///

Өмір Шыныбекұлы: Мен көрген Дубай (соңы)

1571 рет қаралды

Дубай қаласында 6 таксомотор компаниясы қызмет көрсетеді. Әрқайсысының қызыл, жасыл, көк, сары дегендей өз түсі бар. Таксистердің барлығы гастарбайтерлер. Мұнда ешкімге көлігіне отбасы мүшелері мен достарынан өзге ешкімді отырғызуға, яғни таксовать етуге рұқсат жоқ. Бірінші рет ұсталса азырақ айыппұл төлейді. Екінші рет ұсталса 10 мың долларға жуық айыппұл төлейді. Үшінші рет ұсталса елден шығарылады.

Ал жергілікті арабтарға таксовать етудің мүлдем қажеттілігі жоқ.

Бұржа-Қалипа мұнарасынан қаладағы ең ірі сауда орталығы Дубай-молл кесіп өтіп, метроға тартылған галерея…

ОТЕЛЬ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Жігіт Бангладештен, қыз Шри Ланкадан екен… Жергілікті тұрғындардың шалқып жүргені отандары басшыға жарымаған осылардың төгілген тері, арзан еңбегі…

БАЭ тұрғындарының тек 11 пайызын (шамамен -+ 1 млн) этникалық арабтар құрайды. Өзгелері Пәкістан, Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка, Непал, Филиппин, Йемен, Ирак, Мысыр, Судан секілді елдерден келіп уақытша жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлер.

2021 жылы World Bank  жариялаған деректерге сенсек, БАЭ халқының саны 9,991 миллион..

Оның ішінде үнділіктер 3 миллионға, пәкстандықтар 1,5 миллионға жуық…

Ал автохтондар, яғни арабтар солардан кейінгі 3-орында..

Шетелдіктердің құқықтарын шектеуі жергілікті халықты шетелдіктердің жұтып (ассимиляция) жіберуінен сақтайды.

ДУБАЙ ӘМІРІ ШЕЙХ МҰХАМЕД

“Өзге музейлердегі экспонаттардың құны уақыт өткен сайын қымбаттай түссе, біз экспонаттары күн өткен сайын арзандай түсетін музей саламыз” деп салған музей.

Бұл музейге ақпараттық-компьютерлік техниканың соңғы үлгілері қойылады екен.

Ал анау 3 саусаққа келсек…

Әмірлік жастары батыстықтарға еліктеп, “Жеңіс” дегенді саусақтарымен V әрпін жасап көрсетуді әдетке айналдыра бастаған соң, әмір “Біздің өз жолымыз бар. Сондықтан біз ешкімге еліктемеуіміз керек” деп, 3 саусақтың мүсінін үлкен проспектіге қойдырыпты..

ДУБАЙДАҒЫ АЛАЯҚТАР

Оқырмандарымның есінде болса жазбамыздың ортасында”Бабыл сапырылысы” туралы жазғаным бар…

Соны жалғастырайын..

Адам көп жерде жақсы да көп болады, жаман да аз болмайды..

Дубайда алаяқтар да жетерлік екен..

Біз екеуіне тап болдық..

Барған күннің ертеңіне сәскеде біз тур сатып алған турагенттіктің өкілімін есімім Керім деген бір жігіт біз түскен отельге келді. Түр әлпеті баяғыда теледидардың бетін бермейтін Абрам Руссо деген әншіге ұқсайды. Жүзіктің көзінен өтердей лыпылдап тұр. Қайда барғымыз келетін сұрады. Мен әрине Бұржа-Қалипадан бастап, буклеттен біраз жерді көрсеттім.

Блокнотына түртіп алды да, ақысын есептеді. Көкқағазды қолма-қол төледік.

– Ертең сағат 14.00-де дайын тұрыңыздар, автобус келеді! Ал бүгін түс қайта, ертең түске дейін өздеріңіз аралай беріңіздер! – деп кетіп қалды

Түс қайта әлгі Керімнен ватсапыма бір пдф файл кеп түсті. Ағылшынша болған соң мен ашпадым. Метромен өзіміз Дубай-Маринаға барып қайттық та ертеңіне Керімнің автобусын күттік. Түс қайта келген автобус түнге дейін біраз жерді шарлатты.

Бірақ Бұржа-Қалипаға апармады. Керімге жазсам, “Бұржа-Қалипаға кеше баруларыңыз керек еді, билет жібергем” дейді.

Сонымен ватсапта ол аудиомен, мен жазып дегендей [сөз]соғыс басталды..

– Түсінбесеңдер мен кінәлі емеспін деп, бет бақтырмайды, Керіміміз..

– Вы обманывая нас, рискуете репутацией турагентства, –  дегеніме қыңбады.

Болмаған соң жолдаманы алған ұлға хабарластым. Ол турагенттікке хабарласып, мәселені шешіп берді.

Ақыры пысықай сүмірейіп Бұржа-Қалипаға билетті қайтар күні түске дейінгі уақытқа әперді.

Билетінің құны біздің өлшеммен аз ақша емес, адам басына $80. Қысқасы, сақ болыңыздар..

Келесі алаяқ бізді біздің ақшамен біразға түсірді..

Сыртқа темекі тартуға шыққанымда бәйбішемнің отельдің фойесінде сол қонақ үйге тоқтаған өзбек, дүнген әйелдермен әңгімелесіп отырғанын көргем..

Бөлмеге кіре салды да, «Бәзила бұлғын тон ала келіңіздер, ақша жіберем» деп айтып еді дейді (Бәзила – Ресейдің Норильск қаласында тұратын інісінің әйелі).

– Қойшы, артық жүкті қайтеміз? – деп мен тоқтатқам..

Дубайдың жағажайына бармақ боп жиналып, ресепшнге таксиге тапсырыс беріп жатқанымда әйелім фойеде отырған бір славян тектес әйелмен шүйіркелесіп қалды..

Әйел орнынан тұрды да, маған келіп «Әуре болмаңыздар, мен сіздерді жағажайға өзім апарамын. Қазір такси келеді» деп ресепшнге айтып біздің тапсырысты доғартып тастады. Мен ол әйел бізді апарған туристік агенттіктің өкілі екен деп ойладым.

Айтқан таксиі келді. Таксиге мініп жатып әйелім «Тон базарға барудың қажеті жоқ, тіке жағажайға тартыңыз» деді. «Біз мұнда сауда жасау үшін келген саудагер емеспіз. Тон базарға барған күннің өзінде тон алатын ақшамыз жоқ» деп қосылдым мен. Рөлдегі шойынқара зәңгі жігіттің қатарына жайғасқан әлгі славян тектес әйел «Ертерек айтпайсыздар ма? – деп  күңкілдеді де таксиске бірдеңе деді..

Такси орнынан қозғалып, бір бұрыш айналған соң тоқтады да, әлгі әйел түсіп қалды да біз жүріп кеттік..

Біз аң-таңбыз..

Таксист бізді түсінбейді. Біз оны түсінбейміз.. Әрқайсысымыз өз тілімізде қауқылдасып кетіп барамыз.

Ақыры қайда бара жатқанымызды сұрап түсіндіре алмаған соң елдегі ұлымның ватсапына зум арқылы хабарласшы дедім  (Дубайда ватсаптың бейнеқоңырауы істемейді). Ұлым зумға шыққан соң таксиске бердім. Екеуі бірдеңе сөйлесті де ұлым маған «Дәл сол жерде тоқтатып түсіп қалыңыздаршы» деді. «стоп-стоп» дегеніме таксист екі алақанын жайып бірдеңе дейді.. Мен түсінбеймін. Сол аралықта алдымызда көрінген метро стансасындаы «33» деген жазу көзіме оттай басылды. Жарты сағаттан бері, өзіміз тұратын отельдің маңын шиырлап жүр екенбіз..

 Енді «стоп» деп айғай салдым. Әудем жер жүріп тоқтаған таксист 70 дирхәмімізді қағып алды. Айғайласуға тіл білмейміз.

Сонымен әлгі славян тектес әйел, таксист және ресепшндегі бангладештік жігіттің арасында бір байланыс бар деген күдік көңілімде қалып қойды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘУЕКОМПАНИЯЛАРДА МҰНДАЙ ҰШАҚ ЖОҚ

Жанында “Эмиратес” деген жазуы бар 2 палубалы ұшақты алғаш 2016 жылы Варшава әуежайында көріп едім. Өзге ұшақтардың жанында өңкиіп ерекше көрінеді..

Мәскеу – Варшава рейсінің біз мінген орыстың Sukhoi Superjet 100 ұшағы мұның қасында Камаздың жанындағы жигулидей боп қалған. Дубай әуежайында мұндай алып ұшақ жетерлік екен..

Гуглды шұқылап жіберсем, мұның маркасы Airbus А380 екен..

Airbus S.A.S.  концерні шығаратын Airbus А380 ұшағының бірнеше түрі болады екен. Биіктігі 24 метр, ұзындығы 73 м. қанатының ұштарының арасы 79 м. 3 класты түріне 525, бір класты түріне 853 жолаушы сияды. Қонбастан 15 400 шақырым ұша алады екен..

Қазақстандық әуе компанияларда мұндай ұшақ жоқ..

ГАСТАРБАЙТЕРЛЕРДІҢ БАЛАСЫН МҰНДА ОҚЫТУ ҚЫМБАТ

Біздің жолбастаушымыз Сириялық араб жігітінің айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті балалар үшін оқу ақысы тегін. Ал өзге араб мемлекеттерінің балалары азырақ ақы төлейтін көрінеді. Ал өзге шетелдіктер үшін мектеп өте қымбат..

Сондықтан гастарбайтерлер мұндай балаларын әкеле алмайды.

Мұның өзі шетелдіктер қаптап кетпес үшін жасалған шара болса керек..

БАЭ тұрғындары мұнай сарқылса да қиналмайды екен..

Біздің экс-президент мұнайдың сарқылуы немесе балама отын ойлап табылып, мұнай-газдың керек болмай қалуы мүмкін екендігі туралы жиі айтқаны есімізде..

Бірақ сөз жүзінде қалды…

Дәл мен Дубайда жүрген күндері президентіміз БАЭ-не ресми сапармен барды..

Мүмкін солардың тәжірибесін үйренуге барған шығар деген үмітпен елге оралдық..

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар