///

Журналистің сауалы этикаға қайшы ма? Немесе Бекболат Тілеухан неге ашуланды?

3282 рет қаралды
1

Бүгін Фейсбуктің қазақ сегменті ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Бекболат Тілеуханның мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатқандығын және осыған орай журналистердің сауалдарына жауап беру барысында журналист Айнұр Коскинамен арада дау туындағанын жазып жатыр.

“Азаттық” радиосы журналист Айнұр Коскинаның экс депутаттың үстінен “журналистің қызметіне кедергі келтіру” бабы бойынша, сотқа шағым түсіргенін жазады. Бұл жерде қазақ журналистері үшін есіктен ғана сығалап жүрген журналистік этиканың қылтиып тұрғанын айтпасқа болмайды.

Көптеген пікірлерді қарасаңыз, “журналист кез келген сауалды қоюға құқылы” дегенге саяды екен. Әрине, журналистердің негізгі мақсаты қоғамды ақпараттандыру. Бірақ, қандай ақпаратты жеткізуі тиіс? Саясаткердің жеке өмірі, жеке қызығушылығы, діни көзқарасы, туған-туыстарымен қарым-қатынасына қол сұғылмауы тиіс. Бірақ, бұл жеке өмір, отбасылық қарым-қатынасының қоғамдық мүддеге қатысы бар ма? Сіздің тарататын ақпаратыңыз үнемі қоғамдық мүдде тұрғысынан туындауы керек. Осы тұрғыдан әріптесіміз Саясат Ідеятұлының фейсбук парақшасындағы мына бір пікіріне құлақ асып көрелік:

“Журналист қандай болса да сұрақ қоюға құқылы. Негізгі тақырып мынау, осыны айту керек деген цензураны түсінбей отырмын. Көп адам осылай жазғырып жатыр екен журналисті.  Жалпы сол екі әйел туралы сұрақ та негізі осал сұрақ емес, демократияны ту еткен, гендерлік теңдікті алға ұстаған зайырлы мемлекеттің депутаты екі әйел алдым деп мырс-мырс күліп жүргені томпақтау мәселе. Яғни құрып жатқан қоғамымызға шетін мәселе болғандықтан, не біз қашан теократиялық елге айналмайынша, не Бекең ажырасам демегенше артынан қалмайтын сұрақ болуы тиіс. Журналист жеке сұхбатқа кеп тұрған жоқ, сондықтан ойына келген сұрақты қоюды шектей көрмеңдер, қоғамға жат, шетін мәселенің бәрі үшін саржағал сауалдар үнемі айтылып тұруы тиіс” дейді ол.

Мен журналистің “қарғыс” туралы сұрағын қолдамасам да, зайырлы мемлекеттің Парламент мүшесінің зайырлы елдің заңына қайшы көп әйел алу туралы сұрағын қоғамдық мүдде тұрғысынан туындаған мәселе дер едім. Бекең өзінің бірнеше әйелі бар екенін жасырмайтынын айтыпты. Демек, көп әйелі бар адамның шариғат басқаратын елде емес, Конституция төрелік ететін елде Парламенттің төрінде 3-4 рет сайлануы және оған атқарушы биліктің көз жұма қарауы ойландырарлық мәселе. Яғни, бұл бірнеше әйелі бар келесі үміткерлерге де Парламентте жол ашық дегенді білдірсе керек. Сол себептен, журналист кез келген сауалды қоя алады. Бірақ, ол сауал қоғамдық мүдде тұрғысынан туындауы керек деген ұстанымды басшылыққа алғанымыз дұрыс болар еді.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар