///

Бақытбек Бәмішұлы: Ғайыптан келген Ақ қарға немесе Ғазизге үшбу хат

1355 рет қаралды
суре әлеуметтік желіден алынған

Құрметті Ғазиз, маған арнайы жолдаған үшбу хатыңды алдыңғы жылы Ақ басты Алатау баурайына 2020 жылдың маусым айында келген Ақ Қарғадан бастаған екенсің. Қазақтың көңіліне қасырет қайғы түсіріп қан жылатқан қаңтар көтерілісінен кейінгі көңіл-күйдің күйзелісінен болып, ел мен жердің ертеңіне алаң көңілден сол бір Ақ Қарғаны есіңе алған боларсың. Қаңтардың қайғылы күндерінде ел шет, алыста жүрсек те қалай күй кешкенімізді «Отансыз қалғандай күй кешкен Он күн» атты мақаламда «Мінбер.кз» сайтында жарияладым, оқыған шығарсың.

Адамзат баласы тәж тажал дертке дауа таппай қиналған кез еді ғой. Тап сол шақта табиғатта сирек кездесетін құстың пайда болуы бір үміттің шырағындай көрінгені рас еді. Жан қысылғанда, басыңа күн туғанда, шарасыз күй кешіп өзінен қауқар қашқанда кімде болсын тылсым құдырет күштен медеу тілеп, бір үміт шырағын іздеуі заңды ғой. Сондай шақта ғайыптан Ақ Қарғаның пайда болуын жақсылық хабарына балағанымыз еш қандай сәуегейлік емес, тек адами пенделік қана еді.

Табиғатта тым сирек кездесетін Ақ Қарғаны «альбинос қарғасы» деп атайды екен. Сөздің төркіні Ақ деген мағынаны беретін латын сөзінен дейді. Адам өмірінде кездесіп жататын өзгеше бір ерекшеліктерді Ақ қарғаға теңейтін дәстүр араб, орыс, моңғол-қалқа т.б. басқа ұлттар арасында да кездеседі екен. Бұл Ақ қарғаның табиғатта өте сирек ұшырасатын төтендігіне орай туындаған наным-сенім болса керек. Соның бәрінде ол өзгешелік, жақсылық нышаны ретінде сипатталады. Демек Ақ қараға әлем халықтары нанымында Жақсылық символы десек те болады. Солай болса да дүние танымы, мінез-құлқы, сырт пішіні, түр-әлпеті өзгеше бітісті адамды да Ақ қарға деп атап метафора ретінде пайдаланатын жұрттар да бар көрінеді.
Жалпы Қарға атаулы қазақ баласы үшін жағымсыз құс емес. Оған мысалдар көп қой. Белгілі нәрсені тізбелеп жатуым артықтау болса да бір-екі мысал айтайын. Мәселен, біздің тегіміздің өзін «қарға тамырлы қазақ» деп атаймыз емес пе. Бұнда да үлкен мән бар. Қазақтың ежелгі, ұзақ ғұмырлы халық екенінен хабар беретін пайым сияқты. Сондай-ақ, баламызды жақсы көрсек, өмешегіміз үзіліп кете жаздап «қарғам» дейміз. Ғашығымызға зар болсақ «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде» деп үздіге ән саламыз. Құс екеш құстың баласының саңғыруын баққа балайтын қазақпыз. Жоқшылықтан арылар күніңе үміт артып «біздің де алақанымызға қарға тышар» деп жатамыз. Қарға өз ара бірлікшіл, ынтымақшыл құс болды ма, қазақта «тозған қазды топтанған қарға алады», «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мәтел де қалыптасты.
Қарға ұғымына қазіргі жастардың түсінігі қандай екен деп баламнан сұрасам (15 жастағы) «қарға ең ақылды құс болып саналады. Ал оның түсінің ақтығынан қандай бір мифология құрастырудың қажеті шамалы» дейді.

Қалай болғанда да әлемнің қай түкпіріне барсаң да сирек кездесетін, жақсылық нышанына баланған осы бір құстың біздің елімізге келіп, қонақтап, қонып аттануын діншілдігімізден гөрі наным-сенім, ырымшылдығымыз басым болғандықтан неге жақсылыққа жорымасқа. Адамзат баласы табиғаттан алыстаған сайын абұйырсыз жолға бет алады. Біздің наным-сенімшіл, ырымшылдығымыз табиғат Анамен, Аспан-Көкпен тығыз байланысымыздан қалыптасқан жақсы мәдениетіміз. Бұл мәдениет қазақтың көбісінің қанында бар. Табиғат Ана жер бетінде болатын кез келген құбылысты алдын ала қандай бір ишарамен белгі беріп отыратынын ғылым да жоққа шығармайды. Бірақ соны қабылдау қабылетімізге ғана байланысты болса керек. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» (Шәкәрім) дегендей, құрметті Ғали, бұл өлең де өзің айтқандай «ақ жолтайлап», елдің көңіліндегі алаңды сейілтуге, кеудені қара тастай басқан ауырлықты жеңілдетуге мысқалдай болса да септігім тисе деген жақсы лепес, ниеттен туған еді.
Аты «күшті» дерттің әлемге таралуы, мызғымас деген бір отбасылық билікке халықтың жаппай көтеріліске шығуы қандай сирек жағдай болса, Ақ Қарғаның адамға көрінуі де сондай жағдай ғой. Сол сияқты әділ патша да аз болады.  Біз қаласақ та, қаламасақ та Тоқаевтың тағдырын қаңтар көтерілісінен бөліп қарай алмаймыз.

Қазақ халқы таңдауды билікке берді. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегенді айтқан қазақ. Сан жылдық тәжірибеден айтылған сөз. Отыз жыл бойы шырмауықтай шырматылып қарға тамырланып қалған жүйені бұзып қалпына келтіру ол оңай шаруа емес. Оңай шаруа емес деп арқаны кеңге салуға да болмайтын кезең.
Мен 1991 жылы жазған бір өлеңімде «Болатыңа, бойыңа қонған екен Аруақ» деп жазыппын. Әлі де сол пікірдемін. Біз басына Бақыт Құсы қонған қазақпыз. Оған ие болу әр бір қазақтың талайы. Қазір бақытты басқа жақтан, жат жұрттан іздейтін тенденция пайда болыпты. Бұл өмірді тек дүниеауи пиғылмен ғана есептейтін сананың мешеулігі. Бұндай сана ұлты жоқ жандарға тән. Мен қазір Англияда өмір сүріп жатырмын. Уақытша. Мұнда да аспаннан алтын жауып тұрған жоқ. Баяғы бір қарынның қамы үшін таң бозынан кетіп, қас қарайғанда қонағына оралатын құстай күй кешкен жұрттың проблемалары да бір басына жетерлік көрінеді. Солай болса да мен куә болған, көзімді жеткізген бір шындық ағылшынның әр бір азаматының бойынан, атқарып жатқан адал ісінен анық байқала бермейтін елін шын сүйген махаббат, жасырын мемлекетшілдік, тылсым ұлтшылдық, құпия отаншылдық қасиеттері болды. Бұл халықтың бай-қуатты болуының басты кепіліндей көрінді. Біреу менімен келісер, біреу келіспес. Билік мың мәрте ауысса да бұзылмаған рухани қуат, қалыптасқан мәдениет қалтқысыз халыққа қызмет етіп тұр. Осыны көріп өз еліңнің бүгінгі күйін еріксіз ойлайсың.

Қазіргі Қазақ билігі қыл көпірдің үстінде тұрғаны кім-кімге де жұмбақ емес қой. Екі жолдың бірін таңдауы заңды. Біріншісі кешегі сүрлеуге қайта оралу. Алайда, барды байлықтың күшімен билеп-төстеуге болмайтынын билік түсінді деп ойлаймын. Сондықтан бұл жолды таңдай қоймас. Ал айналсоқтап кері кеткен жылдарға қайта оралар болса ел қаңтар көтерілісінен де қиын жағдайға душар болуы бек мүмкін. Ал екінші жол, арғы жағалауға аман-есен өтіп шығу. Қазақ баласын бақытқа бастар жол осы. Бірақ Президент 162 алпауыттың қылтамағынан қармақ іліп бұрынғыдай бір шылбырға тіркеп билеп-төстей алмайды. Жалғыз шылбыр ажырғыға қажала-қажала үзіліп кетті. Енді сол 162 алпауыттың тағдырын шешу ең күрделі мәселе.

Абай қазақтың әулиесі ғой. «Единица болмаса не болады өңкей нөл» депті. Бірі жоқ, яғни бірге тең келетін басшысыз көп нөлден не пайда, «Билемесе бір кемел? деген ғой. Бүкіл жақсылық та, жамандық та әрине бастан басталады. Қазақтың «балық басынан шіриді» дейтін мақалының ақиқатына көзіміз жетті. Бақайшығынан басына дейін құрт жайлаған жүйені жою үшін ұлттық мүддеге қайшы келетін қиянаты үстем қандай заңнан да бас тартуға болады. Ел іші кеніш. Елім дейтін небір азамттар бар ғой. Отыз жылдық тарихымызды жылы жауып қоюға болмайды. Оның жетістіктері мен кемшіліктеріне нақты баға берілмесе көз алдымызда өткен үлкен сабақтан қортынды шығара алмай қайраңдап қалуымыз әбден мүмкін. Демек, қазақтың жемқорлық желісіне байланған барлық саланың басшыларының басы заң таразысына тартылу тиіс. Таразыға тең келмейтіндер орны бірліктермен алмастырылғанда артындағы нөлдер еріксіз, өзінен өз-ақ жаңа бірліктің соңына тіркеліп, тізіледі. Қазіргі қазақ реформасы осылай жүзеге асады. Осы жолда халық әрі-сәрі күй кешпей Президентті қолдауы керек. Президент билік шыңына жетудің бүкіл сынынан өтіп, сұрыпталған адам ғой. Елді қоғам дамуының түзу жолына алып шығады деген сенімім бар. Адалдықтың Ақ Құсы Ақ Қарға Біздің Елімізге жақсылықтың жаршысы болып келгені күмәнсіз, даусыз болмақ.

Сөз соңында Ғазиз, «Европада бірталай елдер бар ғой солардың бұлбұлдары қай тілде сайрайды екен?» депсің. Иә, мемлекеттік тіл елімізде ұлтаралық қатынас тілі болатын басты фоктор екенін Президенттің бір сөзінде айтқаны есіңде болар. Алайда халқының 70 пайызынан астамы қазақ тілді бола тұра билік әлі күнге дейін іс жүзінде қазақша сөйлемей отыр. Өйткені біздің билік пен байлық орыс тілді қазақтардың иелігінде. Олар «Жердегіге қолы жетіп алғандар, аспанға бір түкірсем деп армандар» (Б.Имашхан) дегендей төменгі тапты көзге ілмей өмір сүрді. Бұл қазақ билігі мен халық бұхараның ара жігінің алшақтауына, ақыры қаңтар трагедиясына жеткізді. Әділдігін айтсам, адам болған соң өзіңнің өмір сүріп отырған ортаңмен араласасың. Аудармашы арқылы болса да осындағы әр ұлттың өкілдерімен сөйлестім. Мұнда да ел-жер, ұлттық, нәсілдік , адам құқығы тағы басқа мәселелер айтылмай қоймайды екен. Сондай әңгімелерде әр кім өз тілін Тудай жалаулатып тұрғанда мен Мемлекетіміз орыс тілінде сөйлейді деуге тілім бармады. Қатты ұялғаным жерім де осы болды.
Ізгі ниет, зор құрметпен Бақытбек Бәмішұлы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері