/////

Бақытбек Бәмішұлы: Әр қашан күн сөнбесін, аспаннан бұлт төнбесін…

2492 рет қаралды

Бүгін біздің еліміз бойынша халықаралық әйелдер мерекесі 8 наурыз.

Аса құрметті, ерекше атаулы, даталы күндердің бірі. Мемлекеттік қызметтегі адамдарға арнайы демалыс күні. Еңбегімен еленген Әйелдерге мемлекет, үкімет тарапынан сый-сияпат көрсетіліп, әр түрлі жоғары наградалар беріледі. Ел болып көктемнің алғашқы мерекесін тойлайды. Жаны жарқын, жамалы жаздай жандарға, жақын туғандарға әр алуан тарту-таралғылар ұсынылып, алуан түсті гүл сыйланып, ізгі ниетті жақсы тілектер арналып, жүрек жарды құттықтаулар айтылады. Қандай жақсы. Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы Ана, ару жандар!

Ал, мына Англияда ондай мереке болмайды екен. Болмаған соң бұл күн аталынып та өтілмейді екен. Адамдар күнделікті тірлікпен қалыпты жағдайда өмір сүріп жатыр. Осындай бір халықаралық деңгейде атап өтетін белгіленген күн бары туралы да хабарлары жоқ па дедім. Әлде халықаралық мереке-мейрам жасап алып жүрген постсәбеттік елдер ғана ма?
Алайда біз үшін бір нәрсе кемшін түсіп, олқы болып тұрғандай. Сондықтан ба қасыңдағы жарыңа, маңайыңдағы әйелдерге, бүлдіршін бөбектерге де бір түрлі сезіммен қарайды екенсің. Олардың жүзінен нұрланған шырай, көзінен мейірім, қарасынан қуаныш шуағын көргің келеді екен. Көкейіңде көктем келді ғой деген үміт сәулесі көңіл желкенін желпиді. Қаңтардың қасыретті күндерін бастан кешіріп, енді-енді қайғы-мұңнан сергиміз бе дегенде ірге көршіміз ісініп, бауырлас елге аярлықпен ауыз салғанда, қуанышты бөлісіп жылы сөз айтуға да дәтің бармайды екен…

«Әр қашан күн сөнбесін, аспаннан бұлт төнбесін…».

АВТОМАТТЫ АРУЛАР

(Украинаның батыр Аруларына арнадым)

Беу, дүние, адамзат зәру ме еді зарлыға?
Ақыл қалмай бара ма, ары тозып жалдыда?
Ару көрдім, құдай-ай, өркендеген заманда,
Әлди емес автомат қару алған алдына.

Үлбіреген ернiнен оқ таятын секілді.
Анарынан сүт толы ақ моншақтар секірді.
Әр тамшысы адалдық түйіріндей қорғасын,
Тесіп төсін зауалға от қоятын секілді…

– Ақ көйлектің орнына сауыт кидім»,- деді Ол.
– Біз өкшені етікке ауыстырдым,- деді Ол.
– Ақша қардай етімнен аққан қызыл қаныммен
Қанға батқан жерімді сауықтырам,- деді Ол.

Сарнап түзден жағымды көне сарын жетеді.
Көне емес бұл анық Ару даусы жетелі.
Қан майданның бүгінгі даласынан жаңғырған,
Тұмар, Бопай, Айбике… нақ үніндей кешегі.

Алқа тағар мойнына ажал таққан, Арулар!
Отан үшін жан қияр жалын атқан бар Ұлдар.
Балаң жылап қалды ғой, Анаң бұлап, еңіреп,
Ошақ оты өшпесін, Сендер үйге барыңдар!

08.03.2022ж. Ньюкасл. Англия.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері