///

Дәнеш Байболатов: Пенжім сабағы: “Ұлтарақ” ұлт құбылысы

1380 рет қаралды

«Азаттық» радиосының тікелей эфирі арқылы біраз жұрт Панфилов ауданы Пенжім ауданындағы жағдайдың шет жағасынан қанықты. Ұлтаралық қақтығыс туса, өзгеге ұлтарақ болатын баяғы қазақ деп кіжінушілер аз емес. Мектептегі оқушылардың төбелесі неге ұлтаралық қақтығыс сипатындағы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кете жаздады? Осы ауданның тумасы ретінде бұл оқиғаның екі себебін көремін.
Біріншісі, жергілікті биліктің бишігін білегіне ілгендердің бұған дейін іште қоздап жатқан мәселені көзге ілмегені. Бірнеше жыл бұрын осы ауылда және ауданның өзге елдімекендерінде де қазақтар мен ұйғырлардың арасында кикілжің, текетірес болған. Ол мәселенің бәрі «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалды. Проблеманы түп-тамырымен қопарудың орнына, қоламтаның бетін бүркемелей салды. Оны бүгін ауылдағы ағайын да айтты. Егер аудан әкімі мен ішкі саясатқа жауапты тұлғалар «Жауырды жаба тоқымай», әр оқиғаға, әрбір осындай сигналға дер кезінде мән беріп, шешім қабылдап отырса, мұндайға дейін бармас еді.
Жергілікті қазақтар «ұйғырлар неге бізден оқшауланады? Олар неге жынысын қосқысы келмейді?» деп наразы. Әрине кез келген ұлттың өзге елде тұрғанда этникалық жағынан оқшаулануы табиғи құбылыс. Мысалы Моңғолия қазақтары да солай. Бірақ қазақпен тарихи тамырластығы тереңде жатқан ұйғыр ағайын тіпті мешіттің өзінде бөлініп алса, тұрмыстық деңгейдегі жікшілдік көпе-көрінеу көзге ұрып тұрса, оған қандай реакция болады?
Ел арасындағы «мектептерде ұйғыр ұлтының тарихы мен үстемдігі туралы айтылады екен» дейтін әңгімелерді, тұрмыстық деңгейдегі жікшілдіктің барын, ұйғыр ұлты өкілдерінің басым бөлігі этникалық анклав ретінде оқшауланып алғанына жергілікті тұрғындардың наразы екенін ауданның атқамінерлері білмеді емес, білді. Бірақ күні бүгінге дейін «мәу» демеді. Ал бүгін аудан әкімі жиналыста «Шаңыраққа қараңдар!» депті. Мұнысын біраз жұрт шұрқырай қолдай жөнелді. Бірақ әкімнің бұл сөзі таза популизм! Тіпті мемлекеттік қызметкердің ауызынан шығатын да сөз емес! Шаңырақ шайқалмасын деген адам дауылдың қай жақтан соғарын аңғарар болса керек. Үй ішінен үй тіккісі келгендердің, арандататын авантюраға баруға құмарлардың желігін бұрынырақ басып, ішкі тұрақтылықты тұрлаусыз қылады ау дегендердің жолын «мынау қазақ, мынау ұйғыр» демей заңмен қатаң түрде кесу қажет еді. Оның орнына ақша-патша болған заманда, шенділердің пұл бергеннің алдында әділет іздегеннің жігерін күнде құм қылып жүргендері өтірік емес. Кеңес заманында да қазақ пен ұйғырдың арасында жанжал болмады емес, болды. Бірақ ол кезде бәрі заң алдында бірдей еді. Кінәлілер сазайын алған соң, былайғы жұрт дүрлікпей, «үкімет өзі шешеді» деп сырттай бақылайтын. Тоқыраулы тоқсаныншы жылдары, ел бүгінгіден қиын заманды бастан кешкенде ауданның тізгінін ұстаған Әділшайық Ибраймолдаев секілді Жаркенттің топырағынан шыққан азаматтар ши шығартпай ақ басқарып отырды емес пе?
Ал кешегі оқиға «еститін» билікке айғайлап жеткізе алмаған, заңның бәріне әділ екеніне сенбейтін жұртты үдере көтеру үшін мектептегі төбелестің де жеткілікті екенін айғақтап берді.
Бұл оқиға конституциялық мәртебесі де айқындалмаған Ассамблеяның ештеңеге қауқарсыз екенін, оның мүшелері этномедиация форматын игере алмағанын, ал жергілікті ішкі саясат бөлімінің сырттан келген қонақтарға дастарқан жайып, той-томалақтарда әкімнің атынан шапан жабудан басқамен шаруасы жоғын да көрсетіп берді. Бұл жерде таяқтың ұшы ҚМДБ-ға да тиеді. Татулық, ауызбіршілік туралы айтқанда қоғалы көлдей толқытып, қорғасындай балқытып жіберетін пірәдарлар неге бір мешіт жамағатының екіге жарылуының алдын алмады? Астанада қалың жиын өткізген жақсы әрине. Бірақ паркеттен шығып «поледе» де жұмыс істеу керек емес пе?
Екіншісі, ақсақалдар кеңесі секілді жергілікті өзін өзі басқару институтының тек фейк түрін жасаған мемлекеттік идеологиядағы жұмыстарымыздың олқылығы. Ұлт болып ұйысудың орнына, Қазақстанда әр ұлт бір көрпенің астында түрлі түс көруде. Тәрбие мен білім беру жағындағы отыз жылғы кемшіліктер ақпарат тарату саласына да әсерін тигізіп отыр. «Екі оқушы төбелесті» деудің орнына кей әріптесім мысалы «Ұйғыр Ялхунжан мен қазақ Сабыржан» төбелесіпті деп жар салуға құмар. Оған кез клеген жерден хайп қууға бар блогер дейтінді қосыңыз. Ал оның салдары, былайғы жұртқа әсері қандай болары ешкімді толғандырмайды.
Бұл екі мәселеден шығатын қорытынды бар проблема жаппай жауапсыздыққа келіп тіреледі. Әр басшы жұрттан бұрын өзінен жоғары тұрған басшының алдында ғана жауапкер сезінетін, кез келген мәселені парамен шешуге болатынына бәрінің еті өліп кеткен елде осындай сыздауық шығады. Ал ол сыздауықтың ауызы болмашыдан жарылары анық.
Кез келген елде, тіпті толерантты дейтін Еуропада ұлтаралық қарым-қатынас нәзік әрі күрделі мәселе. Ол заң сөйлемегенде, әділеттің ауылы алыстап кеткенде ушығады. Бұл – аксиома! Қоздаған шаланы өшірмесең, ертең жалынына күйесің. Ал ондай кезде адамдарды шырпы ретінде қолданып, әр жерден от қоюдан тайынбайтындардың шығатыны бесенеден белгілі.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі