////////

Баян Болатханова: Мейірбан жанарлар елінде (жалғасы)

1584 рет қаралды

***

Зәулім хан сарайы ауқымы жағынан шындығында өзі бір алып мемлекет сияқты еді. Жұмақ ішіндегі жұмақ, шетсіз де шексіз кеңістік. Сыртта тіршілік дүниесі бар екенін ұмытып кетуге болатын. Әсем бақтар құлпырған, әнші құстар сайраған, қауыздардан мөлдір сулар шашылған, саф таза ауалы тамаша мекен-жайда өмірі дала көрмеген, жаңадан дүниеге келген құбыжық көз басы қалтаңдап, біресе бағжиып, біресе шұқшиып, айналасындағы сырлы дүниеге бір пәс таң қалып, масаттана, тамсана қарайды.

Әкесін қос алақанына салып, тербетіп оятты.

– Әкешім-ау, сен мені қанша жек көрсең де, енді қашып құтылмайсың. Өйткені, мен сенің жылдар бойы күткен перзентіңмін. Мүмкін, сынағың шығармын.

Түрім қорқынышты екенін өзім де білемін. Бірақ, менің жандүнием басқаша сөйлейді. Менің осы оңбаған кейпімді қабылдап, есіңізді жиыңыз. Мүмкін, сол кезде ұлы өзгерістер жасайтын болармыз – деді – Жалғыз көз дәу ханның құлағына дауыстай сөйлеп.

Басқа түскен соң, амалы бар ма? Хан есін жиып, іштей енді не істейтінін ойлай түсті. «Кім болсаң, ол бол, бұдан әрі жамандық жасауыңа жол бермеймін. Сол үшін де күресуге тиіспін!» – деген пікіріне ойша бекініп, бір шешімге келді.

– Жанархан батыр! Сен енді Жанархан батырсың, ұқтың ба? Ашу үстінде анаңның жанын жаһаннамға жібердің. Қанішер екенсің. Бұдан кейін мен сені қалай балам деймін. Анаңды әлі тірілтіп алуға тырысамын. Бұдан былай зұлымдық жасамайтын бол. Екеулеп жоспар құрайық. 18 мың ғаламды түгел билеу ойымда жоқ. Бұл анаңның арманы болатын. Тіршілік дүниесі бар ғаламшарлармен қарым-қатынасымызды нығайтсақ та жетеді. Өзің қалай ойлайсың?

– Әке, біз оларды жаулап аламыз. Билеп-басып алудан басқа жол жоқ. Менің оған қабілетім жетеді – деді Дәу.

– Жоқ! «Мейірбан жанарлар елі» деп жайдан жай аталған жоқпыз. Менің ғаламшарым соңғы рет 5000 жыл бұрын қару-жарақ шығаруды тоқтатқан. Сондықтан соғысқа жол бермеймін – деді Хан.

Жанархан осы кезде қулыққа басты:

– Дұрыс, Хан ием! Мен сіздің жолыңызды жалғастырамын. Жауласпаймын ешкіммен. Олармен достасып, өз қатарымызды көбейтетін боламын. Сол үшін сіз маған ең жақын ғаламшар Salmanдар еліне қалай жетуді түсіндіріп беріңіз.

– Жарайды онда. Сен сарайдың ішін емін-еркін аралап жүре тұр. Мен уәзірлеріме тапсырма берейін. Ең жақын ғаламшар Salmanдар еліне сенімен бірге сапарға шығатын топты дайындасын – деді Хан.

Құбыжық Хан әкесіне: – Мақұл – деп келіскенін білдірді

***

Әсіресе, айрықша қатты шырылдап бүкіл ғаламнан көмек сұраған балалардың дабылын естіген Ай мен Күн оларға күш беруге ұйғарды. Сөйтіп, ағайынды екі балаға мейірімі түсіп, күштерін соларға берді. Оларға: «Сендер Айхан және Күнхан деген жауынгерсіңдер енді», – деп, ақылдарын айтты, – Біз сендерге қуат, бата бердік, енді бәрін жеңесіңдер! – деді.

Ерекше күш біткен Айхан мен Күнхан жорыққа дайындалды. Salmanдар ғаламшарына ұшып барып, қандастарын іздеп көрмек.

Бұл оқиғадан алты ай шамасы өткен кезде, енді мейірбандар елінде уақыт зымырай бастады.

Жанархан дәу әлі сарай ішінде жүрсе де өз сиқырымен барлық ғаламшарларды кері қуат көзіне тізбектей жалғады. Алыста отырып-ақ оларды басқара беретін мүмкіндікке ие болатын. Әкесі бұған қашан жолға шығасың деп айтатынын күтіп жүрген сияқты көрінгенмен, жалғыз көзді дәу өз қулығымен ғаламшарлар арасындағы ғаламат соғыстың жоспарын құра берді.

Дуалауға душар болған Salmanдар елі бейбіт мақсатпен ұшып келген Айхан мен Күнханды жау ретінде қарсы алды. Олардың өз қандастарын іздеп келгенін түсінгісі келмеді.

– Біз сендермен ешқашан дос болған емеспіз. Жалған сөйлемей, табандарыңызды жалтыратыңыздар. Әйтпесе, ғаламшарларыңызға соғыс ашамыз. Мұнда сендердің елден ешкім келген жоқ – деп Salmanдар елінің жаугер қорғаушылары бұларды ғаламшар сыртын қоршаған тоғыз қабат шеңберден өтіп кетуге тиым сала, ескерте сөйледі. Осы маңда болуы мүмкін жерлестеріне жақыннан дыбыс белгісін таратып үлгерген Айхан мен Күнхан кері шегінді. Қолайлы уақытты күтпестен арандап қалуға болмайды.

– Жақсы, біз басқа ғаламшарларға ұштық – десті олар.

***

Шынымен түпсіз-шексіз галактика кеңістігіне бойлап ене берді олар. Көзді ашып-жұмғанша Lignum – ағаштектілер ғаламшарына келді. Бұл ғаламшар өздерінің Мейірбан жанарлар еліне ұқсайтын. Ауадан, судан, оттан, топырақтан тұратын. Бастарында жайқалған ағаш бұтақтары болса да денелері адамдар сияқты тік, екі аяқты, екі қолды. Ағаштектес Lignumдар өз жүйе, тәртібімен өмір сүріп жатқан. Бірақ, әлгі алыс қашықтықтан сырттан сиқырлай беретін жалғыз көзді дәу бұларды да Мейірбан жанарлар еліне қарсы қойып қойыпты.

Айхан мен Күнхан өз елдерінің мұндағы елшілігін іздемек болып еді, Lignumдар жауынгерлері ағаш бастарын бір-біріне жақындатып шеңбер құрып, қоршай тұра қалды.

– Елшілік сендерді қабылдамайды. Өйткені, сендер жат ғаламшардан келдіңдер. Қандай пиғылмен, не үшін жүргендеріңді тексермей, елшілікке жібермейміз. Елшіліктерің қоршауда. Қазір біз сіздердің ғаламшармен соғыс жағдайында тұрмыз. Ғаламшаралық бейтарап кеңістікте тексеруден өткіземіз – деді Lignumдар хабаршысы.

Айхан мен Күнхан бұл шартқа келісетіндігін мәлімдеді. Ғаламшараралық бейтарап кеңістіктің өзі шексіз, түпсіздей созылып жатыр ғой. Сонда да болса, бұлар тозаңдықтың Lignymдар еліне жақын тұсында қалықтап тұрып, тексеру шараларын күтті.

Бәрі асқан жылдамдықпен орындалатын ресми тәртіп талаптары орындала бастады.

…Жап-жасыл әлем сағым сияқты көлбей ұшты. Ішінде не жоқ дейсің. Тылсым дүние. Айхан мен Күнхан көз алдынан өз ғаламшарларындағы бақытты кезең қол бұлғай өтіп жатыр.

Скафандр киген мына жас ұландар қайда ұшып барады? Тоқтай тұр, өздері іздеп келген, ізгілік ілімін басқа ғаламшарға жасыруға бұдан мың жыл бұрын аттанған жерлестері ғой мыналар.

Жаз, Күз, Қыс, Көктем сұлтандары. Киген киімдері өздеріне керемет жарасады екен. Аялы мөлдір жанарлары қандай терең ойлы, қандай мейірімді. Қанша жыл өтсе де қартаймайтын, тек даналықтары артып, дүние ғылымын тереңдеп оқи түсетін бауырларын көрген Айхан мен Күнхан қуанғаннан айғайлап жіберді.

– Дұрыс тауып келген екенбіз. Мейірімділік коды – сіздерде! Өздеріңмен аман-есен жолықсақ, бәрі реттеледі. Алақай, амансыңдар ма, Ағаштектілер елі! Туысқан елдегі отандастарымыз! Сіздерді көргенімізге қуаныштымыз!

Балалардың сағым көріністерге қарап қуануы пәк, таза жандүниелерімен астасып, голограмма бейнесіндегі төрт мейірбан жан жап-жақыннан пайда болды.

Олар тексеруден сезімдік дәрежеде мүлтіксіз өтті. Жерлестерінің голограммасы жақыннан көрінуі осыны білдірген. Енді Айхан мен Күнхан үшін Lignum ғаламшарының қақпасы ашық.

Шет ғаламшарлық қос жауынгер баланың ешқандай зұлым жоспарсыз, тек өз жерлестерін іздеп келгені түсінікті болды. Бұдан әрі оларға кедергі келтіріп уақыт созудың керегі жоқ.  Lignumдардың жас сарбазы Кипарис бұл тұжырымын данышпан қарт Жұмбақ Баобабқа жеткізді. Lignum ғаламшары тыныштығын күзеткеніне он мың жылдан асқан сұңғыла ғалым  қарт Айхан мен Күнханды алғаш көргенде-ақ Мейірбан жанарлар елінен келгенін білген. Алдыңғы ізгілік елшілеріне қатты ұқсайтындықтарынан-ақ бірден байқаған. Бірақ, жас сарбаз Кипарис зерттеу, сынау тәжірибесін жинауы керек қой. Сол үшін де ресми тексеру тәжірибесін соңына дейін мұқият өткізіп, әріптесінің өз қорытындысын шығаруына мүмкіндік берген.

Ұстаз өз ұстанымы мүлт кетпегенін байқап, Кипаристің шешімімен келісті. Айхан мен Күнханға жаңа ғаламшарлардың өзгеше жарық, ерекше таза, саф, тұнық ауалы мәңгі жасыл әлемінің қақпасы  айқара ашылып, қос батырды құшағына ала берді.

***

Анасы әзәзілдің азғыруымен дүниеге әкелген Жалғыз көзді дәу әкесінен кеңес сұрағандай көрінгенімен өз зұлымдық мақсатын іске асыра берді. Тіршілік бар төрт ғаламшарды да оймен басқарып, қым-қуыт соғысқа әзірлікті жалғастырды. Farmicae планетасындағы еңбекқор құмырсқатектестерге соғыс кемелерін қару-жарақтарын тез арада жасап, көбейтуді тапсырды. Ешқашан соғысып көрмеген  farmicaeлықтар зомби сияқты ес-түссіз жалғыз көз дәудің ойша бұйырған тапсырмаларын өздеріне тән ұқыпты,  еңбекқор мінездерімен айнытпай орындап жатты.

Ал құстектестер – Avesтер ғаламшарындағы түрлі ұшқыр қанат сарбаздарға жалғыз көзді дәу шабуылдың ең алдыңғы шебінде болатындықтарын бірден ескерткен болатын.

-Біз ғаламшарлар арасында естіп білмеген соғыс ашамыз. Мен Мейірбан жанарлар елі хан тағының жаңа мұрагері Жанархан мына ғаламда кімнің мықты екенін дәлелдегім келеді. Бұйрығымды қарсыласпай орындаған ғаламшар елдері арасындағы достық жалғаса береді. Кімде-кім қарсы шықса, сол ғаламшарды күлпаршасын шығарып, қарақұрдымға жіберемін – деп темір даусымен зідене ақырды.

– Сендер, құстектестер қанатының ұшу заңымен сапқа тұрып, мұздай құрсанып, Мейірбан жандар еліне бұрыннан достығын сақтаған жақтастар шебіне тұтқиылдан үшбұрышты лек құрып, дүркін-дүркін шабуылдайсыңдар! Біздің елдің сарбаздарының осал тұсы – аялы, мөлдір жанарларын үшкір тұмсықтарыңмен ойып әкетіңдер. Оларға көмекке  келуге Lignum сарбаздары дайындалып жатыр. Ағаштектестердің ең осал тұстары бастарындағы бұтақтары. Ол бұтақтарда олардың милары орналасқан. Миларын шауып алу керек! Осы екі нәрсені ұмытпаңдар! Жеңіс біздікі болады!,- деп айғай салды Жалғыз көз дәу.

– Балықтектестер – Salmandар, сендер судан алысқа ұзап шыға алмайтын болғандықтан, бүкілғаламшарлық жойқын соғыс жауынгерлерін тамақпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Осы бастан балдыр, мұхит суы асты шөптерінен, түрлі жәндіктерден жорық асын әзірлеп, ұшқыш Avesterге, құрылысшы farmicaeларға тамақ молшылығын жасайсыңдар. Осы тапсырманы ойдағыдай орындауды бұйырамын! Жалғыз көз дәу сиқырмен ғаламашараралық соғыс жоспарын шебер қолбасшылардай жетілдіре түсті. Өзінше барлық одақтастарына тапсырма берді.

***

Қас-қағым сәт. Кірпік қаққанша. Уақыт қандай жылдам. Жайшылықта уақыт жиілігінің ең кішкентай мөлшері де ұлы құпияға ие екенін байқай бермейміз. Қолда бардың қадірі жоқ. Әрдайым мұны сезіп тұрсақ, жамандық атаулыға саңылау қалдырмас едік. Зұлымдық ойға мүлде келмейтіндей әр сәтке, әр минут, әр секундке жақсылық жебеушлерінен күзет қояр едік. Ұйықтамаса, қалғымаса Жақсылық, Ізгілік ұйықтамасын. Солай емес пе? Ендеше, Мейірбан жанарлар елінің каһармандары Айхан мен Күнханның Мейірімділік кодын бұдан мың жыл бұрын дос ғаламшар –  Lignum ағаштектестер еліне данышпандықпен жеткізіп, мызғымас күзет қойған арыстай төрт бауырын іздеп тапқандары қандай сәттілкі десеңші.

Lignum ғаламшарындағы елшілікте қос батыр бала Айхан мен Күнханды өздері алдымен голограммасымен сөйлескен бауырлары бар салтанатымен қарсы алды. Достар планетасы аумағында орналасқан Мейірбан жанарлар елінің елшілігін ғаламшар ішіндегі ғаламшар десе болғандай екен. Мейірбандар елінің тұтас бір алып көшірмесі пайда бролыпты.Өйткені, Көктем, Жаз, Күз, Қыс сұлтандары бұдан мың жыл бұрын аса құпия, арнаулы тапсырманы орындамаққа басқа ғаламшарға жұп болып аттанған еді. Әрі өз елдеріндегі бүкіл тіршілік дүниесінің капсулаларын осіріп, сақтауға, дамытуға бірге алып ұшқан. Ірі ғылыми жобаның авторлары төрт жұп болғанымен, орындаушылары жүзге тарта ғылыми мамандар бірге келген. Міне, осы достық елшілерінің Lignumдар ғаламшарыда еккен бағы гүлдеп, тіршілік дүниесі жайқалып, Мейірбан жанарлар елінің өкілдері бұл жақта да тарихи тамырын тереңге жая бастаған. Қос каһарман Айхан мен Күнханды аялы, мейірбан жанарлары мөлдіреген, сымбатты, құлын мүсіндеріне желбіршекті қос етек аппақ жібек көйлектері, қынама бел мақпал камзолдары жарасқан қос сұлу бойжеткен иіле қарсы алып, қапталдарын жайқалып өскен алуан гүл көмкерген кең дәлізбен салтанатты сарайға бастап жол көрсетті. Төрде аппақ сақалдары белуарына түскен ұзын ақ шапанды, ақ қалпақты бабалар бұларды күтіп тұр екен. Айхан мен Күнхан есіктен кірер кірместенданышпан бабаларға иіліп сәлем берді.

– Армысыздар, ата-баба дәстүр-салтын ұстаған, асыл қазынасын сақтаған, абзал қарияларымыз!

– Бар болыңдар балаларым!

– Елден қиын сапарға шығып, аман-есен жетулеріңмен Айхан, Күнхан батырлар!

– Жолдарың болсын, қаһарман сарбаздар!

– Жақсылық жаршысы болуға әрдайым дайынбыз, батырларым!

Төрт данышпан қарт өздері мың жыл көрмеген Отандарынан келген қос ержүрек жас жауынгерді батылдықтары үшін құрметтей, әрі жүрек тебірентер сағынышпен қарсы алды. Мына бала батырлар тұлғасына қарап  Отан қорғау жолындағы аса құпия тапсырма өздеріне жүктеліп, алыс сапарға шыққан жас кездерін еске түсірді.

– Бауырмал ықыластарыңызға мың алғыс, ардақты аталар!

– Ай мен Күнге рахмет. Олар бізге қуатын қосып, батасын берді. Әйтпесе, алыс сапарға шығуға іштей дайын болғанмен мұнда жетер алар ма едік. Ата-аналарымыз, барлық ересек адамдар жан қуаты – мөлдір жанарларынан бір сәтте айырылып, елдегі балалар қорғансыз қалды. Туған ғаламшарларыңызды басқа түскен қатерден қорғап, бірлесе сақтайық! Көмектеріңіз керек отандастарымыз. Қос батыр бала бірін-бірі жалғастыра саңқылдай сөйлеп болған жайды жерлестеріне бастан аяқ баяндап берді.

Олардың отан деп соққан жүректерінің лүпілін бейжай тыңдау мүмкін емес еді. Туған елге деген алтын арқау махаббат басқа отандастар жүрегін де шымырлатып, сазды сағынышқа толтырды. Аялы мөлдір жанарлардан мөлтек жас бұршақтай төгіліп үсті-үстіне нөсер боп ақты. Отан десе кім тағат табады дейсіз. Онсыз да мейірім, жақсылық, ізгілік күзетшісі болып алыста жүрген отандастар түп көтерілді. Еңкейген кәріден, есін енді-енді білген сәбиге дейін жан дүниелерінде алапат буырқаныс пайда болғандай. Мейірбан жанарлар елінен келіп жеткен қос бала батыр, жаужүрек жаушыларды елшілік төріндегі ақылман ақсақалдар кең құшақтарына алып, қапсыра құшақтап, кезек-кезек мауық баса көрісті.

Көрісу! Ыстық құшақты, дархан жүректі елдің бағзыдан келе жатқан көрісу рәсімі мың жылдан бергі меймілдеген сағыныш сезімін оятып, бауырмалдық тіні қайта тартылды. Мейірім тасқындап, жақсылық қайта гүл жарды. Абыз қарттардың ақ тілегі, сағынышы, мейірімі елден жеткен қос батыр баланың қаһарман тұлғасын одан ары асқақтатып, рухын арттырып, тым шалғай алыстағы елде қалған сүйікті ата-аналарына дарытты. Ізгілік, мейірім оттары қайта жанып, Мейірбан жанарлар еліндегі кемтар болып қалған үлкен кісілердің семген жанарлары қайта шұғыла шашты.

Енді әлемді жайлай бастаған белгісіз дерттің құты қашып, жақсылық қуаты орасан зор шапшаңдықпен еселеніп буырқана тасыды!

***

… Жалғыз көзді дәу өзін дүниеге әкелген зәулім сарайдан шыға алмастан өкіре құлады. Мейірбан жанарлар елінің жан қуаты – Көрісу – жақсы тілектер тоғысу арқылы қайта гүлдеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар