////

Журналистика – жалақы алу үшін ғана істелетін күнкөрістің қамы емес

1940 рет қаралды

ocherk




БАҚ жүйесі – салыстырмалы түрде жаңа сала, журналистиканы да сондай жас мамандыққа жатқызуға әбден болады. «Ғалым Роберт Сильвестердің «Екінші көне мамандық» атты кітабы жарық көргеннен кейін журналистиканы ежелгі мамандық екен деген ұғым біршама кең тараған.

ЖУРНАЛИСТІҢ КӘСІБИ ЭТИКАСЫ: СИПАТТАРЫ, МІНДЕТТЕРІ

shkolnye-smi2Мұны осы мамандықтың қанша жаста екендігін анықтау емес, керісінше, журналистердің ар-ұжданы сипаттарына баға берген айқындама деп түсінсек, шындыққа жақындайды» [202, х. 39]. Шынтуайтында, журналистика мамандығы пайда болғаннан бері де төрт ғасыр өткен екен. Сонда да журналистің кәсіби мораль мәселесінің өте жас сала екендігін айырықша атап айтуымыз керек. Оның нормалары жинақталған тәжірибелердің көлемімен жүре-келе қалыптасса керек. Алғашқы кездегі қолжазба «newsletters», «aviso», «zeitungen»-дерді жеке шығарып келген адамдардың бірлестігі де бір күнде қалыптасқан жоқ. «XVI ғасыр тұсындағы қолжазба газеттерде сол кезеңдегі мануфактурлық шағын өндірістік тәсілдер қолданылды… «Авизо»-ның авторы жинақталған ақпараттарды сатып алушыларға тапсырыспен жеткізіп беріп, жарияланатын материалдарды өңдегенде солардың сұраныстарын басшылыққа алады екен. Ол кезде тілші, баспагер, редактордың қызметін бір ғана адам атқарып келді» – деп атақты ғалым К. Бюхердің айтқаны бар. Мұндай кезде мамандық немесе ұжымдық мораль туралы сөз қозғау мүмкін болмаса керек.
Журналистиканың көпшілік мамандығына айналу үрдісі жүздеген емес мыңдаған, миллиондаған оқырмандарға арналған баспасөз шығарыла бастаған кезде қарқындай түскен екен. Бұл әлемнің көптеген елдерінде «манеттік баспасөз» деген газеттің қатар шығарылып, көпшілік арасына кеңінен тараған ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары болатын [203, с. 45]. Бұдан бұрын газетті саяси насихат құралы ретінде пайдалану басталған.
Ақпарат жинау, оны басып шығару іс қызметтің ортасында редакция деген аралық элемент пайда болды. ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында журналистердің алғашқы бірлестіктері құрылғанымен олар өздерінің мамандықтарының мәнін дер кезінде терең түсінбеген. Керісінше, аталмыш ғасырдың екінші жартысында журналистердің алғашқы кәсіби ұйымдары құрылып, оның ережелері жасалған, кейін ХХ ғасырдың басында кәсіби кодекстер өмірге келген сәтте оның мәнін жаппай түсіне бастағаны тарихтан мәлім. Алайда, мұның өзі алғашқы кезеңде баспасөз қызметкерлерінде еш проблема болмады дегенді білдірмейді.
ХV ғасырда шығарылған қолжазба газеттер патша сарайы, соғыс майданы, реформаның жүзеге асырылуы жайындағы маңызды ақпараттардың сыртында саяси мифтер, таңғажайып оқиғалар, кемтар адамдар, құйырықты жұлдыз, қанды жаңбыр туралы балаң әрі нанымсыз жеңіл дүниелерді, қияли әңгімелерді жариялап келген. Олай болса, жүз жылдан кейінгі газет материалдары шынайы, іскерлік сипатта әрі арнайы мақсат пен саясатқа сай келетіндігімен ерекшеленеді. Осы кезеңде саяси ақпараттар басымдық алып, сауда-саттық жайындағы материалдар азайғаны көрінеді. Әлгі таңғажайып оқиғалар мен елес көріністер туралы бос сөзден тұратын әңгімелерден із де қалмаған. Яғни оқиғаны шынайы дәл көрсету бағыт анық байқалады. Аталмыш бағыт осы кезеңде газет шығарумен айналысқан адамдардың ісінде белсенді түрде көрініс тауып, қоғамдық ар-ұжданның маңызды элементіне айналған.
%d0%b6%d1%83%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%81%d1%82Журналистика көпшіліктің мамандығына айналудан бұрын ар-ұждан қайшылықтары орын алып, оны шешудің жолдары мен тәжірибелер жинақтала бастаған. Мұның бір мысалы ретінде 1754 жылы М. В. Ломоносовтың Л. Эйлерге жазған хаты және «Журналистердің философиялық бостандықты қолдау мақсатпен шығарма жазу кезде ұстанатын функциялары туралы толғаныс» атты туындысы. Аталмыш «толғанысты» жазуға түрткі болған мәселе Лейпцигтің ғылыми-зерттеу журналына Ломоносовтың жұмысы жайында қате ақпараттың шығуы болған. Соған жауап ретінде монография жазып, журналистердің ұстануға тиіс ережелері, тәртіптер, нормалар туралы өз ойын еркін баяндайды [204, с. 217].
М. В. Ломоносовтың жасаған аталмыш ережесі Ресей журналистерінің алғашқы кәсіби кодексі болып есептеледі. Мұнымен келісуге де болады. Алайда, кәсіби кодекстерді арнайы ұйымдар қолдап бекітеді, ал, ондай ұйым ол кезде Ресейде болмаған. Олай болса, оны шын мәніндегі кодекс деу артықтау болады.
Журналист моралі – шынайы ақпаратты тауып алу құқты шектеп кедергі келтіріп отырған жөнсіздікке қарсы кәсіби топтардың берген жауабы іспетті пайда болған дүние. Жалпы кәсіби моральді белгілі топтарға қатысты қарастырған дұрыс. Ал, норма – кәсіби моральдің ең алғашқы элементі болумен бірге мінез-құлық, ар-ұжданның қоғамға қажетті, ортақ әрі әдеттегі варианттарды анықтап, мойындалмаған әрекеттерге тиым салу секілді негізінен сүзгіштің ролін атқарады. Сондықтан оның сипаты мамандардың мінез-құлықтарын ортақ талаптарға сәйкестіретіндіктен алдын ала даярлайтын үйлестірушінің қызметін атқарады.
Қоғамдық мүдде мен кәсіби топтар мүддесінің бірлігін қамтамасыз ету қажеттілік қашан да басы ашық дүние. Мұндай қажеттілік адамзат ар-ұжданының ұстанымдарымен байланысатын негіздемелермен түсіндіріледі. Сондай-ақ, ұстанымдардың маманның мінез-құлқының сынаушысы болатындықтан халық тарапынан да қолдау табады. Жалпы жаңа нормалардың пайда болуының өзі белгілі субьекті қызметінің қалыпты жағдайда емес екендігін айғақтайтын дерек болады. Яғни, әлде кім қоғамда қалыпты көрініске айналған талапқа қарсы әрекет жасап жатыр деген сөз.
Газет шығраушылар бірлі-жарым жұмыс істеген, редакцияда санаулы ғана адам болған, журналистердің жеке ұйымдары мен одақтары құрылмаған кезде кәсіби орта мен мамандардың ортақ ойлары туралы айтуға мүмкіндік болмайтыны түсінікті. Журналистер ар-ұжданының белгілі ережелерін жасауға, баспасөз, ақпараттың мақсаттары, функциялары, қызметкерлерінің атқаратын қызметтері жайында сол қоғамда үстемдік құрған пайымдаулар маңызды роль атқарған. Осы пайымдардан журналист кәсібінің функциялары туралы көзқарас туындаған. Функцияның өзі журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігін үйлестіретін кәсіби ар-ұжданның іргелі ұғымының бірі. Анығырақ айтсақ, оқырман, көрермен, тыңдаушы қауымның ақпараттық сұраныстарын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп отырған масс-медиа қызметкерлерінің халық алдындағы жауапкершілігін үйлестіреді деген сөз.
Журналистің адамдар тағдырына ықпал ету мүмкіндігі оларға қоғамдық жауапкершілік сезімін тудыратындығымен ерекшеленеді және ақпарат қабылдаушылармен арадағы тікелей және кері байланыс негізінде біршама тұрақты сипатты қалыптастырады. Журналист жазған туындысы жайындағы бұқаралық ой, пікірге сүйене отырып, оқырманның тілегін және қоғам нені қолдайтынын, неге қарсылығын біле алады. Мұндай мағлұмат пен пайым – журналистің алдағы ісіндегі ар-ұждан бағыт-бағдарын анықтап беретіндігімен пайдалы.
uxvv4yg

Журналист тек қоғам алдындағы ғана жауапкершілікпен шектелмейді. Оның ең басты әділ сарапшысы тұрақты оқырманы, көрермені, тыңдаушысы. Сондай-ақ, ақпарат көзі, мақала, бағдарламаларының кейіпкері болған адамдар да журналиске жауапкершілік жүктей алады.
Егер қоғам кәсіби моральдың көмегімен өз мүшелерін мамандар тарапынан көрсетілетін қысымдардан, шектен шығушылықтан қорғау үшін мораль, ар-ұждан мәселелерін маңызды деп түсінсе, мамандар үшін ол басқаша қызмет атқарады. Кәсіби ұйымдар мен одақтар өздері жасаған кодекстерінде ең игі мақсаттарды жариялап, қоғам тарапынан сенімді күшейту, өз қызметтерінің беделін көтеру, оған қажетті қолайлы орта, ахуалды жасағылары келеді. Қоғамдық және топтардың мүдделерін білдіреді және өзара қайшылық та тудырып жатады. Обьективтік қатынастың өзгеруін де жоққа шығаруға болмайды. Ол негізінен кәсіби қызметтің мазмұнындағы өзгерістерге, қоғамдық-саяси жүйенің сипатына, оның даму ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Жекелеген топтардың қара бастарын ойлаған өзімшілдіктері әсіресе жаппай дағдарыс және моральдық азғындық кезінде өте күшті айқындалады.
Қоғамдық қайшылық – этика дәстүрлерінің қарапайым мәселелерін өте қиын практикалық мақсатқа айналдырып жіберетін тұстары бар. Мақала, бағдарламалардың кейіпкерлеріне, журналистің ақпаратына сенетін адамдар, публицистер, журналистер арасындағы қарым-қатынас күрделі сипат алып, біртіндеп оқырмандардың сенімінен айырылуға әкеліп соғады. Автор бәрін қызықтап, жазуға деген құлшынысы артып, қысқасы, «басы айналады». Кейде өз қалағандарын ғана жазып, маңызды мәселелерді назардан тыс қалдыруы мүмкін. Баспасөзді жеке бастың немесе белгілі бір топтардың ғана мүддесін білдіретін мінбер ретінде пайдаланып, обьективті ақпарат берудің орнына неше түрлі «тапсырыс» материалдарын жариялай бастайды. Мұндай ахуал қалыпты сипатқа айналатындығымен ерекшеленеді. Өмір қайшылықтары көп болған сайын журналистің жасайтын таңдауы да көбейеді. Мұның ақыры қоғамның өзге мүшелерімен арадағы қарым-қатынаста белгілі дәрежеде қиындық тудырады.
Кәсіби мораль қоғамдық қайшылықтарды шешуді мақсат етпейді. Ол мүмкін де емес. Алайда, жұмыс барысында жүздесетін адамдар мен журналистердің мүдделерін ұштастыруға, өзара байланыстыруда маңызды қызмет атқарады. Жұмыстың осындай тәжірибелері мамандардың ар-ұжданында және кәсіби мораль нормаларында көрініс табады.
Олай болса, кәсіби моральдың нормаларының қалай пайда болатындығына тоқталайық. Сондай нормалардың кейбірі қате деректерді, жалған ақпарларды жариялаудан алдын ала сақтандыру мақсатпен таңдаған қызмет тәсіл, сынақ, орын алған қателіктер мен қайшылықтарды үйлестіру жұмыстардың нәтижесінде жүре-келе пайда болады. Айталық, жариялауға әзірленген ақпаратты алдын ала тексеру, қандай бір қайшылықты үйлестіру барысында екі жақтың да уәждерін тыңдау т.с.с.
Кәсіби және моральдық нормаларды қалыптастыру процесс жеке тұлғаға қатысты өндірістік сипаттағы ахуалдан бастап, анық жайттан абстракцияға қарай бағытталады. Технологиялық тұрпаттағы әрекеттер бірте-бірте белгілі бір ахуалдың аясынан асып, барған сайын ортақ мазмұнға ойысады. Сонымен бірге ол моральдің сипатына ене бастайды. Себебі, журналистің әрбір әрекеті оның қоғамдағы, іс қызметіндегі қарым-қатынастан тұрады және ол адамға бағытталатыны белгілі.
Технологиялық тұрпаттағы талаптар моральдық мазмұнды білдірмейді және ол тек қана жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталады. Осыдан келіп моральдық сана технологиялық нормалар, өндірістік қызметтерде мамандардың мінез-құлық критерийлерін анықтап береді.
Журналист қызметінің ерекшеліктеріне байланысты оның ісі мен әрекеті дәлме-дәл сәйкеспеуі мүмкін. Мысалы, мәтінді қысқартып ықшамдаудағы автордың жұмысын айтуға болады. Алайда, әр істің центристік бағытта немесе әртүрлі моральдық мазмұнда кездесуін жоққа шығаруға болмайды. Журналистің әрекеті газеттің дайын болған кезекті санына белгілі бір материалды жедел енгізу немесе оны өңдеп жақсарта түсу мақсатты көздеуі ықтимал. Немесе туындыны өз жазу стиліне сәйкестіріп өзгертуді қалайды. Журналистің ісі мен әрекетінің айырмашылығын осыдан аңғаруға болады. Оның сыртында журналистикада таза технологиялық центристік сипаттағы іс өте аз, тіпті жоққа тән. Айталық, материалды қайта басу, тексеру, жарыққа шығару, фото даярлау т.с.с. Өзге жұмыстардың бәрі дерлік белгілі деңгейде журналистің жасайтын таңдауына байланысты.
Журналист ісіндегі жауапкершілік ұғымы медицинадағы секілді бір ғана мазмұнда емес. Нормаларының өзі тек міндет жүктеу, тиым салу ғана емес , маман өзінің жеке таңдауы бойынша мінез-құлықтың әртүрлі тәсілдерін қолдануына рұқсат беріледі. Кәсіби мораль нормалары ортақ, біртұтас сипатты белгілі деңгейде сақтайды. Кейбірі тек белгіленген ахуалдың аясында («оқырман хаттарын өңдегенде мазмұнын өзгертуге болмайды», интервьюді жазып біткен соң соңғы вариантын респондентке міндетті түрде көрсету», «жеке іс қағаздардан алынған деректерді жарияламас бұрын оның иесінен рұқсат алу» т.с.с.) ең аз мөлшерде бағыт берілсе, келесі тобы журналистің дербес жұмыс істеуіне мүмкіндік берерліктей біршама жалпылама сипатта болады. Мысалы, «материалды жазған кезде үшінші жақтың мүддесін сөз етпеуді қаперде ұста» деген бар. Үшінші жақ деген кім? Нені қаперге аламыз? Мұнда барлық мәселені журналист дербес өзі шешуге тиіс.
Нашақорлар мен маскүнемдерді жаман әдеттен жирендіру үшін, оларды ұялтпақ болып газетке аты-жөндерін бадырайтып тұрып жазып, жарияладық делік. Бұл сол алқаштар мен нашақорларға еш әсер етпейді. Ал, олардың орнына еш кінәсі болмаса да әйелі, бала-шағасы қарабет болады. Жоғарыда айтқан үшінші жақ деп отырғанымыз осылар. Әдетте журналистер осы үшінші жақтың тағдырына бас қатырып жатпайтыны өкінішті.
Жеке сипаттағы жағдайдың аясынан шығып кеткен, біршама жалпылама әрі ортақ нұсқау мен кеңесті кәсіби мораль ұстанымы деп атауға болады. Мамандар арасында кәсіби моральда ұстаным болмайды, оны тек адамзат құндылықтарынан ғана алып қолданады деген пікір бар. Алайда, мәселенің мәнісі, сол ұстаным деген ұғымның мазмұнында болса керек. Егер оны абсалюттық талап дейтін болсақ, ондай талаптарды кәсіби мораль шынында ортақ ар-ұжданнан аларында сөз жоқ. Мұның өзі обьективтілік пен сөз бостандығын қастерлеу дегенге жетелейді. Кәсіби кодекстерде аталмыш талаптар біршама анық, айқын көрініс тапқан.
Журналистің кәсіби моральдық ұстанымына тек қана аса қажетті талаптар ғана қамтылмайды. Оған жеке сипаттағы арнайы құбылыстардың аясынан шыққан кәсіби ар-ұждан нормалары, нұсқаулар, ережелер жатқызылмақ.
Кәсіби мораль еңбек процесіне тек норманың көмегімен ғана ықпал етпейді. Ең бастысы, құндылықтар жүйесі арқылы мінез-құлықты үйлестіруге әсер етпек. Осы құндылықты қалыптастыруға журналистердің қызметі бағытталады. Норма деген ұғым – анықталған бағыт бойынша жұмыс істеу функцияны, оны бұзған жағдайда жауапкершілік жүктеледі деген мағынаны білдірсе, құндылық дегеніміз – норманы ұстану қажет дегенді өзінің ішкі сенім-нанымына сүйене отырып, ерікті түрде жұмыс істеуді айқындайды. Егер норма – әрбір әдеттегі оқиғадағы мінез-құлық мазмұнын анықтап берсе, құндылық – үнемі жалпы бағыт-бағдар ұсынады.
Құндылық – адамдар санасына қоғамда белгілі орын иелену, көзқарас білдіру, қорытынды жасауға көмектесетін бағыт пен мақсатты қалыптастыруға негіз болады. Адамның қандай бір мақсатқа жету арман-мүддесі оның ішкі әлеміндегі қордаланған құндылық сенімімен тікелей байланысады. Яғни, ол – адамдардың мінез-құлқы мен іс қызметінің себебіне айналады да, «жарқын болашаққа» жетелеу іспетті «арман обьектісін» нұсқайды, өз қызметін тану және күткен дүниесін қаперге ала отырып, мақсатты түрде ұйымдастыруға жәрдемдеседі [205, с. 138].
Құндылық жеке адамның тәжірибесінің арқасында сананың дерегіне айналмақ. Оның қоғамдық және жеке адамдық екі ұдай сипатының нәтижесінде құндылық та сондай күйде болады. Жалпы құндылық қай кезде де қоғамдық сипатта. Себебі, құндылық адамзат қоғамындағы ахуалмен, тәрбиемен, білім жүйесімен байланысты тәжірибеге тікелей тәуелді. Сонымен қатар «құндылық жеке сипатта, себебі, оған белгілі бір тұлғаның өміріндегі қайталанбас тәжірибе, арман-мүдде, қажеттіліктерінің ерекшелігі, әдет-салты мен мінез-құлқының түрлері жинақталады» – дейді, ғалым Ю.Шерковин.
Журналистер үшін өзгелер алдында қастерлейтін құндылықтар аясы соншалықты кең емес көрінеді. Журналистер арасында социологиялық зерттеулер жүргізген әлем ғалымдары, соның ішінде финдік ғалым Ларс Брун, болгарлық Крилл Нешевтер масс-медиа үшін ең маңызды мәселе – обьективті шындық, берілетін ақпараттардың уақыт тынысын дөп басуы деген. Польша, Монғолия секілді елдердің ғалымдары мен журналистері жүргізген зерттеулерінің нәтижелері де осыған жақындайды және шындықты журналистер ұстанатын басты қағида деп біледі.
Моральдық функциялардың ішінде мінез-құлықты үйлестіру қабілет ерекше орын иеленеді. Сондықтан, зерттеушілер арасында үйлестіру қызметін моральдың негізгі функциясы ретінде қарастырушылар бар. Алайда, кәсіби моральдың мүмкіндігі өте кең екендігі тағы белгілі жайт. Кәсіби мораль журналист қызметінде тек мінез-құлықтың ғана үйлестірушісі болмайды. Журналистерге обьективті, әділ болу секілді құндылықтарды бағыт етулеріне көмектесіп, қоғамның игілігі үшін жұмыс істеу мүмкіндікті ұсынады, өзгелерді түсінудің кілтіне айналады.
Адамдар қарым-қатынасы журналистика қызметінің барлық саласында тереңдеп енгендіктен кәсіби мораль журналистерді әр қадам сайын өздеріне баға беріп отыруларына итермелеп, оның критерийлерінің пайда болуына ықпал етеді. Бәрін толықтай түйіндесек, мораль – кәсіби қызметтің мақсаты мен мазмұнын игеру құндылығының ерекше бір тәсілі болып табылады.
Журналистика – жалақы алу үшін ғана істелетін күнкөрістің қамы емес. Кәсіби және моральдық сана тұрғысынан келсек, журналистің еңбегі – белгілі бір адамның атқаратын жай ғана ресми міндеті емес, керісінше, қоғамның игілігі үшін қызмет ету жоғары жауапкершілік пен міндет және жеке тұлғаның тағдыры деп түсінген жөн.

Қуандық Шамақайұлы, профессор

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар