдамалы көлік қызметін енгізгенін білеміз. Әр аймақтың әкімдіктері әртүрлі автокөлікті жалға беретін компаниялар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қызметін пайдалана бастады. Бір қызығы, әр әкімдікке тіркелген “автошаруашылықтардың” пайда болуы.

Нұр-Сұлтанда  қызметтік көліктерді жалдауға  арналған бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар (Тек Нұр-Сұлтанда емес, еліміздің басқа қалаларында да). Бұл “Астана Автошаруашылығы”. Кәсіпорынның негізін қалаушы ретінде Астана әкімдігі тіркелген. Астана әкімдігі өзі  конкурс жариялап жыл сайын өзінің атына жазылған өнеркәсіппен келісім-шартқа отырады. “Мұндай шексіз шеңбердің қазынаға әсері бар ма?”-деген заңды сұрақ туындайды.

Бұл “ЖШС-лардың ”жұмыс  механизміне талдау жүргізер болсаңыз, бизнестің жаңа көзін ашқандай аң-таң боласыз. “Астана автошаруашылығы”  ЖШС-і жалға ұсынатын машиналар жеке компаниялар мен тасымалдаушылардан сатып алынады. Сатып алынған автокөліктерді әкімдік жалға алады.

Pk.uchet сайтынан табылған мәлімет бойынша “Астана автошаруашылығы” мемлекеттік сатып алулар реестрінде әрі ұйымдастырушы әрі тасымалдаушы ретінде тіркелген. Бұл жүйе: Астана әкімдігі- “Астана автошаруашылығы”-жеке компаниялар схемасынан тұрады.

“Қос тарапты байланыстырып тұрған “Астана автошаруашылығының” қызметі қаншалықты қажет?”-деген заңды сұрақ туындайды. Егер формалді түрде әкімдік көлікті өзінен-өзі жалға алып отырған болса. Онсыз да бюджеттен ақша бөлініп сатып алып отырған автокөліктерді қайта жалға алудың қажеттілігі бар ма? Бұл келесі бір күрмеуі қиын сұрақ.

Шенеуніктер қандай машинаны “жалға“алады?

 Мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған лоттың  техникалық сипаттамасына сүйенсек байқау талаптарына сай келетін машина класы кемі жоғарғы өтімділіктен бизнесс класқа дейінгі автокөліктер болуы керек. Бұл Kia Mohave, Lexus LX, Toyota Corolla маркалы машиналар.

Әкімдіктің элиталы “таксопаркінің” автотұрағында бизнес кластың  Mercedes Bens S class, Lexus LS сияқты машиналары ғана емес лимузиндер де тіркелген екен. Ал өндірістен шыққан жылы кемінде 2007 жыл болуы керек деген талап тағы бар. Тіпті көлік түсіне қойылатын талап та бөлек. Қызметтік көліктер сұр, ақ, қара   болуы керек. Шамамен әкімдерді тасымалдайтын “таксидің” суретін, сипатын көз алдыңызға елестете алдым деп ойлаймын. Ал әкімдіктің арнайы “қоғамдық көлігінің” бағасын өзіңіз пайымдай беріңіз.

Байқаусыз өтіп кетіп жатқан “байқаулар”

 Әкімдік қызметін жалға алған компания немесе тасымалдаушыны таңдау (байқау) сипаттамасындағы сатып алуды өткізуде ең жиі кездесетін тәсіл: “Орындалмаған конкурс негізінде”.

Сатып алу түрі: “Бір көзден”, яғни, конкурсқа бірнеше тасымалдаушы өтінім берген жағдайда тек біреуінің қызметі сатып алынады. Дей тұрғанмен мұндай сатып алулардың негізгі бөлігі “орындалмаған конкурс негізінде”(ешқандай өнім беруші өтініш қалдырмаған) болғандықтан өнім берушілер шақырылып жатады. Біздің жағдайда “шақырылған өнім беруші”: “Астана автошаруашылығы”.

Шақырылған өнім берушіден 2016 жылы Астана әкімдігі тура солай 371 миллион  теңгеге автокөлік қызметін пайдаланған. 2017 жылы 52 миллион, 2018 жылы 60 миллион теңге шенеуніктерге автокөлік “жалдауға” жұмсалған. Соңғы 1 жылға қатысты дерек нақты көрсетілмеген екен.

Мұндай келісімшарттар мен күмәнді конкурстар тек Нұр-Сұлтанға ғана қатысты емес. Еліміздің басқа өңірлерінде де қызметтік көлікті “жалға алудың” ұқсас механизмі бар. Мұның себебі, саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің жеке тасымалдаушылар (қарапайым таксопарктер) қызметін қолдануына тиым салғанымен түсіндіреді.

Кейбір өңір әкімдері тіпті Астанаға  іс-сапармен келген кезде де “жалдамалы көлік” қызметіне жүгінеді. Мысалға, ШҚО-ның әкімі 2018 жылы құны 2,9 миллион теңге тұратын лимузинді жалға алған.

Асыл тұқымды арғымақтардың  жем-шөбі”

 Әкімдердің асыл тұқымды “арғымақтарын” жалға алудан бөлек те шығындары бар. Жанармай, тұрақ қызметі, техникалық-сервистік жұмыстар мен жеке жүргізуші. Мұндай қызмет түрлеріне де біршама қаржы бөлінеді. 2018 Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметтік көліктердің авто тұрағы мен жанар-жағармайына жалпы құны 30 миллион теңгедей қаржы жұмсаған. Салық төлеушілердің қалтасынан қамтамасыз етіліп отырған мұндай “тұрақтар” еліміздің түкпір-түкпірінен орын тепкен.

Халық қалаулыларының мұндай “үнемдеу” жолы туралы мәжілістің бұрынғы депутаты Серікбай Алибаевтың ойын білген едік:

Бюджетті үнемдеу үшін көптеген ауылдарда мектептер жабылып, ауруханалар жекешелендіріліп жатыр. Тіпті, кітапханалар саны да азайды. Мұндай “үнемдеуден” бюджетке тиер пайда әзір аз болып тұр. Әкімдер мен шенеуніктердің  өз жайлылығынан бас тарта алмайтыны өкінішті”.

Үнемдеу жайлы, әкімдіктер тек бизнес кластың қымбат көліктерін ғана жалға алмайды. Үнемдеу мақсатында “қызметтік автобустар” да жалға алынады. Осылай, 2018 жылы Нұр-Сұлтан әкімдігі жалпы құны 12 миллион болатын 4 микроавтобусты жалға алған. Бекітілген графигі бар бұл автобустың әрбірі 17 адамға есептелген.

Жеке көлікпен салыстырғанда анағұрлым “үнемді” көрінген бұл автобустар да “қарапайым тұрғын тарапынан” қарасаңыз қымбат шығады.

Егер шенеуніктер қарапайым автобус қызметін қолданатын болса, шығын 7,5 миллион теңге болатын еді. Бірақ, мұндай есептеу біздің еліміз үшін “фантастика” екені рас. Бізде шенеуніктер қоғамдық көлікке мінер болса барлық БАҚ түсірілім жасап, басты жаңалық болатыны анық. Сондықтан, мектептерді жауып кітапханаларды қысқартып әйтеуір “үйтіп-бүйтіп” күн көріп жүрген жағдайымыз бар.

Сөз соңында, әкімдеріміз халыққа “жақын екендерін көрсетіп қанша “көрсетілім” жасағанымен, статистка мен мемлекеттік сатып алулар туралы мәліметтер әкім мен халық арасының әлі де болса алыс екенін көрсетеді. Біз бір ғана Нұр-Сұлтан мысалында ел қаражатының қалай “үнемді” жұмсалып жатқанының бір шетін ғана тарқаттық. Мұндай үнемді мысалдарды тек көлік жалдау емес,басқа да саладан табуға болады. Әкімдіктер халық қазынасын “үнемдеудің” түрлі жолдарына тест жасап, барынша тырысып жатыр. Әзірге мұндай “үнемдеудің” үнемді тұсы әлі байқалмайды.

Жанерке Халамхан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі