///

Қазақстанда әлеуметтік желіні шектеуге мүмкіндік беретін заң жобасына қоғам қарсылығын білдіру үшін қол жинау басталды

1516 рет қаралды

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ШЕКТЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕТІН Заң жобасына қоғам қарсылығын білдіру үшін қол жинау басталды. Бұл акцияны қолдап дауыс бергіңіз келсе, мына сілтемені басып, қол қоюыңызға болады.

Естеріңізде болса, 2022 жылы наурызда Парламент Сенатына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралымға келді. Бұл заң жобасында қажет және маңызды түзетулер жазылғанымен, ел ішінде «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деп танылған нормаларды да қамтиды. Заң жобасы елде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдануға шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер қабылданған жағдайда (заң жобасының 14-16 беті) Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Whatsapp және басқа да желілердің Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеуіне қауіп төнеді.

“Біз, Қазақстан азаматтары!
ҚР Парламентінің Сенаты мен Президентін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тартуға шақырамыз!” делінген петицияда. 

Ұсынылған заң жобасының түзетулеріне сай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға, сонымен қатар, уәкілетті органның, яғни, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі уәкілетті орган талабын орындамаса, АҚДМ желінің «Қазақстан аумағында жұмысын шектеуге» құқылы.

Түзету авторларының айтуынша, мұндай қадам балаларды кибербуллингтен (кибербуллиңнен) қорғау үшін жасалып отыр. Бірақ бұл қадамдардың артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық.«ҚР Заңдарының талабын бұзатын ақпарат» деген ұғымға кез келген нәрсені, оның ішінде – азаматтық қоғам тарапынан билікті орынды сынау не коррупция туралы зерттеулерді жатқызуға болады. Егер бұл түзетулер қабылданса, оның қызығын Қазақстанды 50 жылға кері кетіргісі келетін, елде Кеңес Одағы кезіндегідей цензураны күшейтіп, адам құқын таптауға ниетті шенеуніктер көретініне сенімдіміз.

Google-дың контентті жоюға қатысты сұраулар статистикасына сай, 2011 жылдан бері қазақстандық мемлекеттік органдар жіберген сұраулардың арасында дискриминацияға қатысты мәлімдемелер бір пайызды да құрамаған. Көбі «ұлттық қауіпсіздік» және «мемлекеттік қызметкерлерді сынауға» қатысты болған.

Қазір онлайн-платформалар өзінің тиімді құралдарымен балаларды қорғау үшін заңсыз контентпен күреседі. Экстремистік және осыған ұқсас заңсыз контент биліктің қатысуынсыз, яғни, платформалардың ішкі ережелеріне сәйкес бірден жойылады. Цифрлық қылмыспен күресу туралы айтар болсақ, мұның барлығы Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларында бар.

Біз Сенаттан заң жобасын Мәжіліске қайтаруды, сонымен қатар, ҚР Құқық қорғау ұйымдарымен, мемлекеттік емес БАҚ өкілдерімен және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен заң жобасын міндетті түрде қайта түзеуді талап етеміз. Заң жобасы осы қалпында қабылданса – біздің қоғам ондаған жылға артқа кетері сөзсіз. Бұған қоса, саяси және экономикалық тұрғыдан шеттетілген мемлекеттермен бір қатарда болу қаупі бар.

Барша қазақстандықтарды осы үндеуге қосылуға шақырамыз. Cебебі бұл заң жобасы әрқайсымыздың болашағымызға қатысты!” делінген онда. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар