//

Қазақстанда Заң жүзінде «бәріне қарсы болу» құқығынан айырған сайлау өтіп жатыр

1974 рет қаралды
2

Биылғы сайлау бүкіл әлемді  белсенділіктен гөрі енжарлыққа шақырған пандемиямен тұспа-тұс келді. Елде төтенше жағдай жарияланбағанымен, шектеу шаралары әлі де күшінде. Сайлау учаскелеріндегі санитарлық-эпидемологиялық жағдайды сақтау бойынша арнайы нұсқаулық болды, тіпті коронавируспен сырқаттанып жатқан сайлаушылардың дауыс беру алгоритмі де жарияланды.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде тәуелсіз бақылаушылардың сайлауға қатысуына қатысты біршама дау туғаны рас. Ал, кейбір саясаттанушылар бұл сайлауды демократиялық қадамнан гөрі, биліктің кезекті ойыны ретінде бағалап жатты. Қазбек Бейсебаев пен Дос Көшім секілді саясаттанушылардың пікірін «Minber.kz» сайты да жария еткен болатын.

Жалпы, халықтың сайлау алдындағы көңіл-күйі әртүрлі болды. бұл сайлауда жастар мен әйелдерге берілген 30 пайыз квотаны қолдануға күш салған партиялар ерекшеленіп тұрды.  Ал, әлеуметтік желіде сайлауға қатысуға үндейтін де, керісінше сайлаудан ешбір үміт күтпейтін де жазбаларды көптеп кездестірдік.

10 қаңтар күнгі әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook желісінде дауыс берген сайлаушылармен қатар, бақылаушы болып отырғандар мен журналистердің түрлі жазбалары көп.

Мысалы, Azattyq радиосының журналисі Аян Қалмұрат  өзін сайлау комиссиясының төрағасы учаскеден күштеп шығарып жібергенін жазады. «Жаңа Алматыдағы № 173 сайлау учаскесін Азаттық тілшісі ретінде видеоға түсіруге барғам. Кіре сала сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Ысқақов қай БАҚ-тан екенімді сұрап, құжаттарымды тексеріп, ПТР-тестім бар-жоғын білді. «Журналистерге ПТР-тест міндетті емес» десем де қоймай, жұлқылап, телефонымды тартып алу үшін қолымды қайырып, мәжбүрлеп шығарып тастады. Бір қарасам, сондағы бақылаушыларды шақырып алып, мені арандатушы ретінде видеоға түсіргізіп жатыр. Бас санитар дәрігердің 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, журналистерге ПТР-тест қажет емес. Мұны 10 желтоқсанда Азаттыққа ОСК төрағасы да айтты. Дәл осындай жағдай Алматыдағы № 350 және Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылындағы № 894 және № 893 сайлау учаскелерінде болды. Ақпарат таратуға барған Азаттық тілшілерінен комиссия төрағалары ПТР-тест талап еткен» деп жазды Аян Қалмұрат.

https://www.facebook.com/100006905140859/videos/2760641474175997/

Ал, журналист Айдана Шотбайқызы «Өз дауыстарыңызға ие болыңыздар, бір адамға төрт ұстатып жатыр екен» деп жазды. Bidos Kalshabek есмді Facebook желісін қолданушы, «Сырттан адам келмегенде сайлау ком.бәрі бюллетень толтырып өздері салып жатыр. Құдай сақтасын ондайды бірінші рет көріп отырмын» деген хаттан скрин жариялады.

https://www.facebook.com/bidosn/posts/2680628965536483

Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №198 мектепте орналасқан №522, №595 және №552 сайлау учаскелеріне сайлау барысын шолып қайту үшін  барған менің де фото-видео түсіруіме кіші-гірім қарсылық жасалғанымен, соңында рұқсат берілді.

Өз басым дауыс беруге күндізгі сағат 11-лерде барғандықтан, бұл кезде сайлау учаскелеріне дауыс беруге келушілер саны біршама көбейді. Алайда, сайлаушылардың басым көпшілігі өздерінің сайлау учаскелерін дәл білмейтіндерін байқатып жатты. Бір мектепте үш сайлау учаскесі орналасқандықтан учаскені шатастырушылар болды. №595 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясы бірден тізімнен тексеріп, тізімде жоқ бір адамды қосымша тізімге жазбақ болған жерінен осы мәселеге араласуға мәжбүр болдым. service.almaty.kz сайтына жеке деректерін енгізу арқылы сайлаушының учаскесін тауып беруге ықпал еттім.  Сайлау комиссиясы мүшелерінің электронды түрде тауып алуға болатын ақпаратты, қағаздағы тізімнен іздеп отырғанына таңқалдық. Сайлауға дайындық кезінде осындай қарапайым нәрселерге үйретпегені өкінішті.

Сурет: Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №595 сайлау учаскесі.

Сайлау бюллетенін қолымызға алғанда қалыс қалу немесе партиялардың бәріне қарсы болу мүмкіндігі жоқ екенін байқадым. бұл маған сайлаушылардың қалық қалу құқынан айыру секілді көрінді. Осыған байланысты, саясаттанушы Дос Көшім мырзаның пікірін білуді жөн көрдім.

Дос Көшім: Кейбір елдердің Сайлау туралы заңы бойынша «қарсы болу» мүмкіндігі жоқ. Біздің елде де солай. Заң бойынша бюллетенде «бәріне қарсы болу» деген белгі қоя алмайсыз, өкінішке орай.  Біздің елімізде сайлауға бармай қалу, яғни дауыс бермеу, қарсы болу саналады.

Иә, дұрыс, сайлаушыға «бәріне қарсы болу» құқығы берілуі тиіс. Бұл сол сайлау жүйесіне қарсылық болмаса биліктің партияларының бәріне қарсылық болып саналады. Бізде сондай көзқарас болмасын деп әдейі Заңмен осы мүмкіндікті алып тастаған.

Сондықтан, егер сіз сайлауға бармасаңыз, бәріне де қарсымын деген ниетіңізді білдіргеніңіз деген сөз. Ал, егер дауыс беруге барсаңыз және барлық партияға қарсы болсаңыз, партиялардың атауы жазылған барлық клеткаға белгі соғып, қарсылығыңызды білдіресіз. Алайда, бұл бюллетень қарсылық бюллетені емес, жарамсыз бюллетень болып саналады.

Сайлауға дейін, байқасаңыз, оппозициялық партиялар билік партиясына қарсы шығу үшін, сайлауға түсіп жатқан қалған төрт партияның бірін қолдайық деген мәслеге бас қатырды.  Бірақ, бәріне қарсы болу деген мәселеге дауыс берушілердің асып кетсе 5-10 пайызы ғана, оппозициялық көзқарастағы немесе саясатқа қызығатын адамдар ғана назар  аударатын шығар. Сайлаушылардың барлығы оған мән береді деп ойламаймын. Негізі бюллетенді жарамсыз етсеңіз  де сайлауға барған дұрыс. Өйткені, дауыс берілмеген бюллетенді де қолдану оқиғасы бұдан бұрын тіркелген, сондықтан, ең болмаса сіз жарамсыз еткен бюллетенді  ешкім пайдала алмайтынына назар аударған дұрыс.

№522 сайлау учаскесінің алдында «Астана» зерттеу орталығының екі өкілі болды. Олар дауыс беріп шыққан азаматтардан кімге дауыс бергенін сұрап жатты. Есімін Дана деп таныстырған, және өзін суретке рұқсат берген орталық өкілінің айтуынша, азаматтардың барлығы да кімге дауыс бергенін ашық айтуға ниетті емес. Жалпы, қай партияның басым болып тұрғанын нақты айту қиын, өйткені, респонденттердің жауабы әртүрлі екен.

Сурет: «Астана» зерттеу орталығының өкілі, Дана

Мақала дайындалып жатқан уақытта, vlast.kz сайты Алматының орталық алаңында екі жарым сағат бойы тіркелмеген Демократиялық партияны жақтаушылар наразылық акциясын өткізіп жатқанын жазды. Полиция осы жиынға қатысушы 30 адамды ұстап алып кеткен, тағы 70 ке тарта адамды қоршап тұрған. Бұған қоса Oyan, Qazaqstan қозғалысының 20 шақты мүшесін де полиция қоршауында қалған.

Ал, Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күнгі сағат 14.00-дегі дерек бойынша сайлаушылардың 43,9%-і дауыс бергенін мәлімдеді.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі