///

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Донецк пен Луганскіні мойындау халықаралық изоляцияға алып келер еді. Петербург форумынан кейінгі ой

1963 рет қаралды
каз орда кз

 Петербург халықаралық экономикалық форумының күтпеген нәтижелерінің қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Донецк пен Луганск републикаларын Қазақстанның мойындамайтындығы туралы мәлімдемесі, оларды «квазимемлекеттік» құрылымдар деп атауының орны ерекше.

Оның үстіне Қазақстан Ресеймен стратегиялық әріптестігіне қарамастан еліміз Ресейге санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік бермейтіндігін көрсеткендей болды. Еліміздің Президенті өз сөзінде халықаралық құқық нормаларына жүгіне отырып, Қазақстанның халықаралық қатынастарда осы нормаларды басщылыққа алатындығын мәлімдеуі ресейшіл әлеуметке ерекше соққы болды. Мұнымен қоймай мемлекет басшысы Ресейдегі бірқатар саяси топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанға  қырғиқабақ танытқандығына да өз пікірін білдірді.

Отырыс модераторының орны да ерекше маңызға ие еді. Әбестіктен бе, әдейі ме бірақ модератор Қазақстанның «Жеңіс күнін» тойламауына қатысты өзінің кереғар пікірін білдірген, Қазақстандық саясатқа қатысты агрессивтілігмен ерекшеленетін Тигран Кеосаянның жары, белгілі медиа-менеджер (журналист деуге тілім бармай отыр) Маргарита Симонян болды.

Сөз барысында Владимир Путин Қазақстан Президентінің атын атаудан бастап қателіктерге жол бере бастады. Заманауи халықаралық қатынастарда Ресейдің изоляциясына қарамастан осындай форумға келіп, өз қолдауын білдірген көрші, ал ең маңыздысы тәуелсіз мемлекеттің басшысының атын дұрыстап айта алмау – дипломатиялық этикеттегі үлкен кемшіліктің көрсеткіші. Ресей Президенті ешқашан дипломатиялық қабілетімен ерекшеленбегенімен ең болмаса форумға қатысқан жалғыз Президенттің атын жаттап алса орынды болар еді деген ой әрбір салиқалы саясаткерде туындағаны анық. Әрине, империялық амбицияларын ешқашан жасырмаған Ресей үшін мұндай олқылықтар қалыпты жағдай шығар. Бірақ дәл қазір мұндай олқылықтардың құны Ресей үшін қымбатқа түсуі мүмкін екендігін түсіну де аса қиындық тудыра қоймас.

 Ал енді халықаралық құқықты басшылыққа алған мемлекет басшысының негізгі дәйектеріне тоқталсақ:

Біріншіден, халықаралық құқықта бір-біріне қайшы келетін екі қағида бар.  Біріншісі, ұлттың өз болашағын дербес анықтау құқығы, екіншісі территориялық тұтастық пен мызғымастық қағидасы. Бұл қағидалар БҰҰ тарапынан бекітіліп, халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалатын қағидалар. Бірақ осы уақытқа дейін қай құқық басым деген сауалға мамандар әлі күнге дейін толыққанды жауап бере алмай отыр. Кезінде БҰҰ құрылған шақта ұлттың өз болашаған дербес таңдау құқығы КСРО ұсынысы бойынша енгізілген еді. Мұндағы негізгі мақсат Ұлыбритания, Франция секілді қуатты империяларды әлсіретіп, олардың бодандарына тәуелсіздік әперу болғандығы белгілі. Тарихи перспективадан қарар болсақ КСРО осы қағиданың болашақта қандай мақсатта пайдаланылатынын білсе, бұл қағиданың бекуіне жол берер ме еді деген заңды сауал туындайды.

Жоғарыда көрсетілген екі қағиданың қайсысы басым деген сауалға тоқталар болсақ, онда халықаралық құқықтың тағы да бір қағидасын еске алуға тура келеді. Ол қағида тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидасы. Логикалық тұрғыдан дербес мемлекеттің өзге мемлекет ісіне қол сұғуының өзі құқық бұзу. Бұл территориялық тұтастық қағидасын қолдайтын қағида. Мұнан тыс Ресей доктринасында Ичкерия мемлекеттігіне қатысты көзқарас қалыптастыру туралы айтылады. Онда ұлттың өз болашағын дербес анықтау құқығы мемлекет шеңберінде жүзеге асырылуы тиісті. Ол пассивті қағида ретінде қарастырылған болатын. Яғни, Ресей Федерациясы субъектілерінің федерация құрамынан шығу құқығы жоқ, себебі олар федерация шеңберінде өз құқықтарын жүзеге асыруда деген логика басым болатын. Демек Ресей доктринасының өзі территориялық тұтастық пен егемендік қағидасына басымдық беретіндігін жасырған емес. Тіпті, осы уақытқа дейін Косовоның өзінде болған қақтығыста Ресейдің ресми позициясы Сербияның тұтастығы тарапында болғандығы белгілі. Алайда дәл бүгінгі күні бұл қағида неге екендігі белгісіз жұмыс істемей қалды.

Екінші туындайтын сауал, мұндағы үлт ұғымында кімдер меңзеліп отырғандығы тағы да айқын емес. Таза логикалық тұрғыдан Ресей агрессиясының негізгі дәйегі Донецк пен Луганскідегі орыстілді жұртшылықты қолдау болғандығы белгілі. Демек кем дегенде орыс тілді емес топ бұл тізімнен шеттетілген. Мұны қаншалықты дәрежеде заңды себеп деп қарастыруға болатындығы тағы да сауал тудырады.

Үшіншіден, орыс тілділер ме, орыс ұлтының өкілдері ме? Ресей арнайы операциясының негізгі мақсаты орыс ұлтының өкілдерін қорғау деп қарастыратын болсақ, онда геноцид жасап отырған, Украина емес, Ресей ғой. Себебі белгілі бір этникалық топты өзге этникалық топтан ажыратып, оларға арнайы кеңістік беру логикасы, аймақта тұратын өзге ұлттар мен ұлыстарға жасалған нағыз қиянат емес пе? Яғни тазалық принципіне арқа сүйей отырып өзге ұлтты қорлау немесе жер аударту нағыз халықаралық құқық нормаларын бұзу болып табылады.

 Төртіншіден, егер Украинадағы «орыс» этносының құқықтарын қалпына келтіру қажеттілігі туындаса онда оны ұлттың өз болашағын дербес айқындау қағидасының шеңберінде қарастыру өте күрделі проблемаға айналады. Себебі, «орыс этносының» өз болашағын айқындауы өзге ұлттармен қатар орыс ұлтының құқығының негізінде құрылған Ресей Федерациясында жүзеге асты емес пе? Донецк пен Луганск тұрғындарының мейлі көпшілігі дейік этникалық тұрғыдан орыс болса да, олар украин халқының бір бөлігі және Украина мемлекетінің азаматтары ғой. Олардың құқықтарын қорғау Ресейдің емес, заңды түрде сайланған Украин мемлекетінің мемлекеттік органдарының міндеті. Сондықтан, Ресей басшылығының түсінуі керек негізгі мәселелердің бірі Ресей әлемдегі «орыс этносының» қорғаушысы емес. Ресей мемлекетінің негізгі мақсаты көпұлтты Ресей халқының мүддесін қорғау. Шетелдегі орыс диаспорасының өкілдері өз құқықтық таңдауын жасап, өзге елдің азаматтығын қалаған тұлғалар. Тарихи отанын таңдағандар Ресейге көшіп, сол елдің азаматтығын алды. Сонда АҚШ азаматы болып табылатын орыс ұлтының өкілдері үшін де Ресей жауапты ма? Ал ол жерде орыс тілінде білім беретін, қызмет көрсететін мекемелер жоқтың қасы. Онда логикалық тұрғыдан Ресей соғыс ашуы мүмкін мемлекеттердің көлемі кем дегенде жер шарының біраз бөлігін қамтып кетер еді.

Бесіншіден, Путин ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында орыс жерлерін жинаушы ретінде суреттеледі. Онда неге соғысты Қытайдың Порт-Артуры мен АҚШ Калифорниясынан, Аляскадан бастамасқа? Неге Украинадан бастау керек, неге посткеңестік кеңістіктен бастау керек? Ол мемлекеттерден Ресей қорқады. Ол мемлекеттер өз өркениеттік таңдауын жасаған елдер. Ал посткеңестік кеңістік Ресейдің өз үйі секілді сезім қалдырады. Халықаралық жанжалдарда тарихи дәйектер жақсылыққа апармайды. «Кеңестер одағының Украинасы немесе Ленин атындағы Украина» атты бастамалар болашақта көрші елдердің кез-келгеніне қауіп төндіруі мүмкін. Бірақ Ресей өзінің «Алтын орда атындағы Ресей» екендігін де ұмытпағандығы орынды болар.

 Алтыншыдан, санкция Ресейдің заңсыз әрекеті үшін салынды. Санкцияларды айналып өтуге көмектесу халықаралық құқық нормаларын бұзып қана қоймайды, ол санкциялардан пайда түсіруді көздейтін мемлекеттің ертең екінші қатарлы санкцияларға ұшырауына ықпал етеді. Мемлекетте әрине достық, моральдық міндеткерлік деген ұғым бола бермейді. Дегенмен, көршісінде соғыс болып жатқанда одан пайда түсіріп, агрессорды жасырын немесе ашық қолдайтын мемлекет туралы не деуге болады? Мұндай мемлекетпен болашақта ынтымақтастық орнатып, қатынастарды дамытуға бола ма?

 Жетіншіден, бүгінгі күні Донецк пен Луганскті мойындау немесе Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмек беру Қазақстанды халықаралық изоляцияға алып келетін жол. Изоляциядағы мемлекет, әлсіз мемлекет. Изоляциядағы мемлекет технология және қаржылық мүмкіндіктері шектеліп қана қоймайды, ол болашақта дәл Украинадағы жағдай орын алса мемлекетті халықаралық қолдаудан арылтады. Ертең Путиннің ойына Қазақстандағы орыс тілді азаматтарды қолдау идеясы келіп қалу мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Стратегиялық одақтас онсыз да, мұнай транзитіне байланысты көп доқ көрсетуде. Ресей көп жағдайда салиқалы экономикаға қарағанда, эмоционалды саясатты қолдайтын мемлекетке айналып келеді. Ал эмоция саясатта да, экономикада да ең жақсы кеңесші деп айту қиын.

Ресей агрессиясына қатысты түрлі пікірлер де, ойлар да бар. Бірақ агрессияны жақсылыққа апарар жол деп айту зор қателік. Болашақта не боларын болжау қиын. Дегенмен, халықаралық құқық Украина жағында екендігі айқын. Бұл тұрғыдан мемлекет басшысының саясаты айқын да түсінікті бағытта өрбіп жатқандығы қуантады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар