/////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (эксклюзив) (басы)

4174 рет қаралды
2
фото: Уикипедия
Бүгіннен бастап “Мінбер” сайты Ғалымжан Жақияновтың “Өмір белестері” кітабын оқырманға ұсынбақ. Кітап 2004 жылы “Мұстафа Шоқай” қорының қолдауымен жарияланған. Қазақстанның саяси өміріне қаныққыңыз келсе, сол кездегі билікке қарсы тұрған саясаткердің көзімен бір қарап шығыңыз! 
Қаңтар қасіреті халқымызға оңай болған жоқ. Сын сағатта еліміздің тәуелсіздігі таласқа түскені жасырын емес. Әлеуметтік желіде жекеге және тікелей өзіме де жазып, хабарласып жатқан адамдар баршылық. Сондай-ақ жақында ғана берген Ғалымжанның сұхбаты да көпшілігіңізге белгілі. Бір айтарым, асығыс талдау жасап, сырттай шешім шығармаңыздар. Алда біраз оқиғалар шығады.
Ешқандай қылмыс жасамаса да (“әкімдік өкілеттігін асыра пайдаланып”, мемлекетке екі миллион теңгеге зиян келтірген деген – биліктің тауып қойған кінәсі) жеті жылға бас бостандығынан айырылып, түрмедегі азаптарды басынан өткізіп, қанышер режимге басын имей тік ұстап, тізесін бүкпей шықты.
Ғалымжанның азаматтық көзқарасы өзгерген жоқ, елін-жерін сүйген ұлдарыңыз адалдығынан айныған жоқ. Әрқашанда өз ұстанымында қалады.
Осы орайда Ғалымжанның өз өмірі мен қызмет жолын баяндап абақтыда жатып жазған “Өмір белестері” атты кітабынан парақтар төменде беріледі. Кезінде маған болысып бұл кітаптың жарық көруіне батылдығымен еңбек жасаған марқұмдар Дінәш Нурмухамбетов, Батырхан Дәрімбет ағаларымызға, жан досым Бақытгүл Мәкімбайге және басқа да атсалысқан азаматтарға басымды иіп алғысымды айтамын.

АЛҒЫСӨЗ

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

Қызық  келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.

Абай

 Әлі күнге дейін өң мен түстің ортасында жүргендеймін. Жанымды жегідей жеген сары уайым түпсіз тереңге батырады. Әділетсіздік, зұлымдык, еш мағынасы жоқ аяусыз жабылған жала – тас түрмеге қамалған менің сүйікті адамымның бүгінгі халін ақтап бере алмас.

Арамызды бөліп тұрған тікенекті сым темірдің ар жағында мен үшін ең қымбатты жан, менің Ғалымжаным отыр.

Мен Ғалымжан Жақияновқа саясатшы ретінде қарамаймын. Ол – менің жан жолдасым, екі ұлымның әкесі, онымен бас қосқан соң ғана толық мағынаға ие болған менің өмірімнің ең маңызды куәгері. Ғалымжанның жан-дүниесін дәл менен артық ешкім білмейді. Сондықтан оның  мүлде қисынсыз, әділетсіз және қатігез айыптаулар негізінде тұтқындалып, түрмеге отырғызылуы, міне, екі жылдан бepi ұшы-қиыры жоқ қорқынышты түс сияқты көрінеді.  Кейде мен өзімді аяусыз шымшып, қорқынышты түстен оятқым келеді, алайда мына қатал және суық өмір маған, менің балаларыма аяушылық етер емес. Түс ұзаққа созылып кеткен сияқты…

Алла тағала өзінің сүйген құлдарын сынап, сол сынағымен адам жанын да шыңдайтын болса керек. Менің білетінім – нақақтан-нақақ жазаға тартылған Ғалымжанның иығына  бүгін ауыр жүк түсті. Неге де болса шыдап, бір Алла тағаламның ақиқатты қолдайтынынан үмітімді үзбеймін.

Отбасы – шағын мемлекет. Бір адамды сүйіп қосылып, «қосағыңмен қоса ағарып», бipгe өмір сүрудің өзі де саясат. Тіпті балаларыңмен ара-қатынас, көршілермен тату-тәтті тұру, дос-жарандарыңмен араласу, әріптестермен береке-бірлікті сақтап қалу да – САЯСАТ.

Екеуміздің бүкіл әлемді құшқандай жеке бақытымыздың нұрлы сәттері тек анда-санда санада жарқ етіп, мен-мұндалайды. Бұл – біздің өзара сенім, жан жылуы мен сүйіспеншілік  әлеміміз.

Мен өзім Ғалымжан сынды адамның сүйікті жары екенімді мақтан тұтамын. Ал қазір ол тікенек сым қоршауындағы абақтыда отырғандықтан, өзіне жабылған жалаға жауап бере алмайтын сәтте – мен оған тірек болатын ең жақын адамымын. Сондықтан балаларымның әкесіне Алла тағаланың өзі жіберетін мейіріміне сеніп, Ғалымжанға демеу болуға бар күшімді саламын.

Сіздерге ұсынылып отырған кітапты Ғалымжан тар қапаста отырып, түрменің терезесінен түскен күн сәулесімен, түнде ай жарығында, сығалай қадалған суық көздерден жасырын, шашыранды парақтарға жазған. Бұл – оның баршамызбен оңаша әңгімесі. Ғалымжан тәрізді ізденістегі адам үшін бұл дегеніңіз неге тең екенін мен білемін.

Қазір Ғалымжан үшін адами, азаматтық тұрғыда, нағыз толысқан шағында, жұртқа өз үнінің жеткені аса маңызды. Ғалымжанның өз қолымен жазған кітабы – туған халқына, Отанына деген сүйіспеншілігі, өзі Алтын тіл деп бағалаған ана тіліне деген құрметі.

Ғалымжанның  тағдыры біздің өмірімізді күрт өзгертті. Соңғы екі жыл Алматы мен Құсмұрын арасындағы жол үстінде өтті, ай сайын мен онымен жолығудың мүмкіндігін күтемін, тым болмаса сол темір тордың ар жағында отырған Ғалымжанға кездесе алмасам да, түрменің қасында бір-екі сағат жүріп қайтқанымның өзі Ғалымжанға – демеу, маған – медеу.

Өмір ағысын тоқтата алмайсың. Біздің үлкен ұлымыз алыста, мектепті жаңа ғана бітірді, өз замандастарынан ұлым ерте есейген сияқты. Ал кенже ұлымыз, Ележанымыз – күлкісі де, қабағын түйгені де, дауысы да әкесінен айнымай қалған балапаным – атасы мен апасының қасында тұрып жатыр.

Қазір Ғалымжанның бас еркі жоқ. Бас еркі болмаған адам­ның басқа біреудің айтқанымен жүріп-тұруы, еш жазығы жоқ Ғалымжан үшін ауыр екенін жан-тәніммен сеземін, оны өздеріңіз де білесіздер. Әрине, әділетсіздік емей немене? Мен оның қарапайым адами құқығы аяқасты болғанына қиналамын. Айналамдағы адамдардың көпшілігі «Ғалымжан» мен «түрме» ұғымдарының бip-бірімен қабыспайтынын түсінеді. Сезімім «СЕНБЕЙМІН!» десе, жүрегім «НЕГЕ?» деп жылайды. Егер адам қылмыс жасамаса, оның бостандығын, басының амандығын, өмірін тартып алуға кімнің құқығы бар?! Біздің елімізде темір тордың ар жағындағы адам өмірі тозаққа бергісіз екені ешкімге де құпия емес. Біздің  кездесуіміздің өзі үнемі жансыздардың бақылауында өтеді.

Ғалымжанның басына сынақ түспей тұрған шақта біздің достарымыз бен таныстарымыз да көп болатын. Алайда нағыз достық қиыншылықта танылады екен. Әділетсіздік қашан да қатал және рақымсыз. Біздің достық пен сенімділік жөніндегі түсініктеріміз де бүгін сынақтан өтіп жатыр, соған орай адамдар туралы көп нәрсеге Жасаған Ием көзімді ашқандай. Енді міне, Ғалымжанға, біздің отбасымызға кімнің нағыз дос, кімнің жалған дос болғанын білемін (мен ешкімді де кінәламаймын). Бірақ өмірдің осынау «суық» асуында менің жанымды әcipece жылытатыны – маған және Ғалымжанға қолдау хаттар жазушы жүздеген, мыңдаған адамның ыстық  ықыласы. Бұл – Алланың сыйы, өйткені халықтың аузымен Жаратқан Иеміздің өзі сөйлейді. Демек Ғалымжанның жолы – халықтың мүддесіне бағышталған жол.

Ештеңеге қарамастан Ғалымжанның жанында қалғандарға, өз аман-есендігіне қауіп төндіре отырып, оның ісін жалғастырушыларға ризашылық ретінде Ғалымжан мен оның отбасына жақсылық тілеуші мыңдаған адамның хаттарына жауап ретінде және Ғалымжанның азаттық белгісі болсын деп, мен осы кітапты құрастырып, жариялауға бел будым. Осы уақыттың ішінде ол қол қусырып отырған жок, жалғыздыққа бой алдырмады, көпшілік құлақ асады деген үмітпен өз идеяларының азаттығы, өз рухының күш-қуаты үшін күресті. Соңғы eкі жылын Ғалымжан еркін өмірден, отбасынан, достарынан жырақта, тұтқында өткізсе де, ол ойша бізбен бipгe болып, елімізде болып жатқан барлық оқиғаны жан-жүрегінен өткізді. Оның осыншама қиындықтан сүрінбей өтіп, әділетсіздікке, опасыздыққа, зорлық-зомбылыққа, қауіп-қатерге қасқая қарсы тұруына көмектескен бip Аллаға деген шексіз сенімі мен туған халқына деген ыстық махаббаты.

Біз екеуіміз бip-бipіміздi жиырма сегіз жыл ішінде әбден танып, білген адамдармыз. Алғаш танысқанымызда бip мүшел жастан асқан жас жеткіншектер екенбіз. Балалық махаббатымыз жалғасып, шаттыққа толы шаңырақ көтергенімізге де жиырма жылдан асып барады. Ойлап отырсам, Ғалымжанның мен білмейтін мінез-құлқы да, ешқандай құпиясы да жоқ екен, әрқашан білімге, білуге, ізденіске, еңбекке құштар ол адамдарды жақсы көріп, қолұшын беруден шаршап-шалдықпайтын. Содан ләззат алатын. Мен болсам, қашан да Ғалымжанға сүйеу болуға тырыстым. Бірақ менің де шарасыздық танытатын кезім бар. Қазір сондай халдемін. Дегенмен біз әрқашан да бipгeміз.

Бұл кітапта Ғалымжанның шыр етіп жарық дүниеге келген сәтінен бастап, Павлодардың (Кереку) орталығында мешіт тұрғызғанға дейін өмірбаян деректері жиналған.

Одан кейін аса күрделі кезең – «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылуы, әділетсіз сот процесі, түрмедегі азапты жылдар жене басқа оқиғалар екінші кітапта баяндалады.

Кітапты дайындап, жарыққа шығаруға қолұшын берген, көмектескендердің бәріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін.

Сіздерге деген ерекше құрметпен,

Қарлығаш  ЖАҚИЯНОВА

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы) – Мінбер – Ақпарат агенттігі жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар