///////

Ділдәр Мамырбаева: Жерұйық қайда? (жалғасы)

1747 рет қаралды

*   *   *

Әлем вирустан өртеніп тұр. Айнала ұйқы-тұйқы. Әр отбасында уайым, күйзеліс. Тыныс аңду. Дәрі іздеп ел шетіне шығып кеткен  жұрт. Дәрігерлер емдеу жолын таба алмауда. Көңіл алақұйын. Қарапайым пенделердің қолынан келетіні  Құдайға жалбарыну ғана болып қалған.

Жақсылық қызмет істейтін құпия агенттік адамзатты құтқару ісіне кірісіп кеткен. Қытайдың Ухань қаласының  лабороториясында жасалған вирусты да, оған қарсы  вакцина өндіруді  қаржыландырып отырғандар бар  деген мәліметті де АҒP, BBC, Reuters агенттіктері  faсtcheck.kz сайты «өтірік, өтірік» деп  шыр-пырлары  шығып жоққа шығаруда.

Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Қазір басқару жүйесі қатты жетілген, бәрі де саусақ ұшымен  атқарылуда. Сенсорлық панельдің  белсенділігін арттырып, вирус толқынын бірінен соң бірін жіберуге болады.

Олардың жүйесіне еніп импланттарды жою қыста егін салып, одан қыруар өнім алумен бірдей. Оны жылы кабинетте отырып атқара алмайсың. Ол үшін атмосфераның жоғары қабатына көтеріліп, олардың жүйесін  бақылауда ұстайтын  спутниктерінің көзін жою керек.

Ол дауыл мен оттың ортасы, ойдым-ойдым оры көп жол. Шегінсең әлем апат болады.

Жақсылық сөзіне, ниетіне, ісіне бекем. Дүниедегі тартыс  сынында күшті, зәрі алып шыңды құмдай үгітетін озбарлықты көру өзіңді жегідей жейтін сезім сыйлайды екен. Жақсылық жері мен елін тәж – тажалға олжа етуден құтқарса  ғана өзін патшадай сезінеді… оған дейін көз ілмейді… Өзіне берген серті сол.

*    *   *

Ғарыш кемесінің тұмшаланған кабинасында отырған  Жақсылық роботтар туралы ойлады. Не болды екен? Жерде көктем өтіп, жаз өтіп, күз келген. Тоғыз ай. Бұл бейтаныс планетада 9 жыл өтіп кетіпті. Жердегі бір ай – мұнда бір жылға пара-пар уақыт. Аэродинамикалық тежегіштің  гүрілінен орбиталық станцияға келіп қонғанын білді.

Айнала құрылыс. Қайда қарасаң да  жүздеген роботтар. Бүйірінде  Н2 деп жазылған автобустар тоқтаусыз зымырауда. Қайда қарасаң да сутегінің атомдық нөмірі жазылған билбордтар. Аттаған сайын сутегін сақтайтын станциялар, сутетегін тарататын желілер. Ауа тап-таза. Санитайзер  – сутегі. Роботтардың  сусыны сол екен. Вирус пен бактерия дегеннің не екенін білмейді. Әкесі жасарып кеткен. Сутегінің қорын қалай жинаудың жолын тапқан.  Су температурасын күшейткенде оттегі мембрана арқылы өтіп, резервуарда таза сутегі қалады екен. Мембрана материалын керамикалық пластинкалардан жасапты. Сутегін сығылған газ күйінде  де, қатты  дене түрінде де өндіріпті. Қатты күйде өндіргенді металл құйма қуыстарына , ал газ күйіндегісін өте қымбат баллондарға құйыпты.  Жақсылық әкесінің мына ісіне қатты қуанды.

–  Жасқа емес, басқа қара. Алпысқа келгеннен ақыл сұрап қою да кейде артық емес, балам. Сен кішкентай кезіңде Мысыр пирамидасы, Бабылдың аспалы бағы, Артемида  ғибадатханасы, Зевс мүсіні, Родос мүсіні, Александрия шамшырағы туралы оқып, айналадағы ел-жұрт жаңалық ашып жатқанда  біз ешнәрсе жасамай жүре бергенбіз бе деп күйінуші едің ғой. Есейгендеріңде алдарыңды Илон Маск мен Билл Гейтс орап кетті. Бір қазақтың жаңа планета – құт мекен ашып, онда  тіршілік орнықтыруын  маңдайға жазған шығар, – әкесі толқи сөйледі.

Қазақ болашағының  ақ таңы атып келе жатқаны көңілін қатты толқытты. Жақсылық  планетадағы базарды көргенде , тіптен таң қалды. Бақыт та, байлық та үйіліп-төгіліп  жатыр.  Дәл жердегідей. Ойламаған тұстан қол жайып отырған тіленші роботтарды кездестіргенде тұтығып қалды.

Жақсылық роботтар жетекшісін  шақырды. Бұл  таңдайы тақылдап ақындардың өлеңдерін күн-түн үздіксіз оқитын робот.

–  Қалайсыңдар? – деп сұрады.

–  Тыныштық. Бәріміз дін аманбыз. Мұнда әркім өз нанын өзі тауып  жеп жүр. Планета оттегінің қалың қабатымен қоршалған. Экология тап-таза. Өсіп-өніп жатырмыз.  Мұнда ешкім жүзге жетпей өлмейді екен.

Жақсылық таңдана басын шайқады.

–  Базардан бүгін тіленшілік пен өтірікті байқап қалдым ғой. Мына Жерұйықта олар қайдан жүр?

–  Сіз «Пандора сандығы» дегенді естіп пе едіңіз? – деп  өзіне қарсы сұрақ қойды. Университетте шет ел әдебиетінен сабақ берген Морозова апайының  айтқандары үзік-үзік болып қана есіне түсіп тұр. Толықтай ұмытыпты.

–  Гректердің түбінде шындығы бар  аңызы ғой.  Айып болмаса, есіңізге  түсіре кетейінші. Прометей жүдеу-жадау халыққа Олимптен  от алып келіп береді. Одан бөлек жұртты өнер-білімге, қолөнерге үйретеді. Зевс бұған қатты ашуланады. Олимп құдайы Прометейді ғана емес бүкіл адамзатты жазалағысы келеді. Сөйтіп Зевс ұста құдайы Гефеске адамға ұқсайтын  сұлудың сұлуы, көркемнің көркемі , ақылдының ақылдысындай қыз жасауды бұйырады. Оған Пандора деген есім береді. Бұл есім бір сырлы, сексен сегіз қырлы дегенді білдірсе керек. Прометейдің  ақылсыз,  дарақы інісі Эпиметея оған ғашық болып үйленеді. Эпиметеяның үйінде ашуға болмайтын құпия сандық  болатын. Пандораға  оны ашпау керектігін ескертеді. Құпия дүние қашанда қызығушылықты оятады ғой. Пандора сандықты ашып көрмекші болады. Ашып қалғанда  ішінен өтірік, айла, жалғандық, зорлық, жемқорлық лап қойып сыртқа шығады. Сасқалақтаған сұлу әйел қақпақты  қайта жауып қалғанда, сандық түбінде үміт қалып  қояды. Осыдан кейін әлемге жамандық тез тарайтын болған.

Сол сандық осында да келіпті. Қақпағы ашылып, талай сұмдық  сыртқа шығып кетті, – деді тез-тез сөйлеп. Осыған өзі айыпты болғандай мұңайып қалды .

Әлден кейін барып:

–  Сіз естімеген, көрмеген жақсы жаңалығымыз да бар, – деді.

Жақсылық оған ол не болды екен дегендей  сұраулы жүзбен қарады.

–  Қолдарында байлығы бар роботтардың біразы  жапондардың алдын орап,  Айдың солтүстік  аймағына қоныстанып алды. Патша сарайынан кем емес зәулім үйлер тұрғызған, көрсеңіз таң қаласыз. Ондай  сәулетті бұрын-соңды көрген  жоқсыз. Енді біраз топ Қызыл планета – Марсқа кетті. Ол жақ бұл жерден де  жақсы дейді. Көргендер нағыз Жерұйық деп отыр.

Үшінші бір топ …,-деп  барып күмілжіп қалды.

– Олар қайда кетті? – Жақсылық сөзіңді жалғастыра бер дегендей  иек қақты.

– Интеллектуальды топ  жер әлемге вирус толқынын атмосфераның жоғары қабатынан жіберіп жатқан спутниктерді жойып жіберді.

Жақсылықтың жанары шоқ болып жанып кеткендей болды.  Нартәуекелмен басталған қызықты  ісінің жақсы жағы мұны адамгершілік, адалдық деген мәртебенің биігіне шығарғандай. Таланттар бір ортаға жиналса, бір бағытта емес, әр түрлі бағытта өмірді өзгертеді екен-ау. Бұл да  бір өмір сабағы.

Сонда өз зауытынан шыққан мыналар биологиялық  роботтар ғой. Оттегімен дем алады, сутегін  ішеді. Темірден  жасалған тобырлар емес, өз цивилизациясын жасап алғандар. Жер мен көк арасындағы  көпір тұрғындары. Олардың бір тобы ел-жұрттық  дүниетаным, адамгершілік  болмыс туралы  ойланбайды. Бірақ Тәңірқұт мекенінің төрін иеленген. Енді бірі істеріне  адал, дегенмен бейнеттен көз ашпайды.

Жақсылықтың  көзі қарауытып, басы айналды. «Жерұйық» сағымға айналып, алыстап бара жатты. Ақ бояулы жақсылық пен қара бояулы жамандық найзағайдай шарт-шұрт  арбасты. Боз  тұман ішінде Асан  бабаның сұлбасы біресе бері келе жатқандай,  біресе ары бара жатқандай болып ағараңдайды.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар