//

Бәсеке фильмінен соң қарапайым халық кәсіп аша бастады

2856 рет қаралды

Қазақ киноларының ішінде көпшіліктің көңілінен шығып, талайдың тағдырын өзгерткен фильмдер аз емес.  Жаңа заманда кәсіптің нәсіпті болуының қыр сырын үйретіп, елдің ықыласына бөленген киноның бірден бірегейі «Бәсеке» фильмі.  2 маусымнан тұратын бұл туынды қарапайым халыққа ой салып, кәсіп бастауына түрткі болған екен. Бұл жайлы осы кинода басты рөлде ойнайтын Арман, яғни,  Бақыт Тушаев тарқатты.

– Бәсеке фильміне кастинг арқылы келдіңіз бе әлде арнайы ұсыныспен бе?

– 2014 жылы Марат Оралғазин мен Рүстем Омаров «Бәсекенің» сценариін жазып шыққан. Идея Ақылбек Досжановтыкі. Осы 2014 жылы мен «Әулет» фильмінің түсірілімінде жүргенмін. Режиссер Әнуар Матжанов еді. Продюсер Ақылбек  Досжанов «Бәсеке» фильмін түсіруге Әнуар мырзаға ұсыныс тастайды. Сонда Әнуар Матжанов: егер мен бұл киноны түсіруге алсам актерларды өзім таңдаймын,- дейді. Олжас Абаймен бір театрда істегендіктен  жақсы араластық. Әңгімемізде жараса кететін. Сөйтіп Олжас  екеуіміз сол «Әулет» фильміне түсіп жүргенімізде Әнуар мырза бізге «Бәсекеде» ойнауға ұсыныс айтты. Мен – Арманның, Олжас – Мақсаттың  рөлінде ойнады. Продюсер бұл киноны жеңіл комедия болады деп ойласа керек, алайда режиссердің ұтқырлығымен «Бәсеке» фильмі ұлттық идеологияға құрылған тың туынды болды. Одан соң бұл киноның ерекшелігі қазір елдің есінде жатталып қалған фразалар болды. Яғни «Ол біз ғой, ол біз ғой», «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса» деген сынды сөздердің айтылуы да киноны ерекшелендіре түсті.

 – Бірінші маусым мен екінші маусым қай жерде түсірілді?

– Бірінші маусымын Шымкентте Бадам деген ауылда түсірдік. Бір қызығы «Бәсекенің» түсірілімін қараша айының басында аяқтауымыз керек болған. Бірақ «Әулет» киносы кешігіп бітті. Сол біте сала қазан айында Бәсекені түсірдік. Күн суық. Ал біз жаз мезгіліндегі көріністерді ойнауымыз керек болды. Арасында ауырып қалып, көптеген қызықты сәттерді басымыздан өткізіп желтоқсан айының ортасында  аяқтадық. Сөйтіп бірінші маусымды халыққа ұсынып көрген кезде өте жақсы пікірлер айтылды. Өйткені бұл фильмді қалай болса солай түсірмедік. Ұнамай қалса қайтадан қайталап түсіріп, шынайы алып шығуға барымызды салдық. Оның бәріне ұжымның ұйымшылдығы ұйытқы болды. Бір жылдан кейін екінші маусымға ұсыныс түсті.  Екінші маусымын Алматыда Мыңбаев деген ауылда түсірдік.  Сәтті фильм болып көрерменнің есінен кетпейтін туынды болды.  Кәсіптегі бәсекелестікті, екі достың достығын, қазақтың болмысын суреттейтін кино болғандықтан  еліміздің азаматтары оң әсер етіп көп адам өзінің жеке кәсібін бастады.

– Иә, қандай кәсіп түрлерін ашты? Толық айтасыз ба?

– «Бәсеке» киносын көріп әсер алған көп адам цех, типография, асханалар желісі, ТЖО,  тоқыма өнеркәсібін ашты. Ашылу салтанатының тұсаукесеріне шақырып, тұсауын кестік. Әр азаматымызға жақсы жағынан әсер етсек, жақсы дүние ұсына алсақ қуанамыз әрине.

Одан кейін фильмді бастан-аяқ өзім бір қарап шығайыншы деп бір күн уақытымды бөліп көріп шықтым.  Бұл кино елге әсер етіп өз кәсіптерін ашып жатса, енді неге өзім де жеке кәсіп ашпасқа деген ой келді. Сөйтіп өзім де бизнес бастап кеттім. «Сардар» маркет деген дүкендер желісі мен мал шаруашылығын қолға алдым. «Сардар» маркетте нарықтағы  төмен бағадағы азық-түліктерді халыққа ұсыну. Қазір пандемияға  байланысты елдің көбінде ақша жоқ, қымбат дүкендерге бармайды. Халыққа қолжетімді болсын деп осы дүкендер желісін қолға алдым. Екі жерден аштық, бұйырса үшіншісін ашқалы отырмыз. Жоспарда он дүкен ашу  бар.  Болашақта «Сардар» маркетіміз «Магнум», «Арзан» секілді  алпауыт дүкендер қатарына қосылады деп отырмыз.                                                                                                             Одан кейін «Сардар Агро» яғни мал шаруашылығын өркендету. Оның ішінде жылқы мен қой шаруашалығы. Қазір субсидия алуға тырысып, құжаттарымызды реттеп жатырмыз. Жайлауды малға толтырып, ауылдағы ағайынға көмектесіп, тіршілік істесек деген ниетіміз бар.                                            Сосын  Этно туризмді дамытсақ деген жоспар бар. Қазір әлемді ештеңемен таңғалдыра алмаймыз. Қапшағайға барып он жұлдызды қонақ үй салып берсең де таңғалатын заман емес. Әлем бір ғана нәрсеге таңғалады, ол – ұлттық болмысың, ұлттық табиғатың.  Бұл жайлы да «Бәсеке» фильмінде бар.  Содан кейін  осындай ой келді. Неге шет елден келетін адамдарды жайлауға апармасқа? Қазақ үйге кіргізіп, көкпарын тартқызып, етін асып, садағын атқызып, алтыбақан мен асығын ойнатып көшпелі елдің ұлттық табиғатын көрсетпеске? Заманауи технологияларға лайықтап осы дүниелерді іске асырсақ деп отырмыз.

– Бәсекенің үшінші маусымын түсіру ойда бар ма?  

– Үшінші маусымды түсіру «B.A.S. Pro» продакшнның ойында бар деп ойлаймын. “Бәсекенің” авторлық құқығы берілетін болса, сценарийі жазылатын болса қандай ой ұсынар едің десе, мен былай дер ем: бұл фильмді Қазақстанда түсіру артық. Енді араб елдерінде түсіруге болады. Себебі тағы да халыққа мотивация беретін, ой салатын, тыныс-тіршілігін кеңейтетін тың туынды болар еді. Одан кейін бұл фильм түсірілетін болса Марғұлан Сейсембайдың өмір жолын алар едім. Қазіргі Қазақ бизнес элитасының көшбасшысы. Әлемдік деңгейге шығып кеткен азамат. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген, құлап та, қайта тұрып та алған. Менің өмірдегі кумирім де Марғұлан Сейсембай.

– Өнер жолында алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазір бір фильмге сценарий, одан кейін театрға бір пьеса комедия  жазу үстіндемін. Қазір театрда комедия жоқтың қасы. Өмірден өтіп кеткен драматургтердің, өзбек драматургтерінің комедиялары қойылып датыр. Бірақ заманауи комедия жетіспейтін сияқты. Себебі теартға комедия да, трагедия да, классика да керек. Ащы күлкі, күлдіріп отырып ойландыратын комедия керек.                                                                                                                     Жеке шығармашылығыма келер болсам  2021 жылы өнерде жүргеніме 15 жыл болады, 2023 жылы қырық  жастың да төбесі көрініп  тұр. Соған өзіме бенефис ретінде  екі шығарма дайындаудамын. Алла қаласа, қатарынан екі күн қойылатын комедия мен драма болмақ. Осындай жоспарларым бар. Енді екі тізгінді де қатар ұстап жүрмесек болмайды. Себебі өнер деп бір жолақпен кете берсең  әлеуметтік жағдайың кемшін түсіп жатады. Ал шығармашылық адамының еркін шабыттануына, еркін самғауына  бірінші кезекті отбасынынң әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы керек.  Кейбіреулері айтады: «Шығармашылық адамы аш болуы керек. Аштан өнер туады»,- дейді. Меніңше өнер адамы тоқ болуы керек. Неге әлемдік кинолар бренд, неге керемет? Себебі олар сол фильмді алып шығу үшін ештеңеге алаңдамай дайындалады. Ал мына жақта отбасының әлеуметтік жағдайы нашар болып тұрса, өнер адамында уайым болады. Ол сол рөлді алып шығу үшін оған қаншама милиион гонорар беріледі. Сол арқылы отбасын қамтамасыз етеді. Сонда ғана шынайы, сонда ғана ерекше әсер ететін кино түсіріледі.

– Өнер жолыңызға сәттілік, кәсібіңізге береке тілейміз!

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі