////

Қазақ журналистикасының проблемалары қандай, шешімі қайсы? – «Media Құрылтай 2021» талқылауы

3045 рет қаралды
Есей Жеңісұлы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот сурет: www.internews.kz сайтынан

Жақында Алматы қаласында ХІІІ “Медиа құрылтай” өтті. Осы медиа құрылтай жайында www.internews.kz cайтындағы материалды “Мінбер” оқырмандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Биылғы «Media Құрылтай» сессияларының бірі — «Қазақ журналистикасы: түйткілдер мен шешу жолдары» деген тақырыпқа арналды. Қазақша сессияға Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы модератор болып, спикерлер: Есей Жеңісұлы (“Ақ желкен” журналының бас редакторы), Дина Елгезек (тәуелсіз журналист), Мейіржан Әуелханұлы (KzNews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы) мен Жазира Байдалы (Balbal.kz, Balbal books-тың негізін қалаушы) сөйледі. Үлкен тақырыпты қамтыған талқылаудағы ой-пікірлерді бір мақалаға жинадық.

«Қазақ журналистикасы: түйткілдер мен шешу жолдары» сессиясы / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот

Сессия басталғанда модератор Нәзия Жоямергенқызы журналистер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысын таныстырды. Айтуынша, Түркітілдес журналистер қорының «Қазақ журналистикасының өзекті үш мәселесі» деген сауалнамасына қордың WhatsApp-топтарына мүше 500-ден астам журналист жауап берген. Респонденттердің жауабын сұрыптай келе үш негізгі мәселе алға шығыпты. Біріншісі, журналист мәртебесі болса, екінші мәселе — кәсіби шеберлік, ал үшіншісі — БАҚ монетизациясы.

Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы спикерлерге сөз бермес бұрын сауалнама қорытындысын тарқатып айтып берді.

— Сауалнама нәтижесінде бірінші орынға шыққан мәселе — журналист мәртебесін айқындау болды. Естеріңізде болса, сенатор Нұртөре Жүсіп ағамыз: «Журналистердің мәртебесін айқындау керек» деген болатын. Алайда мен журналист мәртебесін айқындауға қарсымын. Неге? Өйткені журналист мәртебесі айқындалса, журналисті не мемлекеттік қызметкер қылады не бизнеске қосады. Бизнес дегеніміз — әрбір БАҚ өзін-өзі қаржыландыруы керек. Сауалнамаға қатысқан журналистер: «Журналист мәртебесі анықталуы тиіс. Мұғалімдер, дәрігерлер сияқты мәртебеміз болуы керек» деп отыр. Екінші мәселе — журналистердің кәсіби шеберлігі төмен екен. Мұны шешу үшін не істейміз? Жаңа технологияларды меңгеру, шет тілін үйрену және тағы басқа машықтарын дамыту қажет. Үшіншісі — монетизация, яғни өзін-өзі қаржыландыру. Бұған кейінірек тағы тоқталамын. Журналистерді толғандыратын тағы бір мәселе — олардың әлеуметтік жағдайы. Жалақы аз, қаламақы мардымсыз. Әсіресе аймақтарда 50 мың теңге айлық алатын әріптестеріміз бар. Журналистер арасында жұмыссыздық көп. Мына коронавирус пандемиясы кезінде жұмыссыз қалған, қосымша жұмыс іздеген журналистер көбейді, — дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Нәзия Жоямергенқызы / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот

Тағы бір үлкен мәселе — мансаптағы қиындық. Яғни қазақ журналистикасында карьера жасау өте қиын.

«Мұның ішінде жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық, харассмент, сексизм басым. Жалпы харассмент барлық салада бар. Журналистикада да харассмент болуы — өте өкінішті жағдай. Әйел журналистердің мансап жолында өсуі түрлі кедергілерге ұшырап жатады. Ендігі бір мәселе — сөз бостандығы және қысым. Соңғы кездері ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, жалған ақпарат тарату, яғни журналистердің байқамай не қасақана жалған ақпарат таратуы бойынша қылмыстық іс қозғау көбейді. Бұл да журналистерге қысымның бір түрі. Тағы бір мәселе, цензураға тыйым бар бола тұра, басшылық арқылы қорқытып-үркітіп, материалды сайттан алдыртып тастау, журналистің жеке басына қысым жасау кездеседі. БАҚ туралы заңның 18-1-бабы, яғни журналист сұрауына 7-15 күн ішінде жауап беруді қалай өзгертеміз деп жүрміз. Бұл уақыт ішінде ақпарат әбден иісі шығып, қақталып болады. Еш өзектілігі қалмайды. Тағы бір мәселе — жалған ақпарат. Қазір жалған ақпарат тым көп. Халықтың БАҚ-қа сенімі азайды. Мұның бір себебі — әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың көп таралуы, журналистердің фактчекинг жасамауы. Бұған қоса ресми органдар тарапынан да журналистерді адастыратын, манипуляция жасайтын ақпарат беріледі». 

Қазақ журналистикасындағы үлкен бір мәселе — монетизация болып отыр. Медианың қаржы тұрғысынан тәуелділігі оның контент сапасына әсер етеді.

— Қаржылық тәуелділіктің бірі — мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болу. Қазақ тіліндегі ақпарат құралдарында бұл өте басым. Тіпті жергілікті әкімдіктер журналистерге қол баласы сияқты қарап, жекіріп сөйлеп, бұйрық береді. Бұл да қаржылық тәуелділіктен болады. Содан бізде мемлекеттік тапсырысты орындау үшін газет бетін көлдей мақала, сұхбаттармен толтырады. Ал газеттің бір шаршы сантиметрі ақша. Шетелдік басылымдардан біздегідей көлдей сұхбат көрмейсіз. Содан контент қызықсыз болып, «бізге ешкім жазылмайды» деп айтады. Медиа аудиторияның сұранысын қанағаттандырып, қызықтыра білу керек. Монетизация, медиаменеджмент жағы, өкінішке қарай, қазақ тіліндегі медиада ақсап тұр. Мемлекет бюджетіне қол жайып, қарап отыру көп. Жоба жасау, медиаға бизнес ретінде қарау жоқ. Түркітілдес журналистер қоры 7 жылдан бері түрлі жоба жасайды. Корпорациялар, компаниялар медиаңызға шығып, өтініш жасауы керек не өзіңіз барып, ұсыныс бересіз. Ал қазақ журналистерінің арасында орнынан қозғалмай ақша тапқысы келетіндер бар, — деді Нәзия Жоямергенқызы.

Бұған қоса қазақ тіліндегі медиада жарнама тарту, жарнаманы жандандыру жағы әлсіз. Редакцияда жарнама агенттері бола бермейді екен.

Басшылығы журналистке “сендер жарнама табасыңдар, пайызын береміз” деп айтады. Журналист негізгі жұмысын істей ме, жарнама таба ма? Сосын газетке жазылу науқаны кезінде журналистерге “осыншама газет жаздыруың керек” деп тапсырма береді. Журналист ақпарат алып, өңдеп, контент жасау міндетін орындай ма, газетке оқырман жаздыра ма? Осы тұста — оқырман, тыңдарман, көрермен сұранысын қанағаттандыру жағы әлсірейді. Хайп қуу басым. Демеушілермен жұмыс істемейді. Медиаменеджер күнделікті демеуші тауып, нетуоркинг жасап, жоба ұсынып, басқаға да пайдалы бола білуі керек. Ал енді кәсіби шеберлікке келер болсақ, қазір БАҚ-та журналистикаға қатысы жоқтар көбейді. Шет тілін білмеу, жаңа технологиялардан хабарсыз болу, журналистік этиканы сақтамау жиі ұшырасады. Салалық журналистер жоқ. Бізде бір журналисті бірнеше тақырыпқа салады. Сапа нашарлайды. Айлық аз, кәсіби шеберлік төмен болған соң журналистік зерттеу жоқ, ресурс та тапшы. Тағы бір үлкен проблема — тіл. Қазақ тілінде ақпарат тапшы. Журналистерге ақпарат көбіне орыс тілінде келеді. Соны аудару керек. Қазақ тілінде келсе де еш түсініксіз, калька аударма болады. Қазақша сөйлейтін сарапшы аз. БАҚ-тағы сауатсыздық мәселесі де бар. Жалпы 500-ге жуық журналистен сауалнама арқылы сығып алған проблемалардың негізі осы, — деді Нәзия Жоямергенқызы.

Содан кейін сөз алған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлыжурналистерде кәсіби шеберліктің жетіспеуін мына мәселелермен байланыстырды.

— Білім таяз, ізденіс нөл, селфи-өмірге құмар болу, қатеден қорытынды шығармай қате үстіне қате жамау, тұлға етер адамның жоғы, бірнеше кеменің басып ұстап, суға кету жиі кездеседі. Сосын журналистиканың принциптерін қатты шатастырып алдық. Мұның негізгі себептері — еліктеу, көшіру және өзіне сенбеу. Қазір қазақ жастарында өзіне сенбеу жиі ұшырасады. Мен мұнда «кәсіпқой журналист» деген тізім жасадым. Бұған тіл білуді де қосуға болатындай екен. Жалпы журналистикада 25 жыл жүріп түсінгенім — үнемі ізденіп отыру керек. Әйтпесе адам қарайып қалады. Ал журналист мәртебесін айқындауға келсек, қазір көп журналистің әлеуметтік тұрмысы нашар. Ондаған жылдан бері пәтер жалдап тұратын әріптестеріміз бар. Журналист мәртебесін айқындау — олардың аз пайызбен үй алуы сияқты жеңілдіктерге қол жеткізуіне жол аша ма? Міне, осыны біліп алайық. Енді бір жағынан мәртебе беру — журналисті бір тарапқа қарай қосып жіберуі мүмкін. Дұрысы — өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын амал табу, — дейді Есей Жеңісұлы.

Сөз бостандығы, журналистикаға қысым туралы сөйлеген тәуелсіз журналист Дина Елгезектің айтуынша, Қазақстанда 4 мыңнан астам журналист бар.

Дина Елгезек / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот

— Авторитарлы билік жағдайында БАҚ қызметкерлері қорғансыз, дәрменсіз күйде қалып отыр. Қазақстандағы ақпарат құралдары ақпарат таратудан гөрі пропаганда құралына айналып отырғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде елдегі пікірлер плюрализмін тежеп, азаматтық қоғамды қалыптастыруын баяулатады. БАҚ ықпалынсыз демократиялық оң өзгерістердің өріс алуы әсте мүмкін емес. Қазақстанда президент ауысқанымен 30 жыл бойы ел билеген саяси элита өзгермеді. Бұл да журналистердің аяғындағы бұғау болып, цензураны күшейтіп жіберді. Билік сөз бостандығын шектеу үшін түрлі ықпал ету тетіктерін қолданып, БАҚ-қа дотация арқылы өзіне кіріптар етуін жалғастырып отыр. Өкінішке қарай, қазір журналистік зерттеу, саяси-экономикалық сараптама, зерттеу сияқты мықты жанрларды жоғалтып алдық. Қазақстан заңнамаларында сөз бостандығының дамуына кедергі келтіретін және журналистердің жұмысын қиындататын нормалар өте көп. Қылмыстық кодекстегі алты бап әлі өзгермеді. Билік дәл осы баптарды журналистерді қудалауға өте сәтті қолданып отыр. Тағы бір сорақы факт — тілшілердің ресми органдардан ақпарат алуы қиындай түсті, — дейді Дина Елгезек.

Ал медиа монетизация тақырыбында сөйлеген KzNews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Мейіржан Әуелханұлы сайттың кіріс көзін молайту, сайт арқылы ақша табу тәжірибесін баяндады.

Мейіржан Әуелханұлы / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот

— Жеке сайт ашқанға дейін журналист болып жұмыс істедім. 2018 жылы сайт аштым. Жаңа жоба бастау өте қиын, өйткені тәуекелге барасыз. Ең маңыздысы — әлеуметтік желілерден ашқан топтарымның көп көмегі тиді. Қазақстанда әлеуметтік желілер енді дами бастағанда түрлі парақшалар мен топтар аштым. Мүшесі көп сол топтарды сайттар жалға алатын. Сайт ашқаннан кейін сайтымды осы топтар арқылы көтердім. Ең маңыздысы — рейтинг. Егер рейтинг жақсы болса, жарнама берушілер, пиар компаниялар көп келеді. Натив жарнамалар беруге болады. Мұның барлығы сайт кірісін ұлғайтты. Мәселен, ресейлік компания бір жылда сайтымда жарнама орналастыруға 12 млн теңгедей ақша төледі. Бұл сайттағы мақаланың жан-жағынан көрінетін жарнамадан түскен қаражат. Сайтыма жеке кәсіп сияқты қарадым. Көзқарасымды өзгерттім. Сайттағы жарнаманы оқырман шертсе, бізге ақша түседі. Екінші жолы — пиар компаниялармен серіктестік орнату. Бұл компаниялар сайттарды рейтингіне қарай таңдайды. Рейтинг әділ болуы керек. Екіншіден, аудиторияға қарайды. Үшіншісі, әлеуметтік желілердегі белсенділігімізді өлшейді. Біз пиар компанияларға ұсыныс жібергенде әлеуметтік желілерде қамту көрсеткіштерімізді сатамыз. Олар соған қызығады. Медианарықта жүрген адамдар әлеуметтік желі дами бастағанда мұның сайтты дамыту үшін ең қажет құрал екенін түсінуі керек еді. Дәл қазір монетизацияға шыққысы келетін БАҚ үшін әлеуметтік желілер әлі де маңызды. Адамдарды өзіне тартатын топтар мен парақшаларды дамыта беру керек. Әрбір сайт белгілі бір тақырыпта ақпарат салады. Көп адам оқығанын қалайды. Қолданушы көп болса, жарнамадан көп ақша түседі, — дейді Мейіржан Әуелханұлы.

Ал Balbal.kz, Balbal books деген жобалардың негізін қалаушы Жазира Байдалыайтқандай, рейтингтен бұрын контентті сата білу маңызды.

Жазира Байдалы / «Media Құрылтай 2021» конференцияның тікелей трансляциясы видеосынан скриншот

— Егер қазақ тілінде медиа ашатын болсаңыз, онда бұған бизнес ретінде қараңыз. Қазақ тілін ойламай, қазақ тіліне жаныңыз ашымай, тек контент жасап, соны сатуға тырысу керек. Қазақ журналистикасының дамымауы, тұралап қалуы — ақша болмауынан шығып отыр. Барлық медиа ақша табуға кірісуі керек. Журналист бір БАҚ-та жұмыс істесе де инстаграм аккаунтын бренд ретінде дамытып, ақша табуға тырысуы қажет. Ақшасы бар адам тәуелсіз болады. Тәуелсіз болса, тәуелсіз контент жасайды. Контентті сатуды үйрену керек. Balbal.kz сайтының алғашқы қаржылай түсіміне 2018 жылы қол жеткіздім. Сайт рейтингі өте төмен болатын. 500 адам ғана кіреді. Бір бизнесменге барып: «Сіз туралы имидж материал жазамын, 500 мың теңге болады. 24 материал шығады. Қанша рет оқылатынын білмеймін, бірақ сіз Google іздеу жүйесінде бірінші және екінші бетке шығасыз. Сайттың бірінше бетіне шығатындай seo-оптимизация жасаймын» деп айттым. Және айтқанымды орындадым. Қазір жеке тұлғалар туралы имидж мақалалардан бөлек гранттарға да қатысып, ақша табу жолын іздеп жатырмыз. Бүгінде медиа монетизациясының 15-тен астам тәсілі бар. Мен соның бір ғана тәсілін — бренд контент жасауды қолданамын. Қазір айына 2 млн теңгеге жуық кіріс түседі. Біз — мотивация беретін тәуелсіз сайтпыз. Саясат, жаңалық жазбаймыз. Google іздеу жүйесінен табыла бермейтін ақпаратты анықтап, соны қазақшаға аудару немесе өзіміз контент әзірлеу арқылы бизнес және мотивация жөнінде материалдар жазамыз, — деді Жазира Байдалы.

1,5 сағатқа жалғасқан сессия қазақ журналистикасындағы көптеген мәселені қозғап, әр спикер тәжірибесіне қарай шешу жолдарын да ұсынды. Құрылтайға қатысушылар сұрақ қойып, пікір айтты. Жалпы «Media Құрылтай 2021» қалай өткенін және осы сессияның толық нұсқасын видеодан көре аласыз.

Биыл он үшінші рет өткен «Media Құрылтайға» Қазақстандағы Internews өкілдігі серіктес болды. Қазақстандағы БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған құрылтайды Әсел Қараулова басқаратын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастырады.

Жәнібек Нұрыш, 

дереккөз:  www.internews.kz 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері