//

Журналистер азғындықты насихаттай ма?

4522 рет қаралды

22 наурыз күні Ресейдің интернет сегменті  – рунет Ксения Собчактың  Виктор Моховпен жасаған сұхбатын қызу талқыға салды. 71 жасар Мохов кәмелетке  толмаған екі қызды төрт жыл бойы бункерде ұстап, зорлық көрсеткен, сол үшін 17 жыл жазасын өтеген маньяк. 

Ксения Собчак «тек жақсы адамдармен ғана сұхбат жасалуы керек пе, тіпті Netflix-те де  қылмысты ақтап алатын фильмдер бар ғой» деген уәжбен жариялаған еді, бұл сұхбатын.  Алайда, рунеттегі қызу талқылауды Собчактың бұл уәжі тоқтата алмады. Сұхбатта Мохов есімді маньяктың  өз әрекетіне түк те өкінбейтіні, тіпті құрбандықтарымен қайта кездесуге де кетәрі емес екенін ашық айтса, Собчак өз тарапынан маньяктың зорлық істеріне баса мән беріп сұрақтар қойған еді.

Бір сағаттық фильмнің дәл осы тұсы жел қолданушылары тарапынан наразылық тудырған. Журналистік этикадан жұрдай, азғындықты насихаттады деп Ксения Собчакты айыптаған пікірлер аса көп болды.   “Комсомольская правда” газеті Netflix-тің отаны АҚШ-та да мұндай бенефистерге тиым салынғанын жазыпты. Жалпы, Ресейлік басылымдардың көпшілігі қылмыскерге микрофон беру арқылы көрермен тартуға деген әріптестерінің әрекетін қатаң сынға алды.

Бұл сұхбатқа қатысты рунет қолданушылары наразылығына себеп болған тағы бір жайт – маньяктың қолынан зардап шеккен қыздарға қатысты. Бұл сұхбат олардың  ұмытқысы келетін қиын күндерін қайта жаңғыртып, жарасын тырнап тұр. Сол тұрғыдан Собчактың бұл әрекетін этикаға жат, тіпті қылмысқа пара-пар әрекет деп бағалаушылар да болды.

Ал, соңғы күндері қазнет кеңістігінде қызу талқыға салынып жатқан Аяжан Еділова есімді қызға қатысты жайт Собчактың оқиғасынан да сорақы көрінеді. Мұны журналистикадағы Вертер синдромына теңеуге болатындай. 

Олай дейтініміз, басқа емес дәл журналистер тарапынан кәсібилікке жат бірқатар мақала жарияланды. Енді ол маньякты ток-шоуға шақырып, сол сәттердегі көңіл-күйін суреттеп беруді сұрау ғана қалған секілі.

Оқиғаны басынан бастап баяндасақ. Ең алғаш Алматыда үш күн бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы тұрғынның өліміне қатысты тергеу басталғаны туралы 22 наурыз күні жария етілді. Күдікті 28 жасар азамат ұсталған. Ұсталған сәтте өзін-өзі жарақаттағандықтан, ол алдымен ауруханаға жатқызылып, кейін уақытша тергеу изоляторына қамалған болатын.

Ал, 26 наурыз күні ақпарат құралдары бұл оқиғаның жан-түршігерлік мән-жайы туралы туыстарына сілтеме жасап жарыса жаза бастады. Осыдан кейін, бұл тақырып жұмсарта айтқанда ақпараттық сайттардың трафик тартар тақырыбына айналды.

Бұрын-соңды мұндай жан түршігерлік оқиға біздің елде болған емес (енді де болмаса екен). Дегенмен, ақпараттық порталдардың оқиғаның бүге-шігесіне дейін қазбалап жазуына осы жағдай себеп болған шығар деп ақтаудың өзі артық болып тұр. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, осы оқиғадан кейін алдымен әлеуметтік желілерде одан кейін ақпараттық порталдарда ықтимал күдіктінің фото суреті жарияланды. Әлеуметтік желілердегі көпшіліктің пікіріне сын айтуға қақымыз жоқ десек те, бұл суретті таратқандардың басым көпшілігі журналистер болды. Қылмысы сотпен дәлелденбеген, қылмыскер болуы мүмкін деген күдікке ілінген жанның суретін тарату, оған қатысты түрлі пікірлер жазу – адамгершілікке, этикаға жат емес пе? Бұл орайда соттан бұрын үкім шығаруға кімнің құқы бар?  Еліміздің сот жүйесіне сенім жоқ дегеннің өзінде «айтқан жерден жырақ», «мал құлағы саңырау» деген қазақы түсінік қайда қалды?

Алайда, ең сорақысы да бұл емес екен!

Осыдан кейін желі қолданушылары бастап, ақпараттық сайттар қолдап күдіктінің кім екені, ата-анасы, бауыр-туысы қандай адамдар екені туралы мәліметті бүге-шігесіне дейін анықтап, тарата бастады. Әдетте қылмыстық іс тіркелгенде тергеу мақсаттары үшін тіпті күдіктінің аты-жөні жария етілмеуші еді, бұл жолы күдіктінің де аты-жөні ашық айтылды.

Ең қиыны, марқұмның өлімін кликбейт құралына айналдырған сайттар қызды-қыздымен марқұмның түнде бөтен адамның үйіне бару себебіне қатысты ақпарат таратты.

Тіпті тақырыбының өзі журналистік этика талаптарына кереғар материалдр жарияланды. Мысалы, dalanews.kz сайты жариялаған мақаланың атауы мынадай: «Күдіктінің үйіне өзі барған. Полиция 19 жастағы қызды өлтіру дерегінің мән-жайын айтты». Астарында кінәлау жатқан жоқ па, деген ойға қаласың?

Stan.kz «Қандықол қылмыскер емес: Аяжан Еділованың өліміне күдікті жайлы ақпарат айтылды» деген тақырып қойған. Астарында күдіктіні ақтап алуға талпыныс жатқан жоқ па?

Ал, Skifnews.kz  «Пәктігін 500 мың теңгеге сатты»: күдікті Аяжан Еділованы не үшін өлтіргенін айтты»  деген тақырыппен мақала жариялапты. Мақаланың лиді тіпті сорақы: «Жыныстық қатынасқа түскеннен кейін ол қызға нақты ақшасының жоқтығын айтып бір апта көлемінде тауып беретінін айтады.»

Дәл осы мақаланы, тіпті тақырыбын да өзгертпестен «kaz.caravan.kz» сайты да жариялады. «Алаш айнасы» деген атқа ие ақпарат порталы да дәл осы тақырыппен жариялапты.

Мұндағы таңқалдырғаны аталған ақпарат порталдары  «күдікті Төребеков полиция қызметкерлеріне оқиғаның қалай болғанын айтып берді» деген желеумен яғни ішкі істер органдарына сілтеме жасап ақпарат жариялап отыр. Әдетте, тергеу барысында күдіктінің берген жауаптары жария бола бермейді. Жария болған күннің өзінде де оны арнайы брифинг барысында немесе сұхбатта құзырлы орган өкілдері немесе баспасөз қызметіне жауапты мамандар жария етуі тиіс еді. Ал, мына ақпаратта мұндай нақты тұлғаға сілтеме жасалмайды.

Осыған қарап, бұл ақпаратқа «жалған» деп үкім шығаруға болатындай. Дегенмен, ең қиыны бұл ақпараттың да астарында марқұм қызды «айыптау», оның әрекетіне қатысты «үкім шығару» жатқандай. Күдікке ілінген жанды ақтап алуға деген талпыныс та қылтиятындай…

Жалпы, наурыз қазнетте әйел құқығына қатысты көзқарастар тартысына толы ай болды.  Қаншама пікірлер мен мақалалар жазылды. Барлығын санап жатуға келмес. Бірақ, соңғы жағдай тым күрделі. Өйткені, мұнда күдіктіні һәм азғындықты ақтап алу, сол арқылы марқұмды – яғни қыз баланы, әйелді кінәлау  жатыр.  Қазақы танымның өзінде де марқұмның артынан ауыр сөз айтпау деген жазылмаған қағида бар емес пе еді?!

Қанды оқиға,  сұмдық жағдай – кликбейт құралы ғана емес, ол адамның да тағдыры, оның артында марқұмның туған-туысы,  әке-шешесінің қайғы-қасыреті тұр.  «500 мың теңгелік» сұмдықты жазарда этиканы былай қойып, сол бейкүнә жандардың жан азабын бір сәтке ойлауға болмас па еді?

Ауыр қайғы – оқырман тартудың құралына айналғаны қалай, әріптестер?

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі