////

Әлеумет порталының қызметіне не кіреді?

1441 рет қаралды

“Мінбер” ақпараттық агенттігі «Мүгедектігі бар жандардың мұңы» атты жоба аясында түрлі тақырыптарда тікелей эфир өткізіп жүргені белгілі. Кезекті эфир тақырыбы «Оңалту және әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері» деп аталып, спикер ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту басқармасының қызметкері Ғазиза Әмитқызы мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының әлеуметтік қызметтерді дамыту бойынша ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу департаментінің директорының Балжан Яхотовна шақырылды. Модератор Жанар Оспанова. 

minber.kz:

– Мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту басқармасы қандай басқарма, оның міндетіне не кіреді?

Ғазиза Әмитқызы:

– Мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту басқармасы 2018 жылы ашылды. Бұл басқарманың негізгі міндетіне қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу кіреді. Стратегиялық департамент болғандықтан мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғауға арналған заңнамаларды әзірлеу басты міндетіміз. Мәселен, 2015 жылы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау заңы әзірленді. Биыл өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік кодексті әзірледік.

Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау және өмір сапасын жақсарту бойынша қандай бағдарламалар бар, жеке оңалту бағдарламасында жазылған техникалық құралдар мен қызметтермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу  де біздің міндетімізге жатады.

minber.kz:

– Басқармаға қандай мекемелер қарайды?

Ғазиза Әмитқызы:

– Біздің басқармаға өзге ешқандай мекеме қарамайды. Тек қана министрлікте Әлеуметтік қорғау комитеті бар. Дегенмен басқа мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша үйлестіру кеңесі бар. Ол үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен тұрады. Сол Үйлестіру кеңесінің негізгі органы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бірақ біздің басқармаға тікелей қатысты мекемелер жоқ.

minber.kz: 

– Ендігі сұрақты Балжан ханымға қояйын, «Әлеумет» порталы кімдерге арналған?

Балжан Баяхатова:

– Әлеуметтік қызмет порталы дегеніміз – өнімдер мен қызметтерді ұсынуға арналған онлайн платформа. Яғни, қазіргі заманауи сөзбен айтқанда маркетплэйс – онлайн дүкен, интернет дүкен десек те болады. Дегенмен, оның өзіне тән ерекшелігі бар.

Біріншіден, әлеуметтік қызметтер порталына кім кіріп, кім қолдана алатынын айтып өтейік. Оған мүгедектігі бар адамдар кіріп, қандай да бір оңалту құралдары немесе оңалту қызметтері тағайындалған болса,   порталы арқылы ала алады. Сонымен қатар, өнім берушілер мен қызмет ұсынушылар кіреді. Олар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар.

minber.kz: 

– Демек бұл порталды қолдану үшін, қызметіне жүгіну үшін міндетті түрде оған тіркелу керек, иә?

Балжан Баяхатова:

– Иә. Порталға тіркелу керек. Тіркелу тәсілдерін айтып өтейін. Біріншіден, электронды цифрлық қолтаңба арқылы, сонымен смс арқылы жіберілетін бір реттік құпия сөзбен кіруге болады. Және де бұрын егер тіркелген болса, адамның өзінің логині және құпия сөзі және де егов порталы арқылы да кіруге болады. Қызмет алушының жеке кабинеті бар, сол жеке кабинетінде өзіне тиесілі оңалту бағдарламасында тағайындалған барлық іс-шаралар көрсетіледі.

minber.kz: 

– Сіздер әр аймақтағы басқармалардың жұмысын қадағалайсыздар ма?

Ғазиза Әмитқызы:

– Негізі біздің басқарма Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі құрамына қарайды. Ал жергілікті атқарушы органдар ішінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бар. Іске асыру, жүзеге асыру, әлеуметтік қызметтер порталына енгізу, оңалту жеке бағдарламасында болған іс-шараларды жүзеге асырып, мүгедектігі бар азаматтарға ұсыну тәсілінің тәртібін жүзеге асыратын сол жергілікті атқарушы органдар

minber.kz: 

– Басқарма Еңбек министрлігіне қарайды, ал оңалтуға көмектесетін медицина мамандары Денсаулық министрлігіне қарайды. Бұл арада жұмысты қалай жүйелейсіздер?

Ғазиза Әмитқызы:

– Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы өзара қатынас, жұмыс қалай жүзеге асады дейсіз ғой? Сұрақ өте орынды. Мүгедектігі бар азаматтарға оңалту шараларын ұсыну үшін жеке бағдарлама  болады. Ол бағдарламада жазылатын шараларды алдымен  медициналық поликлиникалар мен денсаулық сақтау мекемесінің  өкілдері ұсынады. Сондықтан да қазір мүгедектікті тағайындау кезінде поликлиника азаматтардың сырқатына, жағдайына, ауыртпалығына байланысты бізге ұсыным береді. Сосын азаматтар медициналық әлеуметтік сараптама орталығына келіп, мүгедектікті тағайындау үшін жүгінеді.

minber.kz: 

– Яғни, сіздердің басқармаларыңыз арқылы тағайындала ма?

Ғазиза Әмитқызы:

– Әр өңірдегі аумақтық бөлімшелерде медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдері бар. Сол жерге жүгініп, мүгедектіктің қай тобын қарайтынын, жасына, сырқатының деңгейіне қарай қандай да оңалту шараларын ала алатынын, қай жәрдемақы мен қандай әлеуметтік қолдау көруге құқығы бар екенін біле алады.

minber.kz: 

– Басқарма «Әлеумет» порталының қызметін реттей ме?

Ғазиза Әмитқызы:

– Біздің басқарманың міндеті нормативтік құқықтық актілер әзірлеу, техникалық жағынан қарау басқа департамент құзіретіне жатады.

minber.kz: 

– Әлеумет порталын белгілі бір басқарма немесе департамент үйлестіре ме, портал оған тиесілі ме?

Ғазиза Әмитқызы:

– Әлеуметтік порталының жұмысына тек біздің басқарма ғана емес, басқа да департаменттер қатысады. Себебі қазір   әлеуметтік қызметтер порталына тек қана техникалық оңалту шараларын ғана емес, арнаулы әлеуметтік қызметтерді де енгізуді қарап отырмыз. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмыстарын осы порталға енгізуді де қарап отырмыз. Әлі бірталай жұмыс алдымызда.

minber.kz: 

– Порталға тіркелу және қызметтерді сатып алу, пайдалану немесе тапсырыс беру қалай жүргізіледі?

Балжан Баяхатова:

– Оңалту құралдарын, қызметтерді таңдау үшін ол қажетті тауардың немесе қызметтің карточкасын басып, әр тауар туралы толық мәлімет алуға болады. Сипаттамасы, өнім беруші туралы ақпарат, байланыс деректері, тауардың немесе қызметтің бағасы және кепілдік берілген сомасы түгел көрсетіледі. Таңдаған оңалту құралдарына тапсырыс беру үшін алдымен тауарды алу тәсілін таңдау қажет.

Мысалы, өзі алып кетуге немесе өнім беруші тарапынан үйіне дейін жеткізуді таңдауға болады. Тауарды және жеткізу түрін таңдағаннан кейін тапсырысты рәсімдеу үшін өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен немесе кюар кодпен растайды. Содан кейін  өзінің қолтаңбасымен келісіп, тапсырысын береді. Тұтынушы тауарға тапсырыс беру мен алуға дейін барлық амалдарды өзінің жеке кабинетінде тапсырыс бөлімінде көре алады.

 Жанар Оспанова: Мысалы, мүгедектік арбасын портал арқылы қалай  алуға болады?

Балжан Баяхатова: Айталық, адамға кресло арба тағайындалған екен. Оны алу үшін тауарды басып карточкасына кірсе, өнім беруші қанша тапсырыс орналастырған болса, сонша тауардың түр түрін көре алады. Сосын сипаттамасына қарап, өзіне керегін таңдай алады.  Және де тауарды алғаннан кейін қызмет алушы мысалы тауарға және өнім берушіге баға бере алады. Немесе өзінің пікірін немесе шағымдарын қалдыра алады. Ол да портал арқылы жүзеге асырылады.

Жанар Оспанова: Бұл бағалар рейтинг қалыптасуына әсер етеді ғой…

Балжан Баяхатова:

– Иә, дұрыс айтасыз. Мұнда қызмет алушылар берген баға маңызды және ол бағаларға қатысты әр тауар мен қызмет  түрлері ертең бірінші бетке шығарылады. Онлайн дүкендердегі жұлдызша қою тетігі де бар әрі қызмет алушы өзінің пікірін білдіре алады.

minber.kz: 

– Егер де тұтынушы алған арба берілген мерзімінен ерте тозып немесе сынып жатса, оның жаңа арба алуға құқығы бар ма?

Ғазиза Әмитқызы:

– Кресло арбалардың бес жыл, жеті жыл деген мерзімі бар. Бірақ мерзімінен ертерек сынып қалса, әрине шеберханаларға барып, оны қайтадан жөндеуге болады. Ал жөндеуге келмесе жұмыспен қамту басқармаларына  жүгіну қажет. Жұмыспен қамту басқармалары өнім берушіге хабарласып мерзімінен бұрын сынды деп хабарлайды. Шынын айтсақ, мүгедектігі бар азамат өзі шағымданбауы мүмкін немесе қайда баратынын білмеуі мүмкін. Ұялып, қорқуы да мүмкін.

Негізі өнім беруші өзі ауыстырып беруі керек. Себебі осы сипаттамаларды жазған кезде де халықаралық тәжірибені қарадық, одан кейін стандарттар бар, соған қарап, бұл мерзімдер қойылды ғой. Бір жағынан бұл медициналық құрал болғандықтан денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып, одан кейін осындай мерзімдер қойылған.

minber.kz: 

– Егер тұтынушыға бағдарлама аясында жазылған тауар жеткілікті болып, артық қалып жатса, ол артықшылықты басқа қажетті тауарға ауыстыра ала ма?

Ғазиза Әмитқызы:

– Тек жеке оңалту бағдарламасы аясында белгіленген тауарлар мен саны ғана беріледі. Бағдарламада барлығы дәрігермен жеке мүгедектігі бар адамның денсаулына байланысты қажетті тауарлар мен қызметтер тағайындалады және толық көлемде беріледі.

Тікелей эфирдің модераторы және мәтінді дайындаған

Жанар Оспанова. Редакциялаған Назым Дүтбаева, 

жалғасы бар.

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері