/////

Биыл Жалпыға міндетті білім беру қоры бойынша бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Әр баланың есепшотына 37389 теңге түспек

4444 рет қаралды

Тамыз айының екінші жартысына аяқ бастық. Алда жаңа оқу жылы басталады. Осы тұста еліміздегі Жалпыға міндетті білім беру қорының жұмысы қызады. Бұл қордың мақсаты не, кімдерге көмек береді? Биылғы көмектің бұрынғыдан ерекшелігі қандай? Мінбердің кезекті эфирі осы мәселелерге арналды, спикер: ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау Комитетінің төрағасы Дулат Жекебаев. 

ӘР БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН 37389 ТЕҢГЕ ТЕК БАЛАҒА ЖҰМСАЛУЫ КЕРЕК
 

Мінбер.кз: Жалпыға міндетті білім беру қорының мақсаты қандай? Кімдерге көмек береді?

Дулат Шәйкенұлы: Жалпыға міндетті білім беру қорының жұмысы Үкіметтің 64-нші қаулысымен реттеледі. Ол қаулыда 5 категория бар. Біріншісі – АӘК алатындар, екіншісі – АӘК алмайтындар, бірақ табысы күнкөрістен төмен. Үшінші – жетім немесе ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, төртінші – қиын жағдайға тап болғандар, бесінші – басқа категориялар. Қор осы 5 категорияға жататын жандарға көмек көрсетеді.

Биыл тамыз айында министрлік жергілікті атқарушы органдармен жиналыс өткізіп, сол органдардың ұсынысы бойынша үкімет қаулысына өзгерістер енгізуге шешім қабылдады. Үкіметтің жаңа 544-нші қаулысында біршама өзгерістер бар, ең басты өзгерістің бірі ата-аналар мен атқарушы органдардың ұсынысына сәйкес биылғы көмек ата-ананың шотына ақшалай жіберіледі. Бұл ақшаны алған соң «оны қалай жұмсасам да өзім білемін» деген сөз болмайды. Оны қадағалау үшін қаулыға қосымша №2 құқықтық күші бар құжат  қабылданды. Оған сәйкес ата-ана немесе заңды өкіл өтініште 3 маңызды мәселені көрсетуі керек. Бірінші, бөлінген ақша міндетті түрде балаға жұмсалуы керек, өтініш жазар кезде ата-ана немесе заңды өкіл «нысаналы түрде ақшаны балама жұмсаймын» деп жазады. Екінші, «алған заттарды фотоға түсіріп, чектерді көрсетіп есеп беремін» деп жазады. Үшіншісінде, ата-ана «жалған ақпарат бермеймін, жалған құжат жасау жауапкершілігімен таныстым» деп жазады.

Мінбер.кз: Әр балаға қанша сома беріледі? АӘК алушылар дегеніміз көп балалы отбасылар, сол отбасының неше баласы осы сомамен қамтылуы мүмкін?

Дулат Шәйкенұлы: Бұрын көмек қаржысы жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінгендіктен сомасы әртүрлі болатын. Биылдан бастап, біз әр балаға ең төменгі деңгейді белгіледік, ол 37389 теңгеден төмен болмауы керек. Егер белгілі бір аймақтың атқарушы органдары үшін біз белгіленген сомм аз болып, олар көбірек мөлшерде береміз десе, біз қарсы емеспіз. Бұл сома әр балаға белгіленген, егер бір отбасының 4 баласы мектепте оқитын болса, 4 балаға да беріледі. Әр бала ата-анасымен бірге барып керек-жарақтарын сатып алады. Балаға керектінің бағасы біз үшін маңызды емес, ең бастысы ақша балаға жұмсалуы керек. Ата-ана балаларына қажетті дүниені сатып алғаннан кейін 15 жұмыс күн ішінде мектептің әлеуметтік педагогына есеп береді. Әрі қарай педагог баланың сатып алынған затты қолданып, қолданбай жүргенін бақылайды.

Мінбер.кз: Мектепке жол акциясына барлық өңірлер, облыстар қатыса  ма? Жаңадан ашылған Жетісу, Абай, Ұлытау облыстары қамтылады ғой?

Дулат Шәйкенұлы: Мектепке жол акциясын бірнеше жылдар бойы өткізіп келе жатырмыз. Осы жылы барлық өңірлер жеке-жеке брифинг өткізіп жатыр, оның ішінде сіз айтқан жаңа облыстар да бар.

Мектепке жол акциясы деген –  Жалпыға міндетті білім беру қоры көмек беретін жоғарыда айтқан 5 категорияға ілінбей қалған, көмекке мұқтаж отбасыларға арналған акция. Оның аясында кәсіпкер азаматтар, әртүрлі фирмалар немесе үлкен корпорациялар демеушілік жасайды. Жыл сайын депутаттар, кәсіпкерлер палатасы, жеке кәсіпкерлер де қол ұшын созады. Ешкімге айтпай өз бір отбасын таңдап көмектесетін кәсіпкерлер де кездеседі. Мектепке жол акциясы бюджеттен тыс жүргізілетін жұмыс.

Мінбер.кз: Сіз жаңа ата-аналарға жүктелетін жауапкершілік туралы айттыңыз, жергілікті органдардың арасында бюджеттен тыс көмек болмады деген сылтаумен, жиналған қаражатты халыққа бермей қою мүмкін бе? Бұл жұмыс қадағалана ма?

Дулат Шәйкенұлы: Әрине қадағаланады, біздің басты мақсатымыз қандай жағдай болмасын, әлеуметтік жағдайға байланысты бала мектепке бармай қалмауы керек. ҚР Конституциясында да, бала құқығы туралы заңда да әрбір бала міндетті түрде білім алуы керек деп жазылған. Егер баланың сабаққа киіп баратын аяқ-киімі жоқ болса, жергілікті атқарушы органдар балаға аяқ-киім алып беруі керек, яғни, барлық керек заттарымен қамтамасыз етуі керек. Бірақ мұндай жағдай әлі кездеспеді, кездеспейді деп те ойлаймын. Қандай жағдай болмаса да жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігінше демеушілердің көмегімен баланы барлық керек-жарақпен қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондықтан да әлеуметтік жағдайға байланысты бала мектепке бармай қалу деген болмауы керек.

МЕКТЕПКЕ ЖОЛ АКЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

Мінбер.кз: Оқырмандарымыз «Мектепке жол акциясы арқылы көмек алғысы келген адамдар кімге хабарласа алады? Қандай құжаттар жинауы керек? Егер бұл акция орындалмай қалса қандай жерге шағымданамыз?» деген сұрақтар қойып отыр.

Дулат Шәйкенұлы: Екіге бөліп алайық, мемлекеттен берілетін көмек болады және қайырымдылық акциясы болады. Екі мәселе бойынша да мектептегі әлеуметтік қызметкерге барып өтініш жазады. 5 категорияға байланысты да мектепке өтініш жазады. Ал, қайырымдылық акциясы бойынша біз жауапты адамдардың нөмірлерін тараттық, сондай-ақ қазір әр өңір өз брифингтарын өткізіп жатыр.

Мінбер.кз: Мысалыға, бір отбасында 4 бала 4 түрлі мектепте оқуы мүмкін, мысалы біреуі дарынды балаларға арналған мектепте оқуы мүмкін. Дарынды балаларға арналған мектептерде бұндай жағдайлар қарастырылмауы мүмкін немесе тіркеуі облыста өзі қалада оқуы мүмкін. Осындай жағдайларда балалар көмектен шет қалмай ма?

Дулат Шәйкенұлы:Әрине бұндай жағдайлар әсіресе үлкен қалаларда көп кездеседі. Ата-ана әр баланың өз мектебіне барып өтініш жазуы керек.

Мінбер.кз: Әр балаға берілетін 37389 теңге қай уақыттан бастап беріледі? Аяқталатын уақыты бар ма? Оқу жылы басталып кеткеннен кейін де бұндай көмекке өтініш беруге бола  ма?

Дулат Шәйкенұлы: Бұл акция басталды, тамыз айының 20-сынан соң есепшоттарға ақша аударыла бастайды. «Мектепке жол» акциясы қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады.

Мінбер.кз: АӘК алмаса да, көп балалы отбасы Жалпыға міндетті білім беру қорынан емес, Мектепке жол акциясының аясында көмек алуы мүмкін бе?

Дулат Шәйкенұлы: Мүмкін, тек айта кететін жайт, Мектепке жол акциясын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды. Көмекке мұқтаж отбасын таңдау барысында, мысалыға 10 отбасының 3-еуінде 3 баладан, ал қалғандарында 4 немесе одан да көп, бірақ 3 балалы отбасылардың жағдайы төмен болса, әрине бірінші кезекте отбасының жағдайына қарай 3 балалы отбасыларға көмектеседі. Сондықтан да көп балалы отбасылардың бәрінің жағдайы нашар деп айту қате, салыстырмалы түрде жағдайы 1-2 балалы отбасыларға қарағанда жақсырақ көп балалы отбасылар да бар. Яғни, мүмкіндігінше бала санына емес, отбасы жағдайына қарап көмек беруге тырысады. Жоғарыда айтылғандай Жалпыға міндетті білім беру қоры әлеуметтік көмек емес, бұл балалар мектептен қалмасын деген мақсатпен балаларға ғана беріледі. Баланың ең бірінші мақсаты мектепте оқу. Бұл акция соны қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған. Егер балаға мектепке ұстайтын сөмке немесе дене шынықтыру сабағына киетін аяқ киімі керек болып, оны алуға ата-анасының жағдайы жетпесе, біз көмек қолын созамыз. Бала өз замандастарынан бөлініп, өзін кем сезінбеуі керек.

МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТА ОҚИТЫН ОҚУШЫЛАР НЕГЕ МҰНДАЙ КӨМЕК АЛА АЛМАЙДЫ?

Мінбер.кз: Мектеп-интернатта оқитын оқушылар неге мұндай көмек ала алмайды?

Дулат Шәйкенұлы: Себебі, интернатта оқитын балаларға үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған, тегін тұрады, тегін тамақ ішеді. Интернат жақын жерде мектебі жоқ ауыл балаларын оқыту үшін арнайы ашылған. Бұрындары 2000 жылдары жас мұғалімдер ауыл-ауылды аралап жүріп балаларға сабақ үйретіп, мектепке келмеу себебін біліп, сөмке қажет болса сөмке беріп, аяқ киім қажет болса аяқ киім берген. Бұл акция сол жылдары бастау алған.

Мінбер.кз: Жалпыға міндетті білім беру қорына қанша қаражат бөлініп отыр, қанша баланы қамту жоспарда бар?

Дулат Шәйкенұлы: Жоспар бойынша 400.000-нан астам оқушы бар, жергілікті бюджеттерден 15 миллиардтай қаржы  қарастырылған.

Мінбер.кз: Әр балаға бөлінетін 37389 теңгеге әр ата-ана не алатынын өзі шешеді ғой?

Дулат Шәйкенұлы: Ия, жоғарыда айтып кеткендей, біз әлеуметтік көмек көрсету министрлігі емеспіз, біз білім министрлігіміз. Біздің міндетіміз баланың мектепке баруын қамтамасыз ету. Берілген қаржыға не алатынын әрбір ата-ана өзі шешеді. Мүмкін баласына мектеп формасы керек шығар немесе сөмке мен аяқ киім қажет шығар, біз оны білмейміз… Бірақ 37389 теңгеге баланы толығымен қамтамасыз ету жетпейді, сондықтан тек нақты керек-жарағын алады. Ең басты мақсат ақша нысаналы түрде балаға жұмсалуы керек. Біз сіздерге барлық өңірдің жергілікті атқарушы органдардың контактілерімен, нөмірлерін береміз. Егер сіздер өз парақшаларыңызға жарияласаңыздар, алғысымыз шексіз!

Мінбер.кз: Дулат мырза бүгінгі эфирді қорытындылап жіберсек, балаларды мектепке дайындау мақсатында екі түрлі көмек көрсетіледі. Біреуі жергілікті бюджет есебінен, екіншісі бюджеттен тыс яғни демеушілердің есебінен берілетін қаражат. Оны алу үшін жоғарыдағы 5 категорияға кіретін баланың ата-аналары мектептегі әлеуметтік педагогтарға өтініш жазады. Егер қандай бір сұрақтар болса, сіздер берген жергілікті атқарушы органдардың нөмірлеріне хабарласа аламыз. Ал егер атқарушы органдардың жауабына қанағаттанбаған жағдайда, сіздерге яғни министрлікке хабарласа аламыз ба? Ашық желілеріңіз бар ма?

Дулат Шәйкенұлы: Әрине, біздің баспасөз қызметінің Call center нөмірі бар, сол нөмірлерге хабарлассаңыздар болады. Бірақ, біз сіздерге жіберетін нөмірлер  облыстық нөмірлер, сондықтан мектепте немесе аудандық жерлерде түсініксіз жағдайлар болып жатса, облыстық органдарға хабарлассаңыздар болады. Біздің тарапымыздан жасалатын нәрсе біз нормативтік құқықтық актіні қабылдаймыз. Оны ары қарай жүргізетін, ұйымдастыратын, жандандыратын жергілікті атқарушы органдар.

Мінбер.кз: Ақпарат бергеніңізге рақмет!

Тікелей эфирді жүргізген Риза Исаева

Мәтінді түсірген Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар