//////

Назерке Серікқызы: Ғайша (жалғасы)

955 рет қаралды

***

Бір есімді жинасам үйдің алдына келіп тоқтаған екенмін. Көзімнен ыстық жас ыршып кетіпті. Соңғы рет қашан, не үшін жылағаным есімде жоқ.

Құдай жылатпасын. Кешкісін әдеттегідей екі ұлды әкеcі алып қайтты. Ауа-райының құбылмалы уақытында балалардың иммунитеті көтерілсін деп ет асып, сорпа бергенмін. Осындайда Азат маған одан сайын риза болады. Айтуынша, мен тамақты енем сияқты дәмді әзірлейді екенмін. Сондықтан күн сайын үстел басынан тұрмас бұрын маңдайымнан сүйіп, «анамның ақ келіні сол, тамағың өте дәмді болыпты» деп алғысын айтады. Мен оған осы қылығы үшін де ғашық шығармын. Әсіресе, бірқалыпты салмақты мінезін қатты сыйлаймын.

Азат ата-енемнің екінші перзенті болса да, ұлдан тұңғыш болған соң оның сөзіне үйдегі үлкен-кішінің бәрі бірдей құлақ асады. Ол кішігірім ауылдағы қарапайым отбасынан шықса да, еңбекке ерте жастан араласып әке-шешесінің бір жағына шығысты. Міне, содан бері күні бүгінге дейін мен үшін де қайын жұртым үшін де Азаттың әр сөзі бұйрық.

Кешкі астан соң әкесі ұлдардың сабақ үлгерімін тексеріп, ал мен ертеңгі киімдерін дайындап жаттым. Азат менің әлденеге алаңдаулы екенімді сол сәтте сезген екен. Алайда, оған Ғайша туралы ештеңе айта алмадым…

Сол күннен бері Ғайша есімнен шықпады. Әсіресе, «ол қазір қайда, не істеп жүр екен?» деген ойдан арыла алмай-ақ қойдым. Бірақ күйеуіме осы бір ішкі толқынысымды айтып бөліспеген едім. Азатқа айтпауымның өзіндік себебі де бар…

Есіңізде болса, алты жыл бұрын Ғайшаны ескі Арбатта кездестірген күні оның қолына телефон нөмірімді жазып қалдырғанымды айтып едім. Содан бері талай күндерді қалта телефонымның шырылын күтумен өткізгенмін. Алайда Ғайша маған тек бір аптадан соң хабарласты. Оның өзінде селқос жауап қатқан. Мен жан құрбымды бұлай жібере салғым келмей, Ғайшаны сол күні кешкіге қонаққа шақырдым. Басында бір-екі сылтау айтып, бас тартты. Бірақ мен қояр да қоймай келуге көндіріп алдым. Өйткені, студент кезімде маған әпкемдей қорған болған құрбымды қайтсем де төріме шығарып, адал асымды алдына қойғым келді. Ол кезде Азат екеуміздің үйленгенімізге бір жыл да толмаған еді. Мен алаңғасарланып жүріп үйге қонақ келетінін күйеуіме ескертуді ұмытып кетіппін. Кешке таман біздің аулаға Ғайшаны өткендегі дәу қара жігіт көлігімен әкеліп тастады. Қанша шырамытсам да ол жігітті тани алмадым. Ішімнен Ғайшаны сонау ауылға артынан іздеп кеткен Нұрзаттың түрі басқашалау еді ғой деп ойлап үлгердім. Ол кезде Жарокова-Тимирязевада кішкентай бір бөлмелі пәтерді жалдап тұратынбыз. Ғайша есіктен кірген бетте:

– Үйлерің өте тар екен ғой,- деді. Мен бұнысын әзілге балап:

– Жас жұбайлар үшін бұл үй сараймен тең. Әзірге осыған қанағат. Кейін екеулеп үлкен үй алармыз, – дедім.

Соңғы сөзімді айта бергенде Ғайша қыз күніндегі әдетінше «пішту» дегендей астыңғы ернін шығарып, басын шұлғыған. Бұл қылығы сырт көзге менсінбеген адамның түрін көрсетсе де, мен үшін сондай жылы көзқарас еді. Шынында көп қыздар Ғайшаның құбылмалы мінезі мен шағып сөйлейтін тілін ұната бермейтін. Бірақ мен оның осы дара болмысын сондай жақсы көрдім.

Бір бөлмелі пәтердің ас бөлмесінде екі құрбы ұзақ әңгімелестік. Бірақ Ғайша онша ашылып сөйлей қоймады. Есесіне менің аузым жабылмады. Азат екеуміздің қайда, қалай танысқанымызды, тойымыздың қалай өткенін, үлкен әулетке келін болып түскенімді, ата-енемнің қандай жақсы адамдар екенін, аяғымның ауыр екенін білгенде Азат екеуміздің қалай қуаныштан жылағанымызды бәрін айтып берген едім. Бірақ Ғайшаны бұның бірі де қуанта қоймады. Студент кезімізде сырласа қалсақ «екеуміздің қайсымыз бірінші тұрмысқа шығамыз, қайсымыз бірінші болып ана атанамыз?» – деп қиялдайтынбыз. Тіпті, бір-біріміздің балаларымызға кіндік ана болуды да жоспарлап едік. Алайда, Ғайшаны менің жүктілігім тіптен қызықтырмады. Сәлден соң әңгіме өз отбасына көшкенде жан құрбым ас үйдің терезесіне тақап бір тал шылымды сөмкесінен алып шығып тұтатып жіберген-ді. Мен болсам Ғайшаның темекі ұстаған тұрысын көргенде өз көзіме өзім сенбей шәйгүмнің құлағын тас қып ұстаған күйі аузым ашылып отырып қалдым. Ғайша болса менен мүлде қысылған жоқ. Темекісін ішке тағы бір тартып жіберіп әңгімесін айта бастады. Айтуынша, Нұрзатпен екі жылдай бірге тұрған екен. Бірақ қайын әпкесі мен енесі күн көрсетпей ақыры ол үйден түнделетіп қашып кетіпті. Арада бала болмаған соң Нұрзат та Ғайшаның артынан іздеп келмеген. Сосын мен қиянатқа қимайтын құрбымның шылымға қайдан үйір болғанын сұрадым. Ол болса мен жаққа мойнын соза шамалы езу тартып:

-Сен бұның қандай ғажап дүние екенін білмейсің ғой. Мені тек осы нәрсе ғана тыныштандырады. Темекі тартпасам, ашылып шер тарқатып сөйлей алмаймын,- деді.

Мен Ғайшаны мүлде тани алмадым. Сыртқы сымбаты сақталғанымен оның жан-дүниесі басқа бір адаммен алмасқандай еді. Қырсық қылғанда Азат жұмыстан келіп ас үйдегі ыңғайсыз сәттің куәгері болған. Күйеуім Ғайшаны көргеніне қуана қоймады. Иә, оның ашуланатын жөні бар. Енді ше, өзі жұмыстан шаршап келгенде ас үйіндегі терезенің алдында темекісін бұрқыратып бір қыз тұрса әрі ол қызға айы-күні жетіп отырған келіншегі шай құйып отырса қалай ашуланбайды? Сол сәтте Азаттың алдында ұяттан кіріп кете жаздағанмын. Бірақ көрер сұмдығымның әлі алда екенін білмеген едім. Жолдасымды есіктен қарсы алып, тамаққа шақырған сәтім болатын, Ғайша сөмкесінен екі бөтелке арақты кезек-кезек шығарып дастарханға қойды. Азат екеуміздің көзіміз шарасынан шығып кете жаздап бір-бірімізге қараған күйі не дерімізді білмей қаттық та қалдық. Ал Ғайшаның бізді елейтін түрі байқалмады. Алғаш келгендегідей емес, өзін еркін ұстап ас үйдегі шкафтарды жағалап рюмка іздеп кетті. Азат ызадан жарылардай боп әрең отырған бірақ осынау қан-майданнан жүктілігімнің арқасында аман қалдым десем де болады. Алайда, күйеуімнің ең соңғы сабыры ортаға үш стакан тарс етіп қойылғанда сарқылып бітті. Сөйтті де, Ғайшаға тістене қарап:

-Мен тұрғанда бұл үйде ешқашан стакан соғыстырылмайды. Ал тіптен ішкіңіз келіп бара жатса өзіңіз ғана құйып іше беріңіз, – деп шорт кесті.

Ж-о-қ, Ғайша дегенінен қайтпады. Азаттың сөзін анық естісе де үш рюмкаға толтырып ащы судан құйып тастаған. Бірақ ақыр соңында соның бәрін бір өзі ішіп тауысты. Мен болсам Ғайша арақты аузына алған сайын күйеуіме жалтақ-жалтақ қарап оның қас-қабағын бағып қара терге түстім. Әйтеуір, кешкі алтыда сап-сау келген құрбымды түнгі екіде удай мас күйінде таксиге әрең салып жібердім.

Сол күні Азат маған алғаш рет қатты ашуланды. Өзіме де обал жоқ. Бірақ Ғайшаның аз уақыттың ішінде мұншалық тез өзгеріп кететінін қайдан білейін? Студент кезімізде оның бойында бұндай ерсі қылықтың бірі де болмаған. Сол жағдайдан соң Азат екеуміз үш күн сөйлескен жоқпыз. Бұл менің өмірімдегі бітпестей болып көрінген ең ұзақ үш күн болатын. Төртінші күні қабағын аңдып, дәмді тамақ жасап, көңілін кішкене жіпсіткен едім. Күйеуім бір-ақ ауыз сөз айтты.

-Мен сенің ол адаммен араласқаныңды қаламаймын, – деді. Осымен, сөз тәмәм. Азатқа қарсы шықпадым. Өйткені, сау басыма сақина тілеп алған өзіммін. Міне, содан бері хат-хабарымыз мүлде үзілді. Кейде курстас қыздарды көшеден кездестіргенде не болмаса телефон арқылы тілдескенде ара-тұра Ғайша туралы сұрап қоятынмын. Бірақ олардың ешқайсы Ғайшамен сөйлеспейтін, себебі, оны ұнатпайтын. Кейбірі тіпті «Т-у-у-ф, сол бір желөкпе қызды қайтесің осы?» – деп ренжитін. Осылайша, мен Ғайшадан біржолата көз жазып қалдым…

***

Бүгінгі демалыста Азат ұлдарды бассейнге жүзуге алып кеткен. Біз балаларымызды шектен тыс еркелетпейміз. Бірақ бар жағдайларын жасап, түрлі білім орталықтары мен спорттық секцияларға беріп жүрміз. Әсіресе, олармен Азат көбірек айналысады. Менің ойымша, ер бала қашанда әкесінің тәрбиесін алған дұрыс. Осы күнді пайдаланып мен де ауылдан қалаға таксист болып қатынап жүрген ағамнан үйдегілерге азын-аулақ зат беріп жіберген едім. Әйел деген жаратылыс осындай ғой, әйтеуір төркінге күйеуімізге көрсетіп бір, көрсетпей екі беріп жібереміз. Алайда, Азат ешқашан «неге бересің?» – деп сұрап көрген емес. Қайта, менің ата-анамды «аға-тәте» деп жүріп қал-жағдайларын сұрап, жиі хабарласып тұрады. Сондай кездері Азаттың үйленер алдында айтқан сөзі есіме түсіп кетеді. Ол маған «Сен менің ата-анама қалай қызмет қылсаң, мен де сенің ата-анаңа солай жауап қататын боламын», – деген еді. Азат бір-ақ ауыз сөзбен маған бүкіл өмірімнің мәнін түсіндіріп тастаған-ды. Содан бастап ата-енеме қолымнан келгенше жақсы келін болуға тырысып келемін…

Әлгінде үйге кіріп келсем Азат кіші ұлымыздың аяғын спиртпен сүртіп жатыр екен. Жаным шыға жаздап күйеуімнен не болғанын сұрағанмын, маған бір түрлі салқын жауап қатты. Бар айтқаны, Жансұлтан бассейннен шыға бергенде кафельге тайып жығылыпты. Кішкентай ғана жарақат болған соң ауруханаға бармаған. Тізесіндегі жараның жеңіл екеніне көзім жеткеннен кейін менің де көңілім жайланған еді. Бірақ Азат кеш бойы бір түрлі болып жүрді. Себебін сұрап көрмек едім, «балалар ұйықтасын», – деп қысқа қайырды. Ақыр соңында түнгі онды болдырып ас үйде жеке қалдық. Азат қалтасынан бір тал темекіні шығарып үстел үстіне қойды. Менен жауап күтіп отырғаны белгілі…

-Бағана спирт іздеп жүріп дәрілер тұратын тартпадан тауып алдым.

-Білмеймін, бұл кімдікі?

-Менікі емес шығар енді? Темекі мен арақты аузыма алмайтынымды жақсы білесің. Үйге Ғайша келді ме?

-Жоқ. Азат оны қайдан шығардың?

-Біздің үйде әйел адамдарға арналған шылымды одан басқа кім тартады? Гүлім, шыныңды айт. Мен жоқта Ғайша келіп кетті ме?

-Азат, сен неге Ғайшаны ұнатпайсың? Иә, кезінде ол үшін біраз ренжіскеніміз рас. Бірақ одан бері алты жыл өтті ғой. Мүмкін қазір Ғайша өзгерген шығар?

-Олай деп ойламаймын.

-Мейлі. Сенің ойыңды өзгертуге тырыспаймын. Алайда, мен бір шешімге келдім. Ғайшаны іздеп тауып онымен тілдескім келеді.

-Ақымақ болма. Кезінде маған берген сөзіңде тұруың керек.

-Жоқ, енді ол уәдемді орындағым келмейді.

-Гүлім! Дұрыстап ойлан. Ертең ауылдан ата-енеңнің қонаққа келетінін ұмытпаған шығарсың? Құрбыңды қоя тұрып, одан да шай-тамағыңды ыңғайла. Осымен бұл әңгімеге қайта оралмайық.

Азатқа қарсы шығу маған мүлде жат қылық. Десе де, осы жолы мен өз айтқанымнан қайтпауды шештім. Мен қайтсем де Ғайшаны іздеп табамын!

Қымқуыт тіршіліктің арасында жүрсем де Ғайшаны бір сәтке де ұмыт қалдыра алмадым. Бүгін ата-енемді күтіп алуға дайындалып үйге молынан азық-түлік алғанмын. Бұл жолы өткендегі қолына шылым қыстырған бойжеткен қыз құшағына кішкентай ғана шақалақты қысып алып аялдамадағы орындықта отыр екен. Көлігімді сәл арырақ қойып, өзім сол қыздың қасына тақадым. Ол да мені ұмытпаған екен, маған қарап қап-қара көздерін дөңгелете жөнелді.

-Кешіріңіз, бұл жолы темекі бере алмаймын.

Осы сөздерінен соң мені күлкі қысып кетті.

-Жоқ. Бұл жолы сенен ондай ештеңе сұрамаймын, алаңдама. Қолыңдағы баланы тым жұқа киіндіріп алыпсың, соны көріп шыдамай алдыңа келдім. Жүр, сендерді жеткізіп салайын.

-Керек емес. Қазір автобусымыз келеді.

-Мен шынымен де бала үшін уайымдап тұрмын. Әлі жасқа да толмаған сәбилердің ағзасына мүлде инфекция түсіруге болмайды.

Осыдан соң, жас қыздың көңілі сәл жібіп, үнсіз келісімін берді. Көліктің айнасынан арт жақта отырған қыздың қабағын бағып, бақылап келемін. «Қолыңдағы нәресте өз балаң ба?» – деп сұрар болсам онсызда мінезді қыздың шамына тиермін деп үндемедім. Алайда, үнсіз де қала алмасым анық еді.

-Қай жерде тұрасың?

-Момышұлы жақтан түсіріп кетсеңіз болды. Ары қарай өзім жетемін.

-Жақсы…

-Өткен жолы неге маған ұзақ қарадыңыз?

-Оны білу соншалық маңызды ма?

-Мен үшін маңызды. Бөтен адамның өзіме үңіле қарауының себебін білгім келеді.

-Жарайды, білгің келсе айтайын. Сен… Сен сол күні менің бір жақыныма қатты ұқсап кеттің. Яғни сені көргенде бірден сол адам есіме түсті.

-М-м-м. Демек, ол да мен сияқты шылымға құмар қыз болғаны ғой?

-Оның рас, бірақ бұл күлетін жағдай емес.

-Онда тұрған не бар? Ал, ол жақыныңыз қазір қайда?

-Оның қайда жүргені өзіме де жұмбақ. Көріспегенімізге алты жылдан асты.

-Жақын адамым дейсіз, бірақ алты жыл көріспедік дейсіз. Бұл сізге қарама-қайшылық сияқты көрінбей ме?

-Өзім де осы оймен арпалысып жүрмін. Кезінде жақсылығын көп көрген құрбым болатын. Ол қандай болып өзгерсе де арамызды үзбеуім керек пе еді?

-Демек ол кісіні әлі сағынасыз, солай ма?

-Сағынамын…

-Ендеше неге оны іздеп тауып алмайсыз?

-Солай еткім-ақ келеді, бірақ аздап жүрексінетін сияқтымын.

-М-м-м. Темекіңіз бар ма?

-Мен темекі шекпеймін.

-Ал өткен жолы олай демеген едіңіз?

-Ол кездегі себеп басқа болатын. Саған да балаңның қасында шылым шегуді қою керек.

-Балаңның? Қайдағы… Бұл менің балам емес, бауырым!

-А-а. Інің бе еді? Кешір, аялдамада бауырыңды құшақтап отырғаныңды көргенде басқаша түсініп қалыппын.

-Албасты шешем інімді тағы да жұмысына тастап кетіпті. Бұл уже үшінші рет қайталанып тұр.

-Қалай сонда?

-Ішкен адамда қайбір ес бар дейсіз. Баққысы келмесе неменеге табады екен осы?

Үндегем жоқ. Бірдеңе деп айтуға да аузым бармады. Отбасылық жағдайының жақсы емес екенін түсінгенім анық. Дегенмен, өзі де, інісін тап-тұйнақтай етіп киіндіріп алыпты. Осынау аздаған әңгімемізден соң айтқан жеріне әкеліп тастадым. Жас қыз мен көлікпен ұзап кеткенше соңымнан біразға дейін қарап тұрды. Өткен жолы мен де оны осылай жанарыммен шығарып салған едім…

***

Мен осы әулеттің тұңғыш келінімін. Алдымда бір қайын әпкем бар. Үйдің екінші перзенті менің жолдасым – Азат. Азаттан соң қарындасы мен інісі бар. Былтыр күзде қайын сіңлімді де құтты орнына қондырдық. Ал қайным үйленуге әлі асықпайтын сияқты. Қайын сіңлім осы қалада жақсы жерге келін болып барды. Жақында күйеу баламыздың ата-анасы екеуіне орталықтан жаңа пәтер сыйлаған екен. Бұйыртса, күні ертең жастар жаңа үйлерінде қоныс тойын тойлағалы жатыр. Менің де ата-енем сонау ауылдан осы қуаныштың куәгері болуға арнайы келді.

Ата-енем өмір бойы ауылда шаруашылықпен айналысқан адамдар. Келін болып түскен күннен қара шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шықтым деп өтірік айтпай-ақ қояын. Енем бүкіл тірлікті жалғыз өзі дөңгелетіп жүрген нағыз батыр әйел. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей енем әлі тың. Азат екеуміз ол кісілердің қолында бір ай ғана тұрдық. Бір айдан соң ата-енем ақ баталарын беріп бізді еркімізге жіберді. Содан бастап, күйеуім қайда жол бастаса мен соның артынан ілесіп жүріп келемін. Қазір Құдайға сансыз шүкір, басымызда баспанамыз, астымызда темір тұлпарымыз бар. Ең бастысы, ата-енемізден бір тиын да алмай осы күнге өз күшімізбен жеттік. Атам бес уақыт намазы түгел адам. Екі жыл бұрын Азат екеуі кіші қажылыққа барып қайтқан еді. Атам көп сөзге жоқ, байыппен ғана сөйлейді. Шыны керек осы күнге дейін ата-енемнің бір-біріне шәй дескенін көргенім жоқ. Олар жақсы болған соң, олардан туған перзенттер қалай жаман болсын? Қайын жұртымның бәрі шетінен байсалды, елге сыйлы адамдар. Әсіресе, жар таңдаудан жолым болды десем артық айтқаным емес. Азат қазір кезінде өз әкесінен алған тәлімі мен тәрбиесін қос ұлына үйретіп келеді. Тұңғышым дүниеге келгенде қалада күтінуге жағдайымыз болмай Бексұлтан бір жасқа толғанша ауылға барып тұрдық. Азат қаладағы жұмысынан қол үзе алмаған соң ұлым екеумізге екі ай сайын келіп тұрды. Мен ата-енемнің ерекше мейіріміне сол кездерден бөленген едім. Ал енді осындай жақсы адамдарға жаман келін болуға хақым жоқ.

***

Үйге ата-енем келгенде етек-жеңімді жинап, басыма орамалымды тағып, зыр жүгіріп келіндік қызметіме кірісемін. Сондай кездері жолдасым «осы орамалыңды былай жүргенде де тағып жүрсең ғой», – деп сөзбен тиісіп қояды. Шынында Азат менің өмір бойы үйде отырып, бала бағып, күнде кешке өзін жұмыстан күтіп алғанымды қалайды. Осындайда өзімді бір дене мүшесі кем адамдай сезінетінмін. Әсіресе, Азатқа жұмысқа қайта шыққым келетінін айтқан сайын бұл әңгіменің соңы ренішпен аяқталады. Тағы бір сөзінде «Құдайға шүкір, не ішем, не жеймін деп жатқан жоқпыз. Жұмыс істеп бір айлыққа қарап отырғанша бала-шағаның жағдайын жасап үйде отырған жақсы емес пе?» – деген. Бірақ адамдар жұмысты мұқтаждықтан ғана істейді деу мүлде қате пікір. Менің қазанның құлағын ұстап жүріп қарайып қалғым келмейді. Өз ортаң болмағаннан кейін әркімге бір жалтақтап елеңдейді екенсің. Бұрындары бірқатарда саптай тізіліп бірге жүретін құрбы қыздардың барлығы жан-жаққа кетті. Дәл сол көштің басында Ғайшаның тұрғаны жаныма батады…

***

Атам ас қайырып дастарханға бата жасаған соң Азат жолдастарымен жолығуға кетті. Атамдар ауылдан бізге деп бір қойдың етін ала келген екен. Мен соларды реттеп тоңазытқышқа салысымен, қайтадан шайды жаңалап жіберіп енем екеуміз сүт қатқан қаймақпен кеңінен отырып шай іштік. Ол кісі қос немересінің ер жетіп келе жатқанын көріп бір жасап қалған. Содан соң біртүрлі түс көргенін айтып көпке дейін жайланып отыра алмады. Менің де жүрегім тынши алмай:

-Мама, ол қандай түс? – деп сұрап қоймадым. Сонда енем:

-Алдымен Азат екеуіңнің араларың дұрыс па, соны айтшы қызым? – деді. Мен бұл сұрақтың не үшін қойылғанын түсініп үлгермей:

-Иә, мама, бізде бәрі жақсы. Оны неге сұрадыңыз? Қорқытып жібердіңіз ғой, – деп үрейлене қарадым. Енем:

-Жоға, құлыным, қорқатын ештеңе жоқ. Әрі түнде түсті айтпайды деген бар, – деді де кесе ұстаған қолдарымды ыстық алақанымен сипады. Алайда, енемнің жүзінде әлдебір уайымның табы бар еді…

Сол түні дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Бірде түс түлкінің тезегі деп өзімді жұбатқандай боламын да, бірде қайтадан қалың ойға тұмшаланып аламын. Әйтеуір, сөйтіп жатып не заманда қалғып кетіппін. Келесі күні бәріміз үлкен бір әулет болып жиналып қоныс тойға бардық. Үйлері шынымен де көз қызығарлықтай әдемі екен. Қайын сіңлім болса атамның ақ батасымен барған жеріне тастай батып, судай сіңіп жүргенін дәлелдеп қонақтардың алдында қолды аяққа тұрмай келіндік міндетін атқарып жүрді. Кеш бойы жігіт жақтың туыстары мен өзге қонақтар күйеу баланың әкесін, яғни құдалар жақты көкке сыйдырмай мақтап, «бұның бәрі біздің Ұлағаңның арқасы» деумен болды. Құдамыз да Азат сияқты жеке кәсіпкер. Күйеу баламыз алғашында кенже қызға үйленемін деп ата-анасынан рұқсат сұрағанда, жігіт жақ біздің әулетті өздеріне тең көрмей біраз қарсылық танытқан екен. Алайда, біз туралы сұрастыра келе Азаттың қаланың үш жерінде сервистік қызмет көрсету орталықтарының бар екенін естіген соң шешімдерін қайта қарастырған көрінеді. Нәтижесінде, екі жастың тағдыры тоғысты. Кім де болсын, өзімен терезесі тең адаммен төс қағыстыруды қалайды. Әйтеуір, тектіліктен бұрын теңдікке қатты мән беретін құдамыздың таяздау түсінігі ортадағы екі жастың бақытына балта шаппаса екен деп тілеймін.

***

Ғайшаны іздеп табуды қалай жасағаным дұрыс болады деп көп ойландым. Себебі, оның отбасы туралы көп ештеңе білмейтінмін. Әйтеуір бұрындары өзінен үлкен бір әпкесі мен соңынан ерген бір інісінің барын айтқан еді. Ата-анасы да Шалқарда тұратын. Бірақ менің дәл қазір отбасымды тастап ол жаққа баратындай мүмкіншілігім жоқ. Сондықтан, бұл істің басқа шешімін табуым керек. Осылай деп қазанға быж еткізіп ет сала бергенімде, Әділ деген сыныптасым әлеуметтік желіден достық ұсыныпты. Бастапқыда мені қалай тауып алған деп таң қалдым. Өйткені, тұрмысқа шыққанда жолдасымның тегін алған едім. Бұл шешіміме әкем ақ батасын беріп «Қызым, тегің өзгерсе де, өзің өзгерме!» – деген. Әділдің достық ұсынысын қабылдап жатқанда менің басыма тағы бір ой топ ете қалды. Алты жыл ішінде Ғайшам ара-тұра есіме түсе кеткенде оны әлеуметтік желіден іздейтінмін. Бірақ сол күйі таба алмадым. Дегенмен, әпкесі не болмаса інісі арқылы іздеу салуыма болатынын бұрын соңды мүлде ойланбаған екенмін. Алайда, әпкесінің аты есімде қалмапты. Айша ма, Жайна ма әйтеуір Ғайшаның атына өте ұқсас есім болатын. Ал інісінің аты – Айбек. Мен Айбекті тек сырттай ғана танитынмын. Ғайша өз отбасы туралы айтып, олармен таныстыруды ұнатпайтын. Осылайша, құрбымның інісінің аты-жөнін ғаламторға теріп көрдім. Дәл осындай бірдей есіммен тіркелген жеті адам бар екен. Енді олардың арасынан нақты өзім іздеген Айбекті қалай табарымды білмей басым қатты. Содан соң, нар тәуекел дедім де: «Қайырлы күн. Мен көптен бері жақын құрбымды іздеп жүр едім. Сіздің Ғайша есімді әпкеңіз бар ма?» деп басталатын хабарламаны әлгі жеті адамның әрқайсысына жолдап шықтым. Бірінен болмаса екіншісінен міндетті түрде жақсы хабар келетінін ішім сезеді…

***

Азат екеуміз өз ата-аналарымызды жыл сайын шама-шарқымыздың келгенінше түрлі емдік шипажайларға демалысқа жіберіп тұрамыз. Былтыр менің ата-анамды Мойылдыға он күндік емдік курсқа жіберген едік. Осы жолы ата-енеме Алма-Арасан шипажайына жолдама алып Азат екеуміз қағазды ол кісілердің қолына бірге табыстадық. Азат бүгін сондай көңілді жүрді. Әсіресе, ата-анасына жолдама қағазын ұстатқанда іштей қатты толқыды. Күйеуім отбасына жақсылық жасаудан күш алады және өз әулетін ғана ойлап қоймай менің де туыстарымды шет қалдырмайды. Осындайда жүрегім әлденеден секем алып, өмірімізде барлығы жақсы болған сайын өздігімнен үрейлене түсемін.

Азат екеуміздің таныстығымыз ұмытылмастай қызық болған. Мен ол кездері оқуымды жаңа аяқтап, жекеменшік фирмада бас есепшінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүрдім. Азат та сол фирманың шикізат тасымалдау бөлімінде делдал болып қызмет атқарады екен. Жұмысқа орналасқаныма бір аптадан енді асқан болатын. Атқаратын қызметімді де, жаңа әріптестерімді де толық танымайтынмын. Дәл сол күні бас есепшінің баласы науқастанып басшылықтан сұранып кеткен екен. Түскі үзіліске жиналып жатқанымда есіктен Азат кіріп келіп әлгінде жасап берген есебімді үстелімнің үстіне тарс еткізді. Сөйтсем, айлық кіріс-шығыстың есебінің орнын ауыстырып, қате есептеп қойыппын. Алайда, қыз күнімде мүлде басымнан сөз асырмайтын едім. Азат та бірбеткей, тік мінезді болып шықты. Осылайша қызу қандылықпен екеумізде біраз жерге барып қалдық. Сол күнгі ұлы айқайдан соң бір-бірімізбен екі айға жуық сөйлеспедік. Ол жұмыстағы адамдардың бәріне «Үйленгенмін, үш балам бар», – деп айтатын. Менде оны шынымен үйленген адам деп қабылдадым. Солай қабылдадым да одан барынша ауаша жүруге тырыстым. Бірақ үлкен жиналыстарда басымыз қосыла қалғанда Азат отырған жаққа қарай білдірмей қарап отырып, іштей одан «қандай жанның бағына бұйырдың екен?» – деп сұрайтынмын. Сөйтсем Азатта мені сыртымнан бақылап жүріпті. Кейін келе біртіндеп сөзіміз жараса бастаған. Алайда, мен оған «Сіз үйленген адамсыз. Әйеліңіздің сыртынан бұлай жүріс жасау дұрыс емес», – деп үн қатқанмын. Азат осы сөзіме шексілесі қата күліп шын мәнісінде өзінің бойдақ екенін, бірақ әйел адамдардың назарын аудармас үшін үйленгенмін деп айтатынын түсіндірген еді. Сол сәт менің ең тәтті түсім сияқты болған. Осылайша, қаншама айдан бері жүрегімде қысып ұстап келген Азатқа деген сезімдерімді бір-ақ сәтте тұтқыннан босатып жібердім. Оған ең бірінші болып өзімнің ғашық болғанымды ешқашан мойындаудан қорыққан емеспін.

Менің осы бір мөлдір махаббатым оның да жүрегіне сезім ұшқынын сыйлады. Сөйтіп, екі бойдақ әріптестің біртіндеп сөздері жарасып, бір-біріне көңілдері ауа бастаған. Бірақ біз қыз-жігіт болып жүргенімізді басқа әріптестерден барынша жасырын ұстадық. Себебі, ешқандай қаңқу сөзге жол бергіміз келген жоқ. Сөйтіп жүргенде Азат келісімшартқа қатысты бір мәселені басшылықпен келісе алмай бір-ақ күнде жұмыстан шығып кетті. Ол кезде менің қосалқы есепші болып жүргеніме бір жыл енді толған. Десе де, сүйген адамым жоқ жерде жұмыс істегім келмей Азаттың соңынан ілесіп мен де қызметімнен кеттім. Менің осы батыл қадамым, өзі үшін негеде болсын даяр екендігім, ол қайда барса да соңынан бірге еріп кететіндігім, адалдығым мен сертіме беріктігім Азаттың жүрегіне тура жол тапқан екен. Осылайша, жұмыссыз қалған жігітім уақытты көп созбай бірден үйленуге ұсыныс жасады. Мен алғашында «тағы бір жыл күте тұрайық, алдымен жұмыс істеп, тойымызға ақша жинайық» – дегенмін, бірақ Азат сөзіме құлақ аспады. Себебі, тағы бір жыл жүрсек осы нәзік сезімге қылау түсіп кетер деп сескенген. Сөйтіп, жиырма бірдегі бойжеткен қыз бен жиырма алтыдағы бойдақ жігіт бір айдың ішінде апыр-топыр үйленіп кетті. Алғашында, жаңа отбасы болып, бірден үй бола кетудің соншалық оңай еместігін түсінбеген едік. Жылына қаншама рет пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрсек те, ешқашан бір-бірімізге қабақ шытып, кейімедік, «шаршадым» деп бәріне қолды бір сілтемедік, шыдадық. Өмір әрдайым тәтті бола бермейді. Біздің арамызда қуаныш та қызғаныш та көп болды. Тіпті аңдамай сөйлеймін деп бір-екі рет таяқ та жегенмін. Бірақ отбасылық өмір сонысымен мәнді, сонымен құнды. Осы күнге дейін жолдасымның менен өзге жас қыздарға көз салуы мүмкін екенін жиі ойлайтынмын. Бірақ әр жолы күдіктенген сайын Азат өзіне босқа кінә тағып жүргендігімді дәлелдеп беретін. Оның да мені қызғанған кезі аз емес. Тіпті бүгінге дейін жұмысқа шығармай жүргенінің басты себебі де осы қызғаныштың қызыл оты…

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі