////

Фарн аралдары (Farne Islands) (фото)

1558 рет қаралды

Теңіздің жағасында тұрып, теңіздің өмірі туралы білмеу күнә ғой. Тұңғиығына тартатын тылсым ғажайып әлемнің сыртынан көріп тамсанып жүруші едік кеше бұл тұңғиықтың да біраз сырына қанығуға мүмкіндік туды.

Халықаралық студенттердің басын қосатын Globe cafe клубындағылар Фарн аралына барып қайту туралы ұсыныс айтқанда біраз тартынғаным рас. Алайда теңіз өміріне бойлағым келген әуестік бәрібір жеңді. Күн сенбі болатын. Таңнан тұрып межелеген жерге жиналдық.

Ньюкаслден солтүстікке қарай жол тарттық. Біздің жолбасшымыз Филипп Дов (Philip Dove) өте әңгімешіл, әрі саяси-әлеуметтік мәселелерден хабары мол адам екен. Әлемдік саясатты сапырып, Сталиннен Путинге дейін Ресей саясатын талқылап отырғанда Теңіз үйлері (Seahouses) деп аталатын шағын портқа жетіп үлгердік.

Seahouses – 19 ғасырдың соңында бой көтерген шағын ғана порт. Алайда туристер үзілмейді екен. Шағын порттың шағын айлағы келушілерге қызмет көрсетеді. Мұнда ірі кемелер жоқ, есесіне моторлы қайықтар жағажайдан көп алыс емес 15-28-дейін жететін Фарн аралдарына сапар шегушілерге қызмет етеді. Сіздің сапарыңыздың құны қай аралға баратындығыңызға және қанша уақыт болатындығыңызға байланысты әртүрлі құбылады екен. Мәселен ең жақын аралға барсаңыз және сапарыңыз бір сағаттан аспаса £10-12 фунт төлейсіз. Біздің сапарымыз үш сағатқа созылды. Адам басына £25 фунттан. Қайықта кемінде 50-60 адам бар.

Аралда 290 түрлі құс өмір сүреді
Тюленьдер жылына 4 тонна балық жейді екен
Айлақта
Біздің қарлығаштарға қатты ұқсайды екен
Біздің команда
Суреттердің бір парасын Филипп Франклиннен (Phil Franklin) алдым
Біздің жол бастаушымыз Филипп Дов
Суреттердің бір парасын Матю Бриндлей (Matthew Brindley) түсірген
Суреттердің тағы бір бөлігін Хелен Дарлингтон (Helen Darlington) түсірген


Негізі Ньюкасл Англия мен Шотландияның ортасында орналасқан ежелгі қала ғой. Бұл аумақты Нортумберленд (Northumberland) деп атайды. Ертеректе Нортумберия (Northumberia) деген патшалық болыпты. Бұл жердің ежелгі халқының аты Джорди. Қандай тілде сөйлегені туралы нақты дерек болмаса да, шот және уэльс халықтары сөйлеген гаелик диалектісіне жақын тілде сөйлеген. Қазір жергілікті жұрттың лексикасында ежелгі тілден қалған ерекше диалектілер кездеседі. Айтуынша, бұл өңірде Хамбер (Humber) деген ірі өзен ағады екен. Ұзындығы – 64 километрге жетеді. Осы өзенді бойлап бой түзеген патшалыққа да Солтүстікхумбрия деген атау беріліп, осы төңіректі Солтүстік хумбриялықтар мекені (Northumberland) деп атаған. Шотландия мен Англия арасындағы кескілескен ұрыстар осы мекенде болыпты. Шамамен 13-14 ғасырлар аралығы. Сөйтіп екі елдің шайқасы шағын ғана патшалықты жермен жексен еткен.

Шотландияның өзі Англияның құрамына толығымен 16 ғасырда қосылды делінеді. Айтуларынша, Шотландияның шекарасы 16 рет өзгерген көрінеді. Ньюкасл бір кездері Шотландияның құрамында болған. Кейін Англия қайтарып алады.

Осы бір көздің жауын алатын шекарадағы аймақта орналасқан Seahouses туристерді өзіне баурайтын аса ерекше мекен. Туристерді шағын порт немесе айлақ баурап тұрған жоқ, осы айлақ арқылы сапар шегетін Фарн аралдары баурап тұр. Мұнда адамдар тұрмайды, тек кемелерге бағыт беру мақсатында салынған арнайы маяктар бар. Онда жылдың төрт мезгілінде адамдар тұрады. Бірақ, қазір олар ауысыммен жұмыс істейді екен.

Seahouses портындағы сувенирлер дүкені

Осы маякқа қатысты тарихи оқиға 26 жасында қайтыс болған Грейс Дарлинг (Grace Darling) туралы айтылады. 1838 жылы 22 жастағы Грейс әкесімен бірге Лонгстоун (Longstone)  маягының шырақшысы болады. Әкесі екеуі суға батқан Форфаршир (Forfarshire) қайығынан 9 адамды құтқарып қалады. Өкініштісі, осы оқиғадан кейін төрт жыл өткенде Грейс Дарлинг туберкулезден көз жұмған екен. Британия тарихында Грейс Дарлинг ұлттық батыр ретінде сипатталады. Әртүрлі аңыздың тууына, ол туралы ерлік дастандарының жазылуына бұл оқиға түрткі бопты. Осыдан кейін корольдықтар балықшыларды құтқару жұмысын бір жүйеге түсіруді жөн санап, арнайы ұлттық қорық құрған. Қазір бұл аралдарға арнайы лицензиясы бар қайықтар ғана бара алады. Балық аулау да арнайы лицензиямен жүзеге асады.

Біздің жол басшымыз Филипп Добтың айтуынша бір кездері жағалауда тұрған балықшылар балықты көп аулау үшін кезінде тюленьдерді бас жоқ, көз жоқ өлтіре берген екен. Өйткені бұл тюленьдер жылына 4 тонна балық жейді екен. Бүгінде тюленьдер аулауға тыйым салынған аңдар қатарында.

Деректерге сүйенсек, 1760 жылы Фарн аралдарында 290 түрлі құс болған екен.

Біз Фарн аралдарына бізше айтсақ шаңқай түсте сапар шектік. Үш сағаттық турдың екі сағаты қайықта өтті. Құстар мекеніне айналған аралдарға жақындап барғанымызбен ол жерде адам тұрақтау мүмкін емес. Тек қайықта ғана тамашалаудың мүмкіндігі бар. Жағалауда демалып жатқан тюленьдерді де солай алыстан бақылап кеттік. Біз барып тұрақтаған аралда маяк, шағын шіркеу және рейнджерлерге арналған үй бар. Рейнджерлердің бірімен тілдесіп едім, мұнда тек наурыз айынан бастап келгенін айтады. Тамызға дейін болады екен. Жабайы табиғатпен жұмыс істеу аса қызық дейді. Олардың міндеті осындағы құстар мен аңдарға көмек көрсету, ұя салу, олардың өсіп өнуіне әрекет ету. Сондай ақ туристердің жөнсіз әрекетін қадағалау, теңіз патшалығының еркін өмір сүруіне жағдай жасау.

Photos by: Phil Franklin, Matthew Brindley, Helen Darlington, and the author

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері