////

Балаңыз мектепке дайын ба?

2588 рет қаралды
1
фото: kyzylorda-news.kz

Әлемдік пандемия оқушыларды әбден әбігерге салды. Бір жыл бойы қашықтан оқып келген оқушылар кешелі-бері қайта мектепке барып жатыр. Бұл туралы  2-наурыз күні Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады:

– Оқу процесстерін ұйымдастыруға қатысты өзгерістер енгізілді. Еліміздегі Бас санитарлық дәрігердің 27 ақпанда шығарған қаулысына сәйкес, наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптар және халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшті.

Баласының мектепке баратыны туралы бұл жаңалықты кей ата-аналар қуана қабылдаса, кейбіреулері баласын дәл қазір мектепке жіберуге үзілді-кесілді қарсы.

Жанар Серікқазықызы, ата-ана:

– Немерем 3-сыныпта оқиды. Апайлары ертең мектепке жіберіңдер деді. Баланың мектепке барып оқығаны дұрыс қой, дегенмен қазір ауру-сырқау асқынатын кез. Баламды ауыртып алмаймын ба деп уайымдап отырмын. Созылмалы ауруы бар балалар қайтеді? Мектепте маскамен жүреді дейді. Балаға сенім бар ма?

Айгүл Ысқақова, Алматы қаласының тұрғыны:

– Менің екі қызым оқушы. Мектепке барып оқитынын естіп қуанып қалдық. Біз мектепке толық дайынбыз. Қашықтан оқудан балалар да, біз де шаршадық. Қыздарыма қыстай түрлі дәрумендер беріп, иммунитетін көтергендей болдым. Не көрсек те, көппен бірге көреміз деп отырмыз.

Білім министрі негізгі пәндерді штаттық режимде, қалған пәндерді асинхронды форматта жалғастыруды ұсынып отыр. Мұны естіген ата-аналар оған мүлде қарсы екендіктерін айтты.

Дильнара Оразымбетова, ата-ана:

– Менің қызым Алматы облысы Талғар ауданындағы жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбында оқиды. 1 наурыз күні мектеп мұғалімдері «министрліктен бұйрық келді, ертеңнен бастап мектепке толық келесіңдер» деді. Алдын ала ескертпестен, ертең мектепке келесіңдер деуі ата-аналарға біраз ыңғайсыздық тудырып тұр. Тым болмағанда тоқсанды бітіріп, көктемгі демалыстан кейін бір-ақ барғандары дұрыс болар ма еді деп ойлаймын. Сол аралықта баланы психологиялық тұрғыдан дайындап үлгерер едік. Тағы бір жайт, барлық сабақтар мектепте өтпейді. «Көркем еңбек», «ағылшын тілі», «музыка» пәндері қашықтан оқытылатын болды. Бұл ата-анаға да, балаға да зор ауыртпалық салайын деп тұр. Министрлік осы мәселені біркелкі етіп реттеуі керек еді.

фото: 4Brain

Буыны енді қатып, әлемді енді танып жатқан баланы әрі-сәрі күйге салып, психологиясына қаншама салмақ салғанымызды айтпағанда, күнұзақ смартфонға телміртіп, бір аурудан қорғаймыз деп, он ауру жамап бермедік пе екен деген ой келеді. Осы сұрақты балалар неврологы Айгүл Іліпбайқызына қойған едік:

– Соңғы айларда бас ауруына, мойын желке аймағы ауруына шағым айтып келетін балалар айтарлықтай көбейді. Басы мен мойнын УДЗ-ға түсіріп бақылаған кезде шағыммен келген балалардың барлығының дерлік омыртқа артериясының тарылғаны байқалды. Көздері де нашарлап кеткен. Онлайн оқу бар, режимнің бұзылуы бар, барлығы бала денсаулығына айтарлықтай зардабын тигізді. Енді мүмкіндігінше балаларды гаджеттерден шектеп, белсенді қимыл-қозғалысқа көшіру керек. Балалардың мектепге барып оқитыны жақсы болды.

Бас санитардың қаулысынан кейін, өңірлер эпидемиологиялық жағдайға қарай, біртіндеп аралас оқыту туралы шешімдер қабылдап жатыр. Алматы қаласының 1-5 сынып оқушылары ертеңнен бастап мектепке барады.

Әсия Тақабайқызы, Алматы қаласы №12 гимназия директорының бастауыш сынып оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Біз оқушыларды 9 наурыздан бастап қабылдаймыз. Кабинеттер, қажетті құрал-жабдықтардың барлығы дайын, қазір сабақ кестесін дайындап жатырмыз. 9 наурыз күні қанша бала келетінін көреміз, қажет болса, қосымша сыныптар ұйымдастырамыз. Ата-аналардың уәжін түсінемін, дегенмен заманға қарай, барлығымыз да психолоигиялық тұрғыдан қандай жағдайға болмасын, дайын болуымыз керек. Бала дайын емес дегенге келер болсақ, оларға көмектесетін жанашыр жандар – ата-анасы, ұстазы бар. Бірлесе жұмыс істесек, қандай қиындықты да бірге еңсеруге болады.

Бала білімді мектепке барып алуы керек, оған талас жоқ. Дегенмен министрлік тарапынан жауабы нақтыланбаған сұрақ көп. Елімізде үш ауысымда оқытатын 134 мектеп бар. Олардың жағдайы не болмақ? Вице-министр бала сырқаттанып қалса немесе ковид жұқтырған науқаспен байланыста болғандығы анықталса, қашықтан оқитынын айтты. Оны кім оқытады? Кейбір пәндердің қашықтан оқытылуы балаға қосымша жүктеме болмай ма? Кезекші сыныптардың өзінде коронавирус жұқтырған оқушылар анықталып, екі реттен карантинге жабылғандығы туралы деректер бар. Күні ертең сыныптар қайта қарантинге жабылса ше? Тиіп-қашып алған білімде береке бола ма сонда? Министрлік бұл мәселенің барлығы жеке шешіледі деп отыр. Ауыртпалық тағы да мұғалім мен ата-анаға түсейін деп тұр.

                                                                                Аида Бекжанқызы, Алматы.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Шындығында балаларды смартфонға телміртіп қойған дұрыс емес. Бір пәледен сақтаймыз деп, он пәлеге душар қылмадық па осы шынымен?

Олжас жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі