///

Абаевтың мәлімдемесі: Саясаттанушылар “үңгір ұлтшылдығын” әртүрлі бағалауда

2076 рет қаралды
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Абаев Дәурен Әскербекұлының “Пещерный национализм” термині ешкімді бейжай қалдырар емес. Оны сынағандар да, оған ара түсіп, ақтап жатқандар да жетерлік. Төменде сол пікірлерді топтастырып беруді жөн көріп отырмыз. 
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:

МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫ ОСЫ ДЕГЕН СӨЗ

– Азаматтар конституцияның орындалуын бақылау мақсатында өз бетімен бастама көтеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін сауатты түрде қорғап жүр. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің құқықтарын қорғауға атсалысып жүр. Абаев мырза мұны “үңгір ұлтшылдығы” деп ашық айтты. Аңдамай сөйлеген жоқ, кәдімгі арнайы хабарда шегелеп тұрып айтты. Енді мың жерден мақтаса да, жақтаса да, пропаганда машинасын қосса да еш пайда жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты саясаты осы деген сөз.
Бағашар Тұрсынбайұлы, журналист: 

АБАЕВ АҚАН БОЛЫСТЫҢ ҚАЛАЙ ӨЛГЕНІН БІЛЕ МЕ?

– Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың бір ауыз сөзі желіде талқыланып жатыр екен.
Мені қызықтырғаны Абаевтың сөзі емес еді.
Ақын ағам Маралтай Райымбекұлы үш сұрақ қойған екен. Ақынның «эмоциясыз, ешкімнің жеке басына тиіспей, сындарлы әрі жүйелі сұрақтарына» Абаев та жедел жауап бере қойыпты. Осы жауабын оқығанда, ылғи да мемлекет басындағы адамдардың сөзін естігенде кешетін сезімді қайта кештім. Бірақ бұл жолы шошып кеттім.
Абаевтың жауабы тым жасанды, көлгір шықты. Оған ешкім сенген жоқ. Тіпті, ақын ағамның сұрақтарына да.
Абаев бұл қойылымды ұйымдастырса да, біз оған өтірік сенген боламыз. Ол да абырой жинаған болады. Бірақ екі тарап та оның өтірік екенін сезіп тұрады. Кімді алдаймыз? Неге алдаймыз? Не үшін алдаймыз? Сонда айтып отырған болашақ үшін бе? Жоқ!
Менің айтпағым, М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі еді. Оны Абаев оқыды ма екен? Оқыған шығар. Есінде ме екен? Әй, қайдам…
Ақан болыс қаладан жұмысын бітіріп, ауылына қайтып барады. Жанында Ақанның түндегі жүрісіне ыңғайлы Қалтай бар. Олар кеш боп кеткесін, Күшікбай асуындағы бір кедей үйге тоқтайды. Онда ұлы өлген кемпір, соқыр келін, жас қыз бар. Аты – Ғазиза. Пәк, сұлу, жақсы тәрбие көрген. Қалтай соны көздеп, Ақанды осында әкелді. 13-14 жастағы қызды зорламақшы. Ақан соны түсіне қояды. Құдайы қонақ боп үйге кіреді, көңіл айтады. Былай қарасаңыз, жақсы болыс. Кемпір ұлы өлген соң, көрген қорлығын айтады. Ақан соны «тыңдайды». Кемпірдің көзі тайса, Ғазизаға сұқтана қалады. Не керек, ақыры Ғазизаға дегендерін істейді. Зорлыққа қорланған Ғазиза боранда әкесінің басына барып, үсіп өледі. Қысқаша осы.
Мұндағы Ғазизаның өлімі ең үлкен трагедия бұл емес. Трагедия Ақанның кемпірдің бар мұңын тыңдауы, яғни тыңдаған болуы. Байғұс кемпір, ары-бері өткенде қараса жүрер деп, бар қиындығын айтып отырса, Ақанның екі көзі Ғазизада ғой. Менің Маралтай ағам неге Абаевқа мұңын айтты екен деп ойладым.
Биліктің ойы халықты «нету» ғой. Мұңымызды тыңдағансып, шешуін бірге іздегенсіп, мазасызданғансып отырады. Бірақ олардың жаны қашан аурыпты? Біздің жемқорлыққа әбден батқан жүйе халықты «нетуден» басқа қазір не ойлауы мүмкін? Бұл біздің қанға әбден сіңгені сонша, әжептәуір интеллектуал, білімді, арлы дейтін ағаларымыздың өзі кейде алаяқтық әрекеттерге барады ғой. Қазір біздің алаяқтар жәй алаяқ емес. Білімді, мәдениетті алаяқтар. Абаевтардан өзге не күтуге болады?
Біздің жүйе қазір өзгере қоймайды. Мүлде басқаша ойлайтын жігіттер билікке келсе де олар түзей алмайды. Өйткені бұл халықты әбден алаяқ қып тәрбиелеп алды билік. Бәріміз де – алаяқпыз. Абаевтың сөзін жерге қалдырмай бөлісеміз. Бәрекелді айтамыз.
Біз қазақ қандай халық едік деп, бөспейік. Қандай халық боламыз, соны айтайық. Ақан болыс – билік өзгермегенше, қанша Ғазиза өледі, қанша кемпір мұңын айтады.
Ал Ақан болыстың өмірдегі прототипі қалай өлгенін Абаев біле ме екен?
Жынданып өлген…

Ерлан Қарин, Президенттің көмекшісі: 

ОНЫҢ МЕҢЗЕП ОТЫРҒАНЫ – ӘСІРЕ ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ КӨРІНІСТЕРІ

– Кешеден бері әлеуметтік желіде әріптесім әрі жолдасым Дәурен Абаевтың мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Мен Дәурен Әскербекұлымен біраз жыл қызметтес болдым. Біз Президент Әкімшілігіне дейін де ақпарат саласында бірге жұмыс істедік. Оның мемлекетшіл әрі ұлттық мүддеге берік азамат екенін жақсы білемін. Сондықтан, айтылып жатқан мәселеге бей-жай қарамай, оған өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім.
Біріншіден, кешегі сұхбатты мұқият көріп шықсаңыз, Дәурен мырза мемлекеттік тілді мүлдем кемсітіп отырған жоқ, ұлттық мүддемізді де ешкімге жығып берген жоқ. Ол Қазақстандағы орыс тілінің ахуалын түсіндіріп, оған қысым жасалып жатыр деген пайымның орынсыз екенін анық әрі дәйекті түрде жеткізді.
Екіншіден, менің әріптесім қызмет бабына орай, солтүстіктегі көрші елде болып жатқан ақпараттық дүрбелеңге байланысты мемлекеттік биліктің ұстанымын білдірді. Бұл ұстаным бәріңізге белгілі – Қазақстанда тіліне, наным-сеніміне бола адамды кемсітуге жол берілмейді. Мұнымен де ешкім дауласа қоймайтын шығар.
Үшіншіден, Дәурен Абаев жалпы ұлтшылдықты қоғамдық құбылыс ретінде жоққа шығарып, сынаған жоқ. Оның меңзеп отырғаны – әсіре ұлтшылдықтың көріністері. Мұның туған елі мен жерін сүйетін патриот азаматтардың ұлтшылдығына еш қатысы жоқ. Ал, саяси және қоғамдық идеологияда қандай да әсіре көзқарас пен іс-әрекеттен әрине сақ болған жөн.
Менің ойымша біздегі ұлтшылдық мемлекетшілдікпен астасып жатуы қажет. Қоғамдық іс-әрекетіміздің өлшемі мемлекетшілдік болуға тиіс. Ұлтын сүйген адам, ең алдымен, мемлекетінің болашағын ойлауы және соған қызмет етуі керек.
Біз қоғамдық дискуссияда жалаң ұраннан терең әрі байыпты диалогқа көшуіміз керек. Сондықтан, баршаңызды соңғы пікірталасқа сабырмен қарап, әріптесім Дәурен Абаевтың мәлімдемесінің мәніне терең үңілуге, оны дұрыс түсінуге шақырамын.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі